Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4843 0 пікір 5 Қаңтар, 2011 сағат 07:57

Мұрат Әуезов: «Біздің келбетімізден болашақтың тынысын сезгендей еді...»

- Мұрат Мұхтарұлы, әкеңіздің атақ-абыройының нәтижесінде қалыптасқан танымалдылық фор­муласы тұлға ретінде, шы­ғармашылық өкілі ретінде бар қырыңызбен жарқырап көрі­нуіңізге кедергі келтірмеді ме?

- Жоқ, ешқашан кедергі келтірген жоқ. Менің өмірімде бірқатар жайттар өзім жоспарлағандай жолмен жүзеге асты: Мәскеуде Шы­ғыстану институтында оқығым келді. Ол арманым орындалды. Әкем менің қытай тілін меңгеруімді, қытай тілінің маманы болуымды қалады. Себебі қытай тарихын қазақ тарихынан бө­ліп алып қарай алмайсың. Кейбір сәттерде тарих қойнауынан қазаққа қатысты деректерді табу үшін сол тілді меңгеруің - қажеттілік. Қазір ойлап қарасам, әкемнің маған деген өсиетнамасы көп жайтты маған жа­нама түрде ұқтыруға тырысыпты. Мәселені тек екінші қырымен ғана тү­сіндіруге тырысқан. Әкемнің арма­нынан туған аманаты, маған деген сенімі өмірімнің темірқазығына ай­налды.

- Әкеңіздің соңғы демі Мәскеуде, Кунцевский ауруханасында үзілді. Өмірінің соңғы сәтінде қасында болдыңыз.

- Әкеме күн құрғатпай барып, жағдайын біліп тұруға тырыстым. Маусым - емтихан, сынақ мерзімі. Аурухананың саябағында, күн ұзақ жүріп сырласатынбыз.

- Мұрат Мұхтарұлы, әкеңіздің атақ-абыройының нәтижесінде қалыптасқан танымалдылық фор­муласы тұлға ретінде, шы­ғармашылық өкілі ретінде бар қырыңызбен жарқырап көрі­нуіңізге кедергі келтірмеді ме?

- Жоқ, ешқашан кедергі келтірген жоқ. Менің өмірімде бірқатар жайттар өзім жоспарлағандай жолмен жүзеге асты: Мәскеуде Шы­ғыстану институтында оқығым келді. Ол арманым орындалды. Әкем менің қытай тілін меңгеруімді, қытай тілінің маманы болуымды қалады. Себебі қытай тарихын қазақ тарихынан бө­ліп алып қарай алмайсың. Кейбір сәттерде тарих қойнауынан қазаққа қатысты деректерді табу үшін сол тілді меңгеруің - қажеттілік. Қазір ойлап қарасам, әкемнің маған деген өсиетнамасы көп жайтты маған жа­нама түрде ұқтыруға тырысыпты. Мәселені тек екінші қырымен ғана тү­сіндіруге тырысқан. Әкемнің арма­нынан туған аманаты, маған деген сенімі өмірімнің темірқазығына ай­налды.

- Әкеңіздің соңғы демі Мәскеуде, Кунцевский ауруханасында үзілді. Өмірінің соңғы сәтінде қасында болдыңыз.

- Әкеме күн құрғатпай барып, жағдайын біліп тұруға тырыстым. Маусым - емтихан, сынақ мерзімі. Аурухананың саябағында, күн ұзақ жүріп сырласатынбыз.

- Үзіліп қалған ойыңызға қайта оралсақ. Жаңа сөз арасында «Әкем­­нің Мәскеуге келіп кеткен кезі, әкем тоқтаған «Қазақстан» қо­нақүйі Мәскеу зиялылары үшін пі­кірталас клубына айналғандай еді» дедіңіз. Жадыңызда сақталып қал­ғандардан өзіңізге қатысты сәттерін жаңғыртсаңыз қайтеді?

