Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Сүйінші! 7310 37 пікір 1 Тамыз, 2018 сағат 16:19

Сайрагүл Сауытбай ісінің шешім табуына БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі комиссариат ықпал етті

Сот залы. Сайрагүл Сауытбай

Бүгін Алматы облысына қарасты Панфилов аудандық сотында (Жаркент қаласы)  Қазақстанда тұрып жатқан ері мен балаларын көру үшін өтіп, басы дауға қалған қазақ әйелі, Қытай Халық Республикасының азаматшасы Сайрагүл Сауытбайдың соты өтті, - деп хабарлайды Абай-ақпарат. Cот Сайрагүл Сауытбайды 6 ай мерзімге шартты түрде бас бостандығынан айырды. Ол жаза мерзімін отбасы тұрып жатқан Бәйдібек ауылында өтейді. Ең бастысы – Сайрагүл Қазақстанда қалатын болды. Сот барысында сөз алған Сайрагүл толқып тұрып былай деді.

Сайрагүл Сауытбай, сотталушы:

- Алдымен, өздеріңізге шексіз рахметімді білдіргім келеді. Өйткені, іс қозғалғалы бері барлық құқықтарымды қамтамассыз етіп, барлық құқықтарымды шектемей заңды түрде құрмет еткендеріңізге шексіз алғыс білдіремін. Мені қолдаған барлықтарыңызға рахмет.

Біз Сайрагүлдің қорғаушысы Абзал Құспаннан да пікір сұрадық.

Сот залы. Сайрагүл Сауытбайдың қорғаушысы Абзал Құспан

Абзал Құспан, қорғаушы:

- «Пана іздеуші тұлға» деген «Босқын» статусын алу үшін жасалатын бірінші қадам. Яғни, осыған байланысты біздің берген өтінішімізге сәйкес, 25 шілде күні Сайрагүлге №35 куәлік берілді. Бұл куәліктің маңызы өте зор. Ол куәліктің иесі Қазақстан Республикасынан шығарылмайды, және өзге мемлекетке берілмейді. Бұл мәселені тікелей БҰҰ жанындағы Босқындар ісі жөніндегі комиссариат қадағалайды. Сонымен қатар, халықаралық нормаларға сәйкес шығарылған ҚР Босқындар туралы Заңы бар. Сондықтан да, бұл қылмыстық істе аталған куәліктің маңызы өте зор.

Сайрагүлге қатысты мәселенің оң шешілуіне БҰҰ Босқындар ісі жөніндегі комисариаттың ықпалы болды. Халықаралық адам құқығын қорғайтын «Хюман Райд» ұйымының, Германия үкіметі  төрағасының, түрлі халықаралық үйымдардың, Қазақстан халқының бәрінің ықпалы болды. Соңғы кездері мен қорғаушы емес, тек қадағалаушы сияқты болып қалдым. Сондықтан, барлық қолдаушыларға алғыс айтамын.

Сайрагүлдің "Пана іздеуші тұлға" куәлігі

Естеріңізге сала кетейік, Сайрагүлдің тағдырына әлемдік БАҚ ерекше назар аударды. Атап айтсақ: «washingtonpost.com», «Associated Press», «Франц пресс», «Бундастаг баспасөзі», «Еуроодақ баспасөзі», «hongkongfp.com» (Гонконг), «theguardian.com», «capitalfm.co.ke» (Кения) сондай-ақ, Малайзия, Тайланд, Германия, Франция, АҚШ, Қытай, Түркия ақпарат құралдары мақала жазды. Журналистер Сайрагүлдің басына Қазақстан билігінен араша сұрады.

Қытай қазақтарының жағдайы туралы ағылшын тілді БАҚ-та 46 мақала, Қытай тіліндегі БАҚ-та 65 мақала жарияланған.

Естеріңізге сала кетейік, шекараны заңсыз бұзып өтті деп тұтқындалған Сайрагүл Сауытбайдың ісіне қатысты алғашқы сот отырысы 9-шілде, екінші сот процессі 13-шілде күні Панфилов аудандық сот ғимаратында өткен еді.

Оған Сайрагүлдің тағдырына бей-жай қарай алмаған қазақ азаматтары жан-жақтан, жер-жерден жиылды. Мақсат біреу – Сайрагүлге қолдау білдіру.

Сот алғашында Кремль билігінің ресми тілі саналатын – орыс тілінде басталды. Оған себеп – Сайрагүлді алғаш тұтқындаған және Мемлекет тарапынан белгіленіп берген қорғаушы орыс тілді болып шыққан. Ал Сайрагүл орыс тілін білмейтіндіктен, ортада аудармашы тағайындалған еді.

Ал 9-шілдедегі аллғашқы сот отырысында Сайрагүл сөз алып, өзінің қазақ тілін еркін меңгергендігін айтты. Сөйтіп, сот процессін әрі қарай қазақ тілінде жалғастыруды сұрап өз құқығын қазақ тілінде толықтай қорғай алатынын жеткізді.

Сайрагүлдің талап-тілегін оның қорғаушысы Абзал Құспан мырза да қолдады. Ол аз десеңіз, прокурор да Сайрагүлдің талабына қарсылық көрсетуге негіз жоқ екенін айтып, қанағаттандыруды сұрады.

Екінші сот процессінде сөз Сайрагүлдің өзіне және куәлік етуші күйеуі Уәли Сіләмға берілді. Қорғаушы тарап пен айыптаушы тарап мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі анықтау үшін сұрақтар қойды.

Сот соңында Сайрагүл өзіне тағылған айыптарды толық мойындады. Оның сот төрайымынан сұраған жалғыз өтініші – жазасын Қазақстан аумағында өтеу болды.

