Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
Жаңалықтар 7085 0 пікір 26 Желтоқсан, 2010 сағат 06:12

Омар Жәлелұлы. Қазақ поэзиясындағы ұлттық мүдде

Ақынның тағдыры. Тылсым да жұмбақ әлем. Былайғы жұртқа түсініксіздеу, дау менен дамайға, өсек пенен  аянға, қаңқу сөзге отқа май құйғандай дем беретін де ақынның өмірі. «Менің өмірім -өлеңімде», - дейді ақындық ғұмыры қайғылы аяқталған Есенин. Өлең, өлең - ақынның бары да осы Өлең, нары да осы Өлең. Өлеңнен өзге мұрат, өлеңнен өзге мақсат шын ақында болмақ емес. Ақын қысқа ма ұзын ба фәнилік ғұмырында не істесе де осы Өлең үшін істейді. Өлең үшін отқа да түседі, суға да түседі. Боққа да кіреді, Сотқа да кіреді. Қарапайым пенде күнә істесе қайғыдан өліп кетуі мүмкін, ал ақынды Өлеңі ақтап алады, Қиямет қайымда да осы Өлеңі арашашы болмағы Тәңіріге аян. Серік Ақсұңқарұлы - өзегін Өлең өртеген осындай шынайы ақын. Жүрген жері шу, тиіп кеткен жерінен ұшқын ұшып от лаулап жатады. Нағыз ақын осылай болса керек. Тұла бойы толған қарама-қайшылық. Бір бойында шайтан мен періште, махаббат пен зұлымдық тоғысып жатады.

Өмір деген -

Сайтан менен Періштенің тартысы.

Сүюмен өтті жартысы,

Күюмен өтті жартысы.

Күлумен өтті жартысы,

Жылаумен өтті жартысы.

(«Сайтан менен Періште»)

Соған қарамастан ел ақынды сүйеді: жек көре отырып, кейде түңіліп, кейде өсектеп ағаш атқа мінгізсе де сүйеді. Бұл не сыр, бұл не хикмет. Жауабын тағы да Ақынның өзі береді:

Шайтанкөл аққулар мекені

Жанымды жаула сен менің.

Ақынның тағдыры. Тылсым да жұмбақ әлем. Былайғы жұртқа түсініксіздеу, дау менен дамайға, өсек пенен  аянға, қаңқу сөзге отқа май құйғандай дем беретін де ақынның өмірі. «Менің өмірім -өлеңімде», - дейді ақындық ғұмыры қайғылы аяқталған Есенин. Өлең, өлең - ақынның бары да осы Өлең, нары да осы Өлең. Өлеңнен өзге мұрат, өлеңнен өзге мақсат шын ақында болмақ емес. Ақын қысқа ма ұзын ба фәнилік ғұмырында не істесе де осы Өлең үшін істейді. Өлең үшін отқа да түседі, суға да түседі. Боққа да кіреді, Сотқа да кіреді. Қарапайым пенде күнә істесе қайғыдан өліп кетуі мүмкін, ал ақынды Өлеңі ақтап алады, Қиямет қайымда да осы Өлеңі арашашы болмағы Тәңіріге аян. Серік Ақсұңқарұлы - өзегін Өлең өртеген осындай шынайы ақын. Жүрген жері шу, тиіп кеткен жерінен ұшқын ұшып от лаулап жатады. Нағыз ақын осылай болса керек. Тұла бойы толған қарама-қайшылық. Бір бойында шайтан мен періште, махаббат пен зұлымдық тоғысып жатады.

Өмір деген -

Сайтан менен Періштенің тартысы.

Сүюмен өтті жартысы,

Күюмен өтті жартысы.

Күлумен өтті жартысы,

Жылаумен өтті жартысы.

