Жексенбі, 28 Сәуір 2024
46 - сөз 9021 3 пікір 25 Желтоқсан, 2017 сағат 08:49

"Бизнес бастау". Өтірік пен шынның арасы

«Бизнес Бастау» кәсіпкерлік мектебінің жетекшісі Ахметбек Нұрсила мырза
1) кәсіп ашуға қажетті құралдарды меңгертеміз;
2) нишаңызды таңдауға көмек береміз;
3) әрбір қазақтың айлық таза табысы 1 миллион теңгеден кем болмауы тиіс дейді.

РАС ПА? ӨТІРІК ПЕ?

Мен 2015 жылдан бері Ахметбек мырзаның не істеп келе жатқанын сырттай да, іштей де бақылаудамын. Сонда түйгенім: оның айтқаны мен істеп жүргені бір-біріне сай емес! Сондықтан алданып қалмаңыздар!

1) Иә, кәсіп ашуға қажетті құралдармен таныстырады, бір аптада бір құралды үйретеді, үйрене алмасаңыз, одан әрмен қинайды. Бұл азап 8 аптаға созылады.

2) Ниша таңдауға да көмек беретінін де жоққа шығара алмаймын. Бірақ сол сонша маңызды ма? Ниша деген қуыс қой, қазір не көп, қуыс көп, өзіңіз де тауып алмайсыз ба? Сол үшін біреуге ақша төлейсіз бе?

3) Қазіргі күні айлық табыстың расында да миллионнан кем болмағаны жөн ғой, сол уәдеге елтіп, аузыңыздың сілекейін жинай алмай да қаласыз.
Міне, содан кейін қызық басталады. Сіз күтпеген, Сіз қабылдауға дайын емес тетіктер іске қосылады. Күндіз күлкіні, түнде ұйқыны жоғалтасыз! Жүйкеңізге, тәніңізге, жаныңызға жат нәрселерге араласуыңызға тура келеді.

1. Бұған дейінгі қалыпты өмірден, тыныштықтан айрыласыз. Сағат тілі кері айнала бастайды.

2. Өзіңіздің экономикалық қандай жағдайда екеніңізді бағалағанда шошитын жағдайға жетесіз. Жетеңіз болса, әрине!

3. Санаңызда серпіліс, тіпті жарылыс болады. Тарс-тұрс! Бум-бах, ба-бах!!! Бітті деңіз!

4. Кейде бұрын уәде еткен құралдары ескірген болып шығады да, жаңаларын, заманауиларын үйрете бастайды. Мәскеуден, Лондоннан оқып келгендерін тықпалайды. Өзінің де бизнес тәжірибесі сарқылмайды.

5. Рухыңыз оянып, тәніңізге тыныштық бермейді: таңғы бесте бірдеңе соғып кеткендей атып тұратын боласыз! Өзіңізден өзіңіз медитация, неше түрлі жаттығу жасай бастайсыз! Тіпті жексенбі сайын Тауға шығып кететін әдет қалыптасады!

6. Телевизор көруден, тізбектелген, өмірі бітпейтін сериалдардан еркіңнен тыс ажыратады. Мұнысы, әсіресе, жас та сұлу қыздарға, әдемі келіншектерге қиындау тиеді. Жас бұзауды енесінен ажыратқанмен бірдей десем өтірік емес. Обал, әрине!

7. ҰБТ тапсырғаннан соң өлсем көрмеймін деп, араздасып, бетіне түкіріп, күресінге тастап кеткен кітап деген пәлені іздей бастайсыз. Және де бар ғой, анау-мынау кітапты менсінбей, бизнес кітаптарды мақсатты түрде оқуға бет бұрасыз. Сізден жақындарыңыз да шоши бастайды.

8. Бұрын тек сырттай білетін, «іріп-шіріген» капиталистермен араласа бастайсыз. Өздерін «Бизнес орта» деп әспеттейтіндер сізге үйірсектей бастайды, орталарына тартады. Қандай ойлары бар екенін кім білсін?! Біртіндеп олардың қылығын, сөздерін қабылдап, қайталай беретін боласыз.

9. Жоғарыдағы әрекеттердің салдарынан күндіз өңіңізде, түнде түсіңізде ақша санай бастайсыз. Он мың, елу мың емес, жүз мың, миллион деген сандар жаулайды санаңыз бен есеп-шотыңызды.

10. Ақша санауға енді үйрене бергенде тағы бір мазақ алдыңыздан шығады: «ақшаны жүрегіңізге түсірмеңіз, біз ақша табу үшін кәсіп ашпаймыз, бізге керегі адамның сапасы, қазақтың сапалы болғаны» дейді. Түсініп көр! Сонда кәсіпті не үшін ашасың?!

11. Және ең бір қорқыныштысы заманалық жастарға тән клиптік, фрагментарлық санаңызды қайта пішіп, тұтастандыруға тырысады.

12. Скальпельмен бе, әлде лазермен бе, әйтеуір көзіңіздегі шелді сылып тастау керек деп «көзмикрохиругиясына» сілтейді. Бұл қызметі қосымша ақыға ма, әлде тегін бе, біле алмай жатырмын.

13. Декларация тапсыртады. Яғни өзіңізге өзіңіз жазбаша «осыншама уақытта осыншама адал табыс табамын» деп уәде бересіз. Мұны әрине, еркіңізден тыс, колхозға кіргізгенде қинағандай етіп отырып, қолыңызға қағаз-қалам беріп, жұрттың көзінше істетеді. «Сөздің құны» дегені бар. Орындай алмасаңыз, сол құнды төлейсіз.

Жә, осымен доғарайын, кейінге де сөз қалдырайын. Ұзын сөздің қысқасы, барар жолдың нұсқасы сол, жалшы болып жайлы өмір сүруден жалыққан болсаңыз, өзіңізге өзіңіз жауапкерлік арқалағыңыз келсе, жылына кем дегенде бір рет отбасыңызбен шетелде демаламын деген, жұрттан, жақын досыңыздан жасырып жүрген арам ойыңыз болса, «Бизнес бастауға» барыңыз! Мен ескерттім! Алданып қалып, менен көріп жүрмеңіз. Әскерден де қатал тәртібі бар, табандылықты, сертке адалдықты, рух тазалығын, намыс беріктігін шыңдайтын мектепке балаларын беріп, оқытып алған бай бизнесмендерді көрген соң айтып отырмын. Байлардың балалары барып жатқан жерге байқамай барып қалып жүрмеңіз. Күнделікті күйкі тұрмысынан жерініп, кәсіпкерлік мектепке амалсыз барып жүрген кедейлердің саны тіпті көп. Бәрінің дәмесі зор! Көрерміз!

Менің өзім, осы Қарағандыдан екі-үш жас келіншекті білемін (біреуі біздің ауылдың келіні), тып-тыныш 60-70 мың жалақы алып отырған жұмыстарын ойланбай тастап кетті. Ақыр соңында не болғанын білсеңіздер! Күйеулерін асырауға көшті! Масқара деген сол! Ерлері не істерін білмей жүр.

Келіншектерінің табыстары олардың жалақыларын бірнеше есе орап алатын мөлшерде. Тоқтайтын түрлері жоқ.

Қаңтардың 3-інде ББ-ның командасы Еуротурға кетпекші! Еуропаның 7 елінің 10 қаласын шелі сылынған көздерімен көріп, өз аяқтарымен таза көшелерін баспақшы. Жолдары болсын! Олар турда жүргенде біз мұнда емін-еркін демалып алайық.

Болат Сыздық

Facebook-тегі парақшасынан

3 пікір