Жұма, 10 Мамыр 2024
Көршінің көлеңкесі 5890 0 пікір 8 Мамыр, 2018 сағат 15:29

Елдігіміз қайда?

 

Газетіміздің өткен санында (26.04.2018) Алматыда өткен «Қытай-Қазақстан қатынасы: қандастарымыз неліктен қуғынға ұшырады?» деген тақырыпта қоғамдық тыңдау өткенін хабарлап, оның біраз материалдарын жариялаған едік. Бүгін сол тыңдауда баяндама жасаған азаматтар мен қатысушылардың сөздерін оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

Баяндама жасаған бауырларымның біреуі: «Елдігіміз қайда?» – деді. Өте орынды сұрақ. Себебі тәуелсіздік алғаннан кейін, мықты ел болуды емес, бай болатын адамдардың қамын жеп, басқа азаматтарға көңіл аудармадық. Халықтың көпшілігі босып кетті. Бұл – шындық. Бейнежазбадан жылап отырған балаларды көрдік. Ондай бала-шаға біздің өз ішімізде де бар. Басқаны қойып, Қазақстанда туып-өскен миллиондаған азаматтар үйсіз, күйсіз, жұмыссыз, күнін көре алмай жүр. Бес-алты баласымен біреудің қол астында отырған, жұмысы жоқ, күйсіз жүргендер бар.

Екіншіден, «елдігіміз қайда?» деген сұрақты жалғастырсам, ел болу деген халықтың санына байланысты емес. Басқаны айтпай-ақ қоялық, Эстонияны қараңыз, 1 млн 300 мың ғана халқы бар. Бірақ дүние жүзі мемлекеттерінің арасында арғымаққа мінгендей шауып жүр.

Үшіншіден, біз тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары қазақтың тарихта болмаған бас июі әдетке айналды. АҚШ-қа да, Ресейге де, Қытайға да – алпауыт елдердің бәріне бас иеміз. Мысалы, осы күндері біз «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолын салып жатырмыз деп кеудемізді қағамыз. Егер жол салудың тәртібіне көз салатын болсақ, Қытайдан қарыз алып, Қытайға керек жоба салып жатырмыз. Қытайдан миллиардтап ақша алып, Қытайдың басшысының тапсырмасын орындаудамыз.

Қытайдан несие алудың орнына оның өз ақшасына неге жол салмаймыз? Оның орнына барлық шығынды өзіміздің мойнымызға қарызға іліп отырмыз.

Сондықтан біз бас ию, тізе бүгу тәртібінен кетуіміз керек. Бізге мықты билік, халыққа рух пен намыс керек. Жас ұрпаққа пара алуды, өтірік айтуды көрсетіп отырмыз. Ол жастардан қандай адам өседі? Міне Қабдеш ағамыз айтып отыр – қазаққа ие болуымыз керек деп. Біз қазаққа ие болудың орнына ұлтымызды ыдыратып алдық. Өз қазағымыздың тұрмысын дұрыстамадық. Байлығымыз бен жерімізді де сатып жібердік. Осы күндері жер сатуды тоқтаттық деп жүрміз ғой, алайда көптеген жер одан бұрын шетелдің фирмалары мен компанияларына кетіп қалған. Мысалы, мұнайдың 80 пайызын шетелдің компаниялары өндіреді. Жері де, астындағы мұнайымен түгел – соларға өтіп кеткен.

Осы кезде қазіргі президент кеткеннен кейін не болады, билікті қалай жүргіземіз деген сөз шығып жатыр. Ол дұрыс-ақ. Бірақ менің көкейтесті ойым – осы шетел компанияларына беріліп қойған байлығымызды қалай қайтарамыз? Мәселенің ең үлкені осында.

Қытай – алпауыт ел. Мұның саясатын түсініп білудің өзі қиын. Ал біздің қолымыздағы бар күш те, жігер де – экономикалық қарым-қатынас. Енді Қытайдың адамдарына жер беріп, осында өндіріс салуға рұқсат беріп отыр. Қытайдың өнеркәсібі Қазақстанға келіп жұмыс істейді дейді. Қазақстанда жұмыс істейтін халық жоқ па? Неге біз қарыздың үстіне қарыз ала береміз?! Біздің өзіміздің ақшамыз жетпей ме?

