Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Алаң 4001 0 пікір 10 Тамыз, 2018 сағат 09:48

Асықпа, Біртанов!

Қазақстан Республикасы Денсаулық

сақтау министрі Е.А Біртанов мырзаға

АШЫҚ ХАТ

Құрметті, Елжан Амантайұлы!

Өзіңіз білетіндей, бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы «Түркістан» атауына ие болып, Түркістан қаласы осы жаңа облыстың орталығы болып бекіді. Тұрғындар саны 1 миллионға жетіп, мегаполиске айналған Шымкент тікелей Республикаға бағынатын жеке-дара қалаға айналды.

Жалпы, бұл - үлкен тарихи оқиға. Елбасының шешімін бүкіл облыс халқы, соның басында біздер де, Ордабасылықтар да қуана қолдап отырмыз.

Облыс орталығын Түркістан сияқты шағын қалаға көшіру бірер күндік оңай шаруа емес. Бұл іс әсіресе ондаған жылдар бойы жұмыс жасап, тәуелсіздік алған соң жақсы қалыптасқан облыстық денсаулық сақтау саласына қиынға түсетін түрі бар.

Шымкент сияқты үлкен қалада жұмыс істеп тұрған, уақыт талабына сай дамып, кемелденген облыстық емдеу мекемелерін (Облыстық онкологиялық, туберкулез диспансері, облыстық клиникалық ауруханасы, облыстық балалар ауруханасы және перинаталдық орталықты) тез арада Түркістанға көшіру мәселесі күн тәртібінде тұр.

2 миллионға жуық Түркістан облысының тұрғындары  (жылына 150 000 - 200 000-ға дейін) осы көпсалалы клиникалық ауруханасында емделеді, оның ішінде 60 пайызы ауыр науқастар мен жүкті әйелдер екенін ескеру керек. Демек, қазірдің өзінде жүздеген білікті дәрігерлерді Түркістан қаласы аумағынан табу мүмкін еместігі анық байқалды. Мамандарды Түркістан қаласына орналастыру, шақыру, Түркістанға көшіріп апару да бірер жылдың проблемасы болмаса керек.

Ең бастысы асығыс көшіру салдарынан облыс халқы зардап шекпесе екен дейміз. 

Себебі:

Біріншіден, көпшілікке Түркістан шалғай жатыр.

Екіншіден, бос ғимараттар жоқ, жаңасы салынғанша көп уақыт керек.

Үшіншіден, кадр жетіспеушілігі орын алатыны белгілі.

Төртіншіден, облыстық мәртебесіне ие болған ондаған денсаулық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын қалыптастыруға да біршама уақыт , қаржы керек.

Облыстық ауруханалар Шымкент қаласының қарамағына өткеннен кейін де аудандардан келетін ауруларды шама-шарқына қарай қабылдай беруді қолға алған жөн. Бірақ, мұндай жағдайда аурухананың қала мен облысқа бірдей кызмет етуі көп түсінбеушіліктер мен шатасушылықтар тудыруы мүмкін. Өйткені бұрынғы Оңтүстік Қазақстандағы емханалар мен ауруханалар біріктіріліп, көп салалы емдеу мекемелеріне айналған еді. Жоғарыда аталған жағдайда осы қалыптасқан жүйе бұзылып, портал әдісі де тығырыққа тірелетіні белгілі. Тізе берсек, аталғандай проблемалар көп-ақ. Біз емдеу мекемелерін сатылап, кезек-кезегімен көшіруді ұсынғымыз келеді. 

Қорыта айтқанда, құрметті Елжан Амантайұлы!

Облыстық дәрежедегі емдеу мекемелерінің барлығын Түркістан облыстық Денсаулық сақтау депертаментінің құрамында қалдырғаны екі жаққа да тиімді болар еді. Бұл бағытта министірлік Түркістан облысы және Шымкент қала әкімшіліктері бірлесіп, арнайы мәмілеге келіп, көшіруге қатысты уақытты белгіленген жоспар жасаса, халық қиналмас еді деп ойлаймыз.

Құрметпен, 

К. Тәженов, заңгер, Ордабасы ауданы, Шұбарсу ауылының тұрғыны, зейнеткер

О.Есқараев, Ордабасы ауданының медицина саласының ардагері, зейнеткер, Ауданның құрметті азаматы

И.Оразбаев,  Ордабасы ауданының медицина саласының ардагері, зейнеткер, Ауданның құрметті азаматы

А.Айтбаев,  Ордабасы ауданының медицина саласының ардагері, зейнеткер, Ауданның құрметті азаматы 

Ә.Отызбаев, Ордабасы ауданының медицина саласының ардагері, зейнеткер, Ауданның құрметті азаматы

Ә.Утенов, Ордабасы ауданының медицина саласының ардагері, зейнеткер, Ауданның құрметті азаматы

 

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1788
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1777
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1494
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1395