Дүйсенбі, 20 Мамыр 2024
3044 0 пікір 6 Тамыз, 2017 сағат 19:45

Ілеспе аударма – бекзат өнердің бірі

Қазақ тілінің қолданылу аясын кеңей­ту мәселесімен шұғылданып жүрген және оны тек қазақи ортаның, той-томалақтың тілі ғана емес, мемлекеттік мәні бар мәселелер қаралатын ірі жиындардың, ғылыми конференциялардың, көп тарапты кездесулердің жұмыс тілі болу деңгейіне жеткізуді көздейтін адамдарға ілеспе аударма дегеннің не екенін түсіндіріп жатудың өзі артық. Жиындарды ілеспе аудармамен қамтамасыз ете оты­рып, қазақ тілінде өткізу қажеттігі туралы Мемлекет басшысы өткен ғасырдың 90-шы жылдары-ақ айтқаны көзіқарақты оқырманның есінде болар деген ойдамыз. Одан кейін де бұл мәселеге тұлғалы азаматтар тарапынан аз назар аударылған жоқ.

«Тіл мәселесі Үкіметте, министрлік­тер мен ведомстволарда ара-тұра әңгіме болудан әрі аспай тұр…», «Қаржы және банк жүйесі қазақ тілінде сөйлемейінше, мемлекеттік тілдің қолданылу аясы кеңеймейді», «Үкімет үшін экономикалық даму бағдарламасы, өмір сүру, тіршілік ету мәселелері қаншалықты маңызды болса, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту мәселесі де сол деңгейде болуы тиіс» деп депутаттар Қазақстан Республикасы Премьер-министріне депутаттық сауал жолдаса, бұл ойларды одан әрі тереңдете түсетін пікірлер де баршылық: «Іс-шараларды жайлап жүзеге асыра отырып, қазақ тілінің қоғамдағы қажеттілігін арттыра беру керек. Ол үшін халықаралық деңгейдегі кездесулер, конференциялар, басқосулар тілі қазақ тілі болуына ықпал ету керек, қажет болса талап ету қажет» (филология ғылымдарының докторы Ж.Әбуов, «Полимәдениет және полилингвизм – Қазақстандағы этносаралық келісімнің және саяси тұрақтылықтың факторлары» дөңгелек үстелінде жасаған баяндамасынан).
Бұл пікірлер мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, жиындар тілі қазақ тілі болуына қол жеткізуге зиялы қауым өкілдерінің ынтасын айғақтайды. Атқарушы билік тарапынан да бұл мәселеге қолдау көрсетіліп, түрлі деңгейдегі жиындар өткізілуде. Бірақ «халықаралық деңгейдегі кездесулер, конференциялар, басқосулар тілі қазақ тілі болуының» тиімді тетігі – ілеспе аударма екендігіне тиісті дәрежеде мән берілмей, яғни сөз бен іс әлі қабыспай келеді. Мысалы, Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының халық талқысына ұсынылған бастапқы редакциясында ілеспе аудармашыларды дайындау туралы тармақша болатын. Өкінішке қарай, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге үлес қосу тұрғысынан алғанда аса ықпалды осы тәсіл – ілеспе аударма, ілеспе аудармашыларды дайындау туралы тармақша бағдарламалық құжатты талқылау сатыларында түсіп қалыпты.
Бұған бағдарламаны іске асыруға қажетті шығындарды азайту үшін барды дейін десек, ілеспе аудармашыларды дайындауға соншалықты көп шығын шықпайтыны анық. Себебі ілеспе аудармашы – аудармашы сияқты бірнеше жыл оқытылатын, сондай-ақ жүздеген адамды жаппай дайындайтын мамандық емес. Әдетте ілеспе аудармашылар бастапқы мамандығы, аударма жасау дағдысы бар адамдардың ішінен іріктеліп алынып, қысқа мерзімді курстарда дайындалады. Сондай-ақ Алматы сияқты ірі мегаполис­те және түрлі жиындар көп өткізілетін Астанада әрқайсысында оншақты, облыс орталықтарында 2-3 ілеспе аудармашыдан болса жеткілікті. Сондықтан бұл тармақшаның қысқартылуына жалпы жұртшылықтың, соның ішінде бағдар­ла­маны келісу рәсімдеріне қатысқан адам­дардың бұл саладан мағлұматы аз екендігі әсер еткен болуы керек деген ой келеді.

