Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Тұлға 6492 13 пікір 26 Наурыз, 2018 сағат 09:30

Ұстаз (Серік Қирабаев туралы)

(эссе)

Қайсыбір жан жасымызды сұрап жатса, «Серік Қирабаевтан 50 жас кішіміз» деп жауап береміз. Ондағы көңіліміз – өмірдегі, шығармашылық жолдағы ұстазымыздың жасына жетейік, өнегелі ізімен жүрейік деген ықылас.

1994 жылдың жазында Омбыдағы туған ауылда мектеп бітіріп, арман қуып Алматы шаһарына келдік. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің «қазақ тілі мен әдебиеті» бөліміне оқуға түстік. Қарашаңырақ қарт КазПИ-ге оқуға қабылданғанымызға өзімізден де артық қуанған атамыз марқұм болды десек, артық айтпағанымыз. Өйткені сол күндерде ол кісінің өшкені жанып, өлгені тіріліп жатты. Отызыншы жылдардағы қуғын-сүргін заманда абақтысында әкесі қамалған қаланың университетінде енді немересі студент болып оқымақ.

Академик Серік Қирабаев бізге төртінші курста дәріс оқыды. Көрнекті ғалым есімін мектептен және атамыздың аузынан білуші едік. Ол кезде орта мектеп бітірген саналы шәкірт оқулық авторы С.Қирабаев есімін танитын. Одан қалды төртінші курсқа дейін әдебиет саласы бойынша пайдаланған кітаптарда ғалым есімі, еңбектері үнемі кездесетін. Енді сондай адамнан дәріс тыңдау маңдайымызға бұйырған бақ екенін бірден түсіне қоймадық.

Серік Қирабаев «Қазақ әдебиеті сынының тарихы» атты негізгі курстан берді. Оған дейін әдебиет саласында Нығмет Ғабдуллин, Рахманқұл Бердібай, Жұмағали Ысмағұлов, Немат Келімбетов, Серік Мақпыров, Тұрсын Сыдықов, Теңізбай Рақымжанов, Тұрсын Жұртбай, Балтабай Әбдіғазиев сынды профессорлардан «Халық ауыз әдебиеті», «Қазақ әдебиетінің тарихы мен теориясы», «Абайтану», «Әуезовтану» секілді әдебиет саласы бойынша сабақтарды оқып меңгерген едік.

Серік Қирабаевтың лекциясы бас ғимараттағы қазақ әдебиеті кафедрасы жанында үлкен 404-аудиторияға қарсы бөлмеде өтетін. Дәріске кешікпейміз, басталған соң тыныш отырамыз.

Әдебиеттану ғылымының жеке саласы саналатын әдебиет сынының қазақ топырағында қалыптасуы, дамуы, көрнекті өкілдері мен эстетикалық, публицистикалық, танымдық, саяси-идеологиялық сипаттары жайында, сынның кеңес дәуірі тұсында әсіре саясиланғанын білдік. Соның бәрін сирек кітаптардан, зерттеулерден дәйекті мысал келтіре отырып ақырын да баяу дауысымен Серік Смайылұлы баян етті.

Қазіргі таңда батыстан келіп жатқан «заманауи» саналатын оқыту түрлері, әрқилы әдістемелік үлгілер, кешенді сабақтар көп. Алайда олар көбінесе ұлттық негізге сүйенген, әрі төл топырақта қалыптасқан дәстүрлі дәрістегі игі дүниені ескермейтіндей. Әсіресе, қазақ әдебиеті секілді ұлттық мазмұндағы гуманитарлық пәнді оқыту кезінде көрнекті әдебиеттанушы ғалым ұстаздардың шеберлік сабақтарының арқауы үзіліп бара жатқандай. Бұл күнде Серік Қирабаевтың ұстаздық қасиеті жайында алдын көрген кейбір шәкірттері естеліктерінде жазды. Біздің білуімізше, ғалымның зерттеулерін, шығармашылығын талдаумен бірге, ол кісінің дәріс оқу, сабақты ұйымдастыру әдістемесін әлі де арнайы зерделеу керек. С.Қирабаевтың әдістемелік қыры, педагогикалық шеберлігі жүйелі қарастырылуы қажет сынды. Әлбетте, біз сыншы, ғалым, оқулық авторы ретінде көп танитын академиктің ұстаздық шеберлігі өз алдына жеке зерттеуді керек етеді деп ойлаймыз. Әзірше ұстаз дәрісін аз сөзбен танитын болсақ, оны білімділік, мәдениеттілік, жүйелілік арқауы деп пайымдауға келеді.

