Жұма, 10 Мамыр 2024
Тамыр 6862 9 пікір 24 Қазан, 2018 сағат 15:53

Әуезов даттаған Тұңғатар әжі кім еді?

Кеңестік кезең қайдағы бір социализм деген зорлықшыл, жалған саясаттың керегіне бола өмірге келген талай көркем туындыларда қорасына қой біткен, бай атанған адамдардың барлығына "қансорғыш, сүйкімсіз, озбыр, есуас" атты бірыңғай образ жасалып, ат қойып, айдар тағып, бір адамзатты, бір ұлтты, тіпті бір жанұя адамдарын жік-жікке бөліп, әке мен баланы, аға мен ініні бір-бірімен жау етті. Кеңестік билік өздерінің үстемдігін сол арқылы қорғамақ, ұстамақ, "социализм", "коммунизм" атты өтірігін сол арқылы базарлы етпек болды. Әрі сол сұмпайы мақсатын бір ғасырға жуық найзаның ұшымен, алдамшы әдебиеттің күшімен іске асырды.

Не өмірі мен тұрмысы, не ақылы мен білімінің уызы жарымаған кедей адамдарды алдап, өз жағына тартып, әр уақыт жақсының жағасынан алдырып, жанына қас жасатып, бір топ надандар мен тексіздерді, қанішкіштерді өздерінің саяси құралы етті. Абайды әкесі Құнанбайға қарсы қойды. 70 жылдық тарихта мұндай мысалдар жетіп артылады. Солардың бірі Қазақстан тарихындағы 1916-жылғы Қарқара көтерілісінің қолбасшысы Ұзақ Саурықұлының емшектес туған ағасы, Албан руындағы атақты бай, асқан ақыл иесі, ислам дінінің бас уәкілі, ағартушы, Қарқара көтерілісінің экономикалық қамқоршысы Тұңғатар әжі Саурықұлын жау етіп көрсету еді.

Тарихты осылай жалған жасау сол тұстағы, яғни бодандық түзімінің қажетінінен туды. Біз бүгін тәуелсіз ел болып, еркіндігіміз үшін қаһармандықпен  қан төккен ерлерімізді, Тұңғатар әжі Саурықұлы секілді өз халқының керегіне байлығы мен барлығын, ақылы мен парасатын арнаған ардагерлерімізді жабылған жаладан арашалап алуға ақылымыз. Арашалап алып қана қоймай олардың игі істерін ұрпақтарымызға үлгі етуге міндеттіміз. Бұл бүгінгі күнгі тәуелсіз ел ұлт зиялылыры мен зерттеушілердің бас тартуға болмайтын парызы деп білемін.

Ендеше, Тұңғатар әжі кім еді?

Тұңғатар әжі ең алдымен асылдың тұқымы, алыптың баласы. Тектіден шыққан - текті. Тұңғатар - ұлттық намыс пен тектілік, ақыл мен сабыр ұштасқан данышпандарымыздың бірі. Тұңғатар әжі - жас кезінде батыр - қолбасшы, орта жасында - атақты би, қартайғанда - ұлы әулие болған. Тегін тектесек, Райымбек батырға батасы мен ақылын тең беріп Жоңғар шапқыншыларына қарсы аттандырып отырған Әлмерек бидің немене тұқымы. Әлмерек би балаларына баға беріп үлкен ұлы Жәнібекке «Тұқымыңнан ел қорғайтын ер үзілмес, көбіңнің ажалың жау қылышынан болар, Құрманым тұқымың көп болар, елдің қормалы да, қорғаны да сен боларсың» деген екен. Әлмерек әулиенің  межесі тегін айтылмаған екен. Жәнібектен шыққан Жәнібек батырдың өзі бастап, баласы Бәйсейіт батыр, немересі Пұсырман батыр, шөбересі Тазабек батыр, олардың немерелері Жақыпберді, Әубәкірлер де елі үшін болған шайқастарда жау қолынан қаза табады. Олардың есімі ел жүрегінде мәңгі нұр шашып келеді.

