Сенбі, 4 Мамыр 2024
46 - сөз 4236 1 пікір 3 Қыркүйек, 2018 сағат 16:21

ХОШ, ХОШ, «МАҚАУ» ДЕПУТАТТАР!

ХОШ, ХОШ, «МАҚАУ» ДЕПУТАТТАР!
Астана. Үкімет үйінің алдында мәжіліс депутаттары қаз-қатар тізіліп тұр.
Бастары салбырап кеткен. Шаштары жалбырап кеткен. «Біз дағдарыстың құрбанымыз!» деген лозунгі көтеріп тұрғандары да бар. Депутат болғаннан ұйқысы қанбағандары көздерін жұмып, қалғып-мүлгіп тұр. Астана аязы олардың беттерінен шымшып та оята алар емес. Депутаттардың біразы ауыздарына «скотч» жабыстырып алыпты. Мойындарына «Біз мақау депутатпыз. Үндемей келдік.Үндемей кетеміз!» деген анықтамалар іліп алыпты. Сенаторлар да осында. Біразы сағыз шайнап тұр.
Бір кезде мәжіліс төрағасы көз жасын көлдетіп, ортаға шықты:
– Уа, халайық! - деді оның дауысы дірілдеп, – Бізге «конец». Дағдарыс бар, мықты жоспарлар бар, соларды бағындыру үшін жаңа депутаттар сайлансын деген шешімге келдік. Біз шаршадық. Сексен заң қабылдадық. Жаңа өтетін сайлауды да сағындық... Енді тараймыз. Хош болыңыздар, қазір халықтың депутаттармен жаппай қоштасу рәсімі басталады!
Сол екен, еңіреген халық біртіндеп кезекке тұрып, қаз-қатар тұрған депутаттармен құшақтасып қоштаса бастады. Бірі: «Үш жыл бойы не бітірдіңдер өзі? Халқыңа не бердің?» деп сұраса, екіншісі: «Өңкей мақаулар! Бірің халық жағдайын айтып сөйледіңдер ме? Сексен заңның біразын қабылдамай, кері қайтардыңдар ма? Мақаусыңдар! Үкіметтің үндеместерісіңдер!» деп жатты.
Мен де қысылып-қымтырылып, халықтың бір өкілі болып келе жатырмын.
– Сәлеметсіз бе? - деп сұрадым бір депутаттан.
– Хош бол, халқымның бір мүшесі! - деп жыламсырады әлгі депутат.
– Кешіріңіз, сіздердің бастарыңыз істей ме өзі? Жол қозғалысына қатысты заңды сағызша шайнадыңыздар. Жол ережесін бұзғаны үшін төленетін айыппұлды айға іліп қойдыңыздар да, енді соны түсіре алмай үкіметке жүгірдіңіздер. Үкімет кірпігін де қозғалтқан жоқ. Авто-орындыққа байланысты «жынды» заңды қабылдап жіберіп, артынан аңырадыңыздар. Сол тірліктеріңізге ұялып тарап жатырсыздар ма? - деп сұрадым мен. Ол құлағыма сыбырлады: «Кетші-ей, мозгамды мыжымай!» Онымен қимай қоштасып, келесі депутатты құшақтадым. Байғұс аңқылдақ екен: «Мен жоқта достарым сыртымнан сайлап жіберіпті. Шынымды айтсам, сауатым да шамалы. Тарайтынымызға қуанып отырмын. 600 мың айлықты босқа алып жүргеніме ұялушы едім!» деп ақталды. Оны құшақтап, арқасынан қағып, «Еркек екенсіз!» дедім. Келесі депутат әжеймен құшақтай көрістім. «Партиялық тізіммен сайланып едім, шырағым, хош бол!» - деді. Әжей депутаттың ағарған шашын тарап, қолын қыстым.
Халық түгел қоштасып болды. Қуаныштан жылап тұрды. «Енді бізді ойлайтын жаңа депутаттар келеді!» деп дауыстағандар да бар. Бір кезде Мәжіліс төрағасы аспанға пистолетпен атып қалды да:
– Тараңдар! - деп бұйырды. Сол екен, депутаттар тарай бастады. 107 депутаттың 30-ы тарап, шал-шауқан депутаттар қайта сайлану үшін орындарында қалып қойды. Халық одан бетер аяп кетті. Тіпті арамыздағы біреу: «Осыдан әкемді үйден қуып шығып, мәжілістегі «қарттар үйіне» өткізбесем бе?» деп қалды. Енді сайлауды күтеміз. Естуімізше, «мақау» кандидаттар дайындалып жатыр дейді. Тағы бір жып-жылы жаңалық: келесі депутаттар үшін мәжіліс залында орындықтар болмайды екен. Олар көрпе-жастықтарын қоса әкеліп, шалқаларынан жатып алып заң қабылдайтын болмақ! Қуанып жүрмін, қалай депутат болсам екен а?

Мұхтар Шерімнің facebook парақшасынан

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1027
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 899
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 677
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 756