Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5009 0 пікір 5 Қаңтар, 2011 сағат 20:00

Талас Омарбеков. Шынайы тарихымызды қалпына келтіре алдық па?

Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл­­ға жуық уақыт өткеніне қарамастан, қазақ халқының шығу және қалыптасу тарихы әлі күнге дейін әртүрлі этногенетикалық және этно-саяси мәселелер төңірегінде айтыс-тартыстар туғызып, ғылыми негізі берік емес, біржақты тарихи болжамдарға жол ашуда. Мұның, әрине, өзіндік себептері бар. Олардың бәріне тоқталып жатпай, ең бастыларының біріне назар аударар болсақ, қазақ халқының этникалық тарихына қатысты пікір білдірушілер нақ­ты және әмбебап, әр түрлі ғылымдар са­ласындағы мамандардың ғылыми ізденіс­терінің негізінде тарихи-салыстырмалы зерт­теулер жүргізу қажеттігін ескере бермейді. Қазақ тарихы осындай жолмен жа­зылғанда ғана бір ізге түсіп, жүйелі сипат алатынын ұмытпауымыз керек еді. Өкі­ніш­ке орай, әсіресе ежелгі және орта ға­сыр­лардағы тарихи кезеңдерді зерттеудегі мұндай бағыттағы ізденістеріміз әлі де мардымсыз.

Тәуелсіздік алғанымызға жиырма жыл­­ға жуық уақыт өткеніне қарамастан, қазақ халқының шығу және қалыптасу тарихы әлі күнге дейін әртүрлі этногенетикалық және этно-саяси мәселелер төңірегінде айтыс-тартыстар туғызып, ғылыми негізі берік емес, біржақты тарихи болжамдарға жол ашуда. Мұның, әрине, өзіндік себептері бар. Олардың бәріне тоқталып жатпай, ең бастыларының біріне назар аударар болсақ, қазақ халқының этникалық тарихына қатысты пікір білдірушілер нақ­ты және әмбебап, әр түрлі ғылымдар са­ласындағы мамандардың ғылыми ізденіс­терінің негізінде тарихи-салыстырмалы зерт­теулер жүргізу қажеттігін ескере бермейді. Қазақ тарихы осындай жолмен жа­зылғанда ғана бір ізге түсіп, жүйелі сипат алатынын ұмытпауымыз керек еді. Өкі­ніш­ке орай, әсіресе ежелгі және орта ға­сыр­лардағы тарихи кезеңдерді зерттеудегі мұндай бағыттағы ізденістеріміз әлі де мардымсыз.

Бүгінгі күні жазылып жатқан тарих біріншіден, ұзақ уақыт қалыптасқан еуроцентристік қате тұжырымдардан әлі күнге дейін бас тарта алмай отырса, екіншіден, ежел­гі және орта ғасырлардағы тарихы­мыз­ға қатысты деректердің жеткіліксізді­гі­нен, әсіресе, өзі­міз­дің көшпелі бабала­ры­мыз қал­­дырған нақты жазба жылнамалар­дың жоқтығынан өткенімізді баяндау тә­різді аса жауапты мәселеде әр түрлі үстірт, публицистикалық сипаттағы болжамдар мен тұжырымдарға мүмкіндік берілді. Иә, бүгінде тарихымыз туралы әркім ойы­на не келсе соны айтатын, ақ пен қа­ра­ны ешкім ажырата алмайтын кезеңге аяқ бастық. Оның үстіне қазіргі ба­сы­лымда жарық көретін ғылыми пікірлер ғалымдардың бірін-бірі бірыңғай мақ­тау­мен және олар­дың жа­рық көрген жұмыстарын көтер­ме­леп көрсетумен шектелетін болып алды.

Тарихты жазушылар ескере бермейтін тағы бір маңызды мәселе, қазақ деген кең­пейіл де жомарт халықтың тарихын жазу­ға бет бұрған адам, ең алдымен, өзінің жү­регін пендешілік және басқаларға деген өшпенділік пиғылдан тазалап алуы керек. Ұлтымыздың біртұтас тарихын белгілі бір жүзді немесе нақты қазақ тайпасын бас­қаларынан аспандата асыра дәріптеу және өзіне ұнамайтындарды кемсіту немесе мұқату тұрғысынан жазуға ешкімнің қа­қы­сы жоқ. Өткенімізді шұқшия зерттеу, В.Бар­тольд тәрізді наймандарды, керей­лер­ді, дулаттарды «олар түркілер емес, моңғолдар болатын» деп мәселеге үстірт қараудан да сақтанғанымыз жөн.