- Сол бір қонақүй маған тым ыс­тық еді, қазір бұзылып, орнына жаңа ғимараттар салынды. Қазір ондағы әкеме қатысты естеліктер ауада ғана ілініп тұрғандай. Әкемнің көзін көргендердің бәрі о дүниелік болып кетті. Ресей зиялыларының арасында филологтар, жазушылар, журналистер көп еді. Кейде қызу пікірталасқа мен де араласып ке­тем. Ол кезде 2 курс студентімін. Ге­гель, Канттың философиясына қа­тысты бөлтірік ойларымды жа­сыра алмай қаламын кей сәтте. Олар менің пікірімді ден қойып тың­дайды. Сол кезде бөлмеге кіріп кел­ген «Литературная газетаның» тіл­шісі Валентина Панкинаға мені та­ныстырып: «Ұлыммен бірге Гегель туралы пікірлесіп отырмын» деді.

Әкеммен бірге болғандар өзін емін-еркін сезінетінін жас та болсам сезетінмін.

- Әкеңізбен пікірталаста қай тақырыпта мәмілеге келетінсіздер?

- Иә, біздің пікірлеріміз көп жағдайда үйлесім тауып жататын. Әкеме қарсы келетін кездерім, тіпті есімде қалмапты.

- Мәмілеге келе алмайтын жайт­тар болды ма?

- Мәскеуде оқып жатқан қазақ жастарының арасында жиі болатын. «Жас Тұлпарды» жасақтау идеясы жастар санасында ұя сала бастаған тұста мені көп нәрселерден сақтандырғысы келді. Тіпті кей кездері қатты кеткен кездері де болды. Қазір, ойлап қарасам, әкем бізге үмітпен қарапты, 1937 жыл біздің ба­сымызға қайта үйірілмесе екен деп қауіптеніпті. Біздің келбетімізден болашақтың тынысын сезгендей бо­лыпты.

- Бірақ «Жас Тұлпар » қоғамдық жастар қозғалысы мен Мұхтар Әуезов арасындағы сабақтастықты жоққа шығара алмайсыз ғой. Себебі сол бір жылдардағы Қаза­стандағы ОК хатшыларының бірі Димаш ата Қонаевтың алдына «Б­рінің бөлтіріктері қайта ояна бастапты. Оларды ұясында тұншықтырайық» деп арыз айта барған. Сонда атамыз «жас тұлпарлықтардың бір тал шашы түсетін болса, ісің менімен болсын» деп шығарып салыпты» деген әңгіме бізге де жеткен.

- Сіз менің бүкіл ғұмырымды айырбастауға дайын тұратын жұлдызды сәттерімді еске алып тұрсыз. Кеңес идеологиясының қылышынан қан тамып тұрған сәтте Ал­матының қақ төрінде қазақ жас­тары бас қосты, түн ортасы ауа «Ме­нің Қазақстаным» әнін айтып тарасты, самайын ақ шалған қазақ қариялары балкондарына шығып, бізді риза көңілмен шығарып салып тұрды.

... Қонаев ақсақалдың жас тұлпарлықтарды көзінің қарашығындай қорғауы менің әкеммен арасындағы ұлы достық, сыйластықтың белгісі ғана емес. Қазақтың ғасыр басындағы қасіретті тағдырына бас июі, солардың жалынын сөндіріп алмау ниетінен туған деп білемін.

- Шығыс тілдері арасында қытай тілі - ең күрделісі. Ол кезде КСРО мен Қытай арасындағы байланыс та мәз емес еді: Одан әріде, 1954 жылы қазақ даласын игеру басталған кезде сіздің әкеңіз бастаған қазақ зиялылары КСРО басшыларына «қытай қазақтарының көмегіне жүгінейік, оларды елге алдырайық» деген ұсыныспен шықты» деген әңгіме бар. Ал әкеңіз сіздің қытай тілін меңгеруіңізді қатты қадағалаған көрінеді.