(«Сайтан менен Періште»)

Соған қарамастан ел ақынды сүйеді: жек көре отырып, кейде түңіліп, кейде өсектеп ағаш атқа мінгізсе де сүйеді. Бұл не сыр, бұл не хикмет. Жауабын тағы да Ақынның өзі береді:

Шайтанкөл аққулар мекені

Жанымды жаула сен менің.

Ақындар айтып өтеді,

Арманын бүкіл пенденің.

(«Шайтанкөл»)

Армансыз адам болушы ма еді? Пенде де армандайды, бірақ жүрек түкпіріндегі арманын жеткізе алмайды, - кейде өз арманын тап басып біле алмай  өмірден өтіп кететіндері де бар. Ал Ақын, Тәңірінің қалауымен ерекше жаратылған пенде, ақындық қуаты мен дарынының арқасында арманын ақ қағаз бетінде Өлең қылып өреді. Қарапайым пенде Ақынның өлеңі арқылы өзін таниды, арманы мен мұңын, қайғысы мен шаттығын таниды. Өзінің тілегін таниды. Бөлтірік шешен: «Жақсымен жолдас болған// Ел ұстанған тілектей болады», -дейді. «Ел ұстанған тілек» деген не сөз, елдің тілегі қандай  болушы еді? Жауап өте қарапайым, әрі терең: елдің тілегі - ел болу, басқа ештеңе де емес. Бір қарағанда мағынасыз қайталау, тавтология болып көрінгенмен, елдің ел болудан басқа асыл мұраты жоқ екендігі айдан анық, күннен жарық ақиқат.

Кейбір зерттеушілер ақындықтың табиғатын бақсылыққа апарып тіреп жатады. Ақын да бір, бақсы да бір: бақсы арқасы ұстап, жындарын шақырып аурумен, зіл-зала, кесапатпен күреседі; ақын да арқаланып, аруағын шақырып, Тәңірімен тілдесіп зұлымдыққа бітіспес майдан ашады. Ақындық табиғаттың қыр-сырын, ішкі зертханасын  алдымызға жайып салған ұлы Абай:

Тәңірінің күні жарқырап,

Ұйқыдан көңіл ашар көз,

Қуатты ойдан бас құрап,

Еркеленіп шығар сөз.

Сонда ақын белін буынып,

Алды-артына қаранар.

Дүние кірін жуынып,

Көрініп ойға сөз салар.

Қыранша қарап қырымға,

Мұң мен зарды қолға алар.

Кектеніп надан зұлымға,

Шиыршық атар, толғанар.

Әділет пен ақылға

Сынатып көрген-білгенін,

Білдірер алыс, жақынға

Солардың сөйле дегенін.

Қазақтың тағы да бір талантты ақыны, қазақы сөздің қаймағын жалап, майын ішкен, сөздің тылсымына үңіліп, сыр баққан Тыныштықбек Әбдікәкімұлы бақсы сөзі Бақ-шы, бақты күзетуші, бақты қорғаушы, бақты бағушы деген мағына береді дейді. Несі бар, жанды да қисынды сөз. Елдің бағын бағзы заманнан бері қызғыш ұстай қорғаған, сол үшін жан беріп, қанын қиған да ақындар емес пе?! Қазақтың тағы бір арқалы ақыны, Серік Ақсұңқарұлының үзеңгілес жолдасы һәм ұстазы  Жұматай Жақыпбаев, жаны жәнәтта болғыр Жұмағаң::

Адамнан тек шығады әсем диуана,

Диуанаға жетпейтін мал-күй ғана.

Жынды дейтін ондай жанды Арқада,

Шәйір дейтін ондай жанды Хиуада, - деп ақындық пен бақсылықтың табиғаты бір екендігін қуаттай түседі.