Ал Құрман руы өсіп-өніп, көп тарап «Қабырға жетпес қара Құрман» атанды. Әлмерек бабамыздың болжағанындай немересі Орынтай ұрпақтарынан баласы Алпар батыр, Түменбай батыр шығып, бүкіл Албан еліне қорған болды. Жоңғар қалмақтары шапқыншылығының Қазақ даласының оңтүстік шығыс өңіріндегі Жоңғар қалдықтарын тазалап, Қазіргі Қытайдың Іле шекарасына дейін қуып салады. Түменбайдан кейін Алпар,  Саурық батырлар елін, жерін қандас бауырларымен сәйкесе отырып Қоқан мен Қырғыздардың лаң салуынан қорғайды. Тұңғатар әжінің әкесі Саурық батыр орыс отаршылдарына тіршілігінде дес бермей қазақтың намысын қорғаған, орыстар әшкере өлтіруден жасқанып, үзеңгісіне у жағып қастап өлтірген атақты көсем батыр болды.

Сол Саурықтың үш ұлының үлкені осы Тұңғатар әжі болатын. Тұңғатар әжі өзінің досы, әрі құдасы қырғыздың Бұғы тайпасының батыр қолбасшысы Балғабай батыр арқылы қанішер Орман ханның басын алғызды. Бұл тарихтың шындығы Қытай жеріндегі қазақтардың көрнекті тарих зерттеушісі, жазушы Білісбек Әбдірұзақұлының «Қарқара һахры» атты романында егжей-тегжейлі жазылған. Осы романы үшін көрнекті ақын, жазушы  Білісбек ұлтшыл атанып, Қытай түрмесінде отыр. Сөйтіп, Саурықтың ұлы Тұңғатар әжінің  тікелей ықпалымен қырғыздың Балғабай батыры (қазақ ұлтының тәуелсіздігі үшін бүкіл өмірін арнаған Кенесарының бас сүйегін Орыс патшасына сыйға тартқан) түркі әлемінің сатқыны - қырғыздың сарбағыш тайпасының ханы Орман ханның басын алып, түркі дүниесінің кегін қайтарды. Бұл кекті қайтарған Саурық батырдың үш баласының үлкені Тұңғатар әжі еді.

Тұңғатардың бір туған тете інісі Ұзақ батыр да, өмір бойы әке жолын ұстанып өтті. Бүгін тәуелсіз қазақ елі болдық. Сөздің ақиқатын айтып, жалғандықтың бәрін әшкерелейтін уақыт жетті. Қазіргі тарихшылар жазып жүргендей ағасы мен інісі өш болуы мүмкін емес. Інісі - батыр, ағасы - бықсық бай, сатқын болғаны да шылғи өтірік. Олар өмір бойы інісі ағасын сыйлап өткен. Ағасы інісін жанымен де, малымен де қорғап, Ұзақ батырдың ел басқаруына, ел қорғауына сүйеніш болып өткен. «Қилы заман» повестінің батырлар тарихын ойдан жасауы - отарлық заман саясатының керегі ғана. Оған бір ғана мысал келтіруге болады. Орыс патшалығының ояздары сахарада білгенін істейді екен. Қазақ даласының болыстарынан ақша жеп, болыстарды өзара қырқыстырып отырған. Бір сайлауда басқа рудың болыстарынан жем жеген ояз әділетшіл Ұзақтан болыстықты тартып әкететін болады. Сонда Ұзақ ағасы Тұңғатарға барып ақылдасады.

- Енді қайтеміз? - дейді Тұңғатар.

- Бес байталдың пұлы жетеді.

- Әй, әлгі оязды қара қылды қақ жарады деуші еді ғой!

- Аға, тамағынан ас өткен орыстың құлқынынан ақша өтеді.

- Өзің басқар! Жеңгеңнен ал!...

