Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4397 0 пікір 31 Наурыз, 2011 сағат 07:29

Ілесбек Байжанов. Қазақ қағылған қайран байлық қайда кетіп жатыр?

Шымкент, Павлодар, Атырау мұнай өңдеу зауыттары 1992 жылдың наурыз айына дейін жылына 19 миллион тоннадан астам мұнай шикізатын өңдеген. Осының арқасында республиканың халық шаруашылығы мен жеке секторларын тұрақты түрде мұнай өнімдерімен (бензин, дизель отыны, авиакеросин, мазут, сұйытылған газ) қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге де экспортқа шығарып отырды.

Ол кезде баяғы Госплан мен Мұнай және газ министрлігі республиканың ішкі қажеттілігіне қанша және қандай мұнай өнімдері керек екенін әрбір тоннасына дейін жоспарлап, үш зауыттың шығаруға тиіс өнімдеріне квота бөліп беретін. Зауыттардан шыққан өнімді аймақтарға таратуда «Госком­нефтепродукты» мекемесі де аса маңызды рөл атқарды. Қажеттілік туа қалған жағдайда, бұл мекеме Одақтың басқа аймақтарынан да мұнай өнімдерін Қазақстанға тез арада жеткізіп отырды.

Шымкент, Павлодар, Атырау мұнай өңдеу зауыттары 1992 жылдың наурыз айына дейін жылына 19 миллион тоннадан астам мұнай шикізатын өңдеген. Осының арқасында республиканың халық шаруашылығы мен жеке секторларын тұрақты түрде мұнай өнімдерімен (бензин, дизель отыны, авиакеросин, мазут, сұйытылған газ) қамтамасыз етіп қана қоймай, алыс-жақын шетелдерге де экспортқа шығарып отырды.

Ол кезде баяғы Госплан мен Мұнай және газ министрлігі республиканың ішкі қажеттілігіне қанша және қандай мұнай өнімдері керек екенін әрбір тоннасына дейін жоспарлап, үш зауыттың шығаруға тиіс өнімдеріне квота бөліп беретін. Зауыттардан шыққан өнімді аймақтарға таратуда «Госком­нефтепродукты» мекемесі де аса маңызды рөл атқарды. Қажеттілік туа қалған жағдайда, бұл мекеме Одақтың басқа аймақтарынан да мұнай өнімдерін Қазақстанға тез арада жеткізіп отырды.

Айта кету керек, жедел шешілуге тиіс бұл іс-шараларды орындауда темірдей тәртіпке бағынған Қазақстан теміржолының да орны ерекше еді. Және жоғарыдағы мемлекеттік құрылымдар бір жерден басқарылды. Жоспарлы экономикаға негізделген әкімшілік жүйе кезінде жобаланған бұл зауыттар Қазақстанның үш аймағындағы тұтынушылардан артылған мұнай өнімдерін көршілес одақтас республикаларға да шығарып отырды. 1985 жылы іске қосылып, «Шымкент мұнай өңдеу зауыты» деп аталған ірі өндіріс ошағы 2-3 жылдың ішінде КСРО-дағы алдыңғы қатарлы кәсіпорындардың біріне айналғанды. Кәсіпорын 1988-1991 жылдары облыстық бюджеттің 40 пайызын толтырып, ең ірі салық төлеуші мекеме атанған болатын.

  • Міне, осы кезеңдерде Шымкент мұнай өңдеу зауыты оңтүстік облыстармен қатар, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан елдерін де мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге тиіс еді. Алғашқы кезде солай болды да. Тіптен бұл зауыттың артылған өнімдері: мазут пен дизель отыны Орта Азия республикаларымен қатар, алыс шетелдер: Швейцария, Швеция, Италия, Гер­мания, Польша, Венгрия, Болгария, Чехословакия мемлекеттеріне де экспортталып жатты.

