Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Алаң 4227 6 пікір 22 Тамыз, 2018 сағат 07:01

Осыдан кейін мұражай қалай жөнделеді?

"Мұражай туралы мәселе көтерші" деп өтініш айтқан Ақымет Байтұрсынұлы мұражайының деректірі Райхан Имаханбетке хат!

Райхан, Алматы қаласындағы Ақымет Байтұрсынұлы мұражайының басшысы ретінде мұражайдың азып-тозбағанын, оның мемлекет тарапынан күтімге алынып, жайнап тұрғанын қалайсыз ғой. Мен де қалаймын. Бірақ мені сол мұражай үйінің жағдайынан гөрі, Ақаңа қатысты басқа нәрсе ойландырады.

Біз – қазақ Ақымет Байтұрсынұлы деп еңірегенде етегіміз жасқа толады, бірақ неліктен еңірегенде етегіміз жасқа толатынын тіпті де білмейтін сияқтымыз. Ақымет Байтұрсынұлы деген есімді естімеген қазақ жоқ, бірақ күллі қазақ танитындай ол кім еді, қазаққа, оның тіліне не жақсылық жасап еді десеңіз, дәл жауап беретін адам табыла қоятынына тағы күмәнім бар.

Мұражай үйінің бүгінгі жағдайы мәз емес болса, оның себебін басқадан емес, Ақаң қалыптастырған тіл тағылымын терең түсінбей жүргенімізден іздеген жөн. Соны түсінбейінше, мұражай үйі жөнделеді дегенге, оған келушілердің қарасы көбейеді дегенге сене алмаймын. Ол үй ұлы адамның атын иеленсе де, дәл қазіргі қазақ үшін қатардағы көп таммен тең. Оны бүгінгі көп қазақтың «недвижимость» деп танығаны таныған. Қазір ол үйді сол түсінбейтін қазақтың біріне берсең, ол одан букмекерлік кеңсе ашып алатыны анық. Бұл үйге мұражай кезінде бас сұға қоймайтын қазақ, букмекерлік кеңсе бола қалса, топырлап шықпай қояр еді. Халық мұражайға келмесе немесе сирек келсе, ол да Ақаңның ұлылығын ұға алмағандықтан.

Өзіңіз ойлаңызшы, егер қазақ Ақымет Байтұрсынұлын шын танитын болса, латын таңбасына негізделген қазақ әліпбиін 32 әріптен тұратын етіп жасар ма еді? Ақаңның жолымен қазақтың төл 28 дыбысына 28 таңба беріп, істі тез бітіріп тастамас па еді. Дәл осылай, Ақымет Байтұрсынұлы түзген әліпбиге негіздеп жасап, талқыға ұсынған білікті тілші ғалым Әлімқан Жүністің «Ұлттық жобасын» бірауыздан қолдап, бірден қабылдап жібермес пе еді. Жо-оқ, осы «Ұлттық жобаны» бір ауыздан құп көрудің орнына, жаңа әліпби жасаудың басты мұраты не екенін ұқпаған көп шуылдақ, ғалым еместер Ақымет Байтұрсынұлының айтқанын жан жүрегімен түсінген бірлі-жарым нағыз ғалымды тұншықтырып тастап отыр ғой. Тіпті, бұдан бұрынырақ кірме әріптерге қарсы тұрған Сапарқан Мырзабек ағай (иманы жолдас болсын) тіліміздің түзелуі қиын қазіргі қалпын түзетем деп тер төгіп жүрген өзіне қарсы шыққан әпербақандардың қылығына күйініп, ерте бақилық болып кеткен жоқ па екен деген де ойға қаламын. Жаңа әліпбиді талқыға салғанда жалғыз қалған Әлімқан Жүнісбек ағайды сөйлетпей, аузына құм құйған кім? Оны Ресейден біреу келіп, сөйлетпей тастаған жоқ қой. Соның бәрін істеп жүрген, мына өзіміз ғой. Біздің қайсымыз дұрыс жолда келе жатқан Әлімхан ағайды қолдап, қуаттап едік. Жо-оқ, олай етудің орнына «сонда «хан» деген сөзді қалай жазамыз, «хат» деген сөзді қалай жазамыз, «хан»-ды «қан» деп жазамыз ба сонда, «хат»-ты «қат» деп жазамыз ба сонда...» деп, әй қойшы, несін айтасыз... лағып жүрген жоқпыз ба? «Хат» сөзін Ақаңның өзі «қат» деп жазғанын қасақана елемей жүрген жоқпыз ба? Бұны айтып жүрген басқа емес, кейбір тіл ғылымы адамдарының өздері. Бізде осындай тіл білімінің докторлары жыртылып айырылады. Олар тіпті көп. «Көпте ақыл жоқ...» деп Абай бекер зарламаған екен ғой. Ал, сіз, Райхан, қайдағы бір ағаш үйдің жағдайын айтасыз. Айтқанда да бәрін біліп тұрып айтасыз. (Бұл арада компьютер мамандарының латын таңбасы туралы пікірлерін тіпті де ауызға алғым келмейді).

