Жұма, 26 Сәуір 2024
Анық-қанығы 5430 16 пікір 3 Қазан, 2018 сағат 09:40

Абай.kz порталының пікір жазғыш "шатақ оқырмандары"...

Абай.kz порталы Алаш ақпарат әлемінде атой салып келе жатқанына он жылға жуық уақыт болды. Осы аралықта атқарылған істер мен жеткен жетістік жайлы оқырман қауым баға берер. Ал біз порталымызды үнемі оқып, пікір жазып отыратын белсенді , "шатақ оқырмандарымыз" жайлы сөз қозғамақшымыз.

Бірақ, сайттың сансыз көп оқырманы туралы толық жаза алмайтынымыз сөзсіз. Біз тек порталға тұрақты түрде пікір жазып, ой бөлісіп тұратын белсенді оқырмандарды ғана атап өтеміз. Осы жерде сайтта пікір жазушылардың көбі өзінің шын есімін емес, бүркеншік аттар пайдаланатынын айта кетейік. Біз де шын есімін жасырғандардың ізінен майшам алып түсуді мақсат етпейміз.

Әр материалдың соңындағы пікір алаңында еркін ой бөліскен оқырманның жазғанынан оның көзғарасын, білім деңгейін, тарихи танымын аңғаруға болады. Біздің сайтта жарияланған мақалаларға байланысты пікір жазушылардың көбі өз айтары бар, өз уәжін дәлелдей алатын адамдар. Кейбір пікірлер тіпті жарияланған мақаланың өзінен көлемді болатыны таңқалдырады. Әрине, теріс пікір жазатын тентектер де табылады. Буынсыз жерден пышақ салып, бұрыс ойларын бәріне таңып отыратындар жоқ дей алмаймыз. Бірақ, порталда былапыт сөз айтып, берекені бұзатындарға орын жоқ екенін ескертеміз.

Өз елінің, ұлтының болашағына бей-жай қарамайтын көптеген адам өзінің орынды ойларын ортаға салып, нақты ұсыныстар айтудан қашпайды. Өзінің толық аты-жөнін жазып сөздің жөнін айтатын белгілі азаматтар да бар. Олардың ойы - жазылған мақалаға үн қосып, ел өміріндегі жақсылықтар мен кемшіліктерді шынайы көрсетіп беру.

Бір өкініштісі, пікір жазған оқырмандардың көбі дау-дамайға үйір екені байқалады. Мақала тақырыбына сай нақты ойларын айтып, көтерілген мәселенің басы ашылуына ат салысқанның орнына кішігірім даулы тұсына жармасып алып, жеріне жеткенше түртпектейді де отырады. Мәселен, жерге, руға бөлініп жеке адамның басына тису қазақ қоғамының жазылмайтын жарасына айналып отыр. Бұған басынан дауы арылмайтын діни тақырыптарды қосыңыз. Осыларға қарап ел азаматтарының ғылым мен білімге қарағанда қысыр кеңеске бейім екенін байқауға болады.

Бірақ, бұл біздің порталда ғана емес бүкіл қазақ қоғамында қалыптасқан жағдай. Кез-келген әлеуметтік желіні ашып қалсаңыз елге, жерге, діни секталарға бөлініп қырық пышақ қырқысып отырған қазақтарды көресіз. Ұлттық бірлік, ұлттық сана жайында қалған. Әркімнің айтқанына сеніп, айтағына еріп өз қандасын атарға оқ таппай жүрген қазақты көрсең жан шошиды. Қазақ қоғамының бұлай бүлінуіне ел билігінің ұстанған саясаты себеп болып отыр. Ұлттық идеология туын биік ұстап, Қазақстанның дамуын қазақтың болашағымен байланыстырғанның орнына, «ынтымағы жарасқан көп ұлтты елміз» деп әркімге бір жалтақтап жүрміз.

Сүзгіден өтпеген сансыз ақпаратқа уланған қазақ бүгінде кімге сенерін білмейді. Осыдан барып көзі қарайған там сүзеді болып, әркімнің жетегінде кетуде. Жақында мәслихат сессиясына қатысқан Ақтөбе облысы Ішкі істер департаментінің басшысы Махамбет Абисатов полицейлерге шабуыл жасауды жоспарлаған 147 радикалдың ұсталғанын мәлімдеді. Бір өңірден осынша адам басқа-басқа діни ұстанымға бола өз елінің полициясына шабуыл жасауға ұрынып отыр. Сонда да селк етпейдін ел билігі елдегі ушыққан діни мәселелерді шешуге асығар емес. Дәл осы біз сөз етіп отырған Махамбет Абисатов 147 радикалды ұстағанын жақсылыққа жорып отыр:

- Жақсылық жария болмауы керек. Біз мұны ешқандай пиарсыз, тып-тыныш жасадық, - деп есеп берді Абисатов сол мәслихат сессиясында. Бізді таңқалдырғаны білдей бір өңірдің Ішкі істер департаментінің басшысы ел билігіне оқ атуға ұрынған 150 адам ұсталғанын мақтан етіп отыр. Олар үшін осынша адамды ұстап, есеп беру маңызды. Ал мұнша көп адамның өз еліне өзі жау болып, полицияға шабуыл жасауға ниеттенуіне кім кінәлі. Осыны ойлап, бұндай бассыздықтың алдын алуға ұмтылған кім бар?

