Сейсенбі, 14 Мамыр 2024
Билік 2855 0 пікір 11 Қыркүйек, 2018 сағат 15:51

Діни ағымдарға қарсы күрес қарқынды жүргізіліп келеді

Президент Нұрсұлтан Назарбаев цифрлық технологиялар дамыған дәуірде Қазақстан өзінің ұлттық құндылықтарын, мәдениеті мен салт -дәстүрін сақтауға тиіс екенін үнемі айтып келеді.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті деструктивті діни ағымдарға қарсы күрес жүргізу қажеттігіне де ерекше назар аударады. Оған дәлел, Қазақстан Мұсылмандары Діни Басқармасы өкілдерімен өткен жиында:

– Қазақстанның аумағы ұлан-байтақ және табиғи қазба байлық пен ресурстарға бай екені баршаға белгілі. Осының бәріне қызғанышпен қарайтындар да бар. Олар – бізге қастық ойлап, қоғамымыздың ынтымағын бұзуға тырысушылар. Халқымыздың арасына теріс діни ағымдарды енгізу бізге сырттан ықпал етудің бір тәсілі болып саналады. Соңғы уақытта осындай үрдіс байқалып отыр. Біз мемлекеттігімізге қауіп төндіретін кез келген құбылыспен күресуге тиіспіз. Сондықтан сіздердің алдарыңызда зор міндеттер тұр, –деген болатын.

Мемлекет басшысы Қазақстан мұсылмандары дәстүрлі түрде ханафи мазхабын ұстанатынын, исламның осы бағытының негізін түсіндіруге машықтанған мамандар даярлау қажеттігін де атап өткен еді.

Айта кетейік, бүгінде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасында 3800 имам жұмыс істейді. Олардың жартысы діни сауаттылықты арттыру курстарынан өткен. Алайда, бүгінгі діни ахуалдың күрделеніп бара жатқан тұсында мұның жеткіліксіз екенін уақыт көрсетіп отыр.

  • Бізге осы салада жұмыс істейтін имамдар мен мамандардың білім деңгейін арттыру жайын ойластыру қажет. Оқыған имам ғана дұрыс білім бере алады. Ол өз дінін терең танып, өзге діндердің ерекшеліктерін зерттеп, басқа да білімдерді игерген адам болуға тиіс. Имамдар шешендік өнерді, адам психологиясын меңгерген идеологтарға айналуы керек, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Сондай-ақ, сол жиында қара жамылған дін өкілдері туралы да айтып кеткен.

– Діни сауатсыздығының нәтижесінде жастарымыз сақал қойып, шалбарының балақтарын қысқартып тастайды. Қара көйлек киіп, беті-аузын тұмшалаған қыздарымыздың қатары көбейді. Бұл біздің дәстүрімізге де, халқымызға да жат. Бұған заңнамалық деңгейде тыйым салу мәселесін пысықтау керек. Қазақ қара киімді қаралы кезде ғана киеді, – деген еді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев қазақ мәдениетінің тарихына, қазақ әйелдерінің дәстүрлі киіміне тоқталып, қара киім мен дін арасында ешқандай байланыс жоқ екенін түсіндіріп берген еді.

Президенттің осы тапсырмаларынан кейін өңірлерде теріс ағымдағы дін өкілдерімен күрес күшейе түсті. Мәселен, діни ахуал күрделі деп саналатын Ақтөбе өңірінде бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр.

Мысалы, 2016 жылдың күзінен бастап, ҚР Бас прокуратурасының бастамасымен, облыста «Халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету» атты кең көлемді жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында ұйымдастырылған 10 мың шамасындағы іс-шараға 530 мың адам қатысқан. Бұл іс-шаралар кезінде жоғары білікті дәрігерлер, әлеуметтік қызметкерлер, психологтар, кәсіпкерлер, теологтар мен имамдар, заңгерлер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлері тұрғындарды толғандырған мәселелер бойынша кеңестер беріп, олардың ой-пікірлері мен шағымдарын тыңдап, түрлі жағдайларға байланысты көмек беріп, қызмет көрсетеді.

Негізінен, аудандарда, ауылдық жерлерде халықты жұмыспен қамту, өз ісін бастауға жөн сілтеу, әлеуметтік мәселелерді шешу сынды бағыттарға басымдық берілген. Жаңа іс бастаған ауыл тұрғындарына тәжірибелі кәсіпкерлер ақыл-кеңестер беру арқылы қолдау көрсетті.

— Бұл жобаның мақсаты — тұрғындардың қай тұста қандай қиындықтармен бетпе-бет келіп отырғанын анықтау, сол мәселелерді шешуге көмектесу және, ең бастысы, мемлекеттің саясатын түсіндіріп-насихаттау. Тұрғындардың өз ісін ашуына жәрдем көрсету, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау салалары бойынша оңды істер атқарылды. Біздіңше, бұл іс-шаралар нәтижесіз қалған жоқ. Мысалы, өткен жылы тіркелген қылмыстар саны, 2016 жылмен салыстырғанда, 27 пайызға азайды. Алғашқы нәтижелердің бірі — аймақтағы  теріс ағымдар жетегінде кеткен жандардың санының үштен бірге азаюы, негізінде, олардың әрқайсысымен жеке-жеке кездесулер ұйымдастыру арқылы жұмыс жасалды, — деп атап өткен еді өңір басшысы  Бердібек Сапарбаев.

Бұдан бөлек, облыс басшысы прокуратура және құқық қорғау органдары қызметкерлерімен бірлесіп, әр ауданда кемінде үш елді мекенде халықпен кездесулер өткізіп келеді.

Дегенмен, облыс әкімінің айтуынша, біздің облыста теологтар, әсіресе, әйел адамдармен жұмыс істейтін мамандар тапшы. Сондықтан, бұл іске Астана мен Алматыдан мамандар шақырылып отыр.

Қыз-келіншектер арасындағы жұмыстарды жүргізуге Қазақстан іскер әйелдері Ассоциациясы облыстық филиалы сынды қоғамдық ұйымдар да атсалысып келеді.

Аталған ұйым мүшелері қыз-келіншектерді кәсіпке баулуға, атап айтқанда, белгілі бір мамандыққа оқытып, жұмысқа орналастыруға жәрдем беріп жүр. Олардың көмегімен ондаған адам тігін және кондитер цехтарына жұмысқа орналасқан.

Имамдар біліктілігін көтеру мен оларды қолдау мақсатында да облыста бірқатар бастамалар қолға алынды. Бұл бағытта арнайы курстар мен семинарлар ұйымдастыру ісі жүйелі жолға қойылған. Сондай-ақ, бүгінгі күні 48 адам «Нұр Мүбарак» университетінде, 22 адам Қазан қаласындағы Ресей ислам университетінде оқып жатыр.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев сөзінде:

— Біздің басты міндетіміз — тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Бұл орайда мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар бірлесе жұмыс істеуі керек, — деген болатын.

Облыстық дін істері басқармасының дерегі бойынша, бүгінде Ақтөбе облысы тұрғындарының 86 пайызы — дінге сенетін азаматтар. Дегенмен олардың 2 пайызы ғана барлық діни жоралғыларды тұрақты орындайды. Сондай-ақ, дін саласындағы тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатындағы істерді жүзеге асыру барысында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және оның жергілікті өкілдігімен тығыз байланыс орнатылған екен.

Индира Жаймағамбетова

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1980
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2359
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1937
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1569