Жұма, 26 Сәуір 2024
Әдебиет 10783 15 пікір 6 Желтоқсан, 2017 сағат 14:01

«Мен-жындымын» романындағы көз немесе бір тамшы у      

«Мен-жындымын» романын екінші рет оқып шықтым. Шығарма жеңіл оқылады. Логикалық дәлдік көркем тілмен әдемі астасып, санаға бірден сіңеді. Автор қоғамдағы  өзекті мәселелерді ащы  сарказммен әжуалап, барынша шебер суреттейді. Жазушының қаламынан туған сюжеттердің  бәрінде қоғамның жан жарасына айналған, шешімін күте-күте «қазаннан» тасып, төгілу шегіне жеткен, өзекті өртеп жүрген  әлеуметтік мәселелер  нанымды баяндалады. Кез-келген қаламгер басынан кешкен тіршілік тауқыметін ақыл-ой мен түйсік сүзгісінен өткізіп, жүрекке жеткізе жаза алса, ондай туындының ешқашан өлмейтіні аян. Романдағы бас кейіпкер – Тауфихтың тағдыры автордың өмірінен алынған деуге құқымыз болмаса да, кейіпкер мен автордың бейнесі ұқсайтыны рас.

Әдеби шығарма ұшқыр қиялдан бастау алып, түрлі оқиғалар тартысты сюжеттермен, жымдасқан композициямен өріліп, тақырыбы идеясымен, түйінімен кірігіп үйлессе,  оқырман санасына судай сіңетіні сөзсіз. Т. Сәукетаевтың «Мен-жындымын» романы иіріміне еріксіз тартатын, талғамы терең оқырманның ішкі дүниесін мойындататын, жүрекке жеткен шығарма. «Айтпаса сөздің атасы өледі», деген қазақтың ұрпағымыз. «Қойшы көп болса, қой арам өледі», дегенді де атам қазақ айтқан. Ал, әдебиетте сыншы көп болса, керісінше, сын өткір болса, әдеби шығармаларды қайрап, қаламгерлерді қамшылай түседі деп ойлаймын.  Бірақ, «Әннің де естісі бар, есері бар» дегендей, сынның да сұрқайы бар, сұңғыласы бар.

                                        ТАҚЫРЫП  ҺӘМ  ИДЕЯ

«Тақырып пен идея – әдеби шығарманың мазмұны. Ал, әдеби шығарма мазмұнды болу үшін, Ибсен  айтқандай, әдебиетшінің өзінің өмірі мазмұнды болуы керек», дейді кемеңгер ұстазымыз, ғұлама әдебиет зерттеушісі Зейнолла Қабдолов.  Ары қарай романның жазушы өмірімен тығыз байланысты екені айтпаса да түсінікті.

Роман түйінді тақырыптан басталады. «Мен жындымын» деген атауы  өмірдің өзі тудырған философиялық түйінді тақырыпқа жатады. Бас кейіпкер Тауфихтың тағдыр сергелдеңінен кейін: ішкі толғаныстан, психологиялық тартыстан, күйзелістен, рухани азап шегуден туған тақырып.

Әдеби шығармаларда сан алуан тақырып бар. Астарлы тақырып, философиялық тақырып, салыстырмалы тақырып т.с.с. жалғаса бареді. Ал, түйінді тақырып сирек кездеседі. Түйінді тақырып – шығармадағы бүкіл оқиғаның композициясын  шеңберіне сыйдырып, оқырманға тосын, шынайы ой салуымен ерекшеленеді. Өмір көріністерін қаз-қалпында суреттейтін осы шығарма бүгінгі қоғамдағы адамдардың бет-бейнесін ащы сарказммен аяусыз әшкерелейді.  Қоғамдық формацияның кемшілігін  үшкір қаламымен найзадай түйреген жазушы Тауфихты қауіпсіздік комитеті қызметкерлерінің  қырағы бақылауға алуы – қаламгер идеясының өткірлігіне дәлел.

