Сенбі, 27 Сәуір 2024
3992 9 пікір 29 Қазан, 2018 сағат 10:52

"Әміре" фильмі Голливудтағы кинофестивальде бірінші орын алды

Қазақстандық “Әміре” көркем фильмі халықаралық Hollywood Film Festival кинофестивалінде жеңімпаз атанды. Бұл жайлы фильмдегі басты кейіпкер, әнші Әміре Қашаубаевтың рөлін ойнаған актер Санжар Мәди Facebook-тағы парақшасында хабарлады.

“Достар! Біздің “Әміре” (Paris song) фильмі Hollywood Film Festival-інде бірінші орынды иеленді және әділқазы алқасы оны жоғары бағалады” деп жазды актер.

19-20 ғасырда өмір сүрген әйгілі әнші Әміре Қашаубаев туралы фильмді "Қазақфильм" киностудиясы мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен DAR play компаниясымен бірігіп түсірген.

Әміре Қашаубаев әнші ғана емес, қазақ ұлттық театр өнерінің негізін қалаушылардың бірі ретінде аты аталады. Өткен ғасырдың 30-жылдары Алашорда қайраткерлерімен байланысы үшін оны НКВД қуғындаған.

“Қыз Жібек” операсында Төлеген рөлін сомдайтын болған Қашаубаев премьераға бір күн қалғанда 1934 жылы 6 желтоқсанда Алматыдағы көшелердің бірінде өлі күйінде табылған. Бұл операда Жібектің рөлін атақты әнші Күләш Байсейітова ойнауы тиіс болған.

Abai.kz

9 пікір