Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4878 0 пікір 3 Қараша, 2017 сағат 14:55

Рухани жаңғыру: Ұлттық олимпиадалық комитеттің рөлін күшейту керек

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған  кестелі сөз, кесек ойлар  ел аузында жүр.

Бұл еңбегінде Нұрсұлтан Назарбаев елес идеологияларға ермей, заманға сай амал етуге үндейді. Таяу онжылдықтың ұраны реализм мен прагматизм болуы керек дегенді меңзейді. Ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, өткеннің кейбір кертартпа тұстарынан арылуымыз керек дегенді айтады. Бұл – рухани жаңғырудың жалғыз шарты.

Біз бүгін Қоғам қайраткері, қаламгер ағамыз Жабал Ерғалиевпен «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы жайлы аз кем әңгіме өрбіттік.

-Жабал аға, Ұлттық құндылықтарды келесі ұрпаққа жеткізу үшін біз өзіміздің ұлттық кодымызды сақтауымыз керек. Ұлттық кодымызды сақтау үшін не істеу керек?

-Біз өзіміздің мәдени, тарихи құндылықтарымызды дамыта отырып, әлемнің жақсы қаситеттерін бойымызға сіңіруіміз керек.

Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен. Президенттің ой-пікірлері бабалардың ұлағатымен астасып жатыр. Аталарымыз ұлы дала мен ұлы мәдениетті мұра етті. Ол  – жалпыға ортақ құндылық. Демек, мақала елде тұрып жатқан барлық ұлыстарға бірдей айтылған. Бұл орайда Ассамблеяның астына біріккен ұлттардың ұраны Елбасы ойларымен ұштасты.

-Жабал аға, сіз қоғамдағы өзекті мәселелер жайлы көптен бері жазып жүрсіз. Осы жолға Елбасының мақаласы жайлы ойыңыз қандай?

-Президенттің әр мақаласы шыққан сайын, ерекше көңіл аударып,  әр сөзіне зейін салуға тарысамын. Кейде оқығаннан түйген  ойыммен бөлісіп отырамын.  Жақында ғана «Егемен Қазақстан»  газетінде  Нұрсұлтан Назарбаевтың   «Ұлы  Дала  ұлағаттары»  атты ой толғауы жарық көрді. Осы  туындыға қатысты менің «Әлемге, Ғарышқа, Болашаққа жол ашқан Тұңғыш!»  атты  мақалам жарық көрген болатын. Енді  бағдарламалық мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыруды»  тұшына оқып шықтым. Қазір де оны ой елегінен  өткізіп отырамын.

-Аға ,сіз үлкен саясата жүрсіз. Айтыңызшы, осы қазақтың болашағы әм болашақтың адамы қандай болуы керек?

-Болашақтың адамы қандай болу керек,  бұл алмағайып заманда адамзат өзінің нақты бейнесін жоғалтып алмауы үшін не істеуі керек? Елбасы осы сынды  күрделі сұрақтарға  жауап  берген. Елбасы ХХІ ғасырда адамның ұлттық  санасының  негізгі құрамын зерделеген.  Жаһандық философиялық тоқтамға келген. Меніңше, бұл мақаладағы философиялық тәмсіл тек қазақстандықтарды ғана емес, әлем халықтары мен жалпы адамзатты ойландырады. Себебі, Нұрсұлтан Назарбаев адамзат алдындағы проблеманы көтеріп отыр

-Жабал аға, мақалада айтылғандай, ұлттық код - ол ұлттық дәстүр, ұлттық ғұрып. Ұлттық спорт, ұлттық өнер... Сіз осы тұрғыдан, ұлттық спорт жайлы, Ұлттық олимпиадалық комитеттің рөлін күшейту керек деген бір қызық пікір айтыпсыз...

-Біз бүгінгі және келешектегі өзіміздің әр ісіміз бен әр ойымызды, иделогиямыз бен саясатымызды Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» терең ойлы еңбегінде айтылған қағидаттармен байланыстыра білуіміз керек деп санаймыз. Осы орайда алдағы уақытта мына бір жайларға назар аударғанды жөн деп таптық: ұлттық жаңғырудың ендігі басымдықты бағыттарында біздің ұлттық спорт ойындары да  тұруға тиісті болса керек. Өйткені ұлттық спорт та ұлттық сананы, ұлттық рухты қалыптастырудың ұлттық коды болып саналатындығын да ұмытпағанымыз абзал. Әрине, заң жобасында Ұлттық олимпиадалық комитетінің рөлін күшейту, Олимпиада спорт түрлері бойынша талантты спортшыларды даярлауды жақсарту ұстанымының көрініс табуы да жөн, өте орынды. Алайда ұлтық спорт ойындарымыздың бәрі бірдей олимпиадалық ойындар қатарына енуі де мүмкін емес. Бұл талас тудырмайтын мәселе. Сондықтан ұлттық спорт ойындары бойынша Қазақстанның өз олимпиадасы болғаны дұрыс

-Осы орайда елімізде ұлттық спорт ойындарын дамытудағы насихаттау шаралары жеткіліксіз деп ойлайсыз ба?

