Жексенбі, 28 Сәуір 2024
2733 0 пікір 17 Қазан, 2018 сағат 10:38

Армения премьер-министрі Никол Пашинян отставкаға кетті

Армения премьер-министрі Никол Пашинян отставкаға кетті. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Осы қадамы арқылы Пашинян елде мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуге ықпал етеді.

"Барлықтарыңызға сайлауда сәттілік тілеймін. Біз әділетті сайлауға уәде береміз", - деді Пашинян.

Отставкаға кетуі мүмкін екендігін Пашинян 2 қазанда Еревандағы митинг кезінде мәлімдеген. Сол кезде Арменияның Ұлттық жиыны депутаттарды таратуды қиындататын заң қабылдаған еді. Мерзімінен бұрын сайлау өткізу - Пашинянның Арменияда көктемдегі толқулары кезінде берген уәделерінің бірі еді. Парламенттегі ең үлкен фракция әлі күнге дейін Республикалық партияға тиесілі. Бұл партияны Пашинянға дейін премьер болған Серж Саргсян басқарады.

Алдағы екі аптада парламенттегілер жаңа премьер-министрді екі мәрте сайлай алмаса, Ұлттық жиын таратылып, мерзімінен бұрын сайлау жарияланады. ​Парламенттегі фракциялар жаңа премьер-министрді сайламайтынын мәлімдеді, деп хабарлады Азаттық радиосының Армян қызметі.

Бұл жоспар бойынша парламентке мерзімінен бұрын сайлау биыл желтоқсан айында өтеді. Қыркүйек айының соңында премьер-министр Никол Пашинянның "Менің қадамым" блогы Ереван муниципалитеті - Ақсақалдар кеңесін сайлауда толық жеңіске кетті. Кеңестегі 65 мандаттың 57-сін "Менің қадамым" алған. Сол себепті премьер-министр жақтастарының мерзімінен бұрын өтуі мүмкін парламент сайлауында жеңіске жетуге мүмкіндіктері мол.

Никол Пашинян Армения үкіметін 8 мамырда басқарды. Ол бұл қызметке жаппай наразылық шерулерінен соң келді. Халық наразылығы елді он жылдан астам басқарған Серж Саргсянды биліктен бас тартуға мәжбүрледі.

Abai.kz

0 пікір