Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Билік 5811 39 пікір 8 Қазан, 2018 сағат 07:44

Жолдауды қолдаймыз...

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты жаңа Жолдауына қатысты бірқатар пікірлерді оқырман назарына ұсынамыз.

Әлімжан Құртаев, Парламент Сенатының депутаты:

Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жолдауындағы басты мәселелердің бірі – халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылады. Негізінен, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мәселесіне Елбасы ерекше тоқталып өтті. Орта және шығын кәсіпкерлікке салықтық жеңілдіктер жасау, қаржылық қолдау аясында теңгемен несиелер беру мәселелері кәсіпкерлердің көңілінен шығып отырғаны анық. Одан кейін ең төменгі еңбекақыны 28 мыңнан 42 мыңға дейін көтеру, бұл да тұрмысы төмен отбасыларын қолдаудың бір парасы болып табылады.

Жолдаудағы басты мәселелердің бірі – ауыл шаруашылығы өнімдерін дамыту, ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу саласын одан әрі дамыту. Содан кейін, экспортқа шығарылатын тауарлардың түрін көбейту, еліміздегі тауар өндірушілерді де, олардың өнімдерін де қолдау мәселелері туралы да айтылды. Бұл экономиканы жан-жақты дамытуға, еліміздің бәсекеге қабілетті өнім өндіру мүмкіндіктерін ұлғайта түседі.

Әли Бектаев, Парламент Сенатының депутаты:

Президентіміздің ең басты қағидасы – халқымыздың тұрмыс-тіршілігіне оң әсер ететін экономиканың түрлі салаларын дамыту. Биылғы Жолдауда экономиканың негізгі бағыттарын дамытуға басымдық бере отырып, соның ішінде ауыл шаруашылығының түрлі салаларына назар аударылды. Сондай-ақ әлеуметтік салаларды дамытуға, білім беруге, денсаулық сақтауға, спортқа және халықты әлеуметтік қорғауға қатысты мәселелер қамтылды.

Әсіресе, төмен айлық алатын орта буын мамандардың айлығын көтеру туралы тапсырмалар көпшіліктің көңілінен шығып отыр. Ұстаздардың мәртебесіне, олардың балаларға берген біліміне, тәрбиесіне бәріміздің болашағымыз тікелей байланысты. Сондықтан ұстаздардың мәртебесі туралы арнайы заң қабылдау туралы тапсырмасы болашақта ұстаздарға қатысты көптеген мәселелерді шешеді деп ойлаймын.

Сәрсенбай Еңсегенов, Парламент Сенатының депутаты:

Елбасының биылғы Жолдауы да елдің экономикалық дамуына және Қазақстан халқының тұрмысы мен әл-ауқтының артуына байланысты келелі мәселелерді қамтып отыр. Айтылған мәселелердің бәрі аса маңызды. Соның ішінде шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, әсіресе, ауыл кәсіпкерлігін дамыту мәселелері көңілге қуаныш ұялатады. Себебі, халқымыздың 40 пайызынан астамы ауылдық жерде тұрады десек, соның ішінде ел экономикасының үлкен бір саласы – балық шаруашылығы. Қазіргі кезде балық өнімдерін өңдеу шаруашылықтарын дамыту керек. Себебі, балық өнімдері экспортқа шығарылады, оған шет елдерде сұнраныс жоғары.

Президенттің бүгінгі Жолдауында айтылған бастамалардың қаржымен негізделуі ауылдық жердегі шағын кәсіпорындарды, оның ішінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге үлкен серпін береді деген ойдамын.

Тағы бір үлкен мәселе – ішкі туризмді дамыту. Елімізде оның мүмкіндіктері зор болғанымен, біз оның әлеуетін, өкінішке орай, әлі толық пайдалана алмай отырмыз. Шетелдіктер еліміздің әр аймағындағы сұлу табиғатта демалғысы келеді. Мысалы, тек Атырау облысындағы Құрманғазы ауданының шекарасындағы Еділ өзенінің Каспийге құяр сағасына  Еуропадан, Германиядан, Франциядан, Голландиядан аңшылар келеді. Бүкіл Ресейдің балықшылары келеді. Неге осыны одан әрі дамытпасқа? Бұл қосымша жұмыс орны, мемлекетке қосымша кіріс болар еді.

Тағы бір үлкен мәселе – бұл әлеуметтік сала. Жолдауда Елбасы мемлекеттің, үкіметтің жұмысы негізгі үш бағытта жүруі керек, әлеуметтік сала, инфрақұрылым, қауіпсіздік мәселесі деді. Сондықтан, келесі жылдан бастап, төменгі еңбекақы мөлшерінің 20 пайызға өсуі халықтың күтіп жүрген мәселесі. 1,5 миллионға жуық адамның еңбекақысы келесі жылдан бастап өссе, оның үш жүз мыңға жуығы мемлекеттік қызметшілер. Әсіресе, кәсіби өтілі аз, жаңадан қызметін бастаған мамандар үшін бұл өте үлкен қолдау болады деп ойлаймын.