Тоқ етерін айтайын, Ақаңның тіл туралы асыл ойлары іске аспайынша, мұражай да түзелмейді. Мұражай түзелу үшін, әуелі Ақаң салған жолға түсуіміз керек. Сол жолға ылажсыздан түсе салмай, сол жолдың ең дұрыс жол екенін бүкіл қазақ жан жүрегімен ұғып түсуі тиіс. Сіз де әуелі өзіңіздің аты-жөніңіздегі «х» әрпінің көзін құртуыңыз керек. Оның көзін құртпайынша Ақаңды жақтап қалайша сөз сөйлейсіз? Осы «х»-ны аты-жөніңізден алып тастамауыңыз арқылы Ақаңның қағидаларына ең әуелі өзіңіз қарсы келіп тұрсыз ғой. Әрине, бұл сіздің кінәңіз емес, құрып кеткір 42 әріптен тұратын қазіргі кирилл алфавитінің, соның ығына жығылып жасалған ереженің, сол ережені жасап, бекіткендердің кінәсі. Бәлкім, жасап, бекіткендердің де емес, соны солай жасауға мәжбүрлеген жүйенің, қоғамның кінәсі. О жағын өзіңіз менен де жақсы білесіз. "Х" жөнінде бір жерде айттыңыз да.

Қайран Ақаң тағы не деп еді, ол «дауысты дыбыстар сөздің жаны, дауыссыз дыбыстар сөздің тәні» деді ғой. Ал, біз қазақ сөзін қинап, Ақаң айтқан жанын шалажансар еткен жоқпыз ба? Тәнін жарадар еткен жоқпыз ба? Кейінгі тіл білімінің «ғұламалары» Россиядан қаймығып, «кірме сөздер, оның ішінде орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл сонай жазылуы тиіс» деген қазақ тілінің үндестік заңын қирататын, сөйтіп оқып-тоқуды қиындататын, жалпақ тілді қазаққа ата-бабасы дыбыстап көрмеген жат дыбыстарды мәжбүрлеп дыбыстататын ереже жасады. Сол себепті қазақ шошқаша шыңғырып, торайша қорсылдап сөйлейтін болды. Ақаңның: «...тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» деген тамаша ойы аяқасты болды. Содан кейін келіп, «айтылымға қарай жазылым» қағидасы адыра қалып, «жазылымға қарай айтылым» қағидасы таққа мінді. Тағы да Ақаң айтпақшы, «азбаған асыл тілден емле шығарудың орнына, азбаған асыл тілімізді аздыратын емле шығарып» алдық. Соның шылауынан әлі күнге шыға алмай келеміз. «Қазақ емлесі нағыз оңай, бұқараға қолайлы емле (Ақымет Байтұрсынұлы)» еді ғой. Олай болса, мына істеп жүргеніміз, Ақаңды тірілей жерлеумен тең емес пе? Ақаңның «...оны (кірме сөзді Н.С.) жаншып кеміріп, өз тілінің (қазақ тілінің Н.С.) қалпына түсіріп... (жазу керек Н.С.)» деген даналық сөзін аяққа таптау ғой.

Осы теріс ережеден соң қазақтың тілін тіл етіп тұрған тіл үндестігі заңы, қазіргі біздің Ата заңымыздың 7-бабы (қазақ тілі мемлекеттік тіл деген) сияқты берекесіздікке ұшырады. Қазақ тілі мемлекеттік тіл дейін десең, мына жағынан «орыс тілі ресми тіл» деген бап кимелеп, дейтінімізді дегізбей тұрғаны сияқты, жаңағы есалаң ережеге сүйенген орыс тілінен енген сөздер де қазақ тілінің үндестік заңының аузын ұрып тұр. Оған арап және т.б. тілдерден енген кірме сөздер жақтасып, етектен және тартып тұр. Соның бәрі Ақаңның асыл ойлары аяқтың астына түсіп, табанға тапталып қалғаны себепті солай болып тұр.

Мысалы, мынадай жағдай болса: «Қазақстанда тұратын қазақтар Қазақстан заңына бағынсын, ал, Қазақстанда тұратын басқа ұлттар, оның ішінде орыстар Қазақстан заңына бағынбасын, өзінің Ресейінің заңына бағынсын» деген заң шықса, сіз осыған қалай қарар едіңіз? Бұл қазақтар үшін барып тұрған қорлық екенін сезіне аласыз ба, қазақтар үшін бейшаралық екенін түсіне аласыз ба? Әрине, сезінесіз. Әрине, түсінесіз. Ал өзін біреудің қорлағанын сезінген, түсінген адам не істеу керек?

