Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Тура жол 3694 0 пікір 23 Қараша, 2017 сағат 00:02

Діни білікті кадр даярлауда қандай кемшіліктер бар?

Заңға сәйкес дін мемлекеттен бөлек болғанымен, дін қашанда қоғамнан бөлінбейтіні белгілі. Діни мәселелерді заңдық тұрғыдан реттеу соңғы жылдары айқын аңғарыла түсті. Бұл тұрғыда діни мамандардың жұмысы, рөлі, міндеті арта түсетіні белгілі. Дін ісі көбіне адамның сенімдік жүйесіне қатысты болса, мемлекет ісі жалпыға ортақ қағидаларды қалыптастыру, діни ұйымдардың қызметін үйлестіру, бақылау, реттеу болып табылады. Бұл түсінікте ешқандай теріс сипат жоқ. Бірақ, дін қоғамнан бөлек өмір сүрмейді. Сондықтан  қоғамдағы дін ахуалының оң бағытта қалыптасуы немесе діни бірегейлік, рухани тұтастық мемлекет үшін де өте өзекті мәселе. Бұл тұрғыда аталмыш мәселерді зерттеп жүрген ғалымдар не дейді? Мәселен, белгілі дінтанушы Кеңшілік Тышханұлы дінге, діни сенімдерге бөлінген елдерге әртүрлі саяси күштер араласқан кезде діни сенім алауыздығын қоздыратынын назарда ұстағанымыз абзал дейді. Бұл өз кезегінде ең терең дұшпандыққа айналады. Сенімі бөлек болса бірге туған бауырлар бір-бірін айыптап, қару көтеруі де ықтимал. Оның үстіне еліміздің көп конфессиялы, көп этносты ел екендігін назарға алатын болсақ, әлемдегі осы тақырыптағы дүрбелең елімізді айналып өтпесі анық. Сол себепті қазіргі кезде мемлекеттің дінге қатысты заңнамаларының барлығына дерлік жетілдірулер жасалып жатыр. Бұл – кезек күттірмейтін оң шешім. Қазіргі діни жолда жүрген адамдар өздерінің сенімін тек құдаймен арадағы дәнекер ғана деп түсінбейді. Әртүрлі саясаттарға араластырады. Ал онысы – қатерлі жағдай. Әлемдегі діни топтарға қатысты лаңкестік мәселесінің туындауының барлығының астында осы дінді саясиландыру үрдісі бар. Сондықтан дін саласын реттеу барысында дінді немесе діни ұйымдардың қызметін саясиландыруға жол берілмеуі қажет. Бұл діннің шынайы бейнесін өзгертіп, белгілі мүддеге қызмет жасау болғандықтан дұшпансыз болмайды. Бұл діни тұрғыдан күпірлікпен айыптауға, саяси тұрғыдан үстемдік таласына әкеліп соқтырады. Сарапшылар елімізде жалпы сауатсыздық деген түсінік жоқтығын айтады. Себебі орта білім алу міндетті болып саналады. Дегенмен, діни-рухани қайшылықтардың басты себебі ретінде діни сауатсыздықтың зардабы аз емес. Осы діни сауатсыздықтың және бағдарсыздықтың кесірінен қаншама азаматтарымыз зардап шегіп, рухани-материалдық дағдарысқа ұшырап жатыр. Жастардың қызығушылығы, жаңалыққа құштарлығы, тез бейімделгіштігі, рухани ізденімпаздығы сияқты ерекшеліктері оларды әртүрлі жағдайларға жетелейді. Соның ішінде дін де бар. Дін – психологиялық құбылыс. Сенім – адамның жүрегінің түкпірінен орын алатын құндылық, сондықтан жастардың осы құндылыққа ұмтылысы жолында кей жағдайларда теріс ағымның уағыздарына еріп кетуі түсінікті жәйт. Оның үстіне теріс ағым өкілдері дәстүрлі бағыттарды ұстанушылардың өкілдеріне қарағанда анағұрлым белсенді жұмыс жасайды. Сондықтан, еліміздегі теріс ағым өкілдерінің қатарын толықтырушылардың арасында жастардың үлесі басым екендігін ешкім жоққа шығара алмайды. Діни білім беру мәселесіне көшсек, орта мектеп және жоғары оқу орындарында дін сабағын өткізуде, діни кадр даярлауда кемшін тұстар, жетілдіруді қажет ететін мәселелері бар. К.Тышханұлы: «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның 3-бабының 4-тармағында көрсетілгеніндей, ҚР-да білім беру мен тәрбиелеу жүйесі, діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, дін мен діни бірлестіктерден бөлінген және зайырлы сипатта болады.  Сондықтан мемлекеттік оқу орындары (орта немесе жоғары оқу орындары) діни білім бермейді. Оның үстіне зайырлылық қағидаттарына қайшы. Оның үстіне еліміз көпконфессиялы ел болғандықтан қандай да бір конфессия немесе дінге басымдық бере алмайды. Бірақ, діни сауаттылықты көтеруге бағытталған курстар қазірдің өзінде бірқатар оқу орындарында оқытылып жатыр. Ол курстардың мазмұны барлық діндерді тарихын, көзқарастарын, сенім негіздерін қамтиды. Сол себепті де дінге бет бұрған жастың діни қызығушылығын қанағаттандырмайды. Яғни, бұл дінтанулық курстар діни радикализм мен экстремизмнің алдын алуда орасан үлес қосады деуге келмейді»-дейді.

