Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Әдебиет 9088 2 пікір 19 Қазан, 2017 сағат 16:27

Кәкімбек Салықов. Сырымбетте мектебім

 

 

 Редакциядан: Биыл қазақтың әйгілі ақыны, қоғам және мемлекет қайраткері Кәкімбек Салықовтың 85 жылдығына орай   «Жезкиік» қоры ашылды. Бұл қордың қазіргі мақсаты – Кәкімбек ағаның бүкіл шығармашылық туындыларын жинастыру, мұрағатын реттеу. Қордың басты ұйымдастырушысы – Салықова Майра Кәкімбекқызы. «Сырымбетте мектебім» бұрын еш жерде жарияланбаған, Abai.kz ақпараттық порталында алғаш рет жарық көріп отырған естелік-очерк. Кәкімбек-аға бұл дүниені өзі оқыған Сырымбет мектебіне арнап 2010 жылдың қаңтар айында жазған екен.

Сырымбет дегенде қазақтың асыл перзенті Ақан серінің:

 

Ауылың қонған Сырымбет саласында,

Ғашық болдым ақ сұңқар баласына.

Бидайыққа лайық қарағым-ай,

Бөктөргіге қор болып барасың да... –

 

деп шырқаған әні еріксіз еске түседі. Поэзияның абзалы да, осы емес пе?! Әркім өзінің «барасың да...» дегізбей қоймас бір құпиясын ойлап мәңгі үзілмес бір сағынышын басады.

Егде тартқан біздер секілді һәм өкшелеп келе жатқан орта буындағы ұрпақтың ішінде бұл әнді білмес қазақ кемде-кем болар. Жас ұрпақ, өкінішке қарай алшақтап барады. Ал, Ақан серінің «Құлагерін» білмейтін қазақ жоқтың қасы деп білемін, өйткені, «Құлагер» әні қазақтың алдына жан салмас үздік жүйрігін әспеттесе, оған қоса отарлық заманда шеккен зорлық пен зомбылықтың, қастандық пен қиянаттың айғағындай Құлагердің өлімі әкелген мұңы мен шері ел жүрегіне батқан беріштей сақталды. «Құлагер» дегенде қазақтың ақтаңгер ақыны кеңес кесапатында жазықсыз атылып кеткен Ілияс Жансүгіровты ұмытпаймыз. Ол кісінің «Құлагер» атты поэмасы өзіне мәңгі өлмес «Құлагер-ақын» атты атақ берді, қазақ поэзиясының ең жақсы поэмаларының інжу-маржаны қатарында туған асылмұра дүниеге келді.

 

Тойлы ауыл Сырымбеттің саласында,

Көз салсам оза шапқан қарасынға.

Құлагер шауып жүрген елестейді,

Көкше мен Жетісудың арасында, –

 

деп Ілекеңе арналған өлеңімде жазып едім, бұл тамаша поэма шын мәнінде қазақтың екі асыл аймағын жалғастырып тұрғаны айдан анық. Кеңірек ойлансақ, бұл поэма, Құлагердің трагедиясын бүкіл қазақ еліне молдау таратып қана қоймай кең жалғанға паш еткен асыл қазына.

Көкшетау мен Жетісудың арасы шынында да бауыр елдердей жақындасып кетті. Ол жолды Біржан сал атамыз ақын Сарамен айтысу сапарында салып кетті. Әрі қарай Ілияс ағамыз «Құлагер» атты поэмасымен екі аймақтың туыстығын ұлғайтты, тек қуаныш емес қайғы-мұңын бөлісуге жан тебіренісімен шақырды. Кеңестер Одағы ыдырап зейнеткерлік жасымда Алматыда тұрғанда Талдықорған облысының сол кездегі әкімі Серік Ақымбеков ерулікке шақырып барғанымызда қойылған концерттің тоқсан пайызы менің сөзіме жазылған әндерден құралыпты, қайда барсақ та «Үш арыс», «Жезкиік» алдымыздан асқақты дауыстармен қарсы алып тұрды. Сондағы ұққаным: жетісулықтардың көкшетаулықтардың шығармаларын ерекше қастерлеуі.