С.Қирабаев лекция оқығанда, қағазға көп жүгінбейді. Аудиторияға тура қарап, шәкіртпен еркін дидарласады. Академиядан келген кейбір лектор ағайлар аудиторияда жұмыс істемегендіктен, дәрісті қағаздан оқып, теориялық мәселелермен жалықтырып алатын. С.Қирабаев болса, сабақ барысында материалды еркін айтатын, әсіресе ақын өлеңдерін жатқа көп оқитын. Мысалы, Қасым Аманжолов шығармашылығына байланысты дәрісте дауылпаз ақынның отты жырларын жатқа оқып сабақ айтқаны есімізде қалды.

Тағы бір сипаты: сабаққа кешікпей келеді және уақытылы босатады. Шәкіртке тиесілі үзіліске қиянат жасамайды. Түрегеп тұрып дәріс оқымайды. Лекцияны үнемі отырып оқиды. Студенттерді түгендеп, тексеріп жатпайды. Кейбір ұстаздардай күйкі тірлік жайында әңгіме қозғап, әзілдесіп, сабақтан алшақтамайды. Бірден тақырыпты белгілеп, сол бойынша әңгімесін бастап кетеді. Ұстаз бен шәкірт арасында айтарлықтай меже (дистанция) сақтайды. Дауысы ақырын шықса да, студенттер сабақта мұқият отырады. Жасын сыйлағаннан ба, атағынан қаймыққаннан ба, әйтеуір дәріс кезінде сабақ тыңдап, өзге дүниемен айналыспайды. Өзі де қызықтырып, өмірден мысал айтып аудиторияны меңгеріп алады. Сабағым бітсе екен, уақытым тезірек өтсе екен деген жүзінен сезім байқалмайды. Студенттерге ұрыспайды, намысына тиетін ауыр сөз айтпайды, өзін мейілінше мәдениетті ұстайды. Суық амандасады, уақытылы келіп, сабақтан соң көп кешікпей шығып кетеді.

Бұл 1998 жылдың маусым айы болатын. «Қазақ әдебиетінің сыны» курсы бойынша емтихан тапсыру күніміз. Төрт жыл бойы түрлі сабақ оқып, әрқилы мінезді ұстаз алдын көрсек те, дәл осы дәрістей қиын, оның оқытушысындай қатал сабақ болмағандай секілді. Бұл емитихан қатардағы сынақтың бірі емес, тура мемлекеттік емтихандай сезілді. Басқа құрбыларды білмеймін, өзіме солай көрінді.

Ол кезде бізге өзге ұстаздарымыз «Серік Қирабаевтың емтиханынан алған бағаңды қоямыз» деп ескертетін. Оның мәнісі, С.Қирабаевтың бағасы, біріншіден, объективті, дәл, біліміңді, сабаққа дайындығыңды ескеретін әділ баға болып есептелетін. Екіншіден, ешкімнің қатысы жоқ, ешкім араласпаған өз еңбегіңнің жемісі болғандықтан еді. Серік ағайымыз бағалауға келгенде әділ, турашыл, принципшіл. Ешкім ол кісіге барып сылтауын айтып баға сұрай алмайтын. Ұстазымыз да оқыған баланың обалына қалмайтын, пәнді меңгермеген, материалды оқымаған студентке керісінше тиісті төмен бағасын қоятын. Жасыратыны жоқ, кейбір студент құрбыларымыздың ұстаздар арасында, деканат жақта ағалары, таныс адамдары болатын. Төртінші курсқа дейін кімнің кімге жанашыр, туыс екенін танып алған едік. Солардың көмегімен жаңағы құрдастарымыз кейбір сабақтардан аса көп қиналмай, сабақта бірде көрініп, бірде болмай өтіп жататын. С.Қирабаев емтиханына келгенде, ол таныс адамдардың ешқайсысының дәрмені жүрмейтіні белгілі еді. «Қазақ әдебиеті сынынан» топтан Назира Сүлейменова есімді құрбым екеуіміз ғана «өте жақсы» деген баға алдық... Серік Қирабаевтың емтиханына күні-түні даярланғаным, одан шыққандағы көңіл-күйім артынша ауылға жазған хатыма айна-қатесіз түсіпті...