Ұзақ батыр жеңгесі Өргүлден бір қалта Мекалайдың темір ақшасын алады да ояздың тігулі үйден алысқа шығуын күтеді. Кешкі апақ-сапақта ши арасында отырған ояздың тақымының алдына ауыр дорба тарыс етіп түседі. Шошып қалған ояз ұстап қөрсе мол ақша екен. Басын көтеріп қараса анадай жерде Ұзақ отырған. Ұзақ ләм деместен артына бұрылып кетіп қалады. Екі күннен кейін Ұзақ болыстыққа сайланады. Тұңғатар мен Ұзақ өмір бойы бірін-бірі сыйлап өткен адамдар. Айта берсек факті көп. Кеңестік кезде жазылған талай жазбалар (аттарын атау пайдасыз) бұрмалаумен болып, Тұңғатар образына қара күйе жағуы қазақты құлдан үшін қажет болды.

Тұңғатар әжі өз өмірінде ақыл парасаты мен байлығын Қазақ ұлтының керегіне арнаған берекенің, бірліктің иесі болған атымтай жомарт жан. Оны төмендегі шындықтардан көре аламыз.

Тұңғатар әжінің қазіргі көзі бар шөбересі биыл 86 жастағы Омарбек қарияның айтуынша Тұңғатар қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпкер деуге болады. Ол жас шағында басқа ұлт шеберлерінен қолдан былғары жасауды үйреніп, ешкі малын жинаған. Ешкі қатты қыста қырылып қалған соң сиыр түлігіне ауыстырған. Бірақ сиыр бағу өзінің мінезіне жақпаған. Одан жылқы түлігін көбейтіп сол жылқының тұқымын сапаландырып, оны сатып, төрт түлік малы мыңғырған албандағы атақты байға айналған.

Тұңғатар әжі тек малды көбейтіп қана қоймай өз  ауылында алғаш арабша оқыған ғұлама молда Асан Алжанды шақыртып, көнеше мен жаңашаны бірлестірген мектеп ашқан. Соңында татар мұғалім жалдап жаңаша да оқыта бастаған. Қыз баланы қазақта тұғыш рет мектепке оқытқан да Тұңғатар әжі... Сол заманда орыс жеріне ең шалғайда жатқан Жетісу өңірінде бұндай мектеп жоқ дерлік еді. Міне сол оқушылардың бірі және бірегейі  шежіреші, тарихшы, шыншыл ақын Көдек Маралбайұлы болатын. Тұңғатар әжі Албан елінде топырақтан там тұрғызып үй салып, қыстау тұрғызып, халықты алғаш отырықшылыққа бастаған адам. Тұңғатар әжі ислам дінін берік ұстанған, Албанда алғаш қажыға барған. Біреудің ала жібін аттамайтын, ауыз былғап, теріс-қағыс сөйлемейтін, өз заманының мәдениетті қазақтарының бірі. Өзім де көпті көрген әкелерімізден естіген әңгімемнен сол заманғы байлардың да мәдениетті, әдепті адамдар болғанын білемін. Әкем Жанұзақ та, әкемнің немерелес ағасы бір заманның шежірешісі, ел адамы Жұмәділ Асқабайұлдары да Тұңғатар әжі туралы аса құрметпен әңгіме айтушы еді. Әрі өздері бірге жүргендей, қолымен ұстағандай аузынан «Тұңғатар жарықтық», «Әжіәке» деген сөздер түспеуші еді. Тұңғатарды көзімен көрген сол дәуірдің куәсі сыншыл да, шыншыл ақын Көдек Маралбайұлы да Тұңғатар әжі қайтыс болғанда дастанға бергісіз жоқтау (дауыс) жазған. Көдек ақынның жоқтауының өзі-ақ «Қилы заман» повестіндегі  Тұңғатарға жабылған мынадай жалаларды терістей алады. «Қилы заман» повестінде Тұңғатар моңғолға сатылған болып суреттеліп, інісі Ұзақтың аузымен Тұңғатарды былай тілдетеді:

"Уа, Тұңғатар, тілеуің құрғыр! Кәрі ит! Әруақтан садаға кет! Сені бүйтіп алжытқанша неге алмайды, бұл Құдай шұнақ? Жоғал көзіме көрінбей! Дүниеқор арам сирақ! Албан атынан, Саурықтың зәрінен садаға кеткір!... Өшір қараңды! Жолама менің маңыма! Осы жолда өлемін: Бірақ сен маған Топырақ салушы болма! Кет..Кет!"...