Мұндай ұстанымдардың негізсіздігін, тіптен халқымыз орысқа басыбайлы отар болып отырған 1897 жылдың өзінде-ақ қа­зақ арасында болып, халқымыздың қадір-қасиетін орынды бағалай білген орыс ға­лымы Н.Аристов әділдікпен айтып кеткен еді. Өкінішке қарай, бүгінде еліміз тәуел­сіздік алған заманда өзіміздің қандас­та­ры­мыздың кейбіреулері В.Бартольдтың тап­тау­рын жолына түсіп, тарихымызды жа­уап­­сыздықпен бұрмалауға бет бұрған­да­рын аңғара алмай отыр. Ал басқаларға келер болсақ, Н.Аристов тәрізді қазақтың этникалық тарихын қастерлейтіндер орыс зерттеушілері арасында бұрын да, қазір де саусақпен санарлықтай аз болғаны ешкімге құпия емес. Кезінде оның еңбегіне сын көзбен қараған В.Бартольд бұдан тағы да біржақты қорытынды жасап, Н.Аристов көтеріп отырған қазақтың этникалық та­ри­хының мәселелері туралы айтқанда, «... пополнение этого пробела во всемирно-исторической литературе возможно только при деятельном участии русских уче­ных» (Бартольд В.В. Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. -М., 2002.) - деп жазғанын жақсы білеміз.

Амал қанша орыс ғалымдарының айт­қан­дарын ғана дұрыс деп танитын және өздерінің зерттеулерінде солардың тұжы­рым­дарына ғана жүгінетін осындай бір­жақты пиғылдардан кейбір қазақ тарих­шы­лары әлі де арыла алмай отыр. Мұндай ұстанымдағы кісілер әдетте дәстүрлі қазақ деректерін менсінбейді, ал көне дәуірдің бірден-бір куәгерлері болып табылатын қытай деректерін және Орхон ескерткіш­терін орыс тарихшыларының тұжырым­да­ры­нан кейінгі қатарға ысырып қояды. Мұн­дай «зерттеулер» барысында туында­ған пікірлердің тарихи шындықты қал­пы­на келтіруге қызмет етудің орнына, оны одан әрі былықтыра түсуге, әртүрлі бұр­ма­лауларға алып барары сөзсіз. Әдетте мұндай зерттеулер ұлттық рухтан жұрдай болып келеді. Бұлардан туындайтын тұ­жырым: қазақ халқының қалыптасуының эт­никалық мәселелері рухани дәстүрлі бол­мысты ашатын, аса маңызды бағыттар бойынша ғылыми негізді және нақты деректерге сүйенген басалқалы да, байыпты тұжырымдарға, қорытындыларға аса мұқ­таж болып отырғаны құпия емес.