Қай жерде де қызу талқыға түсетін діни тақырып біздің сайтта да кеңінен талқыланып жатады. Дін жайлы жазылған кез-келген мақаланың соңғы өз көзқарасын тықпалаған пікірлерге толады. Әрине, сауатты түрде айтылған салихалы пікірлер біз үшін де, оқырман үшін де қол жетпес байлық екені шын. Алайда, діни тақырыпта бір кітап оқымаған, әркімнен естіген уағыз-нәсихаттарына сүйеніп жүрген кейбір оқырмандарымыз өзінің шала сауат ойларын ақтарып, пікір алаңын діни секталар соғысының шаңына көмеді. Дін жайлы пікір жазғандардың бәрі сауатсыз демейміз, арасында ойлы оқырмандарымыздың айтарына қол соғып қоятынымыз бар. Осы жерде сайтта жарияланған мақалаларға өздерінің діни көзқарасын жазудан жалықпайтын «Жебе», «DANA QAZAQ» қатарлы оқырмандарымыз бар екенін айта кетейік.

Пікір жазғыш оқырмандардың көбі қазақ жазуының орфографиялық заңдылықтарын сақтай бермейтіні қынжылтады. Қазақтың жанашыры кейпінде көп сөзін көлдей сапырып отырған кейбір жазарман қазақтың төл әріптерін белден басып, сақау сөйлегене әуес. Бұдан бөлек, біздің оқырмандар арасында «Калбит» деген кертартпа біреу бар. Елді жамандау, жерді жамандаудан алдына жан салмайтын осы «азамат» әр мақаланың соңына қазақша мен орысшаны араластырып әрнені жазып кетеді. Біздің ойымызша, бұл адам не өмірден оңбай таяқ жеп тағдырынан түңілген біреу, не ештеңе ойламайтын ақылсыз адам. Ақыры айтқан екенбіз, орынды пікір жазып тұратын «Фидель», «Бекжан», «Оқырман», «Марат Омар», «Дастан», «QAZAQ», «Shindik» қатарлы белсенді оқырмандарымыздың атын атауды ұмыт қалдырмайық.

Бізді тағы бір таңқалдыратыны, порталда жарияланып тұратын Елбасы туралы, не басқа да мемлекеттік бағдарламалар, жиындар жайлы хабар-мақалалардың пікір алаңы маздауы жеткен қазандай қайнайды. Аталған бағдарламаға, жиналысқа деген алғысқа толы пікірлер жарыса жазылып жатады. 10, 20, 30 тіпті 50-70 адам бір ауыздан мақтау-мадақтауға толы ойларын жазады. Осынша көп отансүйгіш, өмірге разы адамдар шынымен бар ма, әлде мақалада аты аталған мемлекеттік тұлғалардың тапсырысымен жазыла ма ол жағы бізге қараңғы. Әрі осынша көп бірауызды пікір жазудан сайт қызметкерлерінің «қолы таза» екенін айта кеткеніміз жөн.

Сайт оқырмандарының пікірін оқып отырып арасында өзге ұлт өкілдерінің де бар екенін байқаймыз. Әсіресе өткенде Көшпенділер ойыны кезінде шыққан көкпар дауы жайлы жазылған қос бірдей мақалаға көршілес қырғыз ағайындар тарапынан көп пікір жазылды. Өзбектен жеңілуіміз қырғызға көрсеткен қырымыз ба, Бекболат Қанайұлы! және Қырғыз көкпаршысына Бекболат Қанайұлы жауап берсін! деген мақалаларға қатысты «қырғыз байкелер» белсенділік танытып бақты.

Сөз соңында барша оқырманға елде болып жатқан маңызды оқиғаларға бей-жай қарамай, өз ойларын айтып пікір жазып жүргені үшін алғыс білдіреміз. Әрі ат басындай алтынға айырбастамайтын асыл сөздеріңізді біздің портал арқылы көпшілікке ұсынудан жалықпаңыздар дейміз.

Қуаныш Қаппас

Abai.kz

16 пікір