Бұған қоса Павлодар мен Шымкент мұнай өңдеу зауыттары Ресейдің Тюмень, Нижневартовск, Когалым, Сургут (Батыс Сібір) аймақтарынан мұнай құбырларымен іркіліссіз келіп жатқан, құрамында көмірсутегі аз мұнай шикізатының арқасында толық қуатымен жұмыс істеп (8,0 + 6,0 млн. тонна), жылына 14 миллион тоннадан астам мұнай өңдеген. Ал қалған 5,0 миллион тонналық жергілікті мұнай шикізатын АҚШ-тың жәрдемімен салынып, 1944 жылы іске қосылған Атырау мұнай өңдеу зауыты өңдеп, батыс аймақты мұнай өнімдерімен қамтамасыз етіп келді. 1978 жылы іске қосылған Павлодар мұнай өңдеу зауыты да Советтер Одағындағы жаңа зауыттардың бірі болатын. Еліміздің тәуелсіздік алған алғашқы жылдары бұл зауыт шикізаттан тапшылық көріп, жиі-жиі тоқтап, іркіліспен жұмыс істеді. Зауытқа мұнай шикізаты елдің батысындағы Атырау мен Ақтөбе облыстарындағы мұнай кеніштерінен вагоноцистерналармен тасылды. Ресей мен Қазақстан үкіметтері арасындағы айырбас шарты негізінде мұнай құбырлары арқылы алмасулар да болды.

Тоқсаныншы жылдардың соңында басталған «Жаппай жекелендіру» науқанында Павлодар зауыты қолдан-қолға өтті. Оны әркім, тіпті шетелдік фирмалар да басқарды. Тоқтап тұрған күндері де есте. Тек соңғы екі-үш жылдың ішінде зауыт мемлекетке жартылай немесе толығымен өткен соң ғана жұмыс ырғағы бір қалыпқа түсе бастады. Өткен 2010 жылы ПМХЗ - 4,8 миллион тонна мұнай шикізатын өңдеуге қол жеткізіп, 2009 жылмен салыстырғанда, шикізат өңдеуді 676 мың тоннаға арттырды. Және облыс бюджетіне 7,93 миллиард теңге, ал елдің ортақ қазынасына 2,49 миллиард теңге түсірді.

Мұндай қиындықтан Шымкент зауыты да шет қалған жоқ. 1991-1992 жылдары шаруашылық байланыстардың үзілуіне байланысты бұл зауыт та шикізаттан тапшылық көріп, сол жылдары ашылған «Южнефтегаздың» (Құмкөл мұнай кеніштері) парафинді мұнайы мен вагоноцистерналармен келетін «Ақтөбемұнайгаз» және «Қаражанбасмұнайгаздың» күкірт сутекті ауыр мұнайларын өңдей бастады. Батыс Сібірдің күкіртті сутексіз жеңіл мұнайын өңдеуге лайықталып жобаланған зауытқа алғашқыда айтарлықтай қиыншылықтар туындағанымен, зауыттың білікті инженер-технолог мамандарының арқасында бұл тығырықтан шығатын жолдар да табылды. Өзбекстанның «Шортанды» және «Мубарак» мұнайлы кеніштерінен мұнай конденсатын импорттап, өңдеу басталды.

Алайда зауыт 1997 жылы үкімет қаулысымен жекелендіріліп, бар болғаны 60 миллион АҚШ долларына сатылды. Алғашқыда Гибралтарда тіркелген ағылшындық «ВИТОЛ» деген ешкімге белгісіз компания егелік етті. Одан соң Қазақстанның «Казкоммерцбанкі»» қожайын болып, зауыт «ШНОС» деп аталды. 2000 жылы «Құмкөл» (бұрынғы «Южнефтегаз» АҚ-ы үкімет қаулысымен 1998 жылы 120 миллион долларға жекеленген болатын) мұнай кенішіне егелік етіп отырған канадалық «Харрикейн Хайдрокарбонз» компаниясы зауыттың негізгі акциясын сатып алып, енді бұл өндіріс ошағы «ХОП» деген қысқаша атты иеленді.