Қазақ халқының шығу тарихының нақ­ты кезеңдері

Осы кезге дейін жинақталған тарихи зерттеулерді ғылыми жүйеге түсіру және қазақ деген халықтың тереңде жатқан этникалық тамырларын айқындап, ондағы тарихи сабақтастық мәселелерін бір ар­наға бағыттау үшін, ең алдымен, басты-басты тарихи кезеңдерді жіктеп, оларды ретімен қарастырған жөн болар еді. Бү­гінгі күні университеттеріміздегі ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ тарихын оқы­тудың кеңестік кезеңнен бері қалып­тасып, әлі де содан ауытқымай келе жат­қан әдістемелік бағдарламасы тәуелсіз ел­дің рухани сұраныстарына жауап беруден қалды.        Мұндағы басты кемшілік, біздің ойы­мызша, қазақ деген халықты қалып­тас­тырған этногенетикалық негіздерді тарихи үдерістермен қатар, сабақтастық тұрғыда қарастыруға баса мән бермеуімізде деп ойлаймыз. Дәлірек айтар болсақ, ежелгі арийлер, дайлар, үйсіндер, сақтар, сарматтар, ғұндар, қаңлылар және кейінгі тарихта олардың тікелей тарихи мұрагер­лері бар ма? Бұларды тарих сахнасында ауыстырған Юебан мемлекеті, Ұлы иозілер елі, Телелер одағы, Сіренда бірлестігі, Байырқу конфедерациясы қай тілде сөй­леген? Бұлардан кейін тарих сахнасына шық­қан Қимақтар мен Қыпшақтар, Ал­шын­дар, Он оқ елін құраған Дулулар мен Нүшбелер, Оғыздар (Сегіз оғыздар, Тоғыз оғыздар, Үш оғыздар), тарихтың келесі тол­қынына жататын әртүрлі қағанаттар құ­ра­мындағы ру-тайпалар бірлестік­тері­нің жаңа этно-саяси құрылымдары (Батыс түрік қағанаты, Түргеш қағанаты, Қарлық­тар елі, Оғыздар қағанаты, Қарахандар мем­лекеті, Ұйғыр қағанаты, Қарақытай хан­дығы) қалай қалыптасты? Ал енді Дешті қыпшақты моңғолдар билеген кезде осында Алаш қауымдастығының қалыпта­су үдерісінің белең алғанын неге байқа­май отырмыз? Этногеографиялық тұрғы­дан әлдеқайда ауқымды аймақтарды қам­ты­са да, Оңтүстік Қазақстан аймағы Моң­ғол­стан атты басқа мемлекеттің қол ас­тын­да қалса да, Қазақ тарихының ХІV-ХV ғасырлардағы кезеңін неліктен Алтын орда дәуірі деп атап жүрміз? Осындай ма­ңыз­ды сауалдарға әркім өзінше, әртүрлі жа­уаптар іздестіруде. Егер тарихи шын­дық біреу ғана болса, пікірлер неге алуан түрлі болулары керек?

Ежелгі және орта ғасырлардағы қазақ халқының құралу тарихынан белгілі бір жү­йелілік іздестірер болсақ, жоғарыда атал­ған тарихи сатыларды айналып өте ал­май­мыз. Ал осы дәуірдегі этникалық тарихты жалпылама кезеңдерге бөлер болсақ, олар төмендегідей болып шығар еді:

1-кезең - арғытүріктер (прототүріктер) дәуірі. Бұл б.з.д. ІІ мыңжылдықтан VI ғасырдың ортасына дейінгі уақыт;

2-кезең - түркілік кезең (түрік Ду­лу­лардың, Телелер одағының, Сіренда бір­лес­тігінің және қағанаттар құрылымын­дағы рулық-тайпалық бірлестіктердің өмір сүрген уақыты). VІ ғасырдың орта ше­нінен ІХ ғасырдың орталарына дейін;

3-кезең - арғы қазақтар (протоқа­зақ­тар) кезеңі. (Қыпшақ, Найман, Дулат, Ал­шын, Керей, Қаңлы, Қоңырат, Жалайыр, Арғу және т.б. тарихи этнонимдердің елге кеңінен танылуы). ІХ ғасырдың орта шенінен ХІІІ ғасырдың басына дейін;

4-кезең - Алаш қауымдастығының қа­лыптасу кезеңі. (Түргеш Алаш шор ұлысы - Үш сан Алаш мыңы - Алты сан Алаш - Он сан Алаш). ХІІІ ғасырдың орта­ла­рынан ХV ғасырдың соңына дейін;

5-кезең - Қазақ қауымдастығының қа­лып­тасуы (Қазақты құраған қырықтан астам тайпаның «Он сан Алаш» төңірегіне бас біріктіруі). ХV ғасырдың ортасынан ХVІІІ ғасырдың басына дейін.

Біздің ойымызша, өзара тарихи сабақ­тас­тықпен жалғасқан осындай үлкен ке­зең­дердің этникалық байланысы түркі тілдес тайпалық бірлестіктерді халық болып қалыптасуға алып келді. Әрине, бұл атал­ған тарихи кезеңдердің әрқайсысының қалыптасқан саяси-әлеуметтік үрдістерге байланысты өзіндік ерекшеліктері және жан-жақты талдауды, тереңдете зерттеуді қажет ететін жақтары мен тұстары аз емес. Қазіргі тарих ғылымы біздің ойы­мыз­ша, осындай мәселеге баса мән беруі керек.