- Әкем болашақты көрегендікпен сезді-ау деймін. Қазір Қытай ықпа­лы жер шарын жаулап барады. Мәс­кеу университетінің қытай тілі фа­культетін бітірдім. Азия және Аф­рика халықтары институтында бір жыл іс-тәжірибеден өттім. Инс­титуттың кафедра меңгерушісі, атақ­ты қытай маманы Лев Эйти­лин институтта қалуымды өтінді. Келіссем, пәтер мәселесін ше­шу­ге уәде берді. Оған келісе алма­дым. Елге қайтуға асықтым. Елге кел­геннен кейінгі жағдайым «Ай­қын­ның» оқырмандарына алғашқы сұх­батымыздан таныс.

- Сіз Мұхтар Әуезовтің Фатима Ғабитовадан туған жалғыз ұлысыз. Сіздің бір анадан туған бауырларыңыз қазақтың аймаңдай азаматтарына айналды. Оларды бір-бірінен бөле-жара қарай алмайсың.

- Қазақта «Құдайдың көзі тура болсын» деген қасиетті тілек бар. Егер Тәңірім бір адамның басына жетерлік қиындықты үйіп-төгіп берсе, оның жемісін көруге де сараңдық танытпаған шығар. Бұл біздің ешкімге ұқсамайтын тағдырымыз шығар деймін. Анамның алғашқы күйеуі Біләл Сүлеев Алаш Орданың көсемдерінің бірі болды, Ілияс Жансүгіров қазақтың талантты ақыны. Анам үшін үшінші жақын адамға айналған жан  менің әкем Мұхтар Әуезов. Біләл Сүлеев 1930 жылы тұтқындалып, елде тұру құқынан айырылды. 1937 жылы атылды. Ілияс Біләлдің артында қалған перзенттерін көзінің қарашығындай қорғады.

1938 жылы Ілиястан айырылған отбасы қуғын-сүргіннің ащы дәмін татты. Сол кезде көмекке әкем келді. Біләл Сүлеевтен туған бауырым - Азат Сүлеев Мәскеу университетін тамамдап, филолог, түрколог болды. 1949 жылы жылымықтың лебі сезіле қоймаған кезде қуғынсүргінге ұшыраған азаматтардың балалары Мәскеуде оқиды деген ой тек тәтті арман еді. Ильфа жоғары оқу орнында неміс тілі пәнінен дәріс берді. Болат тамаша киносценарист, философ болса, Үміт білікті дәрігерлердің қатарын толықтырды.

- Фатима Ғабитованың күнделіктерін оқып шықтым. Анаңыз кейінгі өмірінде де Ілияс Жансүгіровке деген махаббатын ешкіммен бөлісе алмай, әкеңізге тек үлкен досым деп қараған тәрізді. Мен қателесіп тұрған жоқпын ба?

- Оны жоққа шығармаймын. Анам мұны бізден, балаларынан жасырған емес. Бірақ Жансүгіровке деген ұлы сезімі іштен шыққан балаларын бір-бірінен бөле-жара қарауға жол берген емес. Болаттың түртүсі әкесіне ұқсайтын. Кейін мұрты өскен соң № 2 Ілиясқа айналып шыға келді. Анам оны қараторы келбетіне қарап «Менің шокаладым» деп еркелетті. Оның дене мүсіні, кескін-келбеті Шолоховтың Тынық Донындағы Григорий Мелеховке көбірек келетін...

Анамыздың бізге деген махаббаты әкеміздің бөлек екенін сездір­ген жоқ.

- Анаңыз ақындық қабілеттен кен­де болмады. Жырлары жүрекке тез жететінін аңғару қиын емес. Сіздер анаңыздың поэзиясын «Жас Тұлпар» ұйымының жарғысына айналдырған жоқсыздар ма?