Романның идеясы -- бүгінгі күні  өгізді өлтіріп, арбаны сындыратын көптеген қоғамдық мәселелерді ащы мысқылмен әжуалаумен қатар, жақсылығы мен жамандығы, ізгілігі мен қатігездігі қабаттасқан шым-шытырық өмірді де сынауға және адам бойындағы жан жылуын, ар-ожданды, жүрек тазалығын сақтауға  негізделген. Мысалы, романның «Сауна» деген бөлігінде тасы өрге домалап, қалтасы қалыңдап, көзіне шел біткен кәсіпкер Мақсат Сартаичтың қызметкерлерін саунаға апарғаны баяндалады. Бұрыннан қыздардың «қызығын» көріп, еттері өліп кеткен еркектердің өрескел әрекеті, еркек атаулының құшағында жанды қуыршаққа айналған қыздардың жиіркенішті қылығы Тауфихтың жүрегін тітіркендіріп, нәпсі қуған ортадан бас сауғалатады.

«- Әй, шал . . . бол! – деді төсекке шалқая беріп қатқыл дауыспен. – Махаббатты үйге барған соң кемпіріңнен сұрарсың. Мен жұмыс үстіндегі адаммын. Уақыт ақша. Әлі төрт клиентке қызмет көрсетуім керек!..  ...Зорыққан кәрі өгіздей бақыраймай, істейтініңді істесеңші», дегендей тықыршыған тыржалаңаш сайқалдан шошынып шегіншектей бердім...» деп күйінеді кейіпкер «Сауна» атты бөліктегі өмірдің өзінен алынған үзіндіде. «Менің аппақ, аңқау, алаңғасар жүрегімді шырылдатып, күнәнің қара қақпасына қарай сүйрей жөнелді...» деп, жүрегін таза ұстау үшін саунадан да қашады. Ұлттың болашағы – ұрпақты өрбітуге тиіс қыздардың  жезөкшелікті кәсіп етіп, өз жатырын өзі қан қақсатып жатса да, ұлтының келешегін ойлап жаны ауыратындар болмаса, өзгелері  селт етпейді.  Қоғам болып тұтасып, жегі құртқа айналған зинақорлықпен  күреспейді. Жазушы өз есебін ғана түгелдейтін Сартаич сияқты тоғышарларға қаламды найза - қару етіп күрес ашады. Алайда, Тауфих тоғышарды жеңе алмай, одан жеңіліс табады. Оның жеңілуінің өзі – шындықтың жолы ұстараның жүзімен жүріп өткенмен тең, өткір  жүзінен қаймықпай өте алмасаңыз, табаныңыз тілініп, он екі мүшеңіз арса-арса болуы мүмкін, деген ойды санаға сіңіреді.

Тауфихтың күресі мұнымен бітпейді. Тіршілік үшін күрес адамның басын тауға да, тасқа да ұратыны бесенеден белгілі емес пе. Ар-ожданнан айырылған екі жүзді пенделермен  тартысып күн кешетін ол жан сарайына қылау түсірмеу үшін  отқа да күйеді, суға да түседі. Күн көру үшін базарда сауда да жасайды. Сөйтіп жүріп өтірікті шын, шынды Құдай  ұрғандай қылатын өмірді әбден көреді.

«Кейде қаламның  ұшынан тіріліп жатқан өмірден шошынып, ышқына орнымнан ұшып тұрамын. Қоспасы, боямасы жоқ шынның өзі. Мен оны күнде көремін, дәл бұлай сезініп, түйсінген емеспін.  «Япырау! Сен осындай ма едің?»  деймін тыржалаңаш дірдек қаққан ит тірлікке қарап»,  деп  ой түйеді, «Өмір сен осындай ма едің?» деген бөлікте.

