Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4521 0 пікір 28 Қаңтар, 2011 сағат 05:01

Айгүл Иманбаева: «Әзірге мен ешкімге ғашық емеспін»

- Айгүл, үнді фильміне түсуге шақырту алғаныңыздан хабардармыз. Қашан көзайым боламыз?

- Шақырғаны рас. Бір рет барып та қайттым. Бірақ әлі түскен жоқпын. Түсірілім басталар кезде өздері шақыратын болған. Әзірге тыныш...

- Ал жақында жаңа театр құрдыңыз... Жалпы, жобаңыздың бағыты қандай?

- Бұл жаңа жобамның шымылдығы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда түріл­мек. Яғни ақпанның 14-15 жұлды­зында, кешкі 18-30 да «Медея» спек­таклімен ашып, көрерменге көзайым етпекпіз. Өйткені қазақтың болмысын, рухани байлығын әлемдік деңгейде танытудың бір саласы - кино мен театр өнері емес пе?! Мәселен, көршілес Ресейде жеке театрлардың өзі бес жүзден асады. Ал бізде оның бірі де жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алдық. Бұл сатиралық емес, дра­малық бағыттағы коммерциялық театр. Мұндай жоба біздің елімізде болмаған.

- Театрыңызды «А» деп атауыңыздың не сыры бар?

- Айгүл, үнді фильміне түсуге шақырту алғаныңыздан хабардармыз. Қашан көзайым боламыз?

- Шақырғаны рас. Бір рет барып та қайттым. Бірақ әлі түскен жоқпын. Түсірілім басталар кезде өздері шақыратын болған. Әзірге тыныш...

- Ал жақында жаңа театр құрдыңыз... Жалпы, жобаңыздың бағыты қандай?

- Бұл жаңа жобамның шымылдығы Ғабит Мүсірепов атындағы театрда түріл­мек. Яғни ақпанның 14-15 жұлды­зында, кешкі 18-30 да «Медея» спек­таклімен ашып, көрерменге көзайым етпекпіз. Өйткені қазақтың болмысын, рухани байлығын әлемдік деңгейде танытудың бір саласы - кино мен театр өнері емес пе?! Мәселен, көршілес Ресейде жеке театрлардың өзі бес жүзден асады. Ал бізде оның бірі де жоқ. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында қолға алдық. Бұл сатиралық емес, дра­малық бағыттағы коммерциялық театр. Мұндай жоба біздің елімізде болмаған.

- Театрыңызды «А» деп атауыңыздың не сыры бар?

- «А» деген атау - жұртшылық арасындағы алыпқашпа сөзден туған қауесет. Спектакльдің қоюшы режиссері, көркемдік жетекшісі болатын Қуандық Қасымовтың идеясымен - «Айгүл Иманбаеваның жеке коммерциялық театры» деген ғана аты бар. Бұл алғашқы жобам болғандықтан, әзірше спектакльде бес-ақ адам өнер көрсетпек. Яғни Ғ.Мүсі­репов атындағы театрдың әртістері - Гүлжамал Қазақбаева, Қадырқазы Қу­ан­дықов, Жұлдызбек Жұманбай, Әсет Иманғалиұлы және мен.

- Жақында Атырау қаласына арнайы барып, ансамбльмен концерт қойып қайтыпсыз...

- Иә, әкімдіктің: «Тәуелсіздік мере­кесіне арнап, халыққа жанды дауыспен өнеріңізді тарту етсеңіз...» - деген тікелей шақыртуымен бардық. Осыдан екі жыл бұрын «Достар» атты ансамбль құрған едік. Сол құраммен 3 концерт бердік. Халық ықыласына, қошеметіне бөленіп, жанды ансамбльмен өнер көрсетудің айрықша әсер сыйлайтынын сезіндім.

- Аталмыш ансамбль тыңдарманға кеңінен таныс емес сияқты...

- Жеке продюсерім Баян Есентаева: «Биылғы жылы жеке есеп беру концер­тіңді жасасақ», - деген ұсыныс айтқан болатын. Бұл жоспарды 2011 жылдың ая­ғы­на таман іске асыру ойда бар. Сол кез­де аталмыш тобымызбен бірігіп шы­ға­мыз. Қазір жеке театрымды заң­дас­тыру сияқты біраз жұмыстармен айналысып жатырмын.

- Баян Есентаеваның «Ғашық жүрек немесе Коктейль для звезды» фильмін тамашаладық. Бірақ фильмдегі барлық әртіс­тер өз есімдерімен шыққанда, Сіз неге Итаяқова болып кеткенсіз?

- Ол фильмде кәсіби актерлерден мен және кеше ғана өмірден озған Құ­дайберген Сұлтанбаев қана болды. Екеу­міз ғана басқа кейіпкердің образын сомдадық. Қалғандары өздерін-өздері бейнелеп шықты. Өйткені менің образыма кәсіби әртіс қажет болғандықтан, бас­қа кейіпкердің рөлінде ойнауыма тура келді.

- Сол туынды жөнінде «Қазақ тілін жөнге сала алмай жатқан­да, ортада ала-құла тілді дүние тағы да шықты» деген пікірлер айтылды. Сіз бұған не дейсіз?

