Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Дін мен тін 9424 12 пікір 3 Мамыр, 2018 сағат 09:10

Қонаев пен Назарбаевтың Әруақ туралы көзқарастары

Әлқисса...

Бұл күнде діни уағызшыларымыз әр жерде «Әруаққа құрмет ету,  оған сиыну – Аллаға серік қосқандық»  дейтін,  тіпті  «Қабір тұрғызбау,  өлікті жерлеген соң жерді тегістеп тастау»,  «Жеті,  қырқы,  жылдығы дегендер шариғатта жоқ», «құран бағыштамау», т.б пәтуалар көбейе бастады.

Мен діндәр адам болмасам да,  Илам дініне сенетін, өзіме тән көзқарасым, әрі шамалы білімім бар адам болғандықтан мұндай мәселеге  өз ойымды білдіргім келеді. Өйткені,  маған талантты жаратушы сыйласа,  білімді ата-анам мен осы халқым, өскен далам, ортам берді. Сондықтан жоғарыдағы мәселе жөнінде аздап толғанып көрейін,  артық кетсем ғапу етерсіздер.

Әруақ бар ма?

« ...Таңғаласың,  олардың ‹біз топырақ болған кезде, жаңадан жаратыламыз ба?» деген сөздеріне таңырқау керек,  міне, бұлар раббыларына қарсы болғандар әрі бұлардың мойындарында темір шынжыр болатындар,  сондай-ақ, бұлар тозақтық,  олар онда мәңгі қалады»  («Құран кәрім» қазақша мағына және түсінігі,  «Рахат» сүресі,  13 - аят,  249 - бет).

Міне, осы сүрелер Әруақтың барлығына, оның болатынына берілген шынайы жауап екенін мойындарсың.

«... Бұл сонда сендерді тірілтті,  сосын өлтірді,  сосын кейін және тірілтті,  расында адам баласы нәсүкір»  (саңырау,  соқыр деген мағынада) («Құран кәрім», қазақша мағына және түсінігі,  22 – «Хат» сүресі,  66-аят,  340- бет).

Енді көріңіз,  адам өлген соң өліп-тірілетініне,  бір емес, неше тірілетініне сенген боларсыз,  Әруақ деген әне сол.

Дін айтады «Маған нан»  деп,

Адасқан дін пән дейді.

Мағынасын анық біле алмай,

Рух деген сөзді жан дейді.

Осыдан жаман әуре жоқ,

Рух деген дінсіз таза ақыл,

Дінсіздік ісі шын мақұл.

Айуандық ақыл ол емес,

Аз ғана сөзім аз тақыл.

Құранды оқы нанбасаң...

(Шәкерім Құдайбердіұлы)

Иә,  халайық,  біз шынында Құран кәрімнен толық рухани қуат ала алмасақ,  ең болмағанда Шәкерім,  Абайлардың насихаттарына зер сала білейікші,  енді жаратушының берген жанының қара жерге жерленуіне,  жаратушы жаратқан пенделердің адами тұрғысындағы тәубеліқ,  дәстүрлі тұнығына соқтықпасақ етті.

Әруақты қорламайық

Ең болмағанда мынау адамды тік түрегелтіп,  әрекеттендіріп тұрған тәннің бұл дүниедегі заттық қауһары біткен кезде,  яғни физиологиялық өзгерістердің дұрыс жүру мүмкіндігі аяқталып, жан,  рух өздерінің нәзік денелерімен бірге тәнді тастап бақи әлемге өтетінін түсініп, Әруақтардың көмусіз немесе елеусіз қалуына жанын салған орынсыз,  дүрдараз пәтуаны тыйсақ қайтеді.