Елімізде ілеспе аударманың пайда болуы мен дамуын ұзақ жылғы зерделеуіміз мына жайларға көз жеткізгендей: мұндай аударманы өзінің ұйымдастыратын іс-шарасына терең мән беріп, оның қоғам өміріндегі белгілі бір проблемаларды шешудегі маңызын түсінетін; сонымен бірге жиынға қатысушыларға құрметпен қарап, олардың уақытын тиімді пайдалануды; жиында көтерілген мәселелердің көпшілікке түсінікті болуын; ол мәселелер бойынша барынша мол, жан-жақты ақпарат жинақталуын; айтылған мәселелер бойынша келешекте қабылданар шешімнің ортақ тұжырымдамасы түзілуін көздейтін ұйымдар, мекемелер жүзеге асырады. Сондай-ақ осы жылдары байқаған тағы бір жайды айтпай кетуге болмас: әдетте, жиындарын ілеспе аудармамен қамтамасыз ете отырып, қазақ тілінде өткізу сол іс-шараны ұйымдастырушының (бұл жерде: ұйым, мекеме басшысының) патриоттық болмысына, олардың жеке басының қазақ тілін білу-білмеуіне тікелей байланысты болатын жай жиі кездеседі.

Елімізде өткізілетін жиындарға келген шетелдік қонақтар сөйленетін сөздерінің міндетті түрде қазақ тіліне аударылуына мән береді. Себебі бұл – бүкіл дүниежүзінде қабылданған әдеп нормасы. Өркениетті елдердің өкілдері үшін оны орындау – заңдылық. Бәрін бүлдіретін – өз отандастарымыз. Бұған да бірнеше жыл бойғы ілеспе аудармашылық тәжірибемізде көбіне «жиналғандардың барлығы да орыс тілін түсінеді ғой» деп қарайтын қазақстандық тараптың ыңғайына қарап аударманың шет тілінен орыс тіліне ғана жасалуына ден қойылатынына көз жеткіздік.

Айталық, әлемге әйгілі «Worley Parsons» компаниясының Астанада кеңсесі ашы­луына байланысты өткізілген тұсауке­серде Ұлыбританияның Қазақстан Респуб­ликасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Пол Браммелл мырзаға сөз берілді. Ол кісінің аздап орысша сөйлейтінін білетіндіктен, аудармашылары шет жақта, бізбен бірге тұрған. Микрофонға таяған Елші біздер жақты көзімен шолып, қолын бұлғады. Өзіне қарай беттеген ағылшынша-орысша аудармашыны тоқтатып, маған жақындады да, «плиз, казакша» деді. Жоғары лауазымды тұлғаның өз сөзінің қазақшаға аударылуына мән беріп тұрғанына куә болған басқа шетелдіктер де осы жолды ұстанды. Ал өз қандастарымызға бұл жай ой сала қойған жоқ.
Тағы бір мысал келтірейік. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының Алматыда өткен екінші оты­рысында Қытай делегациясы қазақшадан қытайшаға және керісінше аударатын қазақ қызын ерте келді. Жиынның басқа делегаттары түсінуі үшін екі күн бойы өткен жиналыста қытайлық делегаттардың сөйленген сөздерін сол қыз қазақ тіліне аударып, одан әрі ағылшын, араб тілдеріне аударатын аудармашылар үшін біз қазақ тілінен орыс тіліне ілеспе аударма жасадық. Уақыт өте сұңғыла көршілеріміз мұндағы «орыс тілін бәрі түсінеді» деген ұстанымды ұға қойған болуы керек, кейінгі жиындарға қазақ тіліне аударма жасайтын маман әкелмейтін болды.
Халықаралық деңгейдегі жиындарға қатысып жүрген, жай қатысып қана қоймай, сондай жерлерде сөз сөйлеп жүргендер – ілеспе аударма тілдің қолданылу аясын кеңейтудің қуатты құралы екендігін жақсы білетінін және сол мүмкіндікті барынша пайдалануға тырысатынын атап өту парыз. Мысалы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі Хатшылығының басшысы Қ.Тоқаев съезд делегаттарымен 5 тілде емін-еркін пікір алмасып отырса да, съезді және Хатшылықтың отырыс­тарын тек қазақ тілінде жүргізіп келді. НАТО-ның «Роуз-Ротт» Парламенттік ассамблеясының Астанада өткен 71-ші семинарының модераторы болған сенатор Қ.Сұлтанов та семинарға қатысушыларға ілеспе аударма жасалып жатқанын хабарлай отырып, семинарды бастан-аяқ қазақ тілінде жүргізді. Соңғы жылдары ара-тұра болса да мұндай мысалдар кездесіп қалатыны қуантады.

Камал ӘЛПЕЙІСОВА

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2169
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2571
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2447
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1672