Қарапайым өмірде ақын «жынды десе жынды»: аузына келген сөзді ірікпей сөйлейді, қоғамдық нормаларды, қалыптасқан моральдік қағидаларды өрескел бұзады. Оның бейне бір өз заңы, өз конституциясы бар секілді. Бір көрген жан ақын атаулыдан түңіліп, безіп кететіндей  ситуациялар да кездеседі. Қоғамдық ортаның заңдылықтарынан гөрі  өзінің ішкі ақындық логикасына көбірек бағынатын ақын өз рөлін керемет шебер ойнайды. Жүрген жерінде адамның алуан мінезді бай табиғатын ашу үшін де әдейі спектакльдер қояды. Кейде ойыннан от шығып, спектакльдің аяғы дау-жанжалға, трагикомедияға да ұласып жатады. Бірақ ақын қыңбайды: ол осындай жолмен болса да өзінің болашақ өлеңіне азық алып үлгереді... Ал ертең, ұйқыдан оянып, өткен күнді сана сарабына салар мезетте, Сот басталады,Ар соты, ақынның әдейі өзі ізденіп кірлеген «дүние кірінен жуыну», тазару  процесі. Орыстың ақын қызы Марина Цветаева: «Поэзия это - самосуд» дейді. Бұл азапты процесс  түптің түбінде оқырманның жанына азық болар өлең болып туады. Ақынның азабы оқырманға олжа болып оралып осылайша ақын мен оқырманның арасындағы көзге көрінбейтін нәзік байланыс жүріп жатады...

Ақынның, шын ақынның тұла бойы тұнған сезім. «Қарапайым пенде бес сезім мүшесімен ғана сезінсе, менің тұла бойым тұнған сезім:қақ төбемнен қара бақайшағыма дейін сезім». Бұл Серік Ақсұңқарұлының өз сөзі. Сол сезімнің арқасында Ақын былайғы жұрт көре бермейтін нәрсені көреді, көптің көзіне шалына бермейтін құбылыстарды түйсініп біледі.

Малда да бар жан мен тән,

Ақыл мен сезім болмаса.

Тіршіліктің несі сән,

Тереңге бет қоймаса.

Бұл - Абай. Ақыл мен Сезім деп тұрғаны - Рух. Немесе, Шәкәрімше айтсақ, - Ақылды Жан. Адам баласы Жан мен Тәннен тұратыны бесенеден белгілі. Адам өмірі сайып келгенде осы екі нәрсенің күресі, бітіспес майданы: басқа ештеңе де емес. «Адам баласының жаны хайуандардан ірі жаратылған» - дейді тағы сол Хакім Абай. Ақынның жаны тіпті ерекше.. Осы ерекше Жан ғой ақынға тыным таптырмайтын. Ақын бар болғаны бопсаға көнбейтін, алдағанға сенбейтін, жалғандыққа жаны қас, әділетсіздіктен қалш-қалш етіп жиіркенетін, жақсылыққа балауыз шамдай еритін Жанның айтқанын орындаушы. Ақын Рух әлемінің елшісі. Ол Рухтың атынан сөйлейді. Мәңгліктің, бақидың атынан сөйлейді:

Мен - Рухпын -

Қан тамырыңда қайнаған.

Менсіз Күннің көңілі - күпті, Ай да - алаң,

Анахарсистен - Абай болам бір күні,

Әл-Фарабиден - Әлихан Бөкейханға айналам!

Осылайша шығармашылық масштабын анық бағамдап, айқындап алған ақын жоғарыдағы өлеңде аттары аталған Рух иелерімен шығармашылық байланысқа түседі, Өзін олардың заңды мұрагері деп есептейді.

Ақын Рух иесі болғанмен фәни жалғанда ғұмыр кешіп, оның азабы мен ғажабын, рахаты мен кейісін қатар тартады. Үнемі Мәңгіліктің, Рухтың атынан  сөйлейтін ақын сондықтан да өктем, сондықтан да айдынды, айбарлы! Ол үнемі Бақи арқылы Фәнидің мінін көріп қояды (Абай). Көріп қана қойса бір сәрі ғой, оны, - фәни жалғаның мерезі мен ушыққан жарасын -  аяусыз жыр семсерімен жанын шығарып тұрып осып-осып жібереді. Ақын өлеңінде мәмілені білмейтін аяусыз сын мен ащы сарказмның түп-төркіне де осында. Өкпелегеннің өкпесі түссін: ақынның онымен шаруасы жоқ, ол өз миссиясын адал орындайды.

