Сенбі, 27 Сәуір 2024
Анық-қанығы 6430 16 пікір 28 Тамыз, 2018 сағат 12:40

Ескерткішті қала қақпасына орнату - әлемдік  тәжірибе...

22 тамызда «Abai.kz» ақпараттық порталына белгілі қоғамдық белсенді Талғат Қатауовтың  "Пушкинге ескерткіш қойған Орал Махамбетке бюст те орнатқан жоқ" атты мақаласы жариялаған еді. Сол мақалаға Батыс Қазақстан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі  «Оралда Исатай мен Махамбетке ескерткіш тұрғызылады» деген жауап берді. Іле-шала Талғат Қатауов "Көлгіновтің Исатай-Махамбет ескерткішін «заправканың» қасына орнатуы - әруақты қорлау!" деген үндеу жариялады. Бүгін Батыс Қазақстан облыстық Мәдениет басқармасы қоғамдық белсендіге және жауап беріп отыр. Біз Махамбет пен Исатайдың ескерткіші ойдағыдай орнатылуы үшін екі тараптың да тізгінін тартпайтынымызды ескертеміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Талғат Тұрсынғалиұлына!

Сіздің Abai.kz ақпараттық порталындағы «Исатай мен Махамбет»  батырларға арналған ескерткішті орнату жөніндегі пікіріңізге байланысты осы салаға жауапты басқарма ретінде төмендегі мәселелерге тоқталып, жауап бергенді жөн санадық.

Біріншіден батыр бабаларымызға арналған ескерткіштің орнатылуына қоғамдық пікір білдіргеніңіз құптарлық жағдай. Олай дейтініміз бабалар ескерткішін орнату, тарихқа үңілу, өткенге құрмет көрсету, келешек ұрпаққа өнеге қылып қалдыру біздің ортақ ісіміз деп есептейміз.

Батыс Қазақстан облысының Орал қаласы – өткен ғасырлардан Еуропа мен Азияның мәдениеті мен өнерін жалғаған Қазақстанның көне қалаларының бірі екені, өзіңізге белгілі.

Тарихи жолымызға қарасақ, әр өңірде де ел рухын асқақтатқан тұлғалар болған. Ақжайық өңірі кие мен қасиет қонған бабалар мекені.

Біздің киелі Нарын құмында алты алашқа есімдері мәшһүр болған Исатай мен Махамбет туып, ел бостандығы жолында жандарын пида етіп, арттарына өшпес мұра қалдырды.  Аталған ұлы тұлғаларға ескерткіш орнату көп жылдардан бері қоғамдық тұрғыда қозғалынып келген мәселе. Қуантарлығы,  үстіміздегі  жылдан бастап өңір басшысының тапсырмасымен батыр бабаларымызға ескерткіш орнату мәселесі шешімін тапты.

Осы орайда, өңірімізде Батыр бабаларымыз «Исатай мен Махамбет» скульптуралық композициясының ең үздік жобаларына 2018 жылдың 03 мамырда «Егемен Қазақстан» №82 (29313) газетінің санында ашық конкурс жарияланды.

Үстіміздегі жылдың 29 мамырында өлкеміздің зиялы қауымының қатысуымен «Батыс Қазақстан облысының тарихи-мәдени мұраларын, тарих және мәдениет ескерткіштерін қорғау мәселелері бойынша облыстық комиссиясының» Исатай Тайманұлы мен Махамбет Өтемісұлының композициялық ескерткіші жөнінде кезекті отырысы ұйымдастырылды. Отырыстың қортындысы бойынша комиссия мүшелері үш жұмысты таңдады.