- «Біткен іске сыншы көп». Сынның айтылуы - заңдылық. Бірақ біздің тілі­міз­дің «алашұбар» екенін несіне жасырамыз? Құдайға шүкір, мен өз елімнің патриотымын. Жүрегінде, көкірегінде «қазақ» деген намысы бар адаммын. Дегенмен көптеген әріптестерімді көргенде, «қарным ашады». Ел ішінде рухы жоқ, намыссыз, нағыз дүбара қазақ­тардың талайын көріп те жүрміз. Ал енді кино - өнер болғандықтан,  «біздің сондайымыз бар, осындай дүбара тіліміздің ала-құлалығы басым» деп көрсету, меніңше, қателік емес. Керісінше, сабақ алатын, халықтың намысын оятар дүниеге жете­леудің бір жолы - осы.

- Бұл ойыңыз ұлт рухы көтерілген жоқ дегенге сая ма?

- Меніңше, Кеңес үкіметі кезіндегі ұлт рухы әлдеқайда биік сияқты болып көрінеді. Алысқа бармай-ақ 1986 жыл­дың өзіндегі көкірегі ояу қыз-жігіттерге қарайықшы. Бізде отансүйгіштік қасиет жоғалып бара жатқан сыңайлы...

- Оның себебі неде деп ойлайсыз?

- Жастарды намысқойлыққа тәрбие­леу керек шығар. Мәселен, менің балам ана тілінде ғана сөйлеп, өзінің елін, тілін, жерін айтып қазақ екенін мақтан тұтады.

- Ал мәдениет саласындағы олқылық деп нені айтар едіңіз?

- Жалпы, театр өнерін насихаттау жоқтың қасы. Неге бұл салаға көңіл бө­лінбейді, халі неге мүшкіл? Біздің ортамызда айтар ойы салмақты, асыл сөзді жіпке тізген маржандай етіп ой түйіндей алатын өнер тұлғалары жетерлік. Небір тарландар, небір қамал бұзар таланттар өз сәтін күтіп ашыла алмай, өмір­ден өтіп жатқандар бар. Бар дарынды дер кезін­де бағалап, халыққа таныта білгеннің өзі шеберлік шығар.

- Ғабит Мүсірепов атындағы театрда талай жылдан еңбек етіп келесіз. Бұл ортаның кемшін тұсы қайсы?

- Тек бұл театрда ғана емес, жалпы еліміздегі барлық өнер ордаларында драматургия мәселесі қиындап кетті. Ақсаңқырап тұрған тұс осы дер едім. Халыққа ұсынар жақсы да жаңа тақырып болмаған соң, кешегіні қайталай бере­міз. Әйтеуір «көш жүре түзеледі» деп жұбатумен келеміз. Тамақ ішіп отырған қазаным ғой, өз қазаныма өзім түкіруден аулақпын. Бізде жастар театры болған­дықтан, «әкемтеатрға» қарағанда, репертуар сәл басқашалау. Көбінде жастардың бағыт-бағдарында жұмыс істейміз. Кейде басқа театрлардан озып, биіктен көрініп жатқан тұсы­мыз да бар.

- Ал театр көрермендерінің мәдениеті жайлы не айтасыз?

- Кейде көрермен залындағы үлкенге де, кішіге де қарап: «Театр көрмеген бе?» - деп қаласың. Бірде алдыңғы қа­тарға отырған бір үлкен кісі ұялы телефонымен: «Мен театрда концерт дей ме, бірдеңе көріп отырмын», - деп айғай­лап сөйлеп отыр. «Театр» деген ұлы дүниені түсінбеген әлгі кісіге қарап: «Баласына қалай тәрбие береді?» - деп таңғаламын.

- Сахнада ән айту үшін «көркем­дік кеңестен өту керек» деген пікір айтылып жүр ғой...

- Бірауыздан қосыламын. Бізге бұл ауадай қажет болып тұр қазір. Бүгінгі таң­да өнердің қай саласы болса да, саны бар, сапасы жоқ, жеңіл-желпі құн­сыз дүние көп. Тіпті кино саласында да адамның көргісі келмейтін дүниелер түсіріліп жатыр. Сондықтан бізге елек керек сияқты.

- Кезінде Шәмші Қалдаяқовтың «Арыс жағасында» әні көркемдік кеңестен әлдебір себептермен өтпей қалыпты. Ал қазір тамыр-таныстық жең-ұшынан жалғасып жатқанда, мұндай жағдайдың болмауы мүмкін емес қой?..

- Әрине, ондайлар «алпыс әпкем, жетпіс жездем» бар деп ілініп-салынып, телеарнадан түспей, «жұлдыз» боп жүр. Бірақ әсіреқы­зылдың тез оңатыны - ақиқат. Өмірдің өзі ақ пен қарадан тұратындықтан, ондай жағдайлардың болуы да - заң­ды­лық. Тек қана шын таланттардың бар ауыр­­лықтан өтіп барып, қартайғанда ғана көрініп жататынына көңілім құла­зиды.