«Мен өзіме тағылған айыптарды мойындаймын. Жазадан қашпаймын. Менің сіздерден жалынып сұрайтыным – мені Қытайға бермеңіздерші.  Менің мұнда отбасым бар. Балаларым да осында. Мен бірінші кезекте – анамын»,- деді Сайрагүл.

Тағы да естеріңізге сала кетейік, үстіміздегі жылы мамырдың 22-сі  күні Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты Бәйдібек би ауылынан әскери куәлігі бар екі адам Сайрагүлді тұтқындап кеткен. Содан Сайрагүлді «Қорғасқа» апарыпты.

24-мамыр күні редакциямызға Сайрагүлдің қайын інісі Нұрболат Асан келіп, болған жайды баяндап берген еді. «Шекаралық полиция өкілдері «Қытай сұратып жатыр» деп жеңгемді алып кетті» атты мақала алғаш «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланды. Бір сөзбен айтқанда, «Abai.kz» порталы Сайрагүлдің басындағы төтенше жағдайға байланысты бірінші болып дабыл қақты, сосын ол жайт әлеуметтік желілерде қызу талқыланды.  Сөйтіп Сайрагүл Қазақстанда қалдырылды.

25-мамыр күні белгілі заңгер Абзал Құспан Сайрагүлдің ісіне қатысты пікір білдіріп, оны өз қорғауына алатынын мәлімдеді. «Сайрагүл Сауытбайды Қытайға қайтару – елдігімізге сын!» атты Абзал мырзаның мақаласы «Abai.kz» ақпараттық порталында жарияланды.

25-мамыр. Алматы қаласында орналасқан Халықаралық Адам құқықтарын қорғау ұйымының Қазақстандағы бюросының кеңсесінде баспасөз жиыны өтті. Оған Сайрагүлдің куйеуі Уәли Сіләм мен балалары келіп қатысты. Уәли Сіләм болған жайды БАҚ өкілдеріне егжей-тегжейлі баяндап берді.

Аталған жиыннан кейін сайтымызда: «Сайрагүлдің қызы: Анам қылмыскер болса, Қазақстанның түрмесінде отырсыншы» атты мақала жарық көрді.

29-мамыр. 2018 жыл. Редакциямызға шекаралық полиция қызметкерлері тұтқындаған Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан мырза хабарласты. Аталған іс бойынша кейбір жөнсіз әрекеттер жайлы ашық айта келіп ол, мәлімдеме жасады. «Бұл елде "әй" дейтін әже, "қой" дейтін қожа - Бас прокуратура. Ол қайда қарап отыр?» атты мақала да сайтымызда жария болып, қызу талқыға түсті.

30-мамыр. Адвокат Абзал Құспан Оралдан Алматыға келді. Сайрагүл мен оның тергеушісі Влад Антоновпен жолығып, іске кірісу үшін адвокат Абзал Құспан бастап, белгілі журналист Сәуле Әбілдаханқызы, «Атажұрт жастары» еріктілер бірлестігінің жетекшісі Серікжан Біләшұлы, «Abai.kz» ақпараттық порталының шеф-редакторы, яғни осы жолдардың авторы Нұргелді Әбдіғаниұлы бар, Панфилов ауданына, «Қорғас» шекара бекетіне жол тарттық.

Бұл кезде Сайрагүл Сауытбай Панфилов ауданының орталығы Жаркент қаласындағы уақытша тергеу изоляторында қамауда жатқан. Осыдан соң Сайрагүлді Талдықорған қаласындағы уақытша тергеу изоляторына ауыстырған. Бұл туралы материалмен танысамын деген оқырманға, міне сілтеме: https://abai.kz/post/71269

19-маусым. 2018 жыл. Сайрагүлдің жайын тағы қаузамақ болып бір топ белсенді, Сайрагүлдің жолдасы Уәли Сіләм, ұлы Ұлағат, қызы Үкілай, қайнысы Нұрболат, қоғам белсенділері Сәуле Әбділдаханқызы, Cерікжан Біләш, Қыдырәлі Оразұлы және журналист Нұргелді Әбдіғаниұлы Талдықорғанға бардық. Осы жолы адвокат Абзал Құспан тергеуге қатысып шықты. УТИ-дағы Сайрагүлдің хал-жағдайы жайлы ақпаратты сол кезде жаздық. Ол туралы мына сілтемеден оқып, таныса аласыздар. https://abai.kz/post/72215

Осы ретте айта кетейік, күні бүгінге дейін Сайрагүл Сауытбай ісіне қатысты «Abai.kz»ақпараттық порталында  оннан аса мақала жарық көрді. Осы мақалалар арқылы біз «бір адамның тағдыры – ұлттың тағдыры» екенін бұқараға дәлелдедік деп ойлаймыз.

Abai.kz ақпараттық порталы Сайрагүл тұтқындалған күннің ертеңінен бастап оның басындағы ахуалды тұрақты түрде жазып келді. Сілтемелерге қараңыз:

  1. https://abai.kz/post/70935
  2. https://abai.kz/post/71269
  3. https://abai.kz/post/71134
  4. https://abai.kz/post/71022
  5. https://abai.kz/post/70961
  6. https://abai.kz/post/72527
  7. https://abai.kz/post/72215
  8. https://abai.kz/post/72413
  9. https://abai.kz/post/72407
  10. https://abai.kz/post/72543

Нұргелді Әбдіғаниұлы

Жаркент қаласы,

Панфилов ауданы,

Алматы облысы.

Abai.kz

 

37 пікір

Үздік материалдар