Бұндай лағынет сөздерді Ұзақ батыр өзінің туған ағасына айтты дегенге ешкім сенбейді. Бұл ел батыры, Қарқара көтерілісінің көсемінің өзіне жабылған жала ғана. Аузынан мынадай былыпыт сөз шыққан адамның ел көсемі, көтерілістің көсемі болу мүмкін емес. Бұл сөздер заңғар жазушының қаламынан түскен тек Тұңғатарға ғана емес, бүкіл  қазаққа, қазақтың байларына жабылған жала - жалғаншыл, жауыз кеңес өкіметінің жылан тілі. Қазақтың тарихына шашылған заһар. Мұхтар Әуезов қатарлы талай ұлы жазушыларда солай жазды. Заманы солай жаздырды. Бұл сол заманның қылмысы. Осы сөзіме мен жоғарыда дәлел келтірдім. Енді сол дәлел дәйектерімізді сол тарихтың куәсі Көдек аузынан берейік. Көдек Маралбайұлы Тұңғатар қажы атасы туралы тарихи жоқтау жазып қалдырған:

Қажы атам жақсы жаралған

Құйма алтындай сомынан.

Өмірде десі қайтпаған,

Ісі келіп оңынан.

Өркендеген мал-басы

Ормандай өсіп молынан.

Кең өрісті мекені,

Тұнық ішкен соныдан.

Там салдырған қыстауға,

Текеске жақын бойынан,

Дінге сенген, балуан,

Қорғасындай қорыған.

Үш зекетке беретін,

Ылғамай малды тобынан.

Кем-ғарыпқа қараған,

Алмаған кімдер қолынан....

Тағы да:

............................................

Жұрт сыйлаған қажы атам,

Болып өткен кемеңгер.

Сауын, мініс алатын,

Ағайын, туыс, көп елдер.

Жоғалған мал мен өлгенге,

Болмайтын еді төлемдер.

Баласына айтыпты:

Есіңде болсын өрендер,

Ел мен жердің байлығын,

Менікі әсте демеңдер...

Қазақтың жастары біле жүретін жағы бар. Қазақтар өлімге дауыс айтады. Ол дауысты өлімге, ас-мәзіріне  келген адамдардың  бәрі естиді.  Дауыстан сол өлген адамның бағасын біледі. Сондықтан дауысқа болымсыз жалған қосуға болмайды. Бұл дауыстың жазылу шарты. Тұңғатар әжіге жазылған дауыс- қазақ ұлтының қатаң салт тәртібі бойынша жазылған. Сондықтан дауысты Тұңғатар әжінің өмірлік болмысы деп кесіп айта аламыз. Бұл қазіргі қазақ үшін алар үлгі, таңғаларлық тәрбие. Осындай жүрегі таза ел адамына жағылған күйені тазарту - ендігі әдебиетіміз бен ұрпақтарымыздың міндеті. Ақиқатшыл ақын Көдек атамыз Тұңғатар әжінің кемеңгерлігіне де баға берген.

Қажы атам қандай кісі еді

Сабырлы туған салмақты.

Әр істі терең ойлайтын,

Ақылымен жан-жақты.

Он алтыншы жылдарда,

Тістеді Албан бармақты.

Сабырлық істеп ақылмен,

Өрге қашып бармапты.

Зұлымдық істеп патша,

Халықты қатты зарлатты.

Бұл қорлыққа шыдамай,

Ала қашты мал-басты.

Кеңестік кері саясатқа бойы үйреніп алған, бай десе бажылдап бақан ала жүгіретін қаламгерлер «сабасына қарай піспегі» болудан аса алмаған. Онысы да дұрыс. Бодан елге бодан саналы жазушы керек екені шындық.