  • 2005 жылы Қытайдың мемлекеттік CNPC компаниясы канадалықтардан мұнай кеніштерімен қоса зауытты да 4 миллиард 180 миллион долларға сатып алды. Мұнай кеніші мен зауытты 8 жыл бойы пайдаланған канадалықтар ғаламдық нарықта мұнайдың қымбаттап тұрған кезінде үлкен пайда көрсе, бұл түзілген келісім-шарттан тағы да 4 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі табысты елдеріне арқалап кетті.

2008 жылдан зауыттың 50 пайыздық акциясы отандық «Қаз­мұнайгаз» компаниясына өтті. Бүгін қытайлық әріптестерімен бірге бұл компания «ПетроКазахстан-ойлпродактсты» (ПКОП) басқарып келеді.

 

Дегенмен бүгінгі күндері Шымкенттегі «ПКОП» зауыты бұрынғыдай мұнайшылардың шикізатын өңдеп, өңделген өнімді тұтынушыларға вагоноцистерналарға тиеп беруден аса алмай отыр. Инвесторлармен Қазақстан үкіметі арасындағы түзілген шарт бойынша, зауыт мұнай шикізатын сатып алып өңдеп, шығарылған мұнай өнімдерін сата алмайды екен. Мұндай шараның,  өз кезегінде, ел тұтынушыларын арзан мұнай өнімдерімен қамтамасыз етуге кесірін тигізіп отырғаны анық.

Ал Павлодар мұнай-химия зауыты әлі де толығымен Ресей мұнай шикізатын өңдеуде. Ал елге қажет валюта сыртқа қарай ағылып, Ресей мүддесіне қызмет етуде. «Қазмұнайгаз» компаниясының жауапты қызметкері тіптен: «Ресеймен Кедендік одаққа біріктік. Енді ПМХЗ-ға мұнай шикізатын әкелу қиын болады. Сондықтан да бұл зауытты 2014 жылдан бастап тоқтату керек!» - деп айды аспанға бір-ақ шығарды. Және бұл шенеуніктік пікір ешбір логикаға сыймайтын уәж болды.

  • Қазақстан 2010 жылы 80 миллион тоннадан астам мұнай шикізатын өндіріп, оның 73 миллион тоннасын экспортқа шығарды. Жалпы, өндірілген мұнай шикізатының 7 миллион тоннасы ғана Қазақстан зауыттарына бағытталыпты. Қазір елімізде мұнай құбыры транспорты да дамыды. Омск- Павлодар - Шымкент - Ата­су - Алашанькоу мұнай құбырына Атырау - Кеңқияқ - Құмкөл тармағы қосылды. Павлодар мен Шымкент зауыттарының арасы да мұнайлы батыс аймақтармен жалғанып, мұнай өңдеу зауыттарын жергілікті шикізатпен қамтамасыз етуге мүмкіншілік туды. Соған қарамастан, біліксіз шенеуніктердің арқасында Қазақстан әлі де Ресейдің мұнай шикізаты мен мұнай өнімдеріне тәуелді болып отыр.

Ресейдің мұнай шикізатына ендірілген кедендік салығы 2011 жылдың наурыз айында 1 тоннасына - 365 АҚШ долларын құраса, енді мұнайшылар осы жылдың 1 сәуірінен бастап 425 АҚШ доллары деңгейінде кедендік салық төлейтін болды. Ресейдің мұнай кәсіпорындары мен зауыттарының (толығымен мемлекеттік кәсіпорындар) экспортқа шығарылған мұнай шикізаты мен мұнай өнімдеріне салынған кедендік салықтарының арқасында бұл ел бұрынғы КСРО-ның ғана емес, патшалық Ресей империясының да ғалам елдері алдындағы қарыздарынан 2006 жылы-ақ құтылып қой­ды...