Сырымбеттің аруағын көтеріп, атын әлемге жеткізуде атап айтар бабаларымыз аз емес, сол көштің басында қазақтың тұңғыш ғалымы, ағартушы ақтаңгері, жиһанкездігімен атын әлемге жайған тұңғыш қазақ Шоқан Шыңғысұлы Уәлиханов тұрады.  Сырымбеттің етегіне алғашқы елді мекеннің іргесін қалаған, Абылайханның ұлы қазақтың соңғы ханы Уәли еді. Бұл қонысқа себеп болған атақты Айғаным анамыздың әмірі. Уәли хан екінші бәйбіше етіп Айғанымға үйленгенде әрі сұлу, әрі ақылды жас қосағының жүрек тілімен айтқанын орындап Сырымбетке Көкшетаудан хан ордасын көшіріп атақты тау етегі, көл шетінде Сырымбет қыстағын бекітіпті (төменде суретте). Уәлихан дүниеден озғаннан кейін Ресей патшасы Александр І жарлығымен 1824 жылы Айғанымның сұрауы бойынша Сырымбетте ханзаданың шағын ордасы, Уәлихан әулетінің ата қонысы салынды.

Сырымбет тауы шынында да Саумалкөл, Шалқар, Құмдыкөл, Жекекөл, Ақбалшық, Тораңғыл, Қоскөл орап жатқан Сарыарқаның қайталанбастай сұлу белбеуінде орналасқан бұл алтын аймақтың балқаймағы дерлік шын нәзік сұлуы.

Құнарлы жаратылған күлгіндеу қара топырақта өскен ақбалтырлы шоқ қайыңдар, қалың қапталдай алтын белді нән қарағайлар, сан түрлі шүйгін шөп өскен мырза аймақты Ақан сері бабамыз: «Бұл жерде Сырымбеттей тау бар ма екен, малға жай Жеке көлдей қау бар ма екен?», – деп тебіреніпті. Шынында да Саумалкөлден Сырымбетке шейін жиырма бес шақырым жердегі жолдың екі жағындағы қарағай, қайың, көгілдір шырша, көк терек араласқан орманда бір ғаламат бар. Ақ қайыңдар қалыңдығын күткен сұлулардай сылана қалып, қарағайлары сапта тұрған сарбаздардай аспанға бой жазып, бірінен-бірі қалмастай кеуделерін керіп тұр. Ақан сері айтқан «қау барма екен?» деуде де үлкен сыр бар. Сырымбеттің етегіндегі ақ қаудан өзге жердегі қаудандардан да әлдеқайда нәзік, аппақ күмістей көз тартатын керемет. Өйткені жылқы малына бұл қауданды қыста берсең сұлы іземейді. Талықсып тұрған кезіңде жата кетсең ақ мамықтай жұп-жұмсақ. Бұл қауданның күзге қарай жетіліп дән таратар селеуі де Ақтотыдай әрі сұлу, әрі кербез өсетін. Ақселеу Сейдімбек  ініме «Сен басқа жердің селеуі емессің, Сырымбеттің «ақ жібек селеуісің» деуші едім. Жуырда ғана дүниеден оқыс өткен ғұлама ғалым, асқақ әнші, шебер күйші Ақселеу маған Сырымбеттің үкілі ақ селеулерін елестететін. Біз ағалы-інілі адамдардай сыйлас едік.

Сырымбет аса биік тау емес, бірақ адамға жақын, жүрегі жылы тау. Жас күнімізде төбесіне талай шыққанда есте қалғаны оңтүстік шығыс жағынан көгілдір Көкше көрінеді, одан бері Көкшетау жоталары сілемденіп Айыртау, Имантау, Шалқар, Ақан-борлық болып дөңгелене шұбырса, тура солтүстігіне қарасаң Жалғызтау көзге түсіп, өзге таулардан жақынырақ тұрғандай бауыр тартады. Сонда Сырымбетті көлдер де, таулар да, қалың жынысты ормандар да орап жатқандай ой тастайтын. Сырымбетке арнаған өлеңдерімнің бірінде:

 

Бірге оқыған көп балалар қасымда,

Талай тұрдым сал Сырымбет басында.