Ұзақ батыр батырлығымен, ұлттың намысын қорғаумен атақты болса, ағасы Тұңғатар қажы ақылымен, әдісімен даңқты еді. Тоңғатар «моңғол болып кеткен» деген сөздің шын бетін де аша кетейік! Тұңғатар әжі қалмақтар Қытайға бодан болып, қазақтар Ресейге бодан болып кеткеннен кейін екі бодан ұлт ара ағайындықты да сақтай бастаған. Қытайдың қулығы бар еді. Қаламақтар қазақтармен ежелгі жау болғандықтан қытайлар қалмақтарды қазақтар қоныстанған шекараға күзетші әскер етіп қойған. Тұңғатар әжінің елі екі ел шекарасының түбінде болғандықтан ел тыныштығы үшін қазіргі Қытай жерінде іргелес отырған моңғұлдар және моңғұлдың шекарашы әскерлерімен ара ағайындықты сақтаған. Жоңғар шапқыншылығы тойтарыланнан кейінгі бір мезгілде іргелес отырған екі ұлт бірінің малын бірі ұрлап екі жақта да тыным болмаған. Ел тыныштығын сақтау үшін, елді жаудың екі бүйірден қыспауы үшін, қажы екем өзі қажы болса да шекара күзеткен монғұл әскер басымен келісімге келіп достық орнатқан. Ол заманда Қытай өкіметі қазіргі Сұмбе шекарасын моңғұлдарға күзеттірген. Қарқара көтерілісі жаншылып, інісі Ұзақ албанның абызы Жәмеке бастаған ел басыларын жауыз патша билігі қырып салды. Ел қуғын-сүргінге түсіп жатқанда төрт түлігі мыңғырып жатқан, бірақ билік пен саясатқа араласпаған, абыз, ірі бай Тұңғатарға қарапайым ел сияқты үдіре көшу ауыр келген. Қажы үлкен ақыл иесі болғандықтан әліптің артын бағып, үлкен баласы Құныпия бастаған жігіттерді ілгелес отырған Қытай шекарасын күзететін 50 әскердің бастығы нәжісі ( досы)  Батмөңкеге жіберіп Қытай жеріне көшу туралы ақыл сұрайды. Қытайдың ішкі саясатынан хабарлы Батмөңке «Әуре болма! Бір жылдан соң Қытай тобыңмен қайта айдап бермек» деген мәлімет береді. Құныпияға еріп барған ең кіші ұлы Манап Тұңғатарұлы сол кезде 16 жаста болатын да Батмөңкенің сөзін ет құлағымен естіген (Манап бағып өсірген немересі Қалмақ қазір 73 жаста. Көзі тірі. Қытайдан көшіп келіп қазір Алматы облысының Шелек ауданында тұрады. Манап атамыз бауырына салып алған үлкен немересі Қалмақбайға (Оқымысты, ақын, менің құрдасым) осы тарихты шегелеп айтып кеткен. Қалмақбай қазір арамызда жүр).

Ұзақ батырды Шарпатшаның жендеттері өлтіргеннен кейін, әулие абыз Тұңғатар әжі іңір ұйқысында түс көреді. Түсінде ауылға қарай қып-қызыл қан сел болып ағып келе жатады. Орнынан шошып оянған жарықтық екі сөзге келмей ауылды, іргелес қонған басқа руларды да табанынан тік тұрғызып, ауылды таң атпай көшіріп, Нарынқол тауының ішіне сіңіп кетуді бұйырады. Тұңғатар бұйрығы екі етілмейді. Үлкен ауыл қотарыла көшіп, түн жамылып тау шатқалына сіңіп кетеді. Түс тура келеді. Ертеңінде көшпей қойған Алжан руының атақты байы, әрі шонжары Диқанбай ауылын ақпатша жендеттері тігерге тұяқ қалтырмай қырады, Қан сел болып ағады.