Сөз жоқ, ақындық ерекше құбылыс. Ол және айдалада лағып жүрген, өз орбитасынан ауытқып кеткен адасқан атом-рух емес. Ол рухтың да ақы иесі бар: ол - халық. Ақын Халық-Ананың жатырын жарып шыққан төл шаранасы. Халық-Ана шын ақынды ұзақ толғатып барып азаппен туады. Азаппен туған осы Ұл, осы Перзент енді Халық-Анасының алдындағы перзенттік парызын орындауға міндетті!

Ақын өз миссиясын орындау үшін өзінің ұстанымын, өз кредосын айқындап алуы шарт. Серік Ақсұңқарұлы әу бастан Қасқыр-Бөріні өз рухының Жебеуші-Пірі ретінде таңдайды. Қасқыр - Бөрі ақын шығармашылығындағы жай ғана метафора емес, бағзыда өткен ер де жаужүрек даңқты бабалармен байланысқа түсудің тетігі. Ақын өзінің интуициясымен өз керегін дәл тапқан, рухтың қайнар көзін дөп басады. Қасқыр-Бөрі - бабаларымыздың тотемі- желеп-жебеушісі, ешкімге бас имейтін өр Рухының символы. Халық бодандыққа түсіп, өз рухынан адасқанда, Ақын ғасырлар қойнауында жасырынған, әрбір қазақтың жүрегінде шөгіп жатқан, қанында бар, бірақ қазір керексіз болып қалтарыста қалған Қасқыр-Рухты шақырады. Қасқыр-Рух арқылы тарихтың бұралаң соқпақтарында бір сәтке қалғып кетіп, қасиетінен айырылып Қасқырдан Итке айналған  Қазақтың рухын шақырады:

Жек көрем итті!

Алысып жүрем,

Шабысым жүрем!

Қағынып...

Сайын даланың тағысымын - мен,

Не деген ғажап - тағылық!

Шауып түсемін!

Күш ағысымды

Сыйғыза алмай ішіме.

Адамның алмас пышағы сынды

Ырзамын азу тісіме!

Қасқыр - бабалар!

Бар ұлыстардың

Мазасын алып манадан -

Иттермен болған қанды ұрыстардың

Иісін сезем даладан.

Қаңқу сөз жүрек кегін үрлейді,

Қорлық-қарғысқа барабар.

Бізбенен иттің тегі - бір дейді...

Рас па, қасқыр - бабалар?!

Өлексе үшін жұлысқан болсақ,

Өмірі бітпей кегіміз,

Иттермен бірге туысқан болсақ,

Не болды - ата тегіміз?!

Ала төбеттің астында қалар,

Күн туғаны ма ақыры...

Неге үндемейсіңдер, қасқыр-бабалар,

Қағынып кеткен жатыры?!

Неге үндемейсіңдер?

Ұрлық түн еді:

Жатқаным мынау - жау іші.

Аспанның астын дүрліктіреді,

Үрген иттердің дауысы...

(«Қасқырдыың монологы»)

Қасқырды кие тұтып, оның тіпті атын атауға қорқып «ит-құс» деген, «иттің иесі болса, қасқырдың Тәңірісі бар» деп мақалдап түз тағысын өзіне идеал санаған  азулы да айбарлы жұрт бүгін неге «итке» айналды? Бұла қанында ер жүрек бабаларының ыстық қаны ойнап маза таптырмаған ақын бүгінде ұмыт болған бабалар Рухын жан ұшыра іздейді. Бір кезде Қасқыр болған, қазір ұсақтап, азып-тозып Итке айналған қандастарыының күйкі тіршілігіне налып, жаны ышқына  бабалар Рухын  шақырады. Бұл шақыру - Қан шақыру (Зов крови), отаршылдықтың езгісі етінен өтіп сүйегіне жеткен қазақ деген халықтың Тегін шақыру!