Араб елдері болса жалғыз байлығы - мұнай шикізатына ғана қарап отыр. Құм үстіндегі арабтардың құмы түкке жарамсыз. Құрылыс пен су сүзуге қажет құмды олар сонау солтүстіктегі Финляндиядан валюта төлеп импорттайды. Тасты да тасып әкеледі. Ал суды алыстағы Антарктидада қалқып жүрген айсбергтерді кесіп алып, ерітіп, танкерлермен тасып ішеді. Оларда қара және түсті металл да, алтын да, ағаш та жоқ. Бірақ имандылық пен нысап, береке бар. Халқы мен мемлекеті бай.

Себебі, арабтар шетелдіктер иелігіндегі мұнай кеніштері мен зауыттарын 20-30 жыл бұрын өз қолдарына алған. Мұның бәрін олар ұлттың байлығы деп біледі. Араб елдеріндегі мұнай кәсіпорындары мен мұнай-химия зауыттары, мұнай тасымалдайтын трансконтиненталдық танкерлер мемлекеттің меншігінде. Яғни бұл нысандар шетелдіктер мен байшыкештерге емес, өз халқына қызмет етеді.

 

Ал бізде ше? Елімізде белсенді түрде жұмыс жасап жатқан мұнай кәсіпшіліктерінің біреуін ғана алып көрейік: NCOC (North Caspian Operating Company B.V.) компаниясы - Солтүстік Каспий жобасындағы жалғыз оператор. Ал бұл ком­панияның акционерлері: Agip Caspian Sea B.V. (16,81%), KMG Kashagan B.V. (16,81%), Conоcophillips North Caspian Ltd. (8,40%), ExxonMobil Kazakhstan Inc. (16,81%), Inpex North Caspian Sea Ltd. (7,56%), Shell Kazakhstan Development B.V. (16,81%) және Total E&P Kazakhstan (16,81%) сияқты әр жерде тіркеліп, құрылған фирмалар екен. Бұларға шынында кім егелік етеді? Ол жағы белгісіз.

  • Қазір Қазақстанда 2011 жылдың 1 қаңтарынан бастап сыртқа шығатын 1 тонна мұнайға кедендік салық бар болғаны - 40 АҚШ долларына тең мөлшерде ғана ұсталатын болды. Үкімет бұл 40 долларды да шетелдіктер алдында қиналып, зорға кіргізді. Және оның өзін отандық мұнай өндірушілер ғана төлемек. Ал шетелдік алпауыт компанияларға, яғни салған инвестициясын әлдеқашан 100 есе қайтарып қойған дөкейлерге бұл талап жүрмейтін боп тұр. Бар байлығымызға егелік еткен жатжерліктердің алдында бүгінгі билік қауқарсыз, яғни адам аярлық, бейшара күйде.

Енді Қазақстанға қайткенде де кедендік салықты Ресей деңгейінде болмаса да, мұнай­құбыр жүйесі мен теңіз порттарына және теміржол транспортымен тасымалдау бағасына кетер шығындарды ескере келе, ең болмаса - 250 долларға дейін көтеру қажет! Бұл шара отандық, бірақ шетелдіктер егелік етіп отырған кеніштерден мұнай шикізатының зауыт­тарға қарай ағылуына да септігін тигізеді. Мұнайшыларға да арзан шикізат мұнай сатқанша, дайын, әрі қымбат мұнай өнімдерін сатқан тиімді болары анық. Әрі ел қазынасы да бұл қомақты салықтардан толы­ғады. Сондай-ақ мемле­кет­тің инвесторлармен арада түзілген келісім-шарттарын қайта қарау да кезек күттірмейтін мәселеге айналып отыр.

 

Ілесбек

БАЙЖАНОВ,

Қазақстан Журналистер

одағының мүшесі

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 11 (94) 30 наурыз 2011 жыл

0 пікір