Таза ауа, таза аспан мөп-мөлдір,

Мөлдір көзге құмар етті жасымда, –

 

дегенде де айнала көлдер мен тауларға, ормандар мен тоғайларға оранған жер жаннатының тазалығы, пәктігі, мөлдірлігі жан баураған екен ғой. Ойлап тұрсақ табиғат пен адамзаттың бауыр басып үйлескен достығы осындай ғаламаттардан басталады екен. Сырымбетке сал-серілердің үйір болғаны да заңды құбылыс. Жаным таза, арым таза болса ол да Сырымбеттің таза табиғатының бергені деп білемін.

Кеңес үкіметі кезінде Сырымбет елді мекені Казгородок деп аталып, Төңкеріс ауданының орталығы болғандығы бар. Сол атаумен Сырымбеттегі орта мектеп те Казгородок орта мектебі аталып, тағдыр сол әйгілі мектептің түлегі етті. Оқып жүргенде аса көп мән бере қоймасақ та, уақыт өткен сайын өскен жерімізді, шыққан тегімізді, оқыған мектебімізді ұлағаттай түстік. Сырымбет маған бұл күнде А.С. Пушкиннің Михайловскоесі, Абайдың Қарауыл төбесі сияқты киелі ордам, құтты шаһарым, аруақты алтын бесігім болып көрінеді.

Кезінде Казгородокты туған жерім етіп көрсетуім де белгілі, әлі де көптеген ескі құжаттарда сақтаулы. Нақты туған жерім Солтүстік Қазақстан облысы, Шал ақын ауданындағы «Еңбек» атты ауыл болса да, алғашқы паспортымда Казгородок сақтаулы. Оның себебі паспорт алу тек қана оныншы сыныпты бітірген кезде ғана қажет болды, оған шейін еске келмеді. Ал, әкем Айтахмет Салықовтың паспортында 1932 жылы Казгородокта туған делініпті. Шындығына келсек, бұл менің екінші туған жерім және өз тағдырым үшін өте ыстық көрген асыл аймақ.

Сырымбеттің бауырындағы күндер естен кетпес қызық та, тәрбиелік маңызы да мол болатын. Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Балуан Шолақтың әндері жан әлемін биіктетті. Казгородоктан аудан орталығы Саумалкөлге көшіп, Айыртау ауданы атанды. Аудан екіге бөлініп екінші жартысы «Төңкеріс» ауданы, кейін «Октябрь» ауданы болып Солтүстік Қазақстанда қалды. Айыртау ауданы, 1944 жылдан бастап Көкшетау облысына жатты. Маған екі облыстың таласып жүру сыры да осында. Айтекең ауылдық кеңестің төрағасы кезінде Қазақ КССР-ның Жоғарғы Кеңесінің бірінші шақырылуының депутаты болып сайланды. Бала күннен саясаттың иісі мұрныма кіре бастағаны да сол шығар. Ол кезде Казгородок орта мектебінің директоры Нұржан Әуелбеков, аудандық тұтынушылар кооперациясын Хайыров Балахмет атай басқаратын. Ауылдың үш ақсақалы сыйлас, сырлас болып кетті. Содан болар Еркін Әуелбеков пен Қажахмет Балахметов те өз ағаларымдай тату-тәтті, қимастық тәртібінде өстік.

