Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алаң 7053 45 пікір 22 Желтоқсан, 2017 сағат 11:41

АҚШ банкі Қазақстан Ұлттық қорының 22 миллиард долларын бұғаттады

"Мәссаған безгелдек" дегеннің көкесі міне болды. АҚШ-тың "New York Mellon" (BK.N) банкі Қазақстанның Ұлттық қорына тиесілі 22 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі активін бұғаттағанын хабарлады. Бұл шешім Қазақстан үкіметі мен молдовалық инвестордың арасындағы дау өршіген кезде қабылданған. Бұл ақпарат "regnum.ru" сайтынан алынды. Сондай-ақ, "РБК"-ның украин қызметі де бұл ақпаратты растап отыр. "Рейтерс" агенттігі де аталған ақпаратқа шолу жасапты.

Молдовалық кәсіпкер Анатол (Анатолий) Стати мен оған тиесілі бірнеше компания Қазақстан үкіметін өздерін шығынға ұшыратты деген арыз бойынша бұған дейінгі бір сотта жеңіп шыққан. Банктегі дерек көзінің айтуынша, енді арызданушы шығынын өтеу туралы шағым түсіріп, Қазақстанның мұнай табысынан құралған Ұлттық қорының 40 пайызын бұғаттауға қол жеткізген. Бұл 500 миллион доллардың ісі.

Нидерланды-Британия-АҚШ-Швеция-Стокгольм

Бұл жанжалдың тууына Қазақстан үкіметі мен молдовалық әкелі-балалы кәсіпкерлер Анатол және Габриэль Статилердің арасындағы бірнеше жылға созылған сот процесі себеп болған.

Кәсіпкерлер Қазақстанның мұнай мен газ саласына инвестиция салған соң мемлекеттің өздеріне үлестерін арзанға сат деп қысым жасағанын мәлімдеген.

Қазақстан билігі бұл айыптауды теріске шығарады. Бірақ Анатол мен Габриэль Статилер және Ascom Group S.A. мен Terra Raf Trans Traiding Ltd. атты тағы екі компания Қазақстан үкіметін халықаралық сотқа беріп, жеңіп шыққан. Сот Астананы 500 миллион өтемақы төлеуге міндеттеген.

Ұлттық банк дәл осы молдовалық кәсіпкерлерге қатысты 500 миллион доллардың ісін қайта қарауға Британ сотына өтініш жазып, шағымданған екен.

АҚШ-тағы сот процессінде Халықаралық трибунал Қазақстанның Ұлттық банкіне қарсы шешім шығарған болатын.

Ал Шведциядағы аппеляциялық процесс молдовалық кәсіпкер Статилерге қарсы шағымды қарамаған. Бұл туралы 26-қазанда ҚР Әділет министрлігі мәлімдеген еді. Ал 9-желтоқсанда "Свеа" аппеляциясы арбитражды шешімді күшінде қалдырды.

Бұдан кейін Қазақстан тарабы Стокгольм сотына қайта шағымданатынын мәлімдеді.

Ал жаңағы Стати ісінен кейін Қазақстан Ұлттық қорының 40 пайыз активі бұғатталды. Осыған дейін Еуропада қазақстандық компаниялардың активтері бұғатталғаны мәлім болған.

Әсіресе, Амстердам соты ҚР Ұлттық қордың қаржысына шектеу қойған.

Лондондағы Legal & General Investment Management компаниясның инвестиция бойынша сарапшысы Саймон Куиджано-Эванс бұл шектеу шарасын бұрын-соңды болмаған оқиға деп санайды.

- Егер ұлттық қордың 40 пайызы бұғатталып қалса, оны ашудың жолы табылмаса, саясаткерлер алаңдайтын тықыр таянды деген сөз, - деді сарапшы "Рейтерске".

Бұл хабар жариялана сала Қазақстандағы доллар бағамы әлсіреп, теңге 0,6 пайызға күшейген.

- Теория бойынша бұл қор - мемлекеттік институт, сол себепті елдің орталық банктері мен әл-ауқат қорлары қайта ойлануға мәжбүр болуы тиіс. Өйткені бұған дейін бұл активтерге салыстырмалы түрде қауіп жоқ екеніне сеніп келген, - деді Куиджано-Эванс.

Назарбаев шетелдегі ақшаны елге қайтаруды ескерткен

Бір апта бұрын Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев үкімет мүшелерінен ірі мемлекеттік компаниялардың шеттегі капиталын елге қайтаруды талап етіп, қатқыл сөйлеген. Мұнайға бай елдің басшысы дерек көзін айтпай келтірген мәліметке сәйкес, "отандық 18 компания 12,5 миллиард доллар қаржысын шетелде ұстап отыр.

Қазақстан президенті нақты қандай ақша туралы айтып отырғанын атап көрсетпеді. Бірақ ол: "Еркелегендеріңіз жетеді. Яхта сатып алдыңыздар, басқа елдерде үй, коттедждеріңіз бар. Біз әлі ешкімді тексерген жоқпыз, ақша тауып алсын деп мүмкіндік бергіміз келді. Бірақ мұның барлығын сіздерге мемлекет бергенін ұмытпаңыздар. Егер премьер-министр айналыса алмаса, өзім айналысамын" деп қатты сөйлеген.

Нұрзат Тоғжан

Abai.kz

45 пікір