Сенбі, 4 Мамыр 2024
Бетбұрыс 5177 8 пікір 29 Мамыр, 2018 сағат 08:57

Пашиняннан ТМД елдерінің билеушілері қорқып отыр...

Leader of '#merjirserjin' initiative MP Nikol Pashinyan

Бүгіндері бүкіл әлем армян халқына көз салып отырғанын жасыруға болмас. Қанша дегенмен ТМД елдерінде Грузиядан басқа жерде биліктің ауысуы жан алып, жан беріскен арпалыспен өткені белгілі. Ал армян халқы болса жарады. Олар ұлы мақсат жолында нақты талап қойып, өз елін сыбайлас жемқорлық секілді тажалдан біржолата арылту жолында адам қызығарлықтай ұйымшылдықпен, берік тәртіппен өз дегеніне жетті. Арандатушылыққа жол берген жоқ. Кейбір арам пиғылды топтарды желкелеп қуып шықты.

Белсенділігі жоғары, азаттыққа деген асыл арманы мызғымаған армян халқы алаңда қанша уақыт тұруға да тәуекел еді. Обалы не, ондағы билік кезіндегі мына көршіміз қырғыздар секілді немесе Украинаның бұрынғы билігі тәрізді қантөгіске барған жоқ. Өз халқының таңдауына қырсығып қарсы тұрмады. «Сендердікі жөн екен. Біздікі қателік болды» деп орнына түсті. Тіпті мұндай билікті жамандауға да дәтің бармайды екен. Сүйсінерлік қана емес, өзгелерге үлкен үлгі боларлық ерлікке пара-пар қылық-ау, сірә бұл. Ал бұл туралы ТМД елдері жұмған аузын ашпайды. «Дұрыс екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрескен елге қашанда құрметпен қараймыз» деуге жарамады. Оны айтасыз, осы толқу басталған бойда анау Белорусь президенті Лукашенконың «Бұл елде басталған нәрсе бізге де келеді. Сақ болайық» деп неден қорқатынын жұрттан бұрын айтып салды.

Ал енді сол халықты бастаған Никол Пашинян уәдесіне берік, нағыз ел серкесі болып шықты. Билік басына келген бір аптадан сәл ғана артық уақыт ішінде ғана талай жылғы қордаланып қалған проблеманы бір-ақ шешті. Министрлердің барлығын түгелдей жұмыстан қуды. Кезінде жемқорлықпен жаман атағы шыққан жоғары лауазымды қызметкерлер мен генералдар да қызметінен босады. Тіпті Армения полициясының басшысы мен ішкі әскер министрін де аяған жоқ. Осы уақыт ішінде тіпті кедендік реттеу ережелерін жетілдіруді қатаң тапсырып, Сочиде өткен Еуразиялық экономикалық кеңеске қатысып та үлгерді.

Шетелдік баспсөздің жазуына қарағанда елдегі ахуал мүлдем өзгерген. Халық кеудесін керіп еркін бір демалғандай әсерде. Өзгесін былай қойғанда мұндағы қарапайым жұрт министрлердің қоғамдық көлікпен жұмысқа қатынап жүргенін, ал Пашинянның жаяулап-жалпылап қызметке кетіп бара жатқанын түсінде көрем деп ойламаған да шығар. Пашинян үкіметті түгел өзгеткенде, ең алдымен жастарға үміт артты. Олар негізінен ескі билікке ашықтан-ашық қарсы шыққан, алаңда қашанда бірге болған жігерлі ұл-қыздар еді. Жаңа премьер-министрдің ойынша елді жайлап кеткен сыбайлас жемқорлыққа қарсы ымырасыз күресті бастауышылар да осылар болмақ.

Пашинян игі өзгерістерді халық жақын уақытта-ақ сезетін болады деп уәде берді. Ол ең алдымен кез-келген армян елге қанша тауар әкелем десе де шек қоймайтынын айтты. Бұрын бензин, дизель отыны мен қант секілді қат өнімдерді елге әкелу тек монополияның иелігінде еді. Енді ондай май шелпектің күні бітті.

Пашинянняң тағы бір жаңалығы — халыққа қоян-қолтық жақындығы. Ол өзінің Facebook  парақшасында өткен күні қандай жұмыс атқарғаны туралы халыққа есеп беріп отырады. Шынын айтқанда мұндай ашықтықты ешкім де күтпеген еді. Онымен қоймай үкімет басшысы өзінің арнайы жұмыс бөлмесін особнякқа айналдырып, осында күндіз-түні жұмыс істейтінін ашық айтты. Ол «қарапайым халық салық төлеушілердің ақшасының қайда жұмсалып жатқанын білуге тиісті» деген мақсат қойған. Ол ештеңені де жасырмайды. Facebook-тегі парақшасында қандай да министрді не үшін қойғанын түсіндіріп отырады. Сонымен қатар қандай шенеунікке қандай нақты тапсырма бергенін ден жасырмайды.

 - Пашинян өзіне ең басты мақсат етіп қойған елдегі тамырын тереңге жайып кеткен саяси және экономикалық дағдарысты жүйелі реформа арқылы жоюға бағытталған жаңа үкімет құруды ойдағыдай аяқтады, - деп есептейді Саяси және халықаралық зерттеу жөніндегі Армения орталығының сарапшысы Рубен Меграбян.

Саяси сарапшының сөзінің жаны бар секілді. Бір ғана апта ішінде бітірген ісіне қарағанда Пашинянның халқына берген уәдесін ойдағыдай орындап, Арменияның дамудың жаңа сатысына көтеретініне сенімі мол. Тек бір ғана қауіп бар. Ол демократия мен бостандықтан өлердей қорқатын кейбір режимдер жаңа арманға жол бастаған Армения елін аяқтан шалып, бесіктен тұншықтармаса болғаны. Мәселен, қазір Ресей үнсіз отырғанымен бір саусағын бүгіп, ішкі арам мақсатын арыдан ойлап отырмасына кім кепіл. Кезінде ол толқуға кірісіп кетуге біздіңше екі себеп болды. Біріншісі, Армения біртұтас, бір ғана халықтан тұратын ел. Оған ішіндегі арам ниетті өзге ұлтты айдап сала алмайсың. Екіншіден, Қырымды белге басып отырып, зорлықпен тартып алғаннан кейін Америка мен Еуропаның санкциясынан жүрегі шайлығып қалған Путиннің бұл іске кірісуге жүрегі дауаламады. Алайда бұл ТМД елдірін өзінің қолжаулығы есебінде көретін көршіміздің алдағы уақытта да тыныш отыратынына сенім аз.

 Біздің өзімізше сараптаған қортытындымыз осындай ой түюге итермелейді.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

    

   

8 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1027
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 899
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 677
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 756