Тақырып пен идеяны көркем тілмен өрнек пен арқаудай сұлу өре білген, автордың романын қолға алып оқыған адам боямасыз шығармасыны құныға, жалықпай оқитыны осыдан болса керек. Қаламгер өзі өмір сүріп отырған қоғамның қалтарыс-бұлтарысын, бүге-шігесін жетік білмесе, түйінді тақырып, оқырман ойын таластыратын идея тудыру аса қиын болар. Тағдыры сергелдеңге түскен Тауфихтың тауқыметін суреттей отырып,  замандастарына салмақты түйінді ойлар айтады. Түйінді тақырып пен өткір идеяны шашаусыз тоғыстыра білген автор өмір шындығын көркем образ бен реалистік суреттер арқылы шебер көрсетеді. Жүрек КӨЗІмен көрген өмірді ұғындыру үшін оқырман назарын аударады. Арман, мүддесімен, ішкі психологиялық тартысымен біте қайнасқан роман желісін фабула тәсілімен селкеусіз суреттейді. Қоғам сықпытын әжуамен суреттеу идеясы  -- оқырманды жалықтырмай, ізгілік жолына жетелеп отырады. Шығарманың тақырыбы мен идеясы бүгінгі тіршіліктің  рухани-әлеуметтік ауыр жүгін көтеріп тұр.

                                          ТАУФИХТЫҢ  ОБРАЗЫ 

Романның өзегі – Тауфихтың образы. Қоғамның өзі тудырған «жынды» кейіпкер. «Жындының» күйін кешіп дүниеден өтуі -- әділетсіздіктер мен қайшылықтардың адам өміріне аса күшті ықпал ететінін, реалистік суреттермен дәлелдеу арқылы  өмір шындығын айқындай түседі. Өркениет өрге озған заманда да, адамын «жынды» еткен қоғамның безбүйрек келбеті арқылы бүгінгі  формацияларды ащы мысқылмен әжуалай түседі. Тауфих психикалық ауытқуға ұшыраған жынды емес. Оны «жынды» деп қабылдайтын өзі өмір сүріп отырған ортасы. Кейіпкердің тағдыры – әділеті кемшін қоғамның ащы жемісі сияқты. Романның желісінде,  оның «...тыржалаңаш дірдек қаққан ит тірлігіне» куә болып, ашы жемістің дәмін татқандай күйге түсесіз.

Психологиялық жағынан алып қарағанда, роман автордың ішек қырындысына дейін ақтарған деуге болады. Жазушының образды жасау кезеңіндегі психикасы, көңіл-күйі шығарманың желісімен шиеленісіп жатқандай. Әдебиетте адам образын тудырғанда, қиялға ерік беріліп, түрлі оқиғалар, сюжеттер ойдан шығарылады. Т. Сәукетаевты қиялдан түрлі оқиға тудырудың, образ, сюжет жасаудың шебері десек те болады. Ол қиялындағы образдың кескін- келбетін, мінез-құлқын суреттегенде, өмірге жүрек КӨЗІмен қарап, кейіпкер бойындағы әрбір қимылды, сезім толғанысын, ой толқынын, күйзеліс, мұңын дәлдік логикасымен әдемі үйлестіреді.

Қиял – әдебиетте шығарманың желісін шырқау шыңға шығаратын, немесе шыңырау тереңге батыратын ғажап құбылыс. Ал қиял шығармада жазушының өз өмірінде өткерген оқиғалар мен ауыр сәттерден түйген танымдық логикасымен тығыз астасып жатады. Шынайы суреттер мен ой түйіндерінен жазушының танымының кең, қиял пырағының ұшқыр, сезімінің нәзік екенін аңғару оңай.

Тауфихқа ақыл айтып, жөнге салып, қасиетті қаламның тылсым сырларымен бөлісетін, жанына оқтында бір келетін Абай бейнесіндегі «Қара шалдың» елесі --  қасиетті құбылыс.  Қаламгерлердің түстерінде құс сияқты аспанда ұшып жүретіні, аян беретін түстерді көретіні, музасына ғайыптан күш беріп, желеп жебейтін жебеушісі болатыны бұрыннан кездеседі. Тауфихқа да оңашада  Қара шал елес болып көрініп, тауаны талан-таражға түскен  тірліктің бір шырағын жағу үшін, «Сенің жазушы болуың керек» деген ғақлия  айтады. Қара шал:  «Сенің жүрегіңде көз ашылды. Елдің көрмейтінін көресің, сезбейтінін сезесің. Қалам – Аллаһтың аты. Қаламымның рухы жүрегіңе қонды. Енді саған тыным бермейді», деп кез-келген талант иесі көтере алмайтын рухани жүк артады. Қара шалмен арадағы әңгімеден кейін, мойнына артылған замананың рухани жауапкершілік жүгі қабырғасын қайыстырып, жүрегіне зілмауыр тастай батып жүргенін оқырманына айнытпай, боямасыз жеткізеді. Тауфих  адамзаттың ойшылы -- Абайдың елесімен кездесіп, тілдескен күннен бастап жазушы болып кетеді.