Бүгінгі әдебиет оқулықтарында, қазақ әдебиеті сынының тарихында алаш қаламгері Қошке Кемеңгерұлы есімі аталады. Жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстар тақырыбын сөз еткенде, Қ.Кемеңгерұлының мақалалары мысалға келтіріледі. Шынын айтқанда, студент шақта есімі енді ақталып, қалың көпшілікке еңбегі таныла бастаған Қ.Кемеңгерұлына қатысың бар ма деп ұстаздарымыз сұрағанда, бір есептен, көңілді қуаныш кернесе, екіншіден, үлкен атаның есіміне кір келтірмей, абыройлы жүруге тырысатынбыз. Ал С.Қирабаев қатардағы көп оқытушының бірі емес. Ол өз тұғырынан төмендемейді, биігінде қалады. С.Қирабаев сабағында, Қошкенің әдеби-сын мақалалары талдануға тиісті дәрісте біз барынша сабақты мұқият тыңдауға, оны мейілінше тиянақты меңгеруге тырыстық. Алайда дәріс барысында Қошкенің есімі аталмады. Оған ренжігеніміз де жоқ. Мүмкін ұрпағы отырған соң, айтпаған да шығар. Біз болсақ, одан сайын құшырланып, сабақты терең тануға тырыстық. Егер пәннің мазмұнын білмей жатсақ, емтиханда сүрінсек, ұят сөз маған ғана емес Қошкенің атына келеді деп ұғындық.

Зерттеу еңбегінің негізгі нысаны ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті саналатын С.Қирабаев алаш боздақтарының тағдырымен, соның ішінде Қошкенің өмірімен, шығармашылығымен таныс еді. Ғалым 1965 жылы Қ.Кемеңгерұлының таңдамалы шығармаларын Қазақстан Жазушылар одағының тапсырысы бойынша Ә.Тәжібаевпен бірге қарап шығады. Қ.Кемеңгерұлының әр шығармасына жеке пікір білдіріп, туынды жазылған парақтарға қолын қояды. Қошкенің «Қазақ әйелдері» атты топтама әңгімелеріне Ә.Тәжібаев: «Бұл да ескірген. Жазылу түрі де, стилі де көнерген»,- деп пікір білдірсе, С.Қирабаев: «Әбділда пікіріне қосыламын»,- деп көрсетеді. Ал С.Қирабаев Қошкенің «Жетім қыз» әңгімесі туралы: «Машинка дұрыс баспаған-ау. Машинкада дұрыс басылмағандықтан, жақсы оқылмайды. Бірақ әңгіме бас жағының сөйлемдерін редакцияласа, басуға жарайды. Бұл – адам қайғысының документі»,- деген пікір білдіреді. Қ.Кемеңгерұлы еңбектерін қарап болған соң, сыншылар қорытынды пікір жазады. Біздің отбасылық жеке архивте сақталған тарихи құжаттың түпнұсқасы төмендегідей:

«Қошке шығармаларының қай-қайсысы болса да, бүгінгі тұрғыдан қарағанда, ескірген екен. Оқушылар өз заманы тұрғысынан қарап оқуы үшін және автордың өз басының аянышты жағдайын еске алып, іріктеп шағын жинақ басуға болады деушілерді қолдаймын. Өз кезінде тәп-тәуір роль атқарған «Алтын сақина», «Парашылдар», «Ескі оқу» атты пьесалары мен «Жол үстінде», «Ерлік жүректе», «Дүрия» деген әңгімелерін жеңіл редакциялай отырып, басуға ұсынуға болар.

Серік Қирабаев     28.12.1963».