Жалпы, Қазақстанның ақшасы дүние жүзінің басқа мемлекеттеріне қарағанда ұшан-теңіз. Бірақ, өкінішке орай, қаржыны халықтың игілігіне пайдаланудың орнына оны шашып жүрміз.

Бұл не деген сөз? Бұл – өзімізге-өзіміз ие бола алмай отырмыз деген сөз. Өзіміздің қолымыз өз аузымызға жетпей отыр. Сондықтан «елдігіміз қайда?» деген сұрақ менің жаныма кәдімгідей батып отыр.

Біз ең бірінші ел болуымыз керек. Ел болудың тарихи жолдары зерттелген. Алашорда арыстары сол заманның өзінде Қазақстанға автономия алып берді. Бірінші – автономия, екінші – республика жасап берді. Ал біз не істеп отырмыз? Өзіміздің қолымызға түскен, шіркін-ай деп жүрген, ғасырлар бойы зарлап, аңсаған тәуелсіздігімізден ешқандай нәтиже шығара алмай отырмыз. Мәселе – осында.

Қоғамдық тыңдауға жиналған қауымға рахмет! Бірақ осында айтылған сөз қайда, кімнің құлағына барып жетеді? Менің ойымша, мүмкіндігі бар азаматтар қазақтың Қытайдағы осы жағдайын дүние жүзіне жариялау керек, БҰҰ-ға шығару керек. Менің ойымша, бірінші кезекте біздің президент осыған құлақ асатындай жұмыс істеуі керек.

Осы азаматтардың көпшілігі мәселенің шешілу жолын іздеп, шешім қабылдайтын мекемелердің есігін ашып, олардың бәрін ұйымдастыратындай жұмыс істеуі керек. Сыртқы істер министрлігі осыған үлкен көңіл бөліп, жағдай жасаса, онда, менің ойымша, Қытайды жамандай бергеннен гөрі, мәселе шешілетін жағдайға әкелетіндей әрекет етуге болады. Қазіргі экономикалық қарым-қатынастың өзін Қытайдағы қандастарымыздың жағдайын түзеу үшін, осы мәселелердің барлығын Қазақстан президентіне жеткізетіндей іс-қимыл жасау керек.

Серікболсын ӘБДІЛДИН,

мемлекет және қоғам қайраткері

 

 

Қазақта «Иесін сыйласаң, итіне сүйек сал» деген мақал бар. Қазақстанды халықаралық беделі мықты, дамыған елдердің қатарына енгіземіз деп мақтанамыз. Егер Қытай билігі біздің мемлекетті сыйласа, онда қандастарымызға қысым көрсетпеуі керек еді.

Анығында, олар біздің үкіметті елемей отыр. Меніңше, біздің Қытайға беретін берешегіміз көп. Сондықтан оларға тіс жарып, ештеңе айта алмай отырмыз. Қарызға белшеден батқан соң, ләм-лим деуге қауқарымыз келмей қалды.

Біздің билік шеттегі қазақтарға селқос қарайды. Көшіп келген адамға 10 жылға дейін куәлік бермей, сенделтіп қояды. Оның үстіне куәлікті саудаға айналдырып, сатады. Сөйтіп, қандастарымыздың қалтасын қағады. Бұл не масқара?!

Көші-қонның іркіліп қалуына осы себеп болды. Қытай түрмесінде 40 жыл отырған ұлы жазушы Қажықұмар Шабданұлы абақтыдан босап шыққан соң, біздің елдің президентіне екі мәрте хат жазды. Өзінің туған жері Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданынан қуықтай жер бөліп, сонда жерленуін өтінді. Қаламгер қайтыс болған соң, ол арманына да жете алмай кетті. Біздің билік сондай тұлғаның өзін Қазақстанға әкеліп, жерлей алмады. Бұл біздің мемлекетіміздің дәрменсіз, мүсәпір екенін көрсетсе керек!

Қытайда қамауда отырған қандастарымен мұндағы туыстары хат алмасып, хабарласа да алмай отыр. Зар илеген бұқараның бар үміті – Қазақстан билігінде. Осы қоғамдық тыңдауды ұйымдастырған оралман ағайындардың өкілдері бүгін қабылданатын қарарды биік мінбердегілерге ұсынып, жауап күтпек. Егер шенділер шешім шығармаса, адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдардың көмегіне жүгінбек. Басқа қандай амал бар?