... Жазып отырып... жо-жоқ, дұрысы құлағымдағы сыбырды қағаз бетіне түсіріп отырып, кектенем, күйінем, қуанам, күрсінем . . . Қара шалдың күбірі жанымды әр қияға бір салып, әбден сілікпемді шығарды», дейді. Осындай оқшау ойлармен  шығарманың бояуын қалыңдатып, кейіпкер бойындағы психологиялық тартысты үдете түседі. Жанын қылбұрауға салатын әділетсіздіктер мен құйтырқы қарама-қайшылықтар Тауфихтың өміріне орасан ықпал етіп, таусылмас рухани күреске бет түзейді. Жазушы атап айтпаса да, кейіпкердің қоғам алдындағы ар-ождан мен рухани жауапкершілігін сәт сайын арттырып отырады. Әрине, Ұлы Абайдың елесі – Қара шал қанша өсиет айтқанымен, ол да пенде, қаламның ұшымен бай болуды армандайды. Маркес болғысы, ұлылар сияқты даңққа бөленгісі келеді. Қиялдайды, қиялындағы жұмақ тіршілікке қол созады. Шығармаларын баспаға апарып, кірпіштей-кірпіштей романдар шығарып, тәлтіректеген тұрмысын түзегісі келеді. Бірақ адамзат өмірі ақшаға тәуелді  заманда, кіршіксіз қиялының оп-оңай іске аса қоймасына көзі жетіп, жүрек КӨЗІ зар жылайды. Оның рухани мұңын ұғатын жанашыр замандасы, жазушы Геролд Бельгер дүниеден өткенде көкіректің шерін төгіп, армансыз жылайды-ай. Жыласа жүрек тазарар. Ал тірі пенденің өмір-күресі жер басып жүргенде бітпейтіні ақиқат емес пе.

Классик жазушылардың өздері айта алмай жүрген әлеуметтік мәселелер мен қоғамдық қасіреттердің бір қатарын, романның өзегіне арқау еткен жазушы кейіпкерінің бойына түрлі адамгершілік қасиеттер мен пенделік кемшіліктерді топтастырып, күрделі образға айналдырады. Тауфих бірде отбасының қамын ойлап басын қатырса, енді бірде  романдарын баспадан шығара алмай тауы шағылып, жігері жасиды. Жолы болып, бір жетістікке жете қалса, есалаң әпендідей қуанады. Романы туралы Г. Бельгердің мақтау мақаласы «Дат» газетіне шыққанда, сатып алған жиырма газетін бөлме төріне жайып тастап, үстіне жата қалып, ары аунайды, бері аунайды. Өзімен-өзі айғайлап күледі. Пайдакүнем достарына алданып, кафеге барып, мақаласын «жуғанда» қарыз болып ұятқа қалады. Сөз жоқ, мұндай адам қоғамда психологиялық қарама-қайшылық туғызып, кейбіреулердің көзіне «жынды» болып көрінуі мүмкін. Осының бәрі  кейіпкер образындағы күнделікті орын алып отыратын ізгілік пен қатігездіктің, өтірік пен шындықтың, жақсылық пен жамандықтың теке тіресінен туған іс-әрекет психологиясы.

Өмір-күрестің тайталасында бірде дана болып, бірде жалқау атанып, келесіде өз сорына өзі күйіп, сорлап жүретін Тауфих қандай күресінді басынан өткізсе де, жүрек КӨЗІ бүгінін болашаққа жалғайтын үміт отынан еш айрылған емес.