- Ал қоғамдағы қандай жағдайға алаңдайсыз?

- Мәңгүрттену бар бізде. Жалпы, тіліміз де, дініміз де шиеленісіп кеткен жағдайда өмір сүріп жатырмыз. Бәріміз бала тәрбие­леп отырмыз ғой. «Ертеңіміз қалай болар екен?» - деп, жүрегім ауырады. Қай жа­ғынан бас-көз боп, қай жағынан жауап табамыз. Қазір ортамыз­да өзін «қазақ­пын» деп айтуға, қазақша сөйлеу­ге намыстанатын қазақтар бар.

- Бізде еліктеушілік басым деп жатамыз. Дегенмен шетелдік өнер иелерінің қандай қасиетін өзімізден көргіңіз келеді?

- Еңбекқорлықтарын. Біздің ел еңбектеніп алға ұмтылудың орнына, тек етектен тартады. Алысқа бармай-ақ өзім жүрген ортамда да «қойшы соны, оған анау көмектесіп жатыр» деген сияқты қауесеттен аса алмайтындар жетіп артылады. Әттең, қазақтар аяқтан шалып, өсек тергенше, бір-бірінің тілек­шісі болса, біздің ел әлдеқашан өсер ме еді?! Шетелдіктерге қарасаң, еңбек­қорлықтарына жаның сүйсінеді. Олар­дың концерттері - 1000 доллар төлеп кірсең де өкінбей, рақаттанып демалатын орта. Талпынсақ, ондай мүмкіндік бізде де бар. Біз тек өз-өзімізге кедергі жасап, оны қойшы, мұны қойшы деп, бас-басына «жұлдыз» болғанды ғана білеміз. Біздегі ең үлкен дерт - осы.

- «Ерлеріміз ұсақталып, қызда­рымыз сұйықталып бара жатыр» дейтін «жанашырдың» бас шайқауына не дейсіз?

- Меніңше, түбі ауылдан шығып, өмірдің ақ-қарасын бағамдай білген жан - нағыз жігіт, нағыз еркек. Ал енді асфальтта туып, күндіз-түні компьютер­дің алдынан шықпайтын біздің кейбір қалалық балаларда жігіттік, мәрттік жі­гер жетпей жататын сияқты. Өзім ауылдан шыққандықтан емес, жалпы, салыс­тырмалы түрде айтып отырмын. Қыз­дарымыз сұйықталып жатқан жоқ, кері­сінше, осы нәзік жандылар - ер жүрек. Яғни ер-азаматқа бергісіз тірлік атқарып жүр. Бұл, әрине, қуантады. Бірақ «байтал шауып бәйге алмас» деген қазақтың сөзі бар. Олардың таққа отырып, «матриархат» болуының қажеті жоқ. Қашанда ер-азамат бір саты биік тұруы қажет. Бірақ ғасыр солай ма, қазіргі заман осы ма, қыздарымыз ерлерге қараған­да, төзімді, іріленіп тұрған жағ­дайымыз бар.

- Осы сөзіңізге қарағанда, әріптестеріңізге айтар назыңыз бар сияқты...

- Кейінгі кезде тележүргізушілер: «Ән­шілер біздің нанымызды тартып жеп жүр», - дегенді айта бастады. Кімнің қолын кім байлап тұр екен? Әншілер жүргізуші болмасын десе, оқу саласы теле-радио жүргізушілерін он есе қадағалаулары керек. Сын-сымбаты келіспей тұрған тілші эфирге қалай шығады, әрине, телеарналар әншілерге жүгінеді, амалдың жоқтығынан. Ал әнші­лер «көк иненің... түртпейді» деген жал­пақ сөздің керін келтіреді. Білімін ұстар­тып, тереңнен ой түзейтін әншілер - жоқтың қасы. Парасат дең­гей­­лері төмен. Ал сахна айна сияқты, қандай әрекет болса да, бәрі ап-анық көрініп тұрады. Менің тележүр­гізушілік қызметті қоса алып жүргенім - журналистика саласын бір кісідей-ақ білетінім­нен.

Себебі,  оқып-тоқығанмын. Мен үшін шетелге барып демалу - баламмен сырласу, кітап оқып, білім деңгейімді жетілдіруге қолайлы мүмкіндік сыйлайтын сәт. Өйткені адам баласы білімін ұстартып отырмаса, күндердің күнінде «барабан» образында қалуы мүмкін.

- Сіз бір сұхбатыңызда: «Жеме-жемге келгенде тұрмысқа шығу керек пе өзі деген ой келді де... бас тарттым», - депсіз... Бұған не себеп?

- Бас тартқан себебім - «асыл тас» деп жүргенім жай тас боп шықты. Бар мәселе осында. Ал менің қадіріме жетіп, жанымды түсінетін жігіт кездессе, ойланбастан отбасын құрар едім. Ал әзірге ешкімге ғашық емеспін!

Әңгімелескен -

Ардақ Иманбекқызы

«D»

«Общественная позиция»

(проект «DAT» № 03 (86) 26 қаңтар  2011 жыл.

 

 

0 пікір