Тілде де солай, дәл қазір байырғы қазақ сөздері қазақ тілінің үндестік заңына бағынады, ал кірме сөздер қазақ тілін тіл қып тұрған бұл заңға бағынбайды. «Кірме сөздер қазақ тілінің үндестік заңына бағынбасын» деп, нақ осылай жазылған ереже болмаса да, айналып келгенде «...орыс тілінен енген сөздер, сол тілде қалай жазылса, қазақ тілінде дәл сонай жазылуы тиіс» деп, дәл соның керін келтіріп тұр. Әрі біз – қазақтар осы заңға құлшына бас иеміз. Бұ қалай? Осыны ойлағанда, тіпті, қорланып жылап жібере жаздайсың.

Кезінде Россиядан қаймықтық-ақ делік, ал тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр болса да, тілімізді бұзып тұрған сол ережені түзей алмай келе жатқанымыз қалай? Түзей алмай келе жатқанымыз, сол ережені ереже қылып тұрған кірме әріптер әліпбиімізде өріп жүр. Ол әріптерді құртудың жалғыз жолы латын таңбасына көшу еді, оны да жетістіре алар емеспіз. Жетістірмейтініміз – латын таңбасы негізіндегі қазақ тілі әліпбиін талқылап, қабылдайтындар Ақаң айтқан қағиданы жан жүрегімен ұға алмай жүр. Иә, ұға алмай жүр. Ал, ұқса неге сол ұққанындай жасамайды?

Бұл айтылғандарды тіл мамандарыны түсіндірудің қажеті аз, олар оны онсыз да түсіне алады. (Ұқпайтындары да толып жатыр-ау).

Ал тіл білімінен хабары аз жандар үшін кірме дыбыстардың үндестік заңын қалай бұзатынын, қалай қирататынын қысқаша айта кетейін. Ол үшін мына ережені еске ала отырайық.

Тіл кейін шегініп, үсті дөңестену арқылы жасалатын дауысты дыбыстарды жуан дауыстылар дейміз.

Тіл ілгері қарай созылу арқылы жасалған дауысты дыбыстарды жіңішке дауыстылар дейміз.

Демек, үндестік заңына бағынатын таза қазақ сөзін айтқанда ауыздағы тіл бір ғана қимыл жасайды. Олай болса толық бір сөзді тілімізге бір ғана қимыл жасату арқылы еркін, қиналмай айта аламыз. Ал ВАЗЕЛИН, ХАКІМ, ФОЙЕ сияқты біресе жуан, біресе жіңішке дауыстыларды пайдаланып, үндестік заңын қасақана бұзып тұрған сөздерді айтқанда тіліміз біресе кейін шегініп, біресе ілгері қарай созылып (беліне қамшы тиген жыландай жиырылып-жазылып немесе ыстықтаған иттің тіліндей жалаңдап), бірнеше қимыл жасайды. Сөйтіп ауыз ішіндегі қызыл тіл байлаудағы ызалы иттей аласұрып кетеді.

Ал қазақтың тілі жалпақ тіл. Аз қимыл жасаса да қиналмай, тілді ауыз ішінде аласұртпай, ойнақшытпай, жәй ғана бір мәрте не кейін шегіндіріп, не бір мәрте ілгері созып, сөзді әуезді етіп айтатын болғандықтан еркелетіп «жалқау» тіл деп те жүрміз.

Ал ерін үндестігі туралы тіпті ұмытуға айналдық. Оны ұмыттырып тұрған да сол кірме дыбыстар. «Бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай» деген әйгілі сөзді (біреу оны Затаевич айтқан дейді, екінші біреулер Потанин айтты дейді, мейлі кім айтса, ол айтсын) бүгінгі жазғыштар әнге қатыстырып жазып жүр. Жо-оқ, бұл тіркестің әнге мүлдем қатысы жоқ. Қазақ тілінде ерін  үндестігі заңы бұзылмай тұрғанда бабаларымыздың сөйлеп отырғанының өзі ән сияқты болып естілген. Міне, осындай әуезді тілімізден айырылдық қой. Одан айырған, тағы да айтайын, кірме дыбыстардың тепкіні.

Ал анау үш сөзді үндестік заңына бағындырмай тұрған «вэ», «ха», «эф» деген дыбыстар («вэ»-ні «вы», «ха»-ны «хы» деп жұмбаздап, иін жұмсартқансығанмен, «эф»-ті «фы» дей алмай, сол «эф» күйінде қалдырған масқара жай бар). Соны біле тұра «В», «Х», «Ф» деген таңбаларды әліпбиге тағы да қосып отырмыз («Ч» мен «Һ»-сы тағы бар). Егер осы таңбалардың көзі құрымаса, ВАЗЕЛИН, ХАКІМ, ФОЙЕ сияқты сөздер қалай жазылса, солай айылсын деген ереже сол қалпында қалады. Ал қазақтың Құдай жаратқан тілі бұл сөздерді «базалин», «әкім», «бөйе» деп айтуға бейім. Қазақтың жалпақ тілі «вэ» дегенді «бы», «ха» дегенді «қы», «эф» дегенді «пы» дейді. Ақымет Байтұрсынұлының «...тілді бұзып емлеге ыңғайлау емес, емлені тілге ыңғайлау керек» дейтіні – осы.