Қабдеш ЖҰМӘДІЛОВ,

Қазақстанның халық жазушысы

 

Қытай Халық Республикасының 1982 жылы 4 желтоқсанда толықтырулар мен түзетулер енгізіліп, қабылдаған ата заңында Қытайдағы «әр ұлттың өз тілі, жазуын қолдануы мен дамыту еркіндігі, өздерінің салт-дәстүрін сақтау немесе жаңғырту еркіндігі болады» деп бекітілген.

Осы заңға сай, Қытайдағы аз санды ұлттар шоғырлана қоныстанған өңірлерде өз ана тілдерінде біртұтас білім беретін мектептер көптеп салынды. Сол қатарда қазақтар қоныстанған ауылдар мен аудандарда, қалаларда қазақ тілінде білім беретін мектептер көптеп бой көтерді. Тек қытай тілінен басқа пәндердің барлығы бастауыш 1-сыныптан бастап, толық орта мектептің бәрінде қазақ тілінде оқытылды. Мектепті бітіріп, университетке оқуға түскенде де, аз санды ұлт студенттеріне алдымен бір жыл тек қытай тілін жетілдіру бойынша арнайы дайындық курсын ұйымдастыратын.

Бұл үрдіс 2000 жылға дейін жалғасын тапты. 2000 жылдың бас кездерінен бастап, бастауыш мектептерде «қос тілді оқыту» реформасы қолға алынды. Ауылдан бастап, аудан, қала мектептерінде жаратылыстану пәндері толықтай қытай тілінде, гуманитарлық пәндерді өз ана тілінде оқыту жүзеге асырылды. Қытай-қазақ мектептеріндегі сабақ біріктіріліп өтетін болды. Қытай тілінде сабақ бере алмайтын қазақ мұғалімдердің жасы ұлғайғандары пенсияға шығарылды да, орта жастағылары мектептің жәй жұмысшылары болып еңбек етулеріне тура келді. Ал жастар жағы топ-тобымен аудан, қала орталықтарына білім жетілдіруге жіберілді. Қазақ оқушыларының ішінен үздік оқығандарын іріктеп алып, ішкі Қытай қалаларындағы мектептерге оқуға алып кетіп жатты. Басым бөлігі қыздар болды.

Бұның себебі енді белгілі болып жатыр: басты мақсат – ұрпақты бесігінде тұншықтырып, ұлтсыздандыру қадамын тездету екен. Қыздарға басымдылық беру – ішкі Қытайдағы басы артық бойдақ қытай еркектерін үйлендіру екендігі белгілі болды.

Әртүрлі шырғалаң құрып келген, қулығына құрық бойламайтын қытай өзінің шын кеспірін 2017 жылдан бастап ашық әйгілей бастады. Мектептегі қазақ тілді оқулық құралдарын толымсыз, кейбір мазмұндарында саяси қателіктер бар деген желеумен қайта редакциядан өткіземіз деп, оқытудан мүлде алып тастады. Тек қытай жазушыларының шығармаларын ғана негіз еткен, аударма әдебиет оқулығын ғана қазақ әдебиетінің орнына оқытуға бекітіп берген. Оның өзі атүсті оқытылатын көрінеді. Барлық негізгі пәндерді тек қытай тілінде оқыту күштеп жүзеге асырылды.

Сонымен бірге бұрын қытай баспаларынан заңды жолмен басылып шығарылған талай әдеби-мәдени кітаптарды жұрт қолынан күштеп жинап алып, өртеп жіберген. Сондай-ақ кейбір кітаптың авторлары мен құрастырушылары қамауға алынған, жауапқа тартылған, саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Сол әдеби оқулықтардың ішінде кітаптары талай тілге аударылған, әлем таныған Шыңғыс Айтматов пен Мұхтар Шаханов ағамыз бірлесіп жазған, керемет сұранысқа ие болып, талай мәрте басылып шыққан, тіпті қытай тіліне аударылып, 150 мемлекет қатынасқан кітап жәрмеңкесінде бас жүлдені жеңіп алған «Құз басындағы аңшының зары» атты кітап аяқ астынан, еш себепсіз оқуға тыйым салынған кітаптар тізіміне кіргізіліп, кітап сөрелерінен, оқырмандардың қолдарынан жинап алынып, өртелген. Осыдан кейін Қытайдағы қазақ руханиятына өрескел түрде қиянат жасап отырған Қытай билігіне қалай сенім артып, достық қарым-қатынас орнатуға болады?