Ақпатша өкіметі «жоғалып» кеткен Тұңғатар ауылын іздеуге бір түрік әскерді жансыз етіп жібереді. Әлгі жансыз таудың алыс түкпіріндегі (Қулық тауы деп аталады екен) Тұңғатар ауылын іздеп табады. Ауыл батырлары жалғыз жансыздың көзін жоя саламыз деп лепіреді. Сонда Тұңғатар әжі «Әй кең ойламаған құдайдың батасы тигірлер! Бір жансыздың қанына бола мынау жалпақ елді оққа байлап бермексіңдер ғой! Одан да түсі жылы неме екен, өзіміз үшін істетудің жағын қарастыру керек» дейді. Тұңғатар әлгі «панасыз жетімді» шақырып, өзі күтеді. Әңгімелеседі. Мұсылманның жолдарын айтып, елдіктің жөнін ұғындырады. Бара-бара әлгі «жетім» Тұңғатар әжіге бауыр басып, өзінің шынын айтады. "Ал ендеше" - дейді Тұңғатар әжі - "Менен патша өкіметіне сәлем де! Шырағым, біздің жайымызды алажаздай жүріп әбден ұғынған боларсың. Біз мұсылман баласы, патшаның жасы пайғамбардан бір-ақ жас кіші деп білеміз. Алланың сөзі - парыз, патша сөзі -уәжіп деп қараймыз. Мен ислам дінінің жолын ұстанған адаммын. Патша өкіметі бала-шағамызды қорғаса болды. Біздің момын ел патшамыздың айтқанын орындайды», - дейді. Бұл кез Қарқара көтерілісінің қысымы мен әскер ұстау тоқтап, ақ патшаның билігі де көтерілісшілер жағынан теңселіп тұрған кез болатын. Әлгі «жетім» жетім емес, орыс армиясының жетілген тілмашы, Орыс командирнің оң қолы болып шықты. Сол тілмаштың таныстыруымен, орыс армиясы Тұңғатар әжі малынан керегін, ақшасы мен атын алды да қатын-бала ауыл адамдары аман қалды. Бұдан інісі Ұзақ батыр елін, ұрпақтарын жауға бермей, тізе бүкпей батырлығымен қорғаса, ағасы Тұңғатар әжі інісі Ұзақтың бала-шағасын, ауыл аймағын елін ақылымен қорғаған данышпан екенін білеміз.

Шар патшаның жауыздықпен қазақтарды қырғындау қимылынан ел Қытайға қашты. Бұл да сол дәуірдің шындығы еді. Шарпатшамен астасқан Қытай өкіметі жылға жетпей, қашып барған босқын елді қайта айдап салып, ажал аузына кептеді. Өшіккен өкімет босқын елге ие болу былай тұрсын, олардың аш-жалаңаштан қырылуын тіледі. Міне осындай қысылтаяң кезде, осы ғәріп елге пана болғандардың басында Тұңғатар әжі тұрды. Бір түтінге бірден сауын сиыр таратып, көмген ұрадағы бидайларын ашып, елге үлестіріп, ес жиып өз тіршілігін бастауға мүмкіндік алуына барын арнады. Ат керек болғандарға уақытша мініске болса да ат берді. Тұңғатар сол замандағы ақылымен ел қорғаған, елінінен еш нәрсесін аямаған ер еді. Осы айтқанымызды сол өмірдің куәсі Көдек ақын өлеңдері арқылы тағы да дәлелдейміз:

Қажы атам қандай кісі еді?

Сабырлы туған салмақты.

Әр істі терең ойлайтын.

Ақылменен жан - жақты.

Он алтыншы жылында,

Тістеді Албан бармақты.

Сабырлық істеп ақылмен,

Өрге қашып бармапты.

Жуыздық істеп патша,

Халықты қатты зарлатты.

Бұл қорлыққа шыдамай,

Ала қашты мал-басты.

Мал мен мүлкі әр жерде,

Талауға түсті жан-жақты.