Кейіпкер бейнесін суреттегенде автор ұшқыр қиялдың тартысқа толы көріністерін логикалық дәлдікпен түйістіре біледі. Қай бір бөлігін алып қарасақ та, кейіпкер өзіндік бет бейнесімен еркін өмір сүреді. Оқырманын сүйетін қаламгер оның жүйкесін шаршатпау үшін, күлкіге толы сюжеттерді көз алдыңызға келтіре қояды. «Жүз доллар» деген бөлікте Г. Бельгердің берген мың долларын сыпыра жаратып, қалғанын көршілеріне таратып берген Тауфих әйелінің қарсылығына тап болып, қыран-топан төбелестің соңында үйінен қуылады. Көшеде қаңғып қалады. Үйсіз-күйсіз сенделіп қалған соң, бас амандығын ойлап, таныстарын жағалап кетеді. Тауфих «қаламының ұшын белуардан алтын қазатын жерге қадаса», Мемлекеттік сыйлықты да, өзге марапатты да алып, отбасында шалқып отырар ма еді, кім білсін. . . «Ауыштығы» үшін әйелінен таяқ жеп, баласынан ауыр сөз естісе де, жүрек КӨЗІ күндіз-түні дүниенің ақ – қарасына үңіліп, жанын жаралаған тірліктен сәуле іздеп сенделеді. Нағыз жынды болудың аз-ақ алдында жүрген  кейіпкерін  қиялымен күресінге қайта-қайта лақтырып, жандүниесін әбден сарсаңға салады. Тар жолдан шығатын жол таппай сансыраған кейіпкер өмір-күресті жеңе алмай, күйзеліске түседі. Қара шал кейде оған көрінбей кетеді, кейде бетпе-бет келіп қателігін бетіне басып: «Жолымыз қиылыссын десең, тазар, сілкін, ізгі ой, шынайы сезімге беріл. . ., деген сөзіне өкпелеп те қалады. Бірақ Қара шалдың құдіреттің қалауымен айтылған сөздері миына кіріп алып, көкірегінде сайрап тұрады. Қайда бет бұрса да, талғамын, түйсігін, сезімін, ақылын Қара шалдың пәлсапасы қылбұрауға салып жүреді. Бұл дүниеде көрер рухани азабы соншалықты мол болса да, қара шалды айналып соғар алтын қазығына айналдырады. Автор әдебиеттің обьектісі – адам деген теорияны осылай толыққанды дәлелдеп, суреттеген.

                  РЕАЛИСТІК  СУРЕТТЕР  МЕН  ФИЛОСОФИЯЛЫҚ  ТҮЙІНДЕР

Оқыған сайын етене ентелетіп, тереңіне тарта беретін романның сыры неде? деген сұрақ туындайтыны рас. Романның өрелі өзегіне айналған реалистік суреттер мен философиялық түйіндер ойды еріксіз жетелеп, ішкі тартысына тарта жөнеледі. Жеңіл оқылып болғаннан кейін де, ой көкпарында тартыстырады. Тақырып пен идея біте қайнасқан роман желісінде ой, сезім, мысқыл,  күйініш, қуаныш, зар қатар астасып, шығарманың көркін айшықтай түседі.                                                 

