Сейсенбі, 27 Қазан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 110684. Жазылғандар — 105675. Қайтыс болғандар — 1796
Құлақтың әңгімесі 8078 3 пікір 28 Тамыз, 2018 сағат 18:02

«Жұмбақ сыйлық» һәм өзгерген отбасылық сурет

Ресейлік режиссер Сергей Комаровтың  “Жұмбақ сыйлық” (“Загадочный дар”) атты мелодрамасы бар. Сценарий авторы – Аркадий Инин. 2016 жылы шыққан туынды екен.

Лиза есімді қыздың махаббат оқиғасымен қатар оның  ерекше қасиеті туралы баяндалады. Осы фильмде біздің назарымызды аударған бір эпизод болды. Ол – бас кейіпкер Лизаның Давлат атты аула сыпырушы жігітпен болған әңгімесі.

Тәжікстаннан келген жігіт Лизаға отбасылық суретін көрсетеді. Зер салып қарасаңыз ол Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасымен түскен суреті. Бірақ, Президенттің орнына тәжік шалдың суретін алмастырған. Ал, айналасында отырған Сара Назарбаева, Тимур Құлыбаев бастаған басқа да отбасы мүшелерін көруге болады.

Давлат ол “отбасын” жеке-жеке таныстырады.

“Біз негізі он бір ағайындымыз. Мынау менің үлкен әпкем Фатима” деп Сара Алпысқызының суретін көрсетеді. Ал, мына кішкентай Рахим дейді, ол кім екенін нақты білмедік. Мынау тағы бір әпкем Зульфия дейді.

Лизаның «әпкең өте әдемі екен» деген сөзіне:

– Ең әдемісі мына кісі, – деп Елбасының орнына өзгертіп қойған қарияның суретін көрсетеді. – Баба Рахим. 92 жаста. Оған әлі күнге қалыңдықтар келеді. Бірақ, ақшам жоқ деп үйленбей жүр, – дейді.

Осы екі минуттық эпизод бізді біраз ойға қалдырды.

Біздің түсінбегеніміз, фильмге неге дәл осы сурет таңдалды? Режиссер бұл эпизод арқылы не айтқысы келді? Бір елдің Президентін және отбасын танымай қалды деу қисынсыз. Кездейсоқтық деуге де келмейді. Ал, оны осылай пайдалануының астарында не жатыр?

Мүмкін, Комаровтың тәжіктің жоғары білімді азаматына Ресейде жай ғана аула сыпыртып қоюы да кездейсоқтық емес шығар. Тіпті, Лизаның құрбысы сол тәжік жігітпен әңгіме арасында «Кеңес империясы кезінде жақсы еді, бәріміз бір отбасындай болдық. Қазір ғой, ұрлап кетті, өлтіріп кетті деген хабарлардан көз ашпаймыз» деген сөздер айтады. Иә, қарапайым ғана аулада болған әңгіме. Бірақ, астарына үңілсеңіз, біраз дүниені аңғаруға болатындай...

Біздің білуімізше, кино – идеологиялық құрал. Режиссер кейбір ашық айта алмайтын  дүниелерін халыққа кино кейіпкерлерінің тілімен айтқызып жататын сәттері болады. Демек, осы бір үш сағаттық туындының да айтар ойы, арқалаған міндеті бар болуға тиіс.

Бірақ, бұл “Жұмбақ сыйлықтың” астарында тағы қандай жұмбақтар жатқанын бағамдауды Сіздерге қалдырдық...

Нұрбике Бексұлтанқызы

Abai.kz

 

3 пікір