Біздің үйде тұратын Мұсаның апасы Ермек тәтем өзі алтыншы сыныпта оқып жүріп алты жасқа аяқ басқан маған қазақша оқуды үйретті. Қыз баланың жұмысы көп, оқуы да бар және кемпір-шалдар кешкі астан кейін оған кітап оқытатын. Міне, соңғы ауыр жұмыстан арылу үшін Ермек тәтем кітап оқуды үйретіп өзі бостандық алды. Ол кезде латын алфавиті болатын. Оқитын кітаптар аса көп емес, бірақ Сәбит Мұқановтың «Жұмбақ жалау» романын оқу оңайға соқпайтын, оның себебі қазақ үшін ол ұзақ дүние ғой. Мен атам мен әжеме «Жұмбақ жалауды» оқи-оқи шаршағанда оқымай-ақ жатқа судырлатуға жаттықтым. Кейін Сәбит ағамен кездескенде «Сен осы мені қайдан білесің, шырағым?» демесі бар ма? Сонда баяғы «Жұмбақ жалауды судырлата тақпақтадым. Сәбең қатты разы болып, бірге фотоға түсті. Осы күнде қатты ойға батамын, баяғы кеңестің қызыл байрағын «Жұмбақ жалау» деп атауы дұрыс екен, кейін партия мен замана ағымына бағынып «Ботагөз»деп кетті ғой. «Жұмбақ жалау» иелері большевиктер орнатқан империяның құлауының сыры сол әуелгі жұмбақтығында ма деп қаласың. Сәбит Мұқановтың бір кереметі ол қазаққа роман оқытты. Сәкендердің жазғанын оқытпай тастады, Мұхтар ағамыздың «Абай жолы» атты ұлы романы кейін туды. Сондықтан да Сәбиттің даңқы үздік шығып тұрды. Шынын айтсақ, ұлықты қатты сынаймын деп, өзі де қатты соққыға түсті. Сәбит деген ұлы жазушы, ардақты есімнің лебізі жүрегімде осылай мектепке бармай жатып ұя салған еді. Жүз жылдық тойын атағанда бір жинағымды арнадым, Алматыға ескерткішін орнатуға тікелей атсалыстым.

Казгородокке қайта оралуым көптеген жылдардан кейін болды. Саумалкөлде тұрғанда соғыс басталды, тоғыз жастағы бала едім. Бір қызығы оқуға бармай жүріп кітап оқығаныма әкем де өз міндетін қосты. Жұмыстан келген сайын барлық газеттерді – аудандық, облыстық, республикалық басылымдарды, әсіресе, «Социалистік Қазақстанды» басынан аяғына дейін дым қалдырмай оқытатын. Сол ғадет бойға сіңді, орыс мектебінде біріншіден жетінші сыныпқа дейін оқысам да қазақша газет, кітаптарды оқымайтын күнім болмады. Әкемнің газет оқыту сабағы – өмірлік сабақ болып саясатқа жас басымнан қанықтыра, таныстыра бастағандай болды да, қазақша шыққан барлық көркем әдебиет деген дүниенің қолға түскенін түгел білетін болдым. Оған қоса бөле ағам Мұса Асайынов үздік әнші, тамаша домбырашы болғандықтан ол маған «Елім-айдан» бастап барлық әндерді үйретті, кейін әрі қарай осының барлығы қазақ өнеріне деген үлкен сүйіспеншілік тудырып жақын етті. Біріншіден төртінші сыныпты Саумалкөлде, бесіншіні Еленовкада, алтыншы мен жетінші сыныптарды Көкшетау қалалық ер балалар орта мектебінде бітірдім.

Жылдар жылжып, соғыс та өтті, соғыстан кейінгі заманды да көрдік. Әкеміз де Көкшетау аудандық атқару комитетінің төрағасы қызметінен сұранып шығып өзіміздің үйреншікті Айыртау ауданына келді. Бұл ауданға оралу себебі жалғыз қарындасы Ақық желкесіне ауыр зат түсіп кетіп, кенеттен екі көзінен айырылды, күйеуі әскерден оралмады. Амангелді, Ақансері атты кішкентай екі баласымен мүгедек болып қалғанда қызметке осы ауылға сұранып, көшіп келдік. Кеңсесі көрші «Бірлестік» ауылында болса да «Өскен» атты, қазіргі «Үкілі Ыбырай» ауылында бірге тұрдық. Шота Уәлиханов Мәскеуден жазғы демалысқа келгенімізде Ақық тәтемді көрді, қолынан дәм татты. Ол кісі мені құшақтап, үстімдегі погоны бар формама риза болып: «Е, Алла жар болған екен», – деді.