Мұнымен шектелмеген Қытай билігі оқу маусымы екеніне қарамастан, Қытай азаматы болып табылатын, Қазақстанда оқып жатқан қазақ оқушы-студенттерді Қытайдағы əке-шешесіне, туғандарына қысым жасау арқылы кері шақырттырып, келген соң паспорттарын тартып алып, үйқамақта ұсталу салдарынан кейін қайта алмай, оқудан қол үзіп қалуда. Әзірге дейін бізге белгілі болған 79 студенттің тізімі мен толық мәліметі бар. Бейресми дерек бойынша, Тарбағатай аймағының Толы ауданының өзінде Қазақстандағы оқуларына келе алмай отырған 52 студент бар деп естіп жатырмыз. Сондықтан олардың қатары біз ойлағаннан әлдеқайда көп, бірнеше жүздеп саналуы мүмкін. Өкінішке қарай, елімізде бұл студенттердің ісімен айналысып жатқан бірде-бір жоғары оқу орны немесе құзіретті мемлекеттік мекеме жоқ. Тіпті осы студенттерге оқу гранттарын бөліп, шәкіртақы тағайындаған, жатақхана бөлдірген Білім министрлігі де үнсіз отыр. Қолдарында заңды лицензиясы бар, заңды жұмыс жасап отырған қаншама имамдарға жалған жала жабылып, түрмеге қамалды. Алды түрмеде өлтірілді. Мысалы,Үрімжі қаласындағы Ислам университетінің үздік түлектерінің бірі, тұтас Шыңжаңға танымал имам Әкимат Жанақұлы түрмеде жазықсыз, азапталып өлтірілді. Кенжебай Әлиxанұлы, Өкен Маxметұлы, Серік Қалибекұлы сияқты имамдар 15–20 жылға сотталып кетті. Көбісінің өлі-тірі екені әлі күнге белгісіз. Қалыпты діни шаралар өткізуге мүлде тыйым салынды. Тіпті «ассалаумағалайкүм» деп сәлем беріп, «уағалайкүммассалам» деп сәлем алудың өзін шектеп жатыр. Құран кітаптары мен жайнамаздар жиналып алынды. Өлген адамға жаназа шығарудың өзі қиындап барады. Мешіттердің күмбездері мен төбесіндегі айлары және әшекейлері жұлынып алынып, толықтай жабылды. Қабыр басындағы ай белгілері де кесіліп алынып, зират басына дейін камера орнатып, қабыр басына барып құран бағыштаудың өзі мүлде шектелген.

Қысқасы, Қытай билігі аз санды ұлттарды тез арада ассимиляциялап, қытайландыру үшін қолынан келген зұлымдықтың бәрін аямай жасауда. Бүгінгідей өркениет пен демократия мейлінше дамыған ғасырда жануарларға да жасалмайтын зұлымдық Қытайда адам баласына өрескел, тұрпайы түрде жасалып жатуы – адам айтса нанғысыз нәрсе болса да, шындық – осы.

Жұмабек ӘЛІМХАН

 

 

Қазақ елі тәуелсіз ел атанғаннан кейін, президент Н. Ә. Назарбаевтың бастамасымен, шеттегі ағайындарға сауын айтып, елге шақырдық. Жиырма жылдан аса уақытта шетелдерден миллионнан аса қазақ, соның ішінде Қытайдан 250 мыңнан аса ағайын елге оралды.