«Ат аунаса, түк қалады»: орысқа құл болған, бодан болған халықтың тарихи жадысы мен санасы қанша уланғанымен, езіп-жанышталғанымен Жаратушы Иеміз рақым етіп оның санаулы ұлдарының бойында Ата тек пен Қанды сақтап қалады екен. Кейін осы Тәңірі алқап аузына Өзі сөз салған ұлдары отаршылдықтың тәтті әрі улы нәрін бойына сіміріп, құлдықтың қалың ұйқысына шымырай батқан жамиғатын атой салып оятады. Оның құл емес, бір кезде ат үстінде желдей есіп, найзағайша жарқылдап жарты дүниені бағындырған Ер Түріктің ұрпағы екенін есіне салады:

Бөрілі -

Ұлттық Байрағым.

Сүінбайша сайрадым.

Ұлыған сайын байрағым,

Менің де қозар қайдағым...

Маза жоқ күндіз,

Түнде - ұйқы.

Ашылып күнде араны, -

Көк итті қуып, күллі иті

Көк Бөрі ұлып барады!

Көзінде жасы тұныпты,

Күпті боп шерлі күй-көңіл.

Ит-өмір оны ұлытты,

Бізді де құртты ит-өмір.

Жүрегі оның өр, түкті!

Қызарып қызыл көзі ісіп;

Жемейді итше жемтікті,

Өзінің қанын -

Өзі ішіп.

Көгіне кегін төккелі,

Талақ қып иттік-құлқынды.

Ұлыған сайын Көк Бөрі

Уытты не бір ұл туды.

Көк Бөрі - жасын, от-демі,

Ашқанда аузын сапырды от.

...Келеді қайтып Көк Бөрі -

Батыр боп!

Кейде - Ақын боп!

Көк Бөрі -

Ұлттық Байрағым.

Сүйінбайшы сайрадым.

Ұлыған сайын байрағым,

Менің де қозар қайдағым...

(«Бөрілі - ұлттық байрағым»)

Қасқыр (Бөрі) - Рух, Ит - Нәпсі, ашкөз құлқын. Қанша жесе де тоймайтын, түбінде ұлттың түбіне жетіп тынатын обыр құлқын. Ит - Нәпсі, тек қана Қасқыр (Бөрі) - Рухтың оянуымен ғана ауздықталмақ. Ақын осылайша қазақ халқына ғана тән, оның ұлттық санасындағы архетиптермен, символдармен  сөйлейді. Осы архетип-символдар арқылы өз алдына жеке Ел болуға ұмтылған қазақ деген халықтың ұлттық санасы мен ұлттық ар-ұятын оятуға бар күшін салады. Егемен ел болса да санасы отарсызданбаған, сол баяғы «тоқ құлдық» санада қалып қойған, қу құлқыннан аса алмай елдік мұрат пен халықтық мүддені қорғауда дәрменсіздік танытқан Билікті  аяусыз сарказмге толы сынның найзасымен түйрейді:

Хан базар - қазақ атырабы.

Алмай көріңіз!

Шүршітке  - топырақ сатылады.

Үндіске - маңдай теріміз!

Сатамыз!

Хақың болмасын!

Ай-хой, азаттығым!

АҚШ-қа атом бомбасын!

Орысқа - қазақ тілін!

Қайда әлгі ұлттық табыс?

Не деп барам!?