Дәстүрлі қазақ деректерінің қадіріне жете алдық па?

Қазақ этногенезі бүгінде едәуір дамуға қол жеткізген әмбебап ғылымдардың біріккен көмегімен ғана шынайы қоры­тын­дылар жасауға қол жеткізе алады. Бұл жерде біз генеология, археология, түрко­ло­гия, этноло­гия, филология, антропология, мәдениет­тану тәрізді көптеген ғылым салаларының жетістіктерін тарихи салыс­тырмалы түрде айналымға қосу қажеттігін айтып отырмыз. Бұл аталған ғылым са­ла­ларының нәти­же­лері әлі күнге дейін күр­делі мәселелерді шешуде тарихи-салыс­тыр­малы түрде қарасты­рылмай, мәселеге бір ғана ғылым саласы көзімен, біржақ­ты­лықпен қарап келеміз. Әсіресе, тотали­тар­лық жүйе тұсында дамы­май кенже қалған генеология тәрізді сала­ның қазақ эт­но­ге­незі мәселелерін анықтау­да­ғы орны мен рөлі зор екенін түсінетін уа­қыт жетті деп ойлаймыз. Генеологияны ау­ызға алғанда, қазақ ерекшелігіне байланыс­ты бірінші кезекте шежіре деректері назар аударта­ты­нын айта кеткен жөн. Қазақ ру-тайпа­ла­рының тарихына байланысты көп томдық еңбектер жазған кезімізде қазақ шежіресімен тікелей жұмыс істеуге тура келді. Сон­да аңғарғанымыз, қазақ шежіресінде келтірілген деректердің 90 пайыздан аста­мы тарихи шындықпен үндесіп жатыр. Мұның бас­ты себебі, өзінің ата тегін бұрмалауға баба­ла­рымыз ешқашан да жол бермеуге тырысқан.

Әрине, әсіресе, тарихи тұлғаларды жә­не олардың есімдерін тиянақтауда шежірелік деректердің маңызы өте зор. Қазақ хандығы орнығып, дәстүрлі шежіре жү­йе­сі жаңаша реформаланғанға дейінгі тарихи шежірелер ежелгі және орта ғасырларда өмір сүрген тарихи тұлғалар туралы ай­тарлықтай шынайы мәліметтер беретінін еуроцентристік көзқа­рас­тардан арыла қой­маған зерттеушілеріміз әлі де түсіне алған жоқ. Сондықтан да күні бүгінге дейін осы кезеңдердің шежірелік деректерін жазба және т.б. деректермен са­лыстыра қарап, олардан шындықты іздестіруге деген талпыныс кәсіби тарихшылар ара­сында сирек көрініс беруде.

Қазіргі біздің пайдаланып жүрген шежірелеріміз Қазақ хандығының алғашқы кезе­ңінде, дәлірек айтар болсақ, ХVІ ға­сырда «Қасымханның қасқа жолы» ата­латын құ­қықтық-мәдени әмбебап рефор­ма­ны жүзеге асыру барысында қосымша өзгерістер енгізіліп нақтыланған және жаң­ғыртылған қазақ шежіресі деп ой­лай­мыз. Бұл шежірелерді ежелгі қытай жыл­намаларымен салыстыра қарастыру тари­хымыз үшін аса маңызды, кейбір тарихи тұлғаларды анықтауға мүм­кіндік береді. Мысалы, ХҮІ ғасырда өмір сүрген Матай бабаның шежіресі арқылы кезінде есімі бүкіл Ұлы жүз тайпаларына ұран болған Бақтиардың оныншы ұрпағы болып табы­латын, б.з.д. 177-104 жылдар шама­сын­да ежелгі үйсіндерге билік жасаған шежіре деректерінде Елсау деп берілетін Елжау бидің (Күнбидің) ұрпақтары Нулыны, Ду­лы­ны және қытай деректері бойынша б.з.д. 104-93 жылдар шамасында Елсаудан кейін ел билеген Жөнші биді (қазақ шежіресінде Жөнгшенар) қазақ шежіресінен де кездестіреміз (Қытай деректеріндегі мәлі­мет­терді қараңыз: Нығмет Мыңжан. Қа­зақ­тың қыс­қа­ша тарихы. А., 1994). Егер берірек келер бол­сақ, Түргеш (Сарыүйсін) қағанаты тұ­сын­да Сары түргештерден (Са­рыүйсіндер­ден) шы­ғып ел билеген Са­қал қаған (қытай жазба­ла­рында Соге), Қа­ра­ша би (ол қытай жазба­ла­рында да осы­лай аталады) және т.б. тарихи тұлғалар шежіре мәліметтерінде де кездеседі. Олар­дың қа­зақ шежіресі бойын­ша өмір сүр­ген ке­зең­дері де қытай жыл­на­ма­ла­рын­да­ғы уақыт мерзімдерімен сәйкес келіп жатады.