Міне, ауылға көшіп келуімізге байланысты орыс мектебін тастап Казгородоктегі қазақ мектебінің сегізінші сыныбына түсуге тура келді. Айтахмет Салықов бұл елдің депутаты болған атақты кісі ғой, мектеп директоры Мұсахан Қанапиянов Казгородоктің бұрынғы ауылнайын өте жақсы қабылдады. Маған тоғызыншыға бар деп те ұсыныс енгізді. Мен бас тарттым, ұят болады дегенді сылтау етіп айтып қалып едім, мұғалім риза ниетпен: «Жарайсың батыр, асықпай оқып, алдыңғы қатарда бол», – деп мектептің интернатынан орын бергізді, Үкімет қамқорлығына толығымен алындым. Жас бала күндері көргендей емес, Казгородок те, Сырымбет те ерекше өзгеріп кеткендей көрінді. Мұсахан мұғалім Сырымбет төңірегін мектептің интернатының иелігіне беруді облыстан сұрап хат дайындатыпты. Хаты ұзақ һәм көптеген мағлұмат берерлік қосымша деректері бар екен. Осы жазғандарын қазақшадан орысшаға өзінің кабинетіне отырғызып қойып директорым аудартты. Аударып бергеннен кейін қатты қуанып, «Өзіңнің саясаттан хабарың мол екен, оны қайдан таптың, тумай жатып» деп күлді. Мен өмір бойғы ғадетім ретінде газеттерден қол үзбейтінімді, орысша, қазақша бірдей оқитынымды айтқанда ол кісі: «Жарайсың, бақытты бол, керегіңде пайдаланып тұрамын», – деді.

Мұсахан Қанапияновтың  (суретте) кереметтігі – ол кісі талантты оқытушы, өте жігерлі де байыпты басшы, фәлсафалы һәм инабатты сөйлесетін мәдениеті зор ұстаз болатын. Мектеп-интернаттың өз шаруашылығы болды. Сауын сиырлар, сойымдық қара мал мен қой, жылқысы аз емес-тін. Балалар асханасына етті өз қолындағы шаруашылығынан алатын. Көктемде барлық балаларды апарып орман отауға салатын. Отындыққа арналған қалың ақ қайыңды тоғай жарты күнде Чапаевтан қырылған ақтардай жерге құлап түсетін. «Тайдың мінгені білінбейді, баланың істегені білінбейді» дегендей құлатылған ағаштың баршасын сол сұлатылған күйінде бұталарын балтамен алып тастап, жонға бөлек үйетінбіз. Бура сан ақ қайыңдардың қатар-қатар жалаңаш жатқандарын қозғамай-ақ, жатқан жерлерінде арамен шағын саржан боларлық, пешке сиярлық мөлшерде бөлшектеп тастайтынбыз. Келесі келгенде ересек балалар кескіленген дөңбек шөркелерді тікелей жарып-жарып текшелеп үйіп, саржанданған күйінде кептіруге қоятынбыз. Кішкене балалар мен қыздар үйіліп қалған бұталарды бөлшектеп, кескілеп, ол кесінділерді де даяр отын боларлықтай етіп жинап, кептіруге қоятын. Келесі жұмысымыз осы отындық ағаштарды интернаттың базасына әкеліп қатарлап, қалқайтып үйіп беретінбіз. Қыстың күні шекесінен шекітіп ала берер қарындағы сары майдай саржандалған ағаштарды жағуға ала беретін. Қысқы шөпті де Мұсахан ағай осылай дайындататын. Бұл жүйелі жұмыстар иесін тауып, келесі келген директорларға да үлгі болды. Есесіне «тамағымыз тоқ, көйлегіміз көк» дегендей бізді өте әдемі киіндіріп өзі келіп Мұсекең фотосуретке түсірткізетін.

Мектебіздің іші-сырты адам таңқаларлықтай өте сәнді де, мәнді болатын. Мәселен, үзілісте демалатын үлкен зал көсемдердің суреттерімен ғана безендіріліп қоймай, олардың сөздері қастарында жазулы тұратын. Мұғалімдер залы, директордың өз кабинеті, балалар оқитын сыныптық кластардың бәрі де көз тартқандай тамаша безендірілетін. Жалпы бұл еш жерде кездеспейтін майлы бояулы суреттерді соғыс жылдарында уақытша мекендеген Мәскеудегі үлкен театрдың суретшілері салып беріп кеткен екен.