- Біздің ұйымды құрмақ болған ниетімізбен танысқан соң анам маған әкемнің «Қилы заман» деген шығармасын оқып шығуға кеңес берді. 1928 жылы жазылған шығарма қайта басылуға тыйым салынған болатын. 1963 жылы алғаш рет араб тілінде басылған нұсқасымен таныстым. Араб тіліне жүйрік анам оның мәтінін дауыстап оқып бергені бар.

Анама табиғат сұлулық қана берген жоқ. Ол керемет әдебиет зер т теушісі болды, қазақ тарихынан мағлұмат беретін деректерге бей-жай қарай алмады. Жақында Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов Ғылым академиясының мұражайында анам жиған, анамның кеңес беруімен жиылған қолжазбалар табылғанын айтты. Бұл қормен кезінде Мұхтар Мағауин жұмыс істеген.

Анам күнделік жүргізетін. Бұл айналасында болып жатқан саяси құбылыстардың трагедиялық бағасы болатын. Анамның жырлары тым тік, әлеуметтік мәні бар поэзия болатын. Біз оны ұйымымыздың жарғысына айналдырмасақ та пайдаланған сәттеріміз болды. Жас тұлпарлықтардың бәрі анамның жырларын жатқа білетін.

Анамды орыстың Некрасовына теңеймін. Оның жырлары өмірдің боямасыз шындығы және жүректен ақтарылған шындық еді. Анам сөздерді көркемдік үшін қолданбады. Қазақтың қара сөзі анама іштегі шерін шығару үшін, тарихтың ақиқатының аражігін ажыратып алу үшін қызмет етті.

- Ал сіздің әкеңіз анаңызды сүйді ме?

- Менің анама ғашық болмау мүмкін емес еді. Ол өзін құлай сүйген үш азаматтың музасы, қала берді адал серігіне айналды. Анама табиғат көрікті де , ақыл парасатты да аямаған. 1956 жылы Сәкен, Ілияс, Бейімбет ақталған тұста, анамның Жазушылар одағы мінберінен айтқан сөзі бүкіл елді тебірентті, ел оны аңызға айналдырып іліп алып кетті. Маған сол мінбердегі анамның тұлғасы ғашықтардың пірі Бибі -Патимаға, от анасы Ұмай анаға көбірек ұқсайтын. Маған анам қазақтың үш бірдей азаматының ұрпағын жетілдіру үшін Алланың аспаннан жіберілген періштесі сияқты көрінетін.

Әкемнің мінезінің романтикалық қыры басым түсіп жататын. Әкемнің бойында анама деген сезімнен бөлек, қуғын-сүргіннің құрбанына айналған достары Біләл Сүлеев пен Ілияс Жансүгіровтердің перзенттері алдындағы жауапкершілік басым еді. Оларды аман-есен жеткеруді аманат деп түсінді.

Анамыз көз жұмарда балаларын шақырып алып:

- Мен сендерді бір-біріңнен бөліп-жарып қарамадым. Сендер үшеуің де Біләл, Ілияс, Мұхтардың заңды мұрагерісіңдер. Бір-біріңе адал болыңдар, - деп аманат жүгін арқалатып кетті.

Анамыздың аманатына қиянат жасаған кездеріміз болған емес.

- Сіздің кіші отаныңыз - Мерке. Сіз сонда дүниеге келдіңіз. Өміріңіздің Меркеде өткен жылдары жайлы не айтасыз?

- Біз Меркеде Азат мектеп бітірген кез - 1949 жылға дейін тұрдық. Меркеде тым жақсы мектеп бар еді. Онда жер айдалып келген ұстаздар сабақ беретін. Ал біздің үйіміз шағын интернатқа көбірек ұқ­сайтын. Балшықтан соғылған бір бөлмелі жер кепе еді. Азат ұстаздарынан бірер күнге сұрап алған көркем әдебиеттерді дауыстап оқып беретін еді. Ильфа да, Болат та, Үміт те жастайынан зерек болды.