Сонымен қатар айтпағымыз, тіптен Қа­зақ хандығы тұсында қожалар тара­пы­нан едәуір реформаланған кейінгі қазақ шежіресін талдап оқыған адам одан жазба тарихи деректерді айқындай түсетін және толық­ты­ра алатын тарихымызға аса керекті және құнды мәліметтерді кездестіре алады. Тек оны зерттеуге деген ықылас бол­сын деңіз. Осындай дұрыс пиғыл біз бас шұлғып мой­ындайтын көптеген еуро­палық ғалымдарда болған жоқ. В.В.Бар­тольд тә­різді сұңғыла ға­лымдардың өздері де қазақ тілін білмегендіктен шежіре тәрізді құнды деректің өл­шеусіз маңызын дұрыс түсіне алған жоқ. Ол сондықтан да кезінде Ди­қанбай батырдан жазып алған қазақ шежіресін басқа жазба деректермен тарихи-салыстырмалы түрде өзінің еңбегінде ке­ңінен пайдаланған Н.А.Арис­товтың зерттеуіне жазған көлемді ғылыми сын-пікі­рінде бұл туралы бір ауыз сөз де айтуға жараған жоқ болатын (қа­раңыз: Бартольд В.В. Рецензия на книгу: Н.А.Аристов. Заметки об этническом составе тюркских пле­мен и народностей и сведения об их численности.(1997). // Работы по истории и филологии тюркских и монгольских народов. - М., 2002. С.266-277.). Өкі­ніш­ке орай, қазақ халқының және оны құ­раған ру-тайпалық бірлестіктердің шығу тари­хына қалам тартып жүрген кейбір қазақ зерттеушілерінің өздері де шежіре деректерін әлі күнге дейін менсінбей, бір ғасыр бұрын өмір сүрген осы В.В.Бартольдтың қателігін қайталап, еуроцентристік ойлау ауқымынан шыға алмай жүргенін жоғарыда да айттық.

Әрине, біз бұл жерде қазақ шежіресін біржақты асыра марапаттаудан аулақпыз. Бар­лық деректер тәрізді шежіре дерек­те­рінің де өзіне тән обьективті және субьективті себептерден туындайтын кемшіліктері баршылық, оларды санамалап айтар болсақ, біріншіден, шежірелік деректер ХVІ-ХVІІ ғасырларда жазылғандықтан олар­да моңғол жаулап алуынан бұрынғы түркілік кезеңдегі шежірелік мәлімет­тер­дің біразы есте сақ­талмаған; екіншіден, шежірені жазуды қол­ға алған қазақ қоға­мын­дағы сауаттылар то­бы қожалар бол­ған­дықтан рулық-тайпалық шежірелер бас­тауларын қожалардан тарату әдетке айналған; үшіншіден, моңғол жау­лауына байланысты рулар мен тайпалар құры­лы­мын­да орын алған өзгерістер ХІҮ ғасыр­дан бастап қазақ этногенезін тарату ісінде шежіренің толықтырылған жаңа үлгісін қалыптастырды. Бұл бойынша кейініректегі тарихи тұлғалар орта ғасырлардағы та­рихи тұлғалармен ауыстырылды. Мы­салы, ХІV-ХV ғасырлар тоғысында өмір сүрген және жеті тайпаға (Сарыүйсін, Ша­пырашты, Ыс­ты, Ошақты, Дулат, Албан, Суан) билік жа­саған Бәйдібек би VІІ ғасырда Түргеш (Са­рыүйсін) мемлекетінде Ашына әулетінің ең соңғы қағанын Құлан қаласында өлтіріп, «Он оқ еліне» «қарадан (қара түргештерден, яғни Дулулар және Нүшбе тайпалық бірлестіктеріне кіретін рулар мен тайпалардан) шығып хан болған» Бай баға қағанмен ауысты­рылды; төртіншіден, шежірені құ­рас­тыр­­ған шежіреші тарапынан субьективті қателіктерге жол берілген. Әдетте кейбір шежірешілер ру тармақтарын таратқанда қатар тармақтардың орындарын немесе аталықтар тарайтын есімдерді әртүрлі себептермен, өздері де байқамай, ауыс­ты­рып алады. Бұл соншалықты күрделі нәр­се емес: шежірелердің балама нұсқа­ла­рын өзара салыстыру және олардағы кісі есімдерін бас­қа деректермен тарихи-салыс­тыр­малы түр­де қарастыру жолымен тарихи шын­дық­ты айқындауға мүмкіндіктер бар.