Бір кило Ұлттық Ұят,

Бір кило Ұлттық Намыс -

Керек маған

(«Қарқаралы - қара орманым»)

Не деген ұшқырлық - әлемнің әлеуметтану институттары том-том кітап жазып зерттейтін мәселені екі-ақ шумақ өлеңге сыйғыза білген. Қазақ мемлекетінің постколониалды жағдайы соншама айқын, соншама дәлдікпен берілген. Поэзияның құдіреті, оның ішінде саяси лириканың ой мен сезімді ұштастыра берудегі керемет шеберлігі. Қазақ мемлекетінің кіріптар жағдайы, бірінші болып атом бомбасынан құтылуға асығуы, орыстан қорқып қазақ тілінің адымын аша алмай отырғандығы, Қытайға біраз жеріміздің өтіп кетуі, шет ел инвесторларының қолына жер асты қазына байлықтарымыздың, маңызды өндіріс ошақтарының өтіп кетуі - ұлттық мүдде тұрғысынан бағаланып,  ақынның өткір де алмас қаламының ұшына ілінеді. Соның бәрі Ұлттық Ұят, Ұлттық Намыстың жоқтығынан екенін   де ақын еш жасырмайды. Бұқпантайламай тура айтады. Ақсұңқарұлы арманы жоқ ақын: Совет үкіметі кезінде қаншама ақын шыңғырған шындықты тура айта алмай іш құса болды, көбі іштегі күйігін баса алмай ащы суға ден қойды. Ақиық ақын Мұқағалидың өзі осы туралықтан талай опық жеп, ащы шындықты абайламай айтып өткен бабаларын аңсайды:

Жасырмай ойымды айттым талай-талай,

Қайтейін кетті бәрі қарайламай.

...Айтарын ашып айтқан абайламай,

Дариға-ай,

Махамбеттер, Абайлар-ай !!!

(«Махамбеттер, Абайлар-ай»)

Серік Ақсұңқарұлы - ақындық палитрасы мейлінше бай ақын. Оның өлеңдері алуан тақырыптарды қамтиды, бірақ Ол не жазса да Ұлттық мүдде, Ұлттық мұрат бірінші орында тұрады. Ақын өлеңдері қазақ деген халықтың басынан кешкен тағдыр-талайының тірі ескерткіші іспеттес, тарихи құжаты сықылды. Ұрпақ ауысар, заман өзгерер - сонда жас ұрпақ пен соны зерттеуші  ақын өлеңдерінен  халықтың зар-мұңы мен арман-аңсарын, өкініші мен наласын аңдар... Ал әзірше біздің міндетіміз ақын өлеңдерінде жүрегінің қанымен, жанының бебеу қаққан ышқынысымен келген ащы ақиқаттарды, боямасыз шындықтарды қалың көпшілікке жеткізу. Поэзиядағы сезімге көмкерілген, ұлттық әлеуметтану тұрғысынан  құнды ойларды мәдени айналымға еңгізу.

Ақын шығармашылығындағы көтерілген мәселелердің аумақтылығы соншалық, біздің осынау шағын зерттеуімізде оның бәрін қамту мүмкін емес. Тек ең басты нәрсені назардан шығармауға тырыстық: ол - Тәуелсіздік. Ақын үшін де бұдан артық тақырыптың болуы да мүмкін емес. Ақын жарғақ  құлағы жастыққа тимей күндіз күлкіден тиылып, түнде ұйқысы бөлініп ойлайтыны да осы -Тәуелсіздік. Тәуелсіздіктің баянды болуы. Бабалардың қанымен, боздақтардың  қыршын кеткен жасымен келген бұл Тәуелсіздік Ақын үшін жанынан да қымбат, бәрінен де ардақты. Системалар ауысып, формациялар өзгергенмен бұрынғы партноменклатураның билік басында қалуы; Билік тәсілдерінің аты өзгергенімен, заты өзгермеуі Ақынды қынжылтады. Отарсыздану процесінің жүрмеуінен орысша сөйлейтін, орысша ойлайтын, ұлттық тіл мен ділге пысқырып та қарамайтын тексіздердің төрде отыруы ашынтады. Ақын шын мәніндегі Ұлттың қамын бірінші орынға қоятын Ұлттық парламентті аңсайды, Ұлт тәуелсіздігіне орай Ұлттың сапалық тұрғыда жаңаруын күтеді:

Уа!

