Сәрсенбі, 22 Мамыр 2024
Ел іші... 3580 4 пікір 18 Сәуір, 2018 сағат 12:56

Халық қарызын сұрап отыр

Біздің облысымызда қарапайым жұмыскерлердің  құқықтары аяққа тапталып, жұмыс берушілер өздерін  өзгелерден жоғары тұрған ерекше жандар есебінде санауы жаман әдетке айналып кеткелі қашан. Бұлар еңбекшілерді қорғауға бағытталған заң атаулыға мұрнын шүйіре қарайды. Сондықтан да болар, біздің облыс жаппай заң бұзушылық жөнінен Шығыс Қазақстан, Ақтөбе, Оңтүтсік Қазақстан мен Солтүстік Қазақтан облыстарынан кейінгі бесінші орынды мықтап иеленген.

Осынау абырой әпермейтін орыннан әзірге жылжи қоятын ниеті байқалмайды. Былтырғы жылы еңбек жөніндегі өкілетті органға еңбекшілердің өз құқықтарының бұзылғандығы хақында барлығы бір мыңнан астам арыз-шағым түскен. Мұның 700-ден астамы шағын және орта бизнес иелерінің бетімен кетушілігін айғақтайды. Біздің бизнесмен дегендеріміз жұрттың тиесілі жалақыларын төлеуге келгенде сараңдығы ұстап қалады. Ал бүгін жұмыс істеп жүргендердің ертеңгі нәпақасы - зейнетақы қорына тиесілі ақшасын аударуды тіпті міндет деп те санамайды. Мұны облыстық биліктің өздері де мойындауға мәжбүр болды.

Мәселенің ушыққаны соншалық облыс әкімі Архимед Мұқанбетов осыған байланысты шұғыл жиналыс ашуына тура келді. Мұнда біраз сорақы жайлардың беті ашылды.

- Жалпы алып қарасақ, анықталған заң бұзушылықтар 2016 жылмен салыстырғанда 37 пайызға өсіп кеткен, - дейді облыс әкімінің орынбасары М.Жүндібаев. - Мұның ішінде тек еңбек қатынастары жөніндегі заңсыздық 34 пайызға, еңбек қауіпсіздігі мен оны қорғау 81 пайызға көтеліп кетсе, адамдарды жұмыспен қамтудағы келеңсіздік екі есеге дейін өсіп кеткен.

Міне, осындай заң бұзушылықтың салдарынан шағын және орта бизнеске  салынған айып 86 миллион теңгеге жетті. Ал тек биылдың өзінде ғана бұл көрсеткіш 8 миллионды құрап отыр.

Зерттеудің нәтижесі арыз-шағымдардың басым бөлігін еңбекшілердің жалақыларын дер кезінде ала алмай, сорлап жүргендігін айқын танытып отыр. Былтырғы жылы өкілетті орган ғана  120 миллион теңге қарызды әзер дегенде қайтарды. Ал жалпы дағдарысқа қарсы штабтың араласуының арқасында ғана 250 миллион теңге қарыздың орны жабылды.

Бір қызығы осы уақытқа дейін, пәлен айлар бойы жинақталған жалақы қарызы осы жиналыста бірден шешеле қалатын болды. Жұртқа қарыз жөнінен басқарларды шаң қаптырған өңіріміздегі «Север-птица» атты акционерлік қоғамның директоры Константин Мякотин бұл проблеманы аса қысқа мерзімде ойдағыдай шешетініне уәде беріп, жиналғандарды қарқ қылды. Сонда былтырдан бері сағыздай созылып келген қарызды дер кезінде өтеуге кім кедергі болды екен дегің келеді. Әлде жұтқа тиесілі ақшаны беру үшін облыс басшысының қатысуымен жедел жиын өткізу қажет пе?

Тағы бір қарызға белшесінен батқан кәсіпорынның бірі — «Рудрем-1» жауапкершілігі шектеулі кәсіпорнының жұртқа берешегі 2 миллион теңгеден асып кеткен. Оның басшысы Валерий Шлычков жағдайды үш ай мерзім ішінде дұрыстаймын деп ант-су ішіп жатыр.

Мұндай көзбояушылық пен жалған уәдеге әкім әбден жалықса керек. Мәселеніі төқтесінен қойды.

- Осы басқа кәсіпорындар қалайша еш қарызсыз жұмыс істеп жатыр? - деді ол. - Демек, проблема басқада болып тұр ғой.Сіздердің кәсіпорындағы айналмалы қаржы басқа жаққа кетіп жатыр деген сөз бұл. Құрылтайшыларыңыз тек өз қалтасын ойлайды. Кәсіпорында қажет кезінде жұмсалуға тиісті қаржы резервін құруға деген ниет жоқ. Қысқасы, ойлайтындарыңыз қара бастарыңыздың қамы.

Біздің де әкімнің сөзіне алып-қосарымыз жоқ. Алайда Архимед Бекежанұлының мұндай жұмыс тәсілін де ақтау қиын. Жылдыр бойы қарыздары қордаланып қалған кәсіпорындарды  қатаң қадағалап, дер кезінде шара қолданып отыруға кім қолын қағыпты?. Жүйелі түрде тексеру жүргізіп отыруға кім кедергі? Әрі аш қарын, әрі болашақ зейнетақысынан да қағылған қарапайым халықтың қамын кім ойлайды? Бизнесменге ең алдымен пайда ғана керек. Халықтың қамы ол үшін аса маңызды емес. Бұл тек биліктің еншісіндегі шаруа. Ал егер қарыз мәселесі асқынып кетсе, онда жергілікті биліктің дәрменсіздігі мен жүйелі түрде жұмыс істеуге құлықсыздығы деп ұққан мақұл. Ал ылғи тек жиналыс жасай беруді тиімді басшылық деп атауға ауыз бармайды.

Жайберген Болатов, Қостанай

Abai.kz

 

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2248
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2603
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2578
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1689