Алайда, шежіре мәліметтері осындай ол­қылықтарына қарамастан, өзіндік дәс­түр­лі ерекшеліктері бар төл тарихы­мыз­дың ұмы­тыл­ған немесе бұрмаланған кейбір тұста­рын қалпына келтіруге көп кө­мегін тигізеді. Мұны, әсіресе, ХҮІ ға­сыр­дан бұрын, яғни шежіре деректері Қазақ хандығы тұсында реформаланардан бұ­рын жазылған шежірелерге бағыштар едік. Олардың қатарында, әрине, Қытай­да­ғы қандас бауырларымыз ежелгі Қытай тілінен тікелей аударған «Қы­тай жылна­ма­ларындағы қазақ тарихының деректері» (Үш кітап), «Ежелгі Үйсін елі», «Ұлы Түрік қағанаты» атты еңбектер, Мах­мұт Қашқаридің оғыздарға қатысты, «Моң­ғол­дың құпия жылнамасындағы» түрік-моң­ғол атауларының пайда болуларына қа­тысты, Рашид ад-диннің түріктердің және монғолдардың, сондай-ақ оғыздардың шы­ғу тегі, Өтейбойдақтың Албан тай­па­сына бай­ланысты «Тектелгісі», Мұхамед Хайдардың Дулат тайпасы әмірлерінің шы­ғу тегіне ар­налған шежіре деректері, Әбілғазының «Тү­рік шежіресі», Өтеміс қа­жының «Чин­гиз­­намесіндегі» тарихи тұл­ғалардың шығу тегі, Қадырғали Жалайыр­дың шежірелері лай­ықты орын алады. Бұ­лардағы және т.б. жазба шежірелік деректердегі мәліметтерді ХҮІ ғасырда және одан соң жаңаша жүйеленген қазақтың дәс­түрлі ауызша шежіресімен (Ма­тайдың, Қазбек бектің, Диқанбай батыр­дың, Шә­кә­рімнің, Мәшһүр Жүсіптің, Н.Наушабаев­тың, М.Тынышбаевтың, Х.Ар­ғын­баевтың, М.Мұқановтың, В.Востров­тың, С.Толы­бе­ковтің, Х.Мадановтың, З.Сә­дібекұлының және т.б.) тығыз байланыста ғылыми ай­налымға қосып қарастырудың тари­хы­мызды зерделеудегі маңызы орасан зор. Мұндай зерттеу әдістерінің тарихымыз­дағы шешуші орны мен маңызын алғаш түсінген Ш.Уәлиханов, М.Тынышбаев, Ш.Құ­дайбердіұлы, Ә.Марғұлан, Н.Мың­жан, Қ.Халид, М.Жолдасбеков, А.Сейдімбек, Ж.Артықбаев тәрізді қазақ деген ха­лықтың қалыптасу тарихына шынайы жа­на­шыр тарихи тұлғалар мен азаматтар ұс­тан­ған зерттеу бағыты. Алда да ұлт та­рихын көр­кей­те­міз десек осы жолдан тай­мауымыз керек.

Талас ОМАРБЕКОВ, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Қазақ халқының ежелгі және орта ғасырлар тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор.

«Егемен Қазақстан» газеті

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1862
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1902
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1601
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1465