Сейсенбі, 30 Сәуір 2024
Алаң 27908 34 пікір 28 Қыркүйек, 2018 сағат 07:17

Аудандардың тоқсан жылдығын тойлауды доғартыңыз, Сағынтаев мырза!

Қазақ құлдық қамытты біржола кигенін тойлап жатыр. Бұлай дейтін себебіміз күз келгелі еліміздегі аудандар құрылғанының 90 жылдығын атап өтуде. Рас, осыдан 90 жыл бұрын елімізде жаппай ұжымдастыру жүргізіліп, қазіргі аудандар құрылды. Бірақ, "осы бір датаны тойлайтындай не басымызға күн туды?" деген сауал өздігінен көмейге кептеледі. Дәл сол жылы байлардың малы тартып алынып, ел тізгінін ұстаған азаматтар Итжеккенге айдала бастамады ма?. Сонда біздің бұл тойымыз лагерьлерде іш-құса болып шейіт кеткен әруақтарды мазақтау емес пе? Ұжымдасу жайы "асыра сілтеу" саясатына ұласып, отарлаушы биліктің халқымызды ашттықтан қырып салғанын тойлап жатқан жықпыз ба? 

Құрметті ҚР Премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев мырза!

Аудан мен өңірлер тарихын 90 жылдықпен бастау Қазақстанның тәуелсіздігіне қауіп төндіретін тенденция. Біздің жерде аудандар құрылғанша ел болмап па? Елдің тарихы болмап па?

Былтыр Алашорданың құрылғанына 100 жыл толды. Сонда кеңестік ауданның тойын тойлағыш аудан әкімдері неге үнсіз қалды?

Оның арғы жылы 1916 жылдағы Ұлт-Азаттық көтерілістің 100 жылдығы болды. Тағы да төбе көрсеткен ешкім болмады.

Ал, енді биыл ше? Биыл комсомолдың 100 жылдығын тойламақ болғандарды Abai.kz аттандап жүріп тоқтатты. "Комсомолдың 100 жылдығынан құтылдық па?" дегенше болмай, тарихты құлдық қамытты киген кезден бастау тағы қарқын алды.

Дәулет Серікбай, қоғам белсендісі: 

- Қазір Қазақстандағы барлық аудандар жаппай құрылғандарына 90 жыл болғанын тойлап жатыр, сол ауданның тумалары тойға тартуымыз деп түрлі нысандар салып беріп жатыр. Біздің Жанкелдин ауданының құрылғанына да 90 жыл болыпты. Ауданның бір топ жастары аудан орталығы Торғай кентінің кіреберісіне "арка" салыпты, тағы бір кәсіпкерлер селоның орталығына сахна салып беріпті. Енді мәдени шаралар сонда өтеді. Бәрі дұрыс-ақ. Ауданымызда туған азаматтарға алғыс. Бірақ Жанкелдин ауданы қандай аудан, аудан орталығы Торғай селосы қандай село? Енді соған келейік.

Бұл аудан алаш арыстары Ахмет пен Міржақып туған аудан. Торғай селосында 150 жыл бұрын Ыбырай атамыз тұңғыш мектеп ашқан, Ахмет пен Міржақып аталарымыз сол мектепте оқыды, 100 жыл бұрын ақ патшаға қарсы көтерілістің орталығы болды, Алашорданың да орталықтарының бірі болды. Торғай даласы Есімханның батыры болған Шақшақтың, Абылайдың бас батырларының бірі болған Жәнібек тарханның ата қонысы болған жер. Сол ауданды тұратын халықтың басым бөлігі Шақшақтың ұрпақтары. Аталарымыздың мекені. Торғай даласы бір шеті Ұлытауға, бір шеті Ырғызға дейін созылған ұланғайыр дала. Ендеше тарихы мыңдаған жылдан сыр шертетін Торғайдың 90 жылдығын тойлау қай сасқанымыз, әлде тарихымыз Кеңес үкіметі құрған ауданнан бастала ма?

Рас мен аудан үшін дым бітірген жоқпын, Торғайда туған ең жаман адам менмін, тіпті оңбаған, жексұрынмын. Бірақ 90 жыл дегенді қабылдай алмадым. Жас ұрпаққа не айтамыз, Торғайға 90 жыл ғана болды деп миларына сіңіріп тастасақ тереңдегі тарихымызды қалай түсіндіреміз, жарайды ауданның құрылғанына 90 жыл болды дейік, сол тойлайтын нәрсе ме, аудан құрылу деген тойлайтын нәрсе емес қой, Түркістанның облыс орталығы болғанына 1 жыл болды деп ел болып той жасайық ендеше, барлық тарихын сызып тастап тарихын биылдан бастайық, ендеше. 90 жылдық тойлау идеологияға да жат нәрсе, аудан құрылған күн деген тарих емес, тарихи дата емес. Әй бірақ елге бәрібір-ау. Зиялы деп сенгендеріміз сол тойда жүр. Айтыс өткізіп, балуан күрестіріп керемет тойлап жатқан көрінеді. Зиялыларымыз баяндама жасап шапан жамылып, "ауданның құрметті азаматы" атанып жатыр. Солай той өткізгеннен жастар керемет үлгі алып тәрбиелі боп кетсе оны да көрейік. Эфирі жалаңаштарға, мешіті сақалдыларға толы елге идеологиямен шындап айналысатын күн туған сияқты. Қала күні, дала күні деген сияқты қыртымбай даталардан, кеңестің даталарынан арылып, дінімізді, ділімізді, тарихымызды түгендеп жас ұрпақтың бойына сіңіруміз қажет.

Түйін

Құрметті, Бақытжан Әбдірұлы! Өткенде ғана Сенат спикері Қасым-Жомарт Тоқаев тойға қатысты ойын білдіріп, ысырапшылдыққа жол бермеуді айтты. Тоқаев айтқан ысырыпшылдық бергі жағы. Елдегі бар аудан кеңестік кезеңнің қаңсығын Елбасының "Рухани жаңғыру" бастамасына жапсырып, бәрін былықтырып бітті. Қазақ сан ғасырлық тарихын тереңнен қазып жатқанда аудандардың "біздің құрылғанымызға 90 жыл болды" деп тақиясын аспанға атып жүргендігі алдымен Үкіметке сын! Облыс әкімдеріне пәрмен беріп, мына масқара тойды тоқтату керек. Біздің бар айтпағымыз осы.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

34 пікір