Қазтуғандай Ұлттық Ақын туған жұрт,

Ұлттық Батыр туған жұрт!

Ит пен құсқа кетті есем,

Аруағы асқан, айбыны,

Ұлттық Парламентке сен,

Босанасың қай күні?!

Уа!

Махамбеттей Ұлттық Ақын туған жұрт!

Исатайдай Ұлтты Батыр туған жұрт!

Көшкен жұртқа ілесе-

Ақ!

Көштен қалсаң - қауіп қыл:

Арғымаққа міне сап,

Астанаға шауып кір,

Ақ Ордаға шауып кір!

Рух шақыру, санасы сансыраған әлеуметті жігерлендіру, Ұлттық құндылықтарды асқақтату - Ел болудың басты шарты екені бүгінгі заманның талабы. Ұлттың бойына жұққан түрлі кесел, кесапат, сырқат атулы бойын буып, еңсесін жаздырмай тұрғанын Ақын сезеді. Сезеді де бағзыдағы Бақсылардың әдісіне салады: бұрынғы бақсылар ауру меңдеген адамды екі оттың арасынан өткізіп, отпен аластайтын болған. Ендеше, бізде, қадірлі жамағат, Ақын -Бақсының ұлттың рухани денесіне түскен сырқатын емдеуіне бірге қатысайық, ақын жырымен бойымыздағы бойкүйездіктен, қорқақтықтан, үрейден арылайық:

Көк Тәңірі!

Қай қиянға қашты үміт?

Асау жанды бір өзіңе тапсырып, -

Тыным табам...

Жоқ...

Қайтадан мына елге

Жібер Мені Бақсы ғып!

Екі жақта лапылдаған екі от тұр,

Екі от емес -

Тамұқтағы екі өрт бұл!

Екеуінің ортасында Алаш қап,

Оған енді Әзәзіл кеп бал ашпақ;

Қойлыбайдай бақсы керек бұл елге

Жын-періні қуатұғын аластап!

От-

Су-

Жер-

Жел-

Жұлдыз - міне, - Бес Ене.

Бес Енеміз - Маңдайдағы Пешене!

Бесеуіңді аластайын, Жын кетпей

Көгере ме көсеге,

Тоқтап қалған көшім өрге көше ме?!

Жерді жеп Сұм,

Енді Аспанды айқарды,

Күн күрсінді, алабұртып Ай қалды.

Алас!

Алас!

Шаңырағым шайқалды!

Алла қуған Сайтанға қос, Аруақ,

Жерде жүрген Сайтанды.

Алас!

Алас!

Ағып жатқан селмен кет!

Соғып тұрған желмен кет!

Босағамды күліп аттап жымиып,

Дастарханды тіліп кеткен елмен кет!

Алас!

Алас!

Есігіменен кет!

Керегемнің тесігінен кет!

Немеремнің бесігінен кет!

Жетімімнен - кет!

Жесірімнен - кет!

Кердең пендеңнің кесірінен кет!

Алас!

Алас!

Ділімнен кет!

Миды ашытқан іліммен кет!

Ит пен құсқа қор боп жүрген

Ұлы Ана Тілімнен - кет»!!

Бұлдыраған бумен кет!

Сарқыраған сумен кет!

Мен сімірген умен кет!

Төккен күлмен кет»

Батқан Күнмен кет!

Мүлдем, - кет!!!

Өзің қазған орға кет!

Сораң, сораң сорға кет!

Қайда кетсең - онда кет!

Кет...

Қара қарға қан-жініңді шоқып көп.,

Көкіп кетіп бара жатыр, көкіп кеп.

...Мен аластап тұрған кезде, Алашым,

Кел! Екі оттың ортасынан өтіп кет...

«Qogam.kz» сайты

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2167
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2570
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2446
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1671