Сейсенбі, 7 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 3194 1 пікір 8 Қазан, 2018 сағат 13:37

Жаныма жақын жақсы аға

Сапакең маған берген бір кітабына «жаныма жақын ғалым ініме» деп  қолтаңба жазып еді. Ағаның жылы лебізіне марқайып қалғаным рас-тын. Жанымыздың жақын болғаны ағайын туыстықтан емес, азаматтық ұстанымыздың, қоғамға, ел мен жерге, тілімізге деген көзқарасымыздың ой-толғанымдарымыздың ортақтастығы, бір нысанадан шығып жатқандығы еді. «Қауқарсыз қазақ мәселелерін» көтеру Сапакеңе оңайға түскен жоқ, моральдық материалдық жағынан қиыншылықтар аз болмады. Біраз замандас, әріптестері, жерлестері Сапакеңнен алшақтап, қарым-қатынастарын үзе бастады. Осыған мысал ретінде бір жайды айтайын.

Сапакеңнін бір ғалым інісі өзінің мерейтойына мынандай айтулы академиктер, белгілі қоғам қайраткерлерін шақыратынын айтты. "Сапабек ағамыз да бола ма?" деп едім, "жоқ, бұл жолы ол кісіні шақырмаймын, мүмкін жеке қонақ қылармын" деді. Ұққаным, Сапакең саясатқа бармай, үнемі «мәдениетті» сөйлейтіні белгілі академиктер мен қоғам қайраткерлерінің шырқын бұза ма деп қауіптенеді екен.

Алайда ағамыз ел үшін, жер, үшін күресуде жалғыз қалған жоқ, пікірлес замандастары мен інілері Сапекеңе үнемі моральдік сүйеу болып қолдап, қоштап отырды. Ағамыздың бір мақаласында солардың атын атап ризашылығын білдіргені бар.

Сапакең о дүниеге атанғаннан кейін кітаптарын тағы бір оқып шықтым. Ғажап дүние. Тұнып тұрған тарих. Ресейдің қазақ жерін отарлау тарихы мәселесіне келгенде "кешегі қожамыз ренжіп қала ма?" деп айта алмай жүрген шындықты жайып салған. «Қатерлі дерт, қауқарсыз халық» кітабында Сапакең Ресей империясының боданы - қазақ елі қандай күйге түскенін былайша суреттейді. "Ресей империясының отаршылдық саясаты қазақ еліне қаудан шыққан өрт болып келді. Ол қазақ елінің сау жерін қалдырмай шарпыды. Басыңнан билігіңді, қолдан еркіндігіңді алып, жаныңды бір күйдірсе, жаңылыс бассаң ауыр жазаға тартып, тәніңді екі күйдіреді. Қатар ұшып қаңқылдау қайда? Қазақ байғұстың төрт құбыласын  бақытсыздық жайлап, қараңғыда қарманумен күн кешті". Ресей отаршылдарының қылмысқа пара-пар зұлымдық саясатына бұдан артық қандай баға беруге болады.

Және де патшалық әкімшіліктің зұлымдық саясатын нақты құжаттармен, деректі көрсеткіштермен дәлелдейді. Қазақты елінен, жерінен бір жолата айырған патша әкімшілігінің 1822 ,1867-1868 , 1898 жылдары шығарған жарлықтарына терең тарихи талдау жасайды.

Тарих шындығын не үшін білуіміз керек? Тағлым алу үшін, өткен өкініштерді қайталамау үшін  білуіміз керек. Әсіресе жас ұрпақтардың санасына сіңіру үшін, Тәуелсіздіктің мән-мағынасын, парығын терең сезіну үшін.

Мен журналист кадрларының бірнеше буынын даярлауға үлес қосқан ұстаз ретінде Сапакеңнің ғалым, зертеуші журналист екенін ерекше атап өткім келеді. Иә, нағыз журналист қоғамды толғандырып отырған өзекті де өткір мәселелерден тыс қала қалмайды, бейтараптық оған жат дүние. Сапакең бір сұхбатында Сұлтанмахмұттың мына бір өлең жолдарын келтіреді:

"Өгіздей ен маяда шөпке тойып

Тамақ көп деп, қайғының бәрін жойып,

Артық семіріп, бақыт сол деп,

Жүрейін бе, басқа ойдың бәрін қойып".

Иә ,Сапакең қайғының бәрін жоя алмады, басқа  ойдың бәрін қоя  алмады. Ахан, Жаһаң, Сұлтанмахмұттардың салған жолымен туған халқының мұң - мұқтажын жоқтай білді. Саналы өмірін ұлы мақсаттарға сарп етті, Әйтпесе, ағамыздың тамағы да тоқ,  көйлегіде көк  болып, наградалар бірінен бірі төске қадалар ма еді. Қаламы ұшқыр, тілі жүйрік ағамыз жағымды мақалалар жазып, көптеген марапаттарға ие болар еді. Астана төрінен көрікті үй алып,  жас жұбайы Зинахан жеңгемізбен қол ұстасып, біршама жасамыс боп қалған Қозы мен Баяндай, міне бақыт деген осы деп, кешкі серуенге шығар ма еді. Бірақ, Сапакең ағамыз басқа жолды - күрес  жолын таңдады. Туған халқының бар қайғысын, бар ойын өз мойынына артып, саналы өмірін еліне, жеріне қызмет етуге арнады.  Бәлкім, журналист-жазушы, күрескер ағамыз Сапабек  Әсіпұлының шынайы бақыты осында болар.

Ағыбай Мұқатайұлы, тарих ғылымдарың кандидаты, профессор, Гуманитарлық ғылымдарының академиясының академигі

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1642
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1570
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1310
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1262