Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 6934 3 пікір 11 Шілде, 2018 сағат 13:05

Орамал

Молдаға бара жатқанмын негізі. Үйден ұзын көйлегімді киіп, басыма ақ жаулығымды тартып шыққанда күйеуім өз көзіне өзі сенбей, бетіме ұзаақ қарап тұрып қалды.

- Жарасады екен ғой!

- Орамал жараспайтын әйел болушыма еді?

Өзіміз ғой тәлпіштеніп тартпаймыз. Орамал тақсақ, модамыз басымыздан сыпырылып түсіп қалардай қорқамыз. Өзімді орамалда сондай жайлы сезініп тұрмын. Қой мен молдаға барып келейін. Кеш батып қалды. Қазір кеш кіріп қалды оқымаймын, - деп бәлсінеді. 

- Бара ғой. Жолың болсын деді ол да сүйсініп.

Соңымнан "мен де барамға" салып жүгіріп шыққан кішкентай ұлға: 

- Үйде қал мен бабайлармен төбелесуге бара жатырмын. (Доғдыр, укол демесең алданбайды, бөжәйдан сәл аяқ тартатыны бар). Сосын келемін, -  дегенім жақпай қалса керек, томсырайып тұрды да:

- Орамалыңызды шешіп тастаңызшы.. Түріңізді мамаларға ұқсатпай, - дейді дүрдиіп. Ойланып қоямын. "Мамаларға ұқсатпай дегені несі?".

- Сонда мен кіммін?

"Мамасын қыз деп ойлайды ма екен?" деп ойлаған күнде де бұл қайдан шықты? 

Тәтпіштеп сұрап тұруға уақытым болмай, "қал, қалға" салып, молданың үйін бетке алып аяңдай бердім. 

Тамыр-таныстың барлығы мені күтіп тұрғандай бірінен соң бірі кездесе берді. Қал жағдайдан бұрын үстімдегі киімім мен басымдағы орамалға таңданыспен қарайды. Бірі намаз оқып жүрсің бе десе, бірі анандай дінге кіріп кеткен жоқсың ба деп сұрап жатты. Ал бірі: "біреу қайтыс болдыма не?" деп көзі бақырайып кетті. 

Сірә, орамалмен жүргеніме таныстардың көзі үйренбегендігі шығар. Ал мен алдағы уақытта жұмыста да орамал тартып жүремін деген ниетім бар.

Салтанат Абылбекованың Facebook-тегі парақшасынан

Abai.kz

3 пікір