Мұсахан мұғалімнің бір кереметі өзі тарихшы болса да қазақ әдебиеті сабағына келіп отырып, соңында өз ескертпелерін айтатын. Өз сабағында қазақ тілінің тазалығына мән беретіндігі соншалық, мысалы, Бекенов Еркін деген балаға біліп тұрған сабағын қашан мүлтіксіз, қыстырма сөзді және «вот», «так» дегендерді қоспай таза айтқанша төрт-бес рет қайталатқаны есімде. Сондықтан мұғалімнің сабағы дегенде айтарымызды бір-бірімізге қайталап қоспа сөздерді алып тастауға тырыстық. Жер, су, ағаштардың, шөптердің, елдердің аттарын таза айтуға ұмтылдық.

Мектепте аса дарынды мұғалім Ғани Дәуітбаев ағай басқарған драма кружогы жұмыс істеді. Ғанекеңнің өзі де іскер де білімпаз кісі ғой, бірақ «генеральная репетицияға» директордың өзі келетін. Кей жерлерін түзетіп Ғани аға өзінше орындағанда халық әртістерінен кем түспейтін. Осындайда Мұсахан аға «Жарайсыңдар!» деп қуанып кететін.

Мұсахан аға мұнтаздай таза киініп, әр аяқ басқан жүрісімен, сыпайы кербез тұрысымен таңқалдыратын. Ол маңғаз, кербез өте көркем, жылы шырайлы кісі еді. Елдің бәрімен «сіз» деп сөйлесетін, ол сырлап қойған сыпайылық емес, табиғи ғадеті болатын. Кейін байқасам, біздің мектептің түлектері осы мінезді көшіріп алғандай үлкенмен де, кішімен де «сіз» деп сөйлесу сыпайылығын ғадет етті. Бала кезде не қызықтырмайды, Мұсекең қос қарагерді жектіріп, ат тұрманын күмістеп тастап, өзі мінетін жеңіл шанасын қызыл сиырдың терісімен тыстатып, қасқыр тұлыбын жанына салып, тойға бара жатқан серілерше отыратын.

Бір күні директор шақырады деген соң не болып қалды дегендей қысыла басып бардым. Тоғызыншы сыныптың оқушысы едім, бір жағымсыз қылығымды біреу-міреу жеткізді ме деп те қалдым. Мұғалім байыппен қарап саспай сөйледі де, «Ер жеткенде кім болсаң да басшылық жұмыстан қаша алмайсыз. Сіз оқуда да, күресте де, төбелесте де, драмкружокте де, домбырашылықта да алдасыз, маған конферансье болып сахнаны басқарғаныңыз да ұнайды. Осының бәрін ескере келе мектептің «Оқушылар комитетін» басқаруыңызды сұраймын, қазіргі бала да жинақылық танытып жүр, бірақ орысшаға шорқақ және адамға жақындығы мен оқушылардың алдындағы беделі сіздей емес. Оған рахмет айтып, сізді қойғымыз келеді. Бұл үлкен қоғамдық жұмыс, мысалы, «Детский дом» бізге бағынбайды, ал балалары сіздермен оқиды. Бөтен екі елдей тайталастығымыз да таусылмайды, осының бәрін әдемі саясатпен, жүйелі дәлелмен түзетуге болады. Ретті деген тиісті жерде менің өзімді де сынға ала беріңіздер, сіздердің шешімдеріңізді қолдауға тырысармын. Көптеген даулы мәселелерді маған сілтей бергізбей қақ жартысын сіздер талқылайтын боласыздар» деп тоқтады. Ол кісі қаншама байыпты да байсалды сөйлесе де, әр сөзі шоқтай тиіп, денемді қыздырды. Қысқа, қысқа да болса нұсқа сөздерде қаншама мәселелер жатты. Ақыры мен көндім. Мектепті бітіргенше «Оқушылар комитетін» басқардым. Кейін ойласам шахта басқарсам да, партком мен горкомның, обкомның хатшысы болсам да Мұсахан аға берген сабақтар бойыма табиғи түрінде сіңген екен деп ойлаймын. Есімде қалғаны алғашқы рет 7 ноябрь мейрамындағы салтанатты митингіде трибунадан көптің алдында сөйлеу қиынға түсті. Бірақ осы бір үлкен жолға алғашқы қадамым жасалған екен.