Жаяу айдап өткізді,

Нелер маңғаз саңлақты.

Ағайын-туыс, жегжатқа,

Аямай берді жалды атты.

Соғымына жылқыдан,

Ту биеден таңдатты.

Бойдағынан жылқының,

Семіз бие қалмапты.

Одан кейін сиырға,

Келді кезек жалғасты.

Топ-тобымен ту сиыр,

Семіз өгіз айдатты.

Барлық жанға көз салып,

Аш - арығын қамдапты.

Балалары айтыпты,

Көрген сайын мал жақты.

Саны кеміп, азайып,

Малдың қыры қалмапты.

Мал кіндігі жерде деп,

Қажы атам айтқан ардақты.

Өрден қайтқан көп албан,

Қажыға келіп жан бақты.

Сол заманның көзі тірі куәсі Көдек ақынның өлеңдерімен көзі көрген ұрпақтарының куәлері тұрғанда, Тұңғатар әжінің ең ұлы адам екені талассыз. Сол кертартпа құлданушы өкіметтің саясатын санға қосып жүрген жалған тарихшылар мен қаламгерлер, Тұңғатар секілді ұлыларды өзінің жеке қажеті бойынша солай жазған екен. Бүгін тәуелсіздік алған тұста, ол сандырақтарды өз қалпына келтіру ұлттық жаңғыруымыздың кепілі болмақ. Тарихта әр түрлі себеппен, әр түрлі ниетпен жазылып, жабылған жалалардан ұлы адамдарымызды арашалап алуға тәуелсіздігіміз мүмкіндік беріп отыр. Ал Көдек ақынның «Тұңғатар әжіні жоқтау» атты жыр дастаны (Тұңғатар әжі қайтыс болғанда жазылған дауыс) менің бұл сөздерімді таласуға келтірмей ап-анық, толық дәлелдей түседі. Ұлттың батырын да, байларын да ақтайтын уақыт жетті.

Ендігәрі «Қарқара қасіреті» деген кітапта айтылғандай: "Қилы заман повесінде" Тұңғатарды “көркем шығарманың тәсілдік қажетіне сай жағымсыз кейіпкер жасаған” деп айтқан құлдық санаға енді орын қалмады. Мәймөңкелеуге енді келмейді. Біздің тәуелсіз мемлекет болғанымыз рас болса, тәуелсіз қалам ұстап, сайқал дәуірдің әдебиеттегі сайқалдығын ашуға қақылымыз. Біз ол заманда құл болсақ, қазір қожайынбыз. Біздің кері кеткен ұлт тарихын өз орнына қайтарар уақытымыз жетті. Осыдан шығатын тағы бір қорытынды бар: Ол Көдек Маралбайұлының ақындығының даралығы. Тарихта талай ақын өткен, талайын оқыдық. Бір ұлттың бітімі, тарихы, ерлік өмірі мен адамгершілігін, теңселмей, жалтақтамай тұрып, өз өлеңдерінде осылай өшпестей етіп жазып кеткен ақын кемде-кем. Тұңғатарға, Бәкей қыздың өлімі туралы жабылған жалаларды «Ерді намыс өлтіреді» деген Ұзақ батыр туралы мақаламда толық айтқанмын. Бәкей қыздың өлімі әлде қандай махаббат құрбаны емес, ел намысын ойламаған надандықтың нәтижесі. Бәкей өлімінде әкесі Ұзақтың да, Тұңғатардың да титтей қатысы жоқ. Сол замандағы алдамшы саясатқа шоқпар болған әдебиеттердің сандырағы ғана...

Жоғарыда айтқандарым мен зерттеулерім Тұңғатар әжінің қазақ байларының ішіндегі алып тұлға, ұлы данышпан адам болғандығын дәлелдейді.

Біз енді былғанған тарихымызды тазартуымыз, тәуелсіз Отанның әдебиетін жаратуымыз керек.

Нұрмұқан Жанұзақұлы

Abai.kz

9 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1859
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1895
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1594
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1461