Бұның салдары сол, кірме сөздерді қазақтың төл дыбыстарына икемдемей, кірме дыбыстармен айта берсек, онда бір заманда тіліміздің заңдылығы адам түсініп болмайтын қойыртпаққа айналады. Жиырмасыншы ғасырдың басында бір-бірімен аудармашысыз еркін сөйлесе беретін түркі халықтары қазір бірін бірі неліктен түсіне алмай қалды? Міне, кірме дыбыстар тілі бір түркі халықтарын осылайша бір-бірінен алшақтатып бара жатыр. Біз, бауырлас елдер, біріміздің әдебиетімізді біріміз аударатын сұмдық жағдайға тап болдық. Сондықтан тек қазақ қана емес, түбі де, тілі де бір түркі жұрты Тәңір дарытқан төл дыбысымызды таза күйінде сақтауымыз керек. Сонда ғана біз бір-бірімізге жақындай аламыз.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев кірме әріптердің қазақтың сөзін осылайша бұзатынын о баста-ақ ескерткен болатын. «В казахском языке нет «щ», «ю», «я». Японию казахи называют Жапония. Нет букв «ч», «ю», «я», твердого и мягкого знаков. То есть используя эти буквы, мы искажали настоящий казахский язык, поэтому сейчас мы переводим на основу» деген болатын. Бұл арада Президент алынып тасталуға тиісті әріптердің барлығын түгел айтып тұрған жоқ. Мысал үшін әңгіме барысында есіне түскен алтауын ғана айтты. Әйтпесе Латын таңбасына ауысудағы мақсат В, Ё, И, Ф, Х, Һ, Ц, Ч, Щ, Ъ, Ь, Э, Ю, Я сияқты он төрт жат әріптен құтылу еді ғой. Ал сөз ішінде бірде дауысты, бірде дауыссыз болып мың құбылып тұратын У дыбысы туралы әңгіме өз алдына жеке тақырып.  Осылардың ішінде Ф, Х, Һ, Ч, В деген бесеуі кейінгі қабылданған әліпбиде тағы қалып қойып тұр. Басқасын былай қойғанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев қадап айтып өткен атышулы алты әріптің бірі – «Ч» әрпін қас қылғандай сол орнында қалдырып отырмыз. Кейінгі қабылданған әліпбиде қалдырылған осы бес әріптің (мүмкін бұл белгілі бес бике пара беріп қалған шығар) көзін құртпай Ақаңның асыл ойы өлсек те орындалмайды. Ол ол ма, жаңа әліпби екінші рет қабылданып кетсе де депутат Оразалы Сәбден «Соңғы нұсқада «Ц» әрпі жоқ. Осыларды реттеп, обоснованиясын қосып, тағы бір үшінші хатты Елбасына дайындауымыз керек. Ұсынысыңыз болса беріңіз» деп президентке арнайы хат жазбақ болып жақтас жинап, жазушы Советхан Ғаббасұлына хат жазыпты. Бұл ұсынысты ол толық қолдайтынын айтып, жауап береді.

Бұл хатты проф. Совет-Хан Ғаббасұлы Фейсбук әлеуметтік желісіндегі менің «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналы атты тобыма ақпанның 22-сінде өзі жариялады.

Көрдіңіз бе, сонда бұл ағаларымыз кімге қарсы шығып тұр? «Түріктің тұнық тілі, түзу емлесі қазақта» деп, соны қорғап шейіт болған Ақымет Байтұрсынұлына қарсы шығып тұр ғой. Өзінің сол тұнық ана тіліне, түзу емлесіне қарсы шығып тұр ғой. Әрине, олар өз ана тілінің тұнығын лайлап жібергелі тұрғанын, түзу емлесін қиратып тастағалы тұрғанын сезініп те, түсініп те тұрған жоқ.

Әліпби туралы дұрыс түсінікте келе жатқан Президентті жан-жақтан қаумалап, белгісіз бағытқа адастырып жіберергелі жүргенін біле ме екен, олар?

Осыдан кейін мұражай қалай жөнделеді? Айтыңызшы!

Нұрлыбек Саматұлы, «Таң-Шолпан» әдеби-көркем, көпшілік журналының бас редакторы

Abai.kz

6 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2057
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2486
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2075
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1600