Елбасы тапсырмасымен жап-жақсы басталған көш Қытайдан келетін ағайындар үшін соңғы 7-8 жыл көлемінде саябырсып, соңынан мүлдем тоқтады. Көштің тоқтауына ағайындар үшін мүлдем кереғар заңдардың қабылдануы – азаматтық алу үшін сотталмағаны туралы Қытайдан анықтама талап ету, бес жылсыз азаматтық берілмеу, оралман куәлігі мен ықтиярхат талап ету, тұрақты тіркеуге тұратын жерінің болмауы, т.т. себеп болуда. Оралмандармен жұмыс жасайтын мекемелердегі қызметкерлердің теріс көзқарастары мен бюрократтығы, басы артық құжат талап етуі секілді кедергілермен қоса, шекарашылар мен кеден қызметкерлері де көштің тоқтауына әсерін тигізді. Бір елден бір елге зорыға көшіп жеткен кейбір ағайын жинайтын көп құжат пен кедергілерге жүйкесі шыдамай, табанынан тозып, бар ақшасы таусылып, отанға деген махаббаты су сепкендей басылып, тауы шағылып, кері қайтуға мәжбүр болды. Кері қайтқан ағайынды көрген соң, елге келейін деп жүгін буып-түйіп отырған кейбірі іркіліп қалды. Егер осындай кедергілер болмағанда, бәлкім, осы уақытқа дейін Қытайдан кемі 1 миллион қазақ көшіп келер ме еді?! 2017 жылдан бері көшіп келемін деген қазақты Қытайдың тірі жібергісі жоқ.

Сотталмағаны туралы анықтама мен азаматтықты бес жыл күту керек деген бап заңнан алынып тасталғанмен, оның еш пайдасы жоқ, ықтиярхат пен оралман мәртебесі деп аталатын куәлік талап етудің өзі оралмандар үшін үлкен кедергі болып отыр. Тұрақты тіркеуге тұрудың өзі жеке дара проблема. Оралмандар тіркеуге тұру үшін 15 шаршы метр шектеу енгізілген. Жоғары оқу орындарында дайындық курсында оқып жатқан студенттер тұрақты тіркеуі болмағандығы себепті делдалдарға 80 000 теңгеге дейін ақша төлеп, тек ықтиярхат дайындатып, сосын оралман куәлігін жасатып, одан кейін барып азаматтыққа құжат өткізуге мәжбүр.

1980 жылы 10 қыркүйекте ҚХР мемлекеттік V Халық құрылтайының жалпы мәжілісінде қабылданған азаматтық туралы заңының 9-тармағында: «Шетелге қоныстанған ҚХР азаматы өз еркімен шетел азаматтығын қабылдаса, сол күннен бастап ҚХР азаматтығынан шыққан болып есептеледі» делінген. Әлі күнге қолданыстағы осы заңның аясында бұрындары Қазақстандағы Қытай консулдықтары азаматтық алған ағайынның Қытай төлқұжатын қабылдап алып, тіркеуден шыққаны туралы анықтама беретін. 2018 жылдың қаңтарынан бастап «төлқұжаттарыңды қабылдамаймыз және тіркеуден шығармаймыз, сендер Қытайға өздерің барып тапсырып, тіркеуден шығасыңдар» деп отыр. Мұның өзі ҚХР елшісінің өз заңын әдейі аяққа таптап отырғанының бір көрінісі. Ал Қытайға барған адамның аман-есен қайтып келетініне ешқандай кепілдік жоқ.

Біз ең алдымен ағайындарға деген көзқарасымызды дұрыстауымыз керек сияқты. Себебі біздің қоғамда «оралмандар – кезінде елден қашып кеткен сатқындар», «байлардың ұрпағы» немесе «өз қазағымызды жарылқай алмай жатқанда, оралманды қайтеміз», «оралмандар ақшамызды алып, қайта кетіп жатыр», т.б. деген сияқты пікір қалыптастырылуда. Қытайда сотты болып жатқандарды «экстремистер, өзге ағымның жетегінде кеткендер» немесе «Қытайдан несие алып, оны қайтармай, Қазақстанға кетіп қалғандар» деген сияқты жалған ақпарат таратушылар да жоқ емес. Бұл – қып-қызыл жала.

Бұндай жалған ақпарат таратушыларға айтарымыз – Қытай үкіметі қарыз ақшасы немесе сотты болған адамды ешқашан шетелге жібермейді. Екіншіден, ҚР ІІМ Қытайдан келген ағайындар арасында экстремистік ұйымға немесе Сирияға кеткендері жоқ екенін мәлімдеді.