Дегенмен, мемлекет жергілікті дін қызметкерлерінің білімін жетілдіруге, діни білім беру мәселесінің сапасын арттыруға ықпалдасуы тиіс. Осы орайда елімізде теріс пиғылды діни ағымдардың алдын алу, азаматтардың діни сауатын арттыру жолында бірқатар шаралар жасалуда. Мемлекет елдегі діни ахуалға бей-жай қарамау керектігін түсініп, Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі құрылды, «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңға толықтырулар мен өзгерістер енгізіліп, жұмыс жандана бастады. Сонымен қатар, 2008 жылдан бастап орта білім беретін мектептердің 9-сыныптарына «Дінтану негіздері» пәні енгізілген еді.  Қазір бұл пән «Дінтану және зайырлылық негіздері» деп аталып жүр. Ал алдағы жылдары «Дін және қоғам» болып оқытылмақ. Алайда бұл зайырлы сипаттағы пән болғандықтан, жастарға діни сауаттылық қалыптастыра алмайды. Дін туралы мәлімет беруі мүмкін. Бірақ бұл белгілі бір бағытта діни көзқарастарды орнықтырмайды. Оған біздің еліміздің зайырлы сипаттағы мемлекет және дін қатыстары мүмкіндік бермейді. Сондықтан жастар діни ізденістерін көбінесе дін саласындағы мамандардан, мешіттерден, тіпті кездейсоқ танысқан топтардың өкілдерінен немесе интернет желілерінен алып жатыр. Ал оның зардаптары орасан екендігі баршаға мәлім.

Біріншісі – ұлттық код, ұлттық мәдениет сақталмаса, ешқандай жаңғыру болмайды.

Екіншісі – алға басу үшін ұлттың дамуына кедергі болатын өткеннің кертартпа тұстарынан бас тарту керек» - деген еді.

Демек, жаңғыру екі бағытта жүзеге асуы тиіс. Оның алғашқысы өткенді жаңғырту, өткеннің өнегесінен, құндылықтарынан, дүниетанымынан нәр ала отырып ұлттық кодты сақтау болса, екіншісі ұлттың дамуына кедергі болатын кертартпа әдеттер мен түсініктерден арылу. Алғашқысы рухани құндылықтарға бағытталса, екіншісі материалдық игіліктерге бағыттарған қадам болуы тиіс.

Өткеннің кертартпа әдеттері мен түсініктерінен арылу – барынша қиын, әрі күрделі жағдай. Олай болатыны халқымыздың қанына біткен әдет-салттарының арасында ұлтты үмітсіздікке, кертартпалыққа, немкеттілікке итермелейтін сана аз емес. Тіпті, «біз қазақ осындаймыз» деген сөзді көп жағдайда болымсыз сипатта қолданатынымыз жасырын емес. Сондықтан, адамдардың бір-біріне деген көзқарасы, сатқындығы, жалқаулығы, жатыпішерлігіне қатысты, тіпті, бір кездері әдейі санаға сіңірген, жағымыз сипаттардан сананы сілку арқылы арылуға болады. Бірақ бұл ұзақ уақыт пен тұрақты тәрбиені қажет ететін үрдіс.

Руханиятқа қатысты алғашқы мәселе ретінде көтерілген ұлттық код, ұлттық мәдениеттің сақталуы біздің саламызға тікелей қатысы бар, қазіргі кездегі кезек күттірмес, өзекті мәселелердің біріне айналған шектен шығушылық, радикалдану, тіпті лаңкестікке баруға ұласып жатқан жаңсақ діншілдену жағдайында аса өзекті саналады.

Ұлттың руханиятынан сусындай алмаған, отбасында рухани тәрбиеден жырақ қалған қазіргі өтпелі, өлара шақтың кейбір замандастары діндарлану мен радикалдануды ажырата алмауда. Соның салдарынан бастапқы ниеті мен ойы дұрыс болғанымен, нәтижесі мен құндылық көзі қате болып, тез адасып, тіпті, қағынан жерініп, өзінің ата-анасына, ұлтына еліне қарсы ұстанымдарға еріп жатыр. Осы орайда өткен құндылықтарды жаңғырту, ұлт зиялылары мен ағартушыларының еңбектерін бағдар ретінде ұстану, өскелең ұрпақты тек заманауи біліммен ғана емес, рухани тәрбиемен де қаруландыру ел болашағының қазіргі талабы, болашақ руханиятының кепілдігі.

Осыған байланысты қолға алынған «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қаншама ұлт руханияты түгенделген болатын. Алайда, оны тек кітапханалар мен арнайы мамандардың сөресінде сақтамай, жаппай ел жастарының рухани бағдарына айналдыру ұлттық кодты жаңғырту үшін қажет шаруа. Олай болмағанда қазіргі ел жастарының рухани бағдары сан алуан сала мен бағдарға бөлініп барады. Біреулері өркениеттілікке жету үшін батысты үлгі тұтып, киімін киіп, салтын ұстап жүрсе, енді бірі имандылық жолын іздеп, әр ағымның артынан еріп адасып жүр. Сондықтан ең алдымен мектеп қабырғасынан бастап жастарға рухани бағдар болатын құндылықтык мәні бар пәндерді қалыптастыру заман талабы.

Шәріпхан Қайсар

Abai.kz

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 234
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 108
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 106
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 73