2018 жылдың 27 шілдесінде Мәдениет және спорт Министрлігі жанындағы Қазақстан Республикасында орнатылатын ескерткіштер мен монументтер жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы өтіп, комиссия мүшелерімен Астана қаласының мүсіншілері Р.Абенов (скульптор, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің «Бейнелеу өнері және сызу» мамандығы бойынша магистратурасын тәмәмдаған. А.Л.Штиглиц атындағы Санкт-Петербург мемлекеттік көркем-өнеркәсіптік академиясынан мүсіндеу бойынша тағылымдамадан өткен), Е.Зиябеков (скульптор, А.Қастеев атындағы Шымкент Өнер колледжін бітірген. Мәскеу облысының Жуковск қаласы «Лит Арт» көркем-сәулет комбинатында мүсіндеу бойынша тағылымдамадан өткен) және С.Рустамбековтың (ҚР еңбегі сіңірген сәулетшісі, Сәулетшілер Одағы басқармасының төрағасы, Қазақстанның ұлттық жобалаушылар қауымдастығының вице-президенті) жұмысы толықтай  бекітілді.

Ертеден ата-бабамыз домбырасын қолайлы қолымен ұстаған және ескерткіш авторларының бейнелі композициясы болып табылады. Батырлардың мүсіндері туралы айтқан пікірлеріңіз орынды, жұмыс жоба түрінде болғандықтан батырлар мінген аттардың пішіндері әлі де жұмыс  барысында  толықтырылатынын ескертеміз.

«Исатай мен Махамбет» композициясы Орал қаласының оңтүстік қақпасына, яғни Еуропа мен Азия құрылығының тоғысқан жерінде орнату жоспарлануда. Ескерткіштің орнату жерінің тиімділігі сол: саябақпен абаттандыруға және автотұрақ жасауға мүмкіндік береді.  Бұл жұмыстар бірегей кешен ретінде жергілікті халықтың демалыс орнына айналатынына сенімдіміз.

Осындай тарихи тұлғалардың ескерткішін Қазақстанның қай жеріне орнатсақ та ол жер біздің бәріміздің ата жұртымыз, туған топырағымыз. Ол жерде де қоныс тепкен қазақ елінің азаматтары, болашақ ұрпақтары бар. Ал Сіздің ескерткішті орнатылатын жерге қатысты айтқаныңыз жеке пікіріңіз деп білеміз. Қазақтың барлық жері қымбат, сол жердің тұрғындарына да құрметпен қараған жөн. Өйткені Махамбет пен Исатайдай ардақты тұлғалардың бәрі қазақтың ұлтарақтай жерінің бостандығы мен тәуелсіздігі үшін күрескенін естен шығармайық.

Ескерткіштерді қалалардың қақпасына орнату әлемдік  тәжірибеде кездеседі. Атап айтар болсақ башқұрт ұлтының  батыры Салават  Юлаевтың ескерткіші Уфа қаласының кіре берісінде орналасса,  Қазақстандағы Екібастұз қаласының қақпасында қазақтың белгілі ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің  ескерткіші орнатылған, ал Халық батыры Наурызбайдың ескерткіші Алматы облысының Қаскелең қаласына кіретін екі жолдың қиылысына қойылған,  бұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады.

Батыс Қазақстан облысы Ресей Федерациясының 5 облысымен және Қазақстан Республикасының 2 облысымен шекаралас екенін ескерсек, әуежайдан және халықаралық деңгейдегі жолтораптарымен  келген жолаушылар  үшін де аталмыш жерді қаламыздың қақпасы ретінде қарауға болады.

Сіздің батырлар ескерткіші жанар - жағармай бекетінің қасына орнатылады деген жазбаңызға байланысты;  жанар- жағармай бекеті ескерткіш орнатылатын аумақтан  700 метр  қашықта  орналасқанын қаперіңізге бергіміз келеді.

Батыр бабаларымыз «Исатай мен Махамбет» скульптуралық композициясы жөнінде сұрақтар мен ұсыныстар туындаған жағдайда, басқарма басшысының жеке қабылдауына келіп, өзіңізді толғандырып жүрген сұрақтарыңызға тікелей жауап  алу мүмкіндігіңіздің  бар екенін қаперіңізге саламыз.

Батыс Қазақстан облысының Мәдениет басқармасы

Abai.kz

 

 

 

 

 

16 пікір