Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Тамыр 7161 0 пікір 7 Қыркүйек, 2018 сағат 15:05

Батыр бабалар рухына тағзым

Қазақ батыры қашан да қазақ жерінің қорғаушысы ғана емес, елдік пен рухтың жанашырлары да бола білген. «Олар ұлттың болашағын, келер ұрпағын, бізді қорғады. Сан тараптан сұқтанған жат жұртқа Атамекеннің қарыс қадамын да бермей, ұрпағына мирас етті», дейді қазақ батырлары туралы Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасында.
Бодандық қамытты киюден бас тартып, сол жолда шейіт болған жүздеген батырымыздың жан алысып жан беріскен Ақмола бекінісі шайқасына биыл 180 жыл толса, сол шайқаста асқан ерлік көрсетіп, соңғы демі қалғанша ел азаттығы үшін күрескен батырлардың арғы атасы, Қазақ хандығының іргесінің бекуіне күш салған батырлардың бірі Шұбыртпалы (Темірқожа) бабаға 500 жыл толып отыр. Зерттеушілер Ақмола бекінісі үшін болған шайқасты ел азаттығы жолында болған 400 көтерілістің ең ірілерінің бірі дейді. Ал Шұбыртпалыдан тараған он атаның барлығы түгелдей Кенесары ханның жанынан табылып, қайтпас қайсарлығымен есімдері тарихта қалған. Тарихшылар әсіресе Ақжолтай Ағыбай батырдың ерлігіне ерекше тоқталады. Кенесары мен Ағыбай алғаш рет Көкшетауда кездескен деген дерек бар. Содан кейін ол ханның сенімді серігіне, адал батырына айналған...
3 және 4 тамыз күндері елордада осы бір тарихи маңызы зор оқиғаларды еске алып, тарихи сананы жаңғырту мақсатында алқалы жиындар ұйымдастырылды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен жиналған Шұбыртпалы батырдың ұрпақтары Астанадағы «Жастар» мөлтек ауданындағы «Қараөткел» қорымына барып, шейіт болған батыр аталардың рухына құран бағыштады. Сол жерде тарихи маңызы зор қорымда Кенесарының 50 жасауылы, 200 әскери қолбасшысы жерленгені айтылды. Оспадар отаршыларды қынадай қырып, қазақтың бодандық бұғауынан арылуға үлесін қосқан, тәуелсіздікті аңсаған хас батырлар жатқан жерде Көкбел зиратының шырақшысы Құрбан Ысмағұлұлы әруақтарға арнап құран бағыштады. Бұдан кейін 200 адамнан тұратын көпшілік Есіл жағасының бойындағы Кенесары ханның ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоғын қойып, баһадүр ханның рухына құран бағыштады.

Тәуелсіздік сарайының мәжіліс залында жалғасқан шаралар қатары ғылыми-танымдық конференцияға ұласты. Тарих ғылымдарының докторы Марат Әбсеметов Ақмола бекінісі шайқасының мәні мен маңызы туралы, ал ҚР мәдениет қайраткері Әшімхан Оспанов Сыр өңіріндегі Әйеке би мен Ағыбай батырдың өмір деректерінен сыр шертетін баяндамаларын жасады. Әсіресе Әшімхан Орынбасарұлының Бұдабай ақынның Әйекеге қатысты жоқтауы хақында айтқан тарихи деректері көпшіліктің назарын өзіне аударды. Ал Әйеке бидің: «Ағайын тату болса – құт, алауыз болса – жұт» деген сөзі араға 140 жыл өтсе де мәнін жоймай, өзектілігін күшейте түскені ақиқат.
Дәл осы шарада «Шұбыртпалы. Тарихы һәм шежіресі» атты кітаптың тұсакесер рәсімі өтті. Ол еңбек тарихи деректер мен дәйектерді мол қамтуымен құнды болғалы тұр. Бұл күнгі шара «Әзірет Сұлтан» мешітінде 300 адамға арнап ас берумен аяқталды. Еліміздің барлық өңірінен, сонымен қатар Болгария, Украина, Қырғызстаннан жиналған қалың қауым тарихи сананы жаңғыртудың болашақ ұрпақ танымындағы маңызы зор екендігіне тағы да бір көз жеткізді.
Осы тарихи даталардың құрметіне келер күні Сарыарқаның төрінде, Қараегін елдімекенінде 2000 адамның басын қосқан ұлан-асыр той өтті. Сахналандырылған тарихи қойылым, айтыс, дәстүрлі ән, қазақ күресі, аламан бәйге сынды ұлттық рухты жанитын шаралар қалың көпшіліктің жадында ұзаққа сақталары сөзсіз.

Алма Сайлауқызы

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 546
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 281
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 304
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 311