Иә,  сізше (салафиттер мен уахабистерше) болғанда «Әруақ көміліп,  топырақ болып кету керек» . Жөн-ақ,  алайда, Оны ауызға да алмай,  елеусіз қалдыруымыз,  тіпті олардың дүниеден көшкеніне жыламай,  қайғырмай,  түк болмағансу керек болғаны ма?. Ендеше,  бұдан не адамгершілік іздейміз,  мейірімділіктің,  жаратқанның адами деңгейі осы сүйіспеншілікте жатса,  сен оны жоққа шығарсаң,  Жаратушының «Мені сыйлап,  қүрметтеймін десең,  әуелі ата-анаңды аялап,  құрметте»  деуі қайда қалады?

Ақсақ Темірдің әруағы бастаған соғыс

Иә,  Әруақ демекші,  1941 жылы   21 маусымда ақсақ Темірдің қабірінің ашылған күні екінші дүниежүзілік соғысы басталады, сол кезде нағыз Әруақты мойындамайтын азуы кере қарыс Сталиннің өзі ақыры сүйекті орнына қойдырған күні соғыстың аяқталғанын көп ел біледі. «Әруақ»  деп бабаларымыз талай жауының бетін қайтарып,  сол Әруақты бабалардың қасиетке ие рухымен өз рухтарын биікке көтеріп,  жандарына жылулық алып отырған емес пе еді?

Дінмұхаммед атамыз Әруақты құрметтеп өтті

Өз заманында Дінмұхаммед Қонаевтың Араб елінде сапарда болғанда Тихрандағы кездесуде діни топтың өзіне Құдайдың құлы,  хақ пайғамбардың үмбеті екені жөніндегі сауалдарына жауап беріп,  өзінің мұсылмандығын мойындата отырып:

– Сіздің елде Мұхаммед пайғамбарға сахаба әрі ақылшы болған,  әлдеқайда жасы үлкен бір ұлы Әруақ жатыр деп естиміз,  оның мазарына бір адам басын сұқпайтын көрінеді,  тастанды болып айдалада жатса керек,  осы сөз рас па,  одан хабарыңыз бар ма? – деген сұрағына. Қонаев:

– Иә,  хабарым бар,  Арыстан баб деген кісі біздің елде жатқаны рас,  – дегенде отырғандар жабал орындарынан тұрып, еріндерін жыбырлатып,  күбірлеп,  беттерін сипап барып қайтадан орындарына жайғасады.

– Осыған байланысты менде тағы бір сұрақ бар,  – дейді енді бір сәлделі кісі:

– Сұраңыз,  құлағым сізде.

– Ол кісі сіздерде қалың елдің ортасында жатыр ма?

– Қалың елдің ортасында емес,  шеткері,  оңаша жатыр,  – дегенде отырғандар бастарын шайқайды,  арада әлгі адам:

– Біз қалың елдің ортасына әкеп қойып,  тірілерді тәрбиелейтін ардақты да құрметті Әруақ тұлғасына айналдырсақ,  бізге сүйекті бересіздер ме?

– Бұрынғы өткен атақты адамдардың барлығы да дүниеден кешкен жерлеріне қойылған деген дерек бар,  қозғамаған дұрыс шығар,  біздің бір үлкен ғұлама,  оқымысты бауырымыз Шам шаһардың ортасындағы зиратта жатқан Әл-Фарабидің сүйегін сұрағанда Сирияның ғұламасы мен басшылары да осылай жауап берсе,  ал пайғамбарымыз да сол сияқты әлемге танылған көптеген адамдар қаза болған жерлерінде жатыр ғой,  бұл жөніндегі құптауды пайғамбарымыз Мұхаммедтің аузынан Әбубәкір Сыдық естігенін дәлелдейді ғой.

(«Жаратушының құдіреті — Әруақтар қозғалысы тілсім»,  Әсет Мұқашбек,  Алматы).