Ата заңымыздың бірінші бабында Қазақстанның ең қымбат қазынасы – адамның өмірі мен бостандығы деп жазылған. Ендеше қандайда бір жағдаймен қазақ топырағына табаны тиген ағайынды (мейлі ол Қытайдың қысымына шыдамай, шекара бұзып қашып келсе де) барынша жеңілдетілген тәртіппен азаматтыққа қабылдаса екен деймін.

Рысбек ТОҚТАСЫН

Президент халықтың жанайқайын естісін! Білмесе, жеткізейік! Қоғам талап қойып, мінез көрсетсін. Сонда ғана сең бұзылады.

Өкінішке қарай, біз 27 жылдың ішінде Қытайға кіріптар болып қалдық. Оған билік кінәлі. Біз Қытайға тек мұнайымызды сатып жіберген жоқпыз. Намысымыз бен рухымызды да қоса саттық. Қазақстан билігіне қоятын алғашқы талабымыз – көштің көлемін ұлғайтып, Қытайдағы қандастарымызды толық көшіріп алсын! Мемлекет ақшаға кенде емес. Бұған ұлттық капиталды да жұмылдыруымыз керек. Бай-бағландар шетелден әртіс әкеліп, кеуде соққанша, жәрдемге мұқтаж қандастарымызды өз елімізге жеткізіп, үй салып берсін. Мемлекет түкке тұрғысыз ЭКСПО сынды көрмелерді өткізіп, ысырап қылғанша, қыруар қаражатты халықтың тұрмысын оңалтуға жұмсасын!

Екіншіден, Қытай біздің мұнай мен газымызға, басқа да табиғи ресурстарымызға зәру болып отыр. Осыны пайдаланып, біздің билік көрші мемлекетке айтсын: «Жазықсыз қамалған отандастарымызды босатыңдар, әйтпесе сендерге шикізат бермейміз!» – деп. Осындай ультиматум қою керек!

Үшіншіден, халықаралық ұйымдардың назарын осы мәселеге аударуымыз қажет. Контрнасихат жасап, Қытайда «содыр», «сепаратист» деген желеумен түрмеге жабылған отандастарымызды босатып алайық. Еуропарламентке шығып, шетелдік белді телеарналардың көмегіне жүгінейік. Қазақта «бұға берсең, сұға береді» деген жақсы тәмсіл бар.

Төртіншіден, шеттен келген қандасымызды «оралман» деп атап, өзектен тебуді доғару керек. Олар біздің отандастарымыз!

Қытайда қуғынға ұшыраған қандастарымыздың жадау күйі осыған дейін де бірнеше рет айтылған. Тіпті бір топ белсенді өткен жылы Астанада арнайы жиын өткізіп, еліміздің Сыртқы істер министрлігіне 100-ден аса арыз-шағым өткізген еді. Алайда ведомство әлі күнге ешқандай шара қолдана алмай отыр.

Әміржан ҚОСАНОВ,

қоғам қайраткері

 

Мен – Сыпатай Нұрсұлтанмын, осы жиынға Еңбекшіқазақ ауданынан келдім. Біздің отбасы Бәйдібек би ауылынан Шелекке дейін екіге бөлінген. Кем дегенде, 100 жанұя бар. Біраз жігіттер ұйымдасып, осы отбасылардың біразына қыстай көмектесіп шықтық. Олардың бәрі мұнда келе алмайды, кейбіреуінің туыстарының Қытайда қамалып отырғанына жылдан асты. Олардың жағдайын біліп барсақ, жейтін – наны, жағатын – отыны жоқ қалге түскен.

Қазақтың бір ғана Отаны бар, ол – Қазақстан! Қазақтың бір ғана президенті бар, ол – Нұрсұлтан Назарбаев! Сондықтан Нұрсұлтан Назарбаевтан Қытайдың басшысы Си Цзиньпинмен келіссөз өткізіп, Қытайдағы қазақтың қиналған мәселесін шешуін өтінемін.

Сыпатай НҰРСҰЛТАН

Дереккөзі: «Общественная позиция» газеті

Abai.kz ақпараттық порталында жарияланған мақалаға пікір айтып, ойыңызды білдіргіңіз келсе, мына парақшаға жазып қалдырыңыз!

Abai.kz

 

 

 

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1899
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1971
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1656
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1502