«Той» деген бөлігінде: « -- Жындыға дейін жазушымын деп, дорба-дорба шимай-шатпақ арқалап жүрген соң не дауа. Осыдан кейін әдебиетте не қадыр қалсын!» -- деген сөйлемнен кейбіреулердің таланттарды жындыға балап, жолын кесуге тырысатынын байқаймыз. Оған осы романның оқиғасының өзі дәлел. Ал, «Жанарыңнан жұлдыздарды ұрттадым» деген бөлігінде ол сүйген ару -- Үміт жалаңаяқ жазушыны тастап, шетелдік азаматқа тұрмысқа шығып кетеді. Кедей жазушыдан жерініп, бай жігітпен басын қосқан Үміт кейіннен, махаббаттан асқан бақыт жоқ екенін мойындап, хат жазады. Бүгінгі күні өз сезімін тәрк етіп, ұлтынан безіп, өзге ұлт өкілдеріне күйеуге кетіп жатқан қазақтың қыздары аз ба? Бұл мәселе де бүгінгі таңда қаны тамшылаған жараның біріне айналып отыр. «Базар» деген бөліктен мынадай сөйлемді оқуға болады: «Құдайдың иен тегін жеріне ақы алғандары қай Құдайдан безгендері деп, баяғы көңілмен бұрқылдап-барқылдап жүрсек, жер енді Құдайдікі емес, Құдайына пысқырып та қарамайтын байлардікі болып кеткен екен ғой». Базарда майда-шүйде заттарды сатып күнелтетін жұмыссыздардың өмірін бейнелейтін суреттен Алланың жаратқан жерінің алпауыттардың меншігіне өтіп, қарасирақ кедейлердің күні қараң болғанын тағы көреміз. Бір ғана сөйлемнен өз жерімізге өзіміз ие бола алмасақ, болашағымыз не болмақ, деген  беймаза ойды да оқуға болады.

«Қызыл шаршы» деген бөлігінде: «Ешкім тыңдамаса да, екіге жарылып ап, өзіммен  өзім айтыса беремін. Ішім толған  күйік пен қыжыл, сол түгесілгенше жанымда тыным жоқ. . .» дейді. Япырау! Капитализм дүниесінде ішінде күйігі мен қыжылы жоқ адам кемде-кем болар. Бұл заманның табиғи заңдылығы емес пе? Әлеуметті ақша билеген қоғамда төрт құбыласы тең болып жүрген пендені табу да қиын шығар. Осыдан кейін: «...Бәрі менің күнде көріп жүргенім. Менің қорлығым, үмітім, өкінішім...» деп ішкі күйзеліс бояуын қалыңдата түседі. Қара шалдың сыбырын жүрек сүзгісінен өткізіп, тебіренген Тауфих өмір шырғалаңын ащы әжуамен, ақ қағазға қара бояумен сурет салғандай өрнектей береді. Иә, ол «өмірді шылғи бір баттасқан қара бояумен жазатындықтан» романының бояуы қара түс деуге болады.

Өмірдің бояуы сан түрлі. Бір қаламгер шығармасын ақ түсті бояуға, бірі қара түске, бірі жасыл түске, енді бірі сұрға  бояп жатса, оның бәрін жазмыш деп қабылдауға болатын шығар. Себебі, әр қалам иесінің жүрек КӨЗІ әлемді түрлі шеңберде көретініне таласа алмаймыз. Әдеби туындының пайда болуы -- жүрек КӨЗІнің әлемді көру радиусына байланысты. Ал философиялық түйіндер – ой өзегінің шыңы деуге болады. Тағы да мысал. «Ақ мәші» деген бөлікте: «Артымда кер есекке мінген  қазақтың болашағы бір төбенің басында қалып барады», деп жазады. Қазақтың болашағы деп, мектепке барып көрмеген, есектің үстіндегі он, он бір жас шамасындағы бала – Берікті айтады. Өркениеттен бөлініп қалған алыс ауылда бір үйдегі үпір-шүпір төрт баланың тағдыры кейіпкердің жүрегін сыздатады. Бұл да шешімін күткен мәселенің бірі емес пе?

Ал, «Алтын доңыз» бөлігінде қиялдан туған жындылардың дүниежүзілік бәйгесін әсірелеп суреттегенімен, өмірді жүрек КӨЗІмен көре білетін қаламгердің пессимистік көзқарасына түсіністікпен қарауға болады.

«Қызыл шаршы» бөлігінде: «Кең дүниеден сая таппай, шырыл қағып маңыраған лақтың жетім үні мен ақынның өксігі аспан астын күңірентіп тұр», деген тағы бір философиялық түйін алқымнан алады. Қырылған киіктің жетім лағының зарына үн қосып өксіген ақын Қорғанбек Аманжоловтың бір шумақ өлеңін көз алдымызға келтіреді:

«Киік өлді – даламнан кие кетті.