Назарбаевтың Әруақ туралы көзқарасы

Міне, көрдіңіз бе? Нағыз Ислам дінінің ордасы болған Араб елдерінің Әруақ жөніндегі көзқарасы мен Әруаққа деген құрметінің қандай екенін? Сондықтан пайғамбарымыз «Қабірге (мазарға) зиярат ететіндер,  олар әлбетте сіздерге ақыретті естеріңізге салады»  деуі адамдардың Әруақ арқылы өз ұрпағына қандай деңгейде ұлағат,  парасат,  күш-қайрат сыйлап отырғанын ескертіп,  адамның тірлігін мәнді,  мағыналы өткізу арқылы артына өшпес қасиет қалдыруды мұрат еткен еді. Бұл жөнінде бүгінгі Қазақстаның тұңғыш президенті Назарбаевтың: «Мен Елбасы болсам да  Қазақ дейтін атасын ардақтап,  анасын сыйлаған,  әруағын қастерлеп,  Алласына сиынған елдің президентімін.  Әруақтың бар екені рас болса,  Атырау мен Алтай,  Алатау мен Арқаның арасында талай төбе дөңбекшіп,  талайы орнынан аунап түсіп,  бүгінгі біздің ісімізге ақ батасын беріп жатқан болар деп ойлаймыз. Илаһим,  сол бабалардың батасы қабыл болсын дегім келеді...

Біз екі жарым ғасырдан астам Ресейдің боданы болып келдік,  сондықтан мен санадағы құлдық психологияны өзгерту үшін ата-бабалар Әруағына сиынып,  солардың қасиетті рухын тірілттім,  бүкіл Қазаққа сауын айтып,  оларға ас беріп,  тойларын өткіздім,  «өлі разы болмай,  тірі байымайды» дейді халқымыз, сол Әруақтар риза болсын деп жатқан жерлерін тауып басына белгі орнаттық,  есімдері ел  жадында жүрсін деп олардың атын мектептерге,  көшелерге,  ауыл-селоларға,  аудандарға бердік... Ендеше сол Әруақтар бізді қолдамайды деп кім айта алады?!»  (Қазақстан республикасының президенті А. Назарбаев).

Арабтың діні мен мәдениетін шатастырмау керек

Міне біз айтатын Әруақтар, ата-бабалар рухы жөніндегі көзқарасымызды бүгінгі Қазақстан Елбасы осылай қорытады. Шынын айтқанда біз ислам дінінің қасиетін мойындай отырып,  парыздар мен уәжіптерімізге қатаң болуға хақылымыз. Дінді қабылдау әсте Қазаққа Араб ұлтының тұтас мәдениеті мен дәстүрін көшіріп әкеліп қабылдап,  өзіміздегі ұлтты сақтап тұрған дәстүрден айырылып,  Араб болып кету дегендік емес. Әсілі дәстүр,  салт-сана,  ғұрып - әдетімізден ұрпақ үшін,  дәуір үшін,  ұлтымыз үшін айрылмауымыз керек. Ұлттың жаны - дәстүрде жатқанын түсіне отырып,  жоқ пәтуаларды шығарғаннан көрі пайғамбарымыздың: «Пенденің бұл дүниеде жасаған зұлымдығы – Ол дүниеде өзіне жасаған зұлымдығы»  дейтін қасиетті тағылымдарымен ұрпақты нәрлендіріп,  тірлікте ұрпақтың ізгілікті болуының өлген кезде де сауабы болатынын түсіндіру арқылы пайғамбарым хазіреті Мұхаммед (с.а.у)-ның: «Адамды ниетіне қарай тірілтеді»  дегеніндей,  таза рухты,  адал қасиетті пайғамбарымыздың,  қаншама сахабаларымыздың,  Әруақты хандар мен батыр - жырауларымыздың,  шешен - шежірешілеріміз бен әулие-әнбиелеріміздің қасиеті әлі күнге дейін ұрпаққа ізгілікті насихаттап тұрғанын ұрпаққа жеткізе білсек болғаны.

Байахмет Жұмабайұлы

Abai.kz

 

 

 

 

 

 

12 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2436
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2019
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1586