-Негізінен, ұлттық спорт ойындарымен айналысатын ауыл балалары мен жастары. Сол ауылдың балалары мен жастары кей жағдайда ұлттық спорт түрлерінен өткізілетін жарыстарға баратын қаржы мен көлік таба алмай қиналып жатады. Қазақстанда ұлттық спорт ойындарының жеңімпаздары мен чемпиондарының жетістіктерін де ешкім біле бермейді. Олар дәріптелмейді, айтылмайды, насихатталмайды.

-"Сананың жаңғыруы-ұлттың сапалық жаңаруы" деді Елбасы... Осы жайлы айтайықшы...

-Қазақта «санасына берсін» деген сөз бар. Дана халқымыздың осы бір ауыз сөзінің төркінінде адам баласының ойы ашық, көкірегі зерек,өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілеті мен сезім түйсігі болса етті деген ой жатқандай. Енді  біз айтып отырған осы ой ашықтығы, көкірек зеректігі , өз заманы мен өз ортасының ахуалын терең зерделей алар қабілет пен  сезім түйсігін жаңғыртудың жаңа кезеңі келгендей.

Бұл орайда Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты  пайымды көзқарасын қызыға оқып шықтым. Әлі де оқып, әлі де зерделеу үстіндеміз.  Бұл жай бір мақала емес, бұл бүгінгі заманның айнасы, болашақтың бағдары.  Елбасы ХХІ ғасырдағы ұлттық сананың негізгі  тұғырнамасын терең саралай отырып, ғаламдық философиялық тұжырым жасағандығын айту абзал.

Елбасының осы сананы жаңғырту философиясы бір ғана біздің, яғни қазақстандықтардың ғана емес, әлем халқын, барша Адамзатты ойландырар  ұстанымдамын. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев жалпы Адамзаттық мәселені алға тартып отыр.Ендігі адам баласы қандай болуы керек және де бүгінгі аласапыранды заманда өзінің адами бітім болмысынан ажырап, тіпті ой санасы адаса да бастаған адамзаттың не істеуі керек? Елбасы осы бір өзекті  мәселеге жауап береді.

«Болашақта ұлттың табысты болуы оның табиғи байлығымен емес, адамдарының бәсекелік қа­бі­летімен айқындалады. Сондықтан, әрбір қазақ­стандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек»-, дейді Елбасы. Сондықтан да Елбасының  ком­пьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мә­дени ашықтық сияқты алға тартып отырған факторлары біздің қоғамның берік ұcтанымына айналып, осы бағытта тынымсыз жұмыстар жүргізуді талап етеді. Сол үшін де  Елбасы «Цифрлы Қазақстан», «Үш тілде білім беру», «Мәдени және конфессияаралық келісім» сияқты бағдарламалардың қолға алынуы ол біздің  халқымызды ХХІ ғасырдың талаптарына  сай даярлаудың  алғашқы қадамы екендігін  үлкен бір жанашырлықпен айтып отыр.

Елбасы прагматизм мәселесіне келгенде «Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған қасаң қағидаларды өзгерт­пейінше, біздің толыққанды жаңғы­руымыз мүмкін емес»-, дейді.  Біз үшін аса маңызды да қажет жай осы деп білеміз!

Бұл орайда Елбасының «Прагматизм – өзіңнің ұлттық және жеке байлығыңды нақты білу, оны үнемді пайдаланып, соған сәйкес болашағыңды жоспарлай алу, ысырапшылдық пен астамшылыққа, даңғойлық пен кердеңдікке жол бермеу деген сөз. Қазіргі қоғамда шынайы мәдениеттің белгісі – орынсыз сән-салтанат емес. Керісінше, ұстамдылық, қанағатшылдық пен қарапайымдылық, үнемшілдік пен орынды пайдалану көргенділікті көрсетеді. Нақты мақсатқа жетуге, білім алуға, саламатты өмір салтын ұстануға, кәсіби тұрғыдан жетілуге басымдық бере отырып, осы жолда әр нәрсені ұтымды пайдалану – мінез-құлықтың прагматизмі деген осы. Бұл – заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі»-, деген ұлағатты сөзін ендігі арада әрқайсымыздың әр ісімізде, күнделікті тұрмысымызда санамызда жаңғырып тұруға тиісті.

-Сізге, көп рақмет, Жабал аға!

Пікірелескен Ерғали Берікұлы

Abai.kz

0 пікір