Тағы да есте қалған жай - Меркеде жер сілкінген кез естен кетпейді. Түн ортасынан ауған шақ. Бәріміз қалың ұйқыда жатқанбыз. Бауырымыз Азат сүзекпен ауырып, күйіп-жанып керуетте жатыр. Анамның бұйы­руымен Азатты сүйемелдеп, далаға шық­тық. Анамның кез келген сәтке жауынгерлік дайындықпен тас-түйін болып тұратынына кейін тағы да көзім жетті. Бірде үйге сырттан түсі суық, үлкен жылан өрмелеп келді. Бір қолына керосин лампасын, екінші қолына отты қозғайтын көсеуді ұстап, бізді кеудесімен қалқалап, жыланның басын көсеумен езіп, далаға лақтырып тастады.

- Сіздер тұрған үйде ең сәнді, қас­терлі бұйымдар бар ма еді?

- Үйдің төрінде Ілияс Жан­сү­гіровтің өте әдемі қолға ұстап жүретін таяқшасы болатын. Содан кейін үйдегі құнды зат соғыста қаза тапқан үлкен ағам Жәнібектің жазғы шлемы еді. «Айқап», «Шора» журналдарының революцияға де йінгі басылымдары тұрар еді. Қазір анам сол қастерлі бұйымдарды қалай сақтап қалғанын білмеймін.

- Әкеңізбен алғаш Алматыға көшіп келген соң ғана кездестіңіз бе?

- Жоқ, әкем мені тұңғыш рет 3 жасымда көріпті. Бұл 1946 жылдарға тура келеді. Ал 1949 жылы әкем бізді Алматыға әкелді. Қазіргі Желтоқсан көшесінің бойынан шағын ауласы, бау-бақшасы бар үй алып берді.

- 1949 жылы әкеңіздің басына қара бұлт үйіріліп тұрған кезең емес пе еді?

- Әкем 1930 -1932 жылдары ұлт­шыл деген айыппен түрмеге отырып шықты. Түрмеден кейінгі жылдары НКВД бақылауында жүргенін біле­тін боларсыз. Сталин 1953 жылы қайтыс болды, 1956 жылдан бастап қуғын-сүргін құрбандары ақтала бас­тады. Әкемнің жайма-шуақ өмірі де сол кездерден басталды. Әкем өмі рінің тек бес жылын ғана алаңсыз шығармашылыққа арнады. 1949 жылы Жансүгіров пен Сүлеевтің перзенттеріне әкелік көңілмен қам қор болумен шектелмей, оны ел аста насы Алматыға алып келу, басын қатерге тіккенмен бірдей еді.

- Әкелі-балалы Әуезовтердің тағ дырында қолмен үйлестір ген дей сәттер көп. ХХ ғасыр басында 20 жастағы Әуезов «Қазақ мем­лекетінің даму үлгісі» деп алыс­тағы Жапонияға көз тікті. Ғасыр ортасынан ауа бере 20 жас­тағы кіші Әуезов «Жас Тұлпардың» көшін бастап, қазақ рухын Мәскеуде желбіретті. Сіздің ұлыңыз Мағжан, № 3-ші Әуезов азамат болып ержетіп қалған болар?

- Ойыңызды түсіндім. Мағжанымның ес білген кезі Тәуелсіздігіміздің буыны қатайып, ел-жұртқа дербес ел ретінде таныла бастаған кезге тура келді.  Демек, Мағжанның құрдастары отар елдің емес, тәуелсіз Қазақстанның азаматтары.

Тұрғыластарымның балама деген көзқарасы оң. «Болашақ» бағ дарламасы бойынша шетелде білім алып қайтты. Қазір еліміздің бас банктерінің бірінде Директорлар кеңесінің мүшесі.

Әуезовтер арасындағы рухани сабақтастықты үшінші толқынның аузынан естігің келсе, Мағжанымның өзімен сұхбаттасқаныңыз жөн болар.

- Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Гүлбаршын АЙТЖАНБАЙҚЫЗЫ

«Айқын» газеті

 

0 пікір