Кім көрген мұндай сұмдық қияметті!

Төрт аяғы көктен кеп өліп жатыр,

Толтырып ой мен жазық қиябетті. . .»

Ақынның жүрегінен төгілген шер мен жазушының зары қаламынан бір тамшы у тамызғандай... Талант тағдырының уын татқан жазушы қаламынан өзі де кейде у тамызатын халге жеткен...

Романның өзегінен қоғамдағы жұмыссыздық, жезөкшелік, тоғышарлық, бюрократтық, әділетсіздік, отбасылық институттың жоқтығы, жемқорлық, жоқшылық, экологиялық апат, сезім тұрақсыздығы, сатқындық,  космополиттік, саясаттың әдебиетке әсері, тіпті бүгінгі психикасы ауытқыған науқастарды емдейтін мекемелердің, адамды одан бетер жынды қылар әдістеріне дейін орын тапқан. Шешімін күте-күте пенделерді жынды қылуға айналған қоғамдық күрделі мәселелер жазушының қаламынан ақ қағазға у болып тамып, оқыған адамның өзегін өртей жаздайды. Уы тамған романның оқырман жүрегіне ауыр салмақ түсірмеуі үшін, қаламгер әр тақырыптың мазмұнын ащы мысқылмен тұздап отырады. Сарказм болмаса, бастасқан қара бояу жүрегімізді жылатуы мүмкін. Шеберлік деп осыны айтыңыз!

Франциялық жазушы Арман Ланудың: «Реализм – суреткердің өмірден өзі үшін жасап алған көркем бейнені, өзгенің көкейіне қондыру құралы», деген тамаша тәмсілі Т. Сәукетаевтың осы романына арналып айтылғандай, түсіндіруді қажет етпейді.

                                                     ТҮЙІН

Тартысты сюжеттерге, шым-шытырық композицияға арқау болған көркем тіл, тұздай татыған сарказм, қызығушылығымызды ноқталап сүйрей жөнелетін реалистік суреттер, тамырын өмірдің өзегінен тартқан философиялық түйіндер, романның ішкі динамикасының дүмпуі -- жүрек КӨЗІнен бастау алатынын айқындайды. Адам тағдырының көк тиынға татымай, тасада елеусіз қалуы жанды ауыртады. Кейбір сыншы романда түйін жоқ дейді. Романда түйін бар. «Түс» деген бөлігінде Тауфих жындыханаға тағы да барғысы келмей, өзін-өзі тапаншамен атып жібереді. Өзін-өзі өлтіру адамды қасіреттерден сақтаудың шешімі шығар. Автор романды шырқау кульминациямен осылай аяқтайды.

Романның бұл қоғам адамды жынды қылуы және өлтіріп тынуы мүмкін, деген ойды меңзейтін түйіні – тақырыптың қалыбына сыйып, шарболаттай түйінделіп тұр. Шарболат түйін шығарманы оқыған әр оқырманға,  егер оның жүрегінде  КӨЗІ  болса, терең ой салары анық. Олай болса, арамызда қанша «жынды» өмір сүріп жүр, деген қызық сұрақ көкейге қонақтайды.

Автор алғы сөзінде: «Дүние сыры біз білгеннен өзгерек, Бірақ оны көру үшін КӨЗ керек» деген эпиграф қойған. Жүрек КӨЗІ жазушыны жаңылыстырмайтын рухани компас сияқты, қайда жүрсе де, не істесе де, нені көрсе де, қандай азап шексе де, диуани ғұмырды дұрыс жолға салып отырады.  «Қаламының ұшын белуардан алтын шығатын жерге қадамайтын» жазушының бұл еңбегі -- қаламгер мен қоғам арасындағы парасат майданының күресі деп бағалаймын.

Роман жазушының жүрек көзінен тамған бір тамшы у сияқты . . .   

Ділдәгүл Нұрмаханбет

Abai.kz                                             

        

15 пікір