Жұма, 26 Сәуір 2024
4625 1 пікір 18 Сәуір, 2018 сағат 18:40

«Нұр Отан» еліміз бойынша 1000 IT-сынып пен 20 IT-орталық ашатын болды

«Нұр Отан» партиясы өз қызметін жаңғырту жұмыстары аясында жаңа 22 партиялық жобаны жүзеге асырмақ. Бұл туралы бүгін партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаевтың Павлодар облысына жасаған сапары барысында кеңінен айтылды.

Қазірдің өзінде Павлодар облысында жаңа партиялық жобалар пилоттық режімде өз жұмысын бастап кетті. Соған орай «Нұр Отан» партиясы мен жергілікті мемлекеттік органдар, өңірлік кәсіпкерлер палатасы және бизнес қауымдастық арасында бірқатар меморандумға қол қойылды.

Бұл жобаларды жүзеге асыру арқылы балаларға арналған тегін IT-сыныптар ашуға, арнайы IT-мамандар даярлап, халықтың цифрлық сауаттылығын арттыруға, өңірлік кітапханалар жүйесін трансформациялауға және кітапханаларды қазіргі заманғы білім орталығы ретінде қайта құруға жол ашылады. Бұл игі бастамалар Елбасының «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында партия тарапынан қолға алынған игі бастамалар екенін айрықша атап өткен жөн.

– Елбасымыздың партия Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасына сәйкес бүгінде партия қызметін жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Соның аясында нақты 22 жобаны қолға алып, оларды тиімді жүзеге асыру үшін бірнеше меморандумдарға қол қойылды. Нәтижесінде елімізде партияның бастамасымен IT-сыныптар ашылатын болды. Онда жастардың цифрлық бағытта сапалы білім алуына барлық жағдай жасалады. Сондай-ақ, 20 IT орталық ашылып, осы салада мамандар даярлауды қолға аламыз. Партия шағын және орта бизнесті дамытуға және «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға да белсене қатысатын болады, – деді Мәулен Әшімбаев.

Партия Төрағасы Бірінші орынбасарының айтуынша, еліміз бойынша 1000 IT-сынып ашылмақ. Онда жастар программалау мен робот техникасының негіздері жөнінде жан-жақты білім алады. Бұл бастама мектептерге факультативті пән ретінде енгізіліп, үш айлық және алты айлық курс негізінде жүргізілмек. Соның нәтижесінде жылына 150 мың баланы оқыту көзделіп отыр.

Аталған 22 партиялық жобаның қатарында шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған бастамалар да бар. «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыруға да «Нұр Отан» ерекше көңіл бөліп отыр. Соның аясында кітапханаларды қазіргі заманауи білім орталықтарына айналдыруға бағытталған арнайы жобалар жүзеге асырылатын болды.

– Осындай нақты жобалар арқылы партия Елбасының алдымызға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асырып, еліміздің стратегиялық бағдарламаларына белсене қатысатын болады. Осы мақсатта мемлекеттік органдармен, бизнес қауымдастықпен және үкіметтік емес ұйымдармен тығыз байланыста жұмыс істейміз, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сапар барысында «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары облыс әкімі Болат Бақауовпен бірге партияның облыстық активімен кездесті. Одан бөлек, өңірдегі бірқатар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың жұмыс барысымен танысты. Цифрландыру бағыты бойынша қолға алынған игі бастамалардың жүзеге асырылуын бақылау үшін жастар орталығы мен жалпы білім беретін орта мектепке де арнайы барды. Сондай-ақ, осы сапар аясында «Нұр Отан» партиясы мен Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы арасында Өзара ынтымақтастық туралы екіжақты меморандумға қол қойылғанын да атап өткен жөн.

Abai.kz

1 пікір