Берген Беспалинов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы:

Елбасы өзінің биылғы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Қазақстан халқына Жолдауында қазақстандықтардың өмір сапасын арттыруға бағытталған 6 нақты қадамды атап өтті.

Осы орайда аталған маңызды қадамдардың бірі азаматтарымыздың сұраныстарына бағытталған мемлекеттік аппаратты құру болды.

«Жаңа формацияның мемлекеттік қызметшілері мемлекет пен қоғам арасындағы алшақтықты қысқартуға тиіс. Бұл арқылы тұрақты кері байланыс орнығып, мемлекеттік саясаттың нақты шаралары мен нәтижелері қызу талқыланып, жұртшылыққа түсіндіріледі.» - деп Президент өз Жолдауында атап өтті.

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі еліміздің барлық өңірлерінде халықпен сапалы және шұғыл кері байланысты қамтамасыз етуге бағытталған «Қоғамдық бақылау картасы» жобасын жүзеге асыруда. Ақмола облысының тұрғындары үшін аталған жоба іске қосылған уақытынан бастап ақ өтінім жіберудің өзіндік бір «навигаторына» айналды. Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне осы күнге дейін 90-нан астам өтініш келіп түсті. Көбінесе жұмыстың сапасын арттыру бойынша ұсыным сипатындағы хабарламалар түсіп, бұл өз кезегінде азаматтардың жүзеге асырылып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатқа белсенді араласуының бір көрсеткіші.

Ақмола облысында халықпен кері байлаыс жүргізу жүйесінің тағы бір тиімді және тұрақты моделі өңірлік арнайы мониторингтік топтар арқылы іске асуда. Өз өтінішін қалдыруды, не болмаса қандай да бір мәселелер бойынша шұғыл кеңес алуды қалайтын азаматтар өз өңіріндегі аталған топтың мүшелеріне хабарласа алады.

Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде мемлекеттік қызметшілерге еңбекақы төлеудің жаңа жүйесін енгізудің жоғары нәтижелер көрсеткенін атап өтті: «Барлық пилоттық жобалар жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Мемлекеттік қызметке қызығушылық артты, әсіресе өңірлік деңгейде оның өзектілігі жоғары».

Жағымды нәтижелерге қарамастан, тындырар іс әлі көп. Елбасы атап өткендей, ең бастысы – олар мұны тек жалақыны көбейту ғана емес, бәрінен бұрын, жұмыстарының тиімділігін арттыру деп түсінуі керек. Осы орайда ол еңбекке төленетін қаржының өсімі бюджет шығысын, соның ішінде  бағынышты мекемелердің шығыстарын оңтайландыру және үнемдеу есебінен өтелуін бақылауда ұстауды тапсырды.

Және, әрине, сыбайлас жемқорлықпен белсенді күрес мәселесі назарсыз қалған жоқ. Көрсетілетін мемлекеттік қызметтер аясында мемлекеттік қызметшілердің тұрғындармен тікелей қарым-қатынасын азайту сыбайлас жемқорлықты түбегейлі жоюға ықпал етеді. Жыл басынан бастап Ақмола облысында 2 865 184 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, олардың 82% электрондық форматта көрсетілді. Бұл электрондық үкіметтің тиімділігін халық арасында белсенді насихаттау жұмыстарының нәтижесі. Мемлекеттік қызметтерді көрсету үдерістерін ашық, ал қызметтердің өзін сапалы ету, әкімшілік бөгеттерге шек қою – алдымызда осындай міндеттер тұр. Осының барлығы түбінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюға жол ашады.

Сонымен қатар Елбасы қарамағындағы қызметкерлер сыбайлас жемқорлыққа қатысты құқықбұзушылық жасаған жағдайда бірінші басшылардың жеке тәртіптік жауапкершілігін күшейту мәселесін пысықтау қажет деп ескертті. Басшылар өздерінің кәсіби қызметінде ашықтық, қолжетімділік және жариялылық саясатын ұстануы, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жоюы, ұжым ішінде меритократия қағидатының ұстанылуын қамтамасыз етуі, бөлек қызметшілерге қатысты қолдампаздық пен біржақты жағымсыз қатынастың орын алуына жол бермеуі, мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру бойынша шаралар қабылдауы тиіс.

Бүгінгі Елбасының Жолдауы халық арасында кең қолдауға ие болды. Біздің міндетіміз – қысқа уақытта аталған тапсырмаларды жүзеге асыру.

Жарқын болашағымызды достықта, келісімде және бірлікті құрудың қажеттігін түсінетін уақыт келді. Сыбайлас жемқорлықпен күресуде қоғамның қолдау көрсетуі бұдан да артық нәтижелерге қол жеткізуге және әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруге өз септігін тигізетініне кәміл сенімдімін.

Abai.kz

 

 

39 пікір