Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Алаң 9551 5 пікір 23 Қазан, 2018 сағат 09:58

Еліміздегі 1500 ауыл жер бетінен мәңгілікке жойылады

Кеше Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мадина Әбілқасымова  Солтүстік Қазақстан облысында болашағы жоқ 40 қа жуық ауыл жойылатынын мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, Солтүстік Қазақстан облысы тым үлкен. Және, әрқайсында 50-ден аса тұрғыны бар 100-ден астам елдімекен бар екен. Сол шағын елді-мекендерді ірі ауылдарға қосу арқылы бюджеттік шығындарды үнемдеуге болатынын айтты.

Иә, қазір ауылдағы жаппай жұмыссыздық жастарды қалаға келуге мәжбүрлейді. Ал, жастар кеткен соң, ауылдағы тіршілік те бәсеңдейтіні белгілі.  Тәуелсіздік алған жылдардан бері елімізде бірнеше ауылдардың болашағы жоқ деп танылған. Мәселен, Батыс Қазақстан облысында  2003 жылы 47 ауылдың “болашағы жоқ” болса, уақыт өте келе ол ауылдардың саны 52-ге жеткен. Ал, 2015 жылы Ақтөбе облысындағы Бөгеткөл, Тасқожа  және Қазақстан ауылдары картадан жойылған. Сонда ауылдардың ахуалын оңалтамыз деген кешенді шаралардың еш нәтиже бермегені ме?

Ал, Шығыс Қазақстанда осы уақытқа дейін 69 ауыл мен елді-мекен қаңырап бос қалған. Қазір одан да көп болуы мүмкін.

Жалпы, қазір елімізде 7 мыңға жуық ауыл бар екен. Оларды Үкімет “болашағы бар”, “жағдайы орташа” және “болашағы жоқ” деп үш санатқа бөлген.  Әрине, “болашағы жоқ” деген аса ауыр сөз. Бірақ, бүгінде елімізде 1500 ауылға осындай қара таңба басылған.

Көршіміз Ресейден бір мысал. 2016 жылы премьер-министр Д.Медведьев халықты шекара маңындағы аймақтарға қоныстандыру туралы арнайы қаулы қабылдайды. Және журналистерге берген сұхбатында “Ресейде қараусыз қалған бірде-бір елдімекен болмауы тиіс. Көршілес Қазақстаннан келетін орыстар шекара бойындағы ауылдарға қоныстанады” деген.

Ал, оңтүстіктегі көршіміз Өзбекстанда  ауылдарға қатысты “болашағы жоқ ” деген ұғым мүлде кездеспейтін көрінеді.

Бізде ауылдардың әл-ауқатын арттыруға тырыстық. Тіпті, мемлекеттік бағдарламалар  да  қабылданды. Бірақ, одан нәтиженің шамалы болғанын көріп отырмыз.

Тіпті, болашағы бар деген ауылдардың кейбірі жарық пен суға, жол мен әлеуметтік нысандарға мұқтаж болып отырғаны айтылып та, жазылып та жатыр. Басқа өңірлерді былай қойғанда, мұндай ауылдар Алматы мен Астананың төңірегінен де көп кездеседі.

Қорыта келгенде, еліміздегі 1500 ауылдың келешегі күмәнді дедік. Демек, енді ол жерлерге Үкімет назар аудармайды. Бірақ, ел кеткенмен жер қалады ғой. Сондағы жердің тағдыры не болмақ?  Ол жерлер жекеменшікке сатылып, латифундистердің  “игілігіне” айналмай ма?

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2045
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2476
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2057
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1595