Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 16471 18 пікір 9 Қазан, 2018 сағат 19:34

Қош бол, Шераға!

Қазақ руханияты тағы бір оғланынан айрылды. Жазушы-журналист Шерхан Мұртаза дүниеден өтті. 

Қазақ журналистерін қанатының астына алып тәрбиелеген, ұлт руханиятына өлшеусіз үлес қосқан Шерхан Мұртаза бүгін 9 қазан күні ұзаққа созылған ауыр науқастан көз жұмды.

Шерхан Мұртаза 1932 жылы 28 қыркүйекте Жамбыл облысы Жуалы ауданы, Мыңбұлақ ауылында дүниеге келген. Жазушының шын есімі – Шері. Қазақтың айбарлы, қайратты жыртқыш аңы – барысқа байланысты қойылған.

Алғашқы кітабы 26 жасында «Құрылысшы Дәку» деген атпен жарық көрді. Оның еңбектері ТМД және шет тілдеріне аударылған. Қаламгер Тұрар Рысқұлов жайында 5 кітап жазған.

Шерхан Мұртаза әлемге әйгілі қырғыз елінің жазушысы Шыңғыс Айтматовтың туындыларын қазақ тіліне тәржімалады. Қырғыз жазушысының «Қош, Гүлсары», «Ботагөз», «Теңіз жағалай жүгірген тарғыл төбет», «Боранды бекет», «Жан пида» атты повесть, романдарын орысшадан аударды.

Шерхан Мұртаза – әлем әдебиетінің классик жазушыларының шығармаларын да қазақша сөйлетті. Ганс Андерсеннің әңгімелерін, венгр халық ертегілерін, Мұстай Кәрімнің «Біздің үйдің қуанышы» повесін, Э.Эрскиннің «Марыкчан балалары» романын, Л.Лагиннің «Хоттабыч қарт» повесін қазақ тіліне тәржімалады.

«Қара маржан» романы үшін 1978 жылы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығын иеленді.

Қазақтың заңғар жазушысы, кәсіби журналист, мемлекет қайраткері Шерхан Мұртазаның қазасына орай бүкіл қазақ жұртшылығына қайғыра көңіл айтамыз!

Сонымен қатар, Шерхан Мұртазаның Камал Смайылов екеуі арасындағы «Елім, сен тыңда, Елбасы, саған айтамын» атты кітабынан бір үзік ойын жариялауды жөн санап отырмыз.

"Біздің шенеуніктеріміздің санасы ортағасырлық теңіз қарақшыларының санасы дәрежесінде қалған. Тек тонау! Ұрандары осы.

Қазақстан, қайран Қазақстан, Құдай тағала бай жаратқан Қазақстан талапайға түсіп кетті! Осыны айтсаң, басшылар ашуланады, шамданады. Оу, шындықтың несіне шамырқанады.

Қазақстан байлығы қорқаулардың тонауына түспесе, сол байлық өз халқын асырауға жетеді ғой, жетіп-артылады ғой.

Камал, сен өзің емес пе едің алғашқы: «Қазақстан. XXI ғасыр» деген мақалаңда Қазақстан байлығы бір миллиард адамды асырауға жетеді деген?! Ал қазіргі халқы он жеті миллионға жетер-жетпес. Соның қаншауы бай, қаншауы кедей! Есепке жүйрік едің ғой, шығарып көрші. Солай, Камал дос. Адамның санасы, ниеті, пейілі түзелмей, түк те түзелмейді…

Президенттің өзі өзінің уәзірлеріне «қомағай, қанағатсыз» деп ашынса, демек қоғамның басы ауырады деген сөз. Ондай шенеуніктер қоғам денесіндегі қатерлі ісіктер. Дер кезінде сылып тастап отырмаса аса қауіпті. Ал біздің прокуратура, тергеу, милиция, сот, қауіпсіздік органдары ұры-қарылардың, парақор, жемқорлардың шабақтарын ғана ұстайды да, жайындарын, акулаларын ұстауға шамасы жетпейді. Яки қорқады, яки сыбайлас.

Әрине, халық төзімді. Бастық барып: «Халің қалай?» – десе, «Құдайға шүкір, бұдан жаман күнімізде де шыдағанбыз», – деп тәубасын айтады. Халық төзімді. Бірақ халық төзе береді екен деп тасыраңдауға болмайды. Халық тымық жатқан мұхит сияқты. Ал бір буырқанса… Құдай оны көрсетпей-ақ қойсын.

Камал дос! Экономикалық реформа түзу болу үшін алдымен адамның санасын, құлқынын, нысабын түзетіп ал.

«Кедей – бай болсам дейді, бай – Құдай болсам дейді». Кедей бай болсам деген жерде тоқтай қалса ғой. «Стоп!» десе. Жоқ, бай Құдай болсам дейді. Бұл – қанағатсыздық. Бәленің бәрі осы қанағатсыздықтан туа береді. Қомағай құлқын обыр оппа. Оны толтыра алмайсың. Өзі тойса да, көзі тоймайды. Өлгенде топырақ қана тойдырады.

Казіргі жегіштердің көбі сондай. Акуланы сойғанда қарнынан тас та, тасбақа да, темір де, терсек те шыға беретін көрінеді. Ал біздің адам-акулаларымыздың қарнын жарып жіберсең – Қазақстанның прокаты да, алтыны да, мырышы да, хромы да, мұнайы да, арақ зауыттары да, қант зауыттары – бәрі-бәрі ақтарылып шыға келер еді".

Өз заманыңда осылайша ханнан да, қарадан да ықпаған батыр азаматтымыздың жаны жәннатта болғай!

Abai.kz

18 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1947
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2198
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1815
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1540