 

Қ.Кемеңгерұлының «Алтын сақина» атты шағын кітабы жары Гүлсім Жәмиқызының қажырлы еңбегінің арқасында «Жазушы» баспасынан жарық көреді. Оның шығуына М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, П.Кәрібжанов, Ғ.Мұсабаев,  Е.Ысмаилов, С.Күрлеубаев сынды азаматтардың көмегі болады.  С.Қирабаевтың пікірі де оң ықпал етті дей аламыз. Алайда көркем жинақ дүкенге жеткізілмей, тәркіленіп, авторы алашордашыл деп айыпталып, оның есімі тағы ширек ғасыр бойы қайыра ұмыттырылады. Тек 1988 жылы, Шәкәрім, А.Байтұрсынұлы, Ж.Аймауытұлы, М.Жұмабайұлы ақталып жатқан кезде «Қазақ әдебиеті» газетінде әдебиет сыншысы Рәзия Рүстембекованың «Қаламгер Кемеңгеров» атты мақаласы жарық көргеннен кейін ғана өмірі мен шығармашылығы көпшілік назарына бөленеді. Ендігі уақытта Қ.Кемеңгерұлы мұрасын жинауға, оны сан сала бойынша зерттеуге жол ашылады.

Ғылыми жетекшім Д.Қамзабекұлының ұйғарымымен 2000 жылы кандидаттық диссертациямның тақырыбын бекітуге М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына бардым. Сол жолы ғылым ордасында Ш.Ыбыраев (төраға), З.Ахметов, Ш.Елеукенов, Ж.Ысмағұлов, Б.Мамыраев, З.Қоспақов, Б.Құндақбаев, Б.Майтанов, Б.Ыбырайым, С.Сәкенов сынды белгілі әдебиеттанушы, өнертанушы ғалымдар бастаған алқалы жиында зерттеу тақырыбымыз бойынша оң пікір білдіріп, одан болашақта нәтижелі жұмыс күтуге болады деп жылы сөзді академик Серік Қирабаев айтты. Көрнекті ғалымның оң бағасы тақырыптың бекітілуіне септігін тигізді, келешек ғылыми жұмыстың жазылуына себеп болды. Осы жолы ұстазымыз бұрынғыша қатал көрінбеді, хал-жағдайымызды біліп тілектестігін айтты.

Бізді тәрбиелеп өсірген Нарманбет Қошкеұлы да 1927 жылдың төлі. Ол 1937-нің қызыл қырғынында әкесіз қалып, халық жауының баласы ретінде Омбы жақтағы ағайында бас сауғалап жетілді. Алматыдағы қазақ оқу орнына бара алмай, Ресейде білім алды. Атамыздың тағдыры өзгеше қалыптасқанда, ол да замандастары Серік Қирабаев, Нығмет Ғабдуллин, Мүсілім Базарбаев, Тұрсынбек Кәкішев, Зейнолла Қабдолов, Рахманқұл Бердібай сынды әдебиеттанушы ғалымның бірі болар ма еді деп ойлайтынбыз. Кейін бізді Алматыға алып барғанда «Кісіде кеткен есені қайыр, тарихта қалған қарызды қайтар. Бабаңның жасамағанын жаса, жаза алмағанын жалғастыр» деп айтпаса да, көңілінен сол мағынадағы ойды түсінген едік. Сондықтан да болар, Серік Қирабаевты көргенімізде көз алдымызға тәрбиелеп өсірген Нарманбет атамыз елестейді. «Әкең өлсе де, көзін көрген адам аман болсын» деген нақыл еске оралады. Алаш боздақтары ақталғаннан кейін Нарманбет Қошкеұлы мен Серік Қирабаев ғылыми конференцияларда, түрлі мәдени жиындарда кездесіп жүрді. Бірге түскен суреттері де сақталды.

Ардақты Серік Смайылұлы - біз үшін алдымен қадірлі ұстаз, қазақ әдебиетінің тұтас бір дәуірін зерттеп жүйелеген көрнекті ғалым. Одан кейін жаныма жақын жандардың, қымбат Нарманбет атамның көзін көрген тарихтың тірі куәгері. Ол кісінің абыз ақсақал болып ортамызда есен-аман жүре беруіне тілектеспіз. Жаратқанның сыйлаған жасын жасап, шөбере мен шөпшектен жаңылғанша өмір жарығына тоймай берекелі өмір сүре берсін дейміз. Ұстазға қарап бой түзеген шәкірттері абыздың жасына жетсе, жолын жалғастырса, бұл да – елдің және саланың абыройы.

Қайырбек Кемеңгер, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ қазақ әдебиеті кафедрасының доценті

Abai.kz

 

13 пікір