Казгородок орта мектебінің тікелей оқу бағдарламасынан басқа да бергені маған өте көп болды. Біріншіден, жетіжылдықты орыстілінде бітіргеніме байланысты қазақ грамматикасын, әдебиет тарихын, қазақ тарихын қолымнан келгенше өзімше игеруге тырыстым. Бұл жұмыс мені өз бетіммен білімді ұстарта білуге үйретті. Қазақ әндеріне құштарлық күшейді, жасымда домбыра, мандолина тартушы едім, күйшілер кружогында болдым, музыкалық барымды музыка кружогын тамаша басқаратын жас мұғалім Хамит Нұрманов біраз жетілдірді. Әсіресе, әншілерді сүйемелдеу өнеріне машықтандым. Мектептің ең үздік әншісі Жамал Ақбұзауова өзгенің емес, менің сүйемелдеуімді ұнатып, үнемі әйгілі әншінің қасында болдым. Осы мектепке келіп оқымай орыс онжылдығын бітірсем мүлдем өзгеше дүние болар еді. Мектебімізге Қызылжар, Көкшетау филармониясының әртістері жиі келіп концерт беретін, оның ішіндегі ең талантты үздігі өз бөлем Мұса еді. Әкемнің ағасы – халық ақыны Молдақмет Тырбиұлы жиі келіп жүргенде менен бір сынып жоғары оқитын баласы Сүният әкесіне менің өлең жазып жүргенімді, қабырға газетінен түспейтінімді тәмамдапты. Шал өте қуанды. Интернат балаларына келіп өлең айтқанда қасына директорымыз интернаттың бастығы Еспай ағай еріп жүретін. Әсіресе, Біржан салдың, Ақан серінің, Балуан Шолақтың өлеңдерін, Орынбай, Арыстан, Шөже сияқты айтыскерлердің шығармаларын жатқа айтып таңқалдыратын. Молдекең үйге келгенде сүйікті ұстазы, жазықсыз «халық жауы» атанған Үкілі Ыбырайдың өлеңдерін есік, терезені жапқызып тастап біздерге үйрететін. Ол өлең сабақтары да ғажайып мектеп болды. Сәкеннің «Көкшетауын» да ең алғаш жасырын түрде Молдекеңнен үйрендім, артынан интернатта бір комнатада жататан балалар бірінен-бірі көшіріп алып, түн ортасы ауып ел ұйқыға кіріскенде қосылып тұрып «Көкшетауды» хормен айтатынбыз. Күндіз домбыраға қосып машықтанып, ақыры Сәкеннің «Көкшетауын», Балуан Шолақтың «Ғалиясын», Үкілі Ыбырайдың «Қарақат көзді, сым саусақ» және «Гәккудің» бір-екі түрін жаттап алып айтып жүруші едім. Бұл сабақтар музыканың мәтінін шығаруға да, өз өлеңдерімнің кейбіреуін өз әніммен айтқызуға да жеткізді. Молдекең кейде арбаның үстінде келе жатқанда баласы екеумізге тіл ұстарту тәсілдерін үйрететін, менің өлеңдерімді тыңдап, ақыл-кеңес беретін.

Казгородок мектебінің Мұсахан Қанапиянов ұйымдастырған бір ерекшелігі, өзге мектептерден дәрежесі жоғары, оқу сапасы озық тұрғаны болды. Мұғалімдеріміздің бәрі де жоғары білімді үздік тұлғалар, кесек мінезді кісілер еді. Ғани ағай туралы аз да болса айттым ғой, ол кісі орыс драмаларын өзі аударып мектеп сахнасына икемделген түрінде балаларға ойнататын. Өз басым әртістікке мығым болғам жоқ, мұғалімнің аудармаларын оқып сол сияқты өзім де ептеп аударма мәселесіне кірісе бастадым. Ғани ағаның тілі өте бай, оқуға да, орындауға да ыңғайлы келетін. Ол кісінің Абайдың Пушкинді аудару тәсілдерін сөз еткені естен мәңгі кетпестей жан баурайтын. Фонвизиннің «Тоғышарын» өте ұғымды да әсерлі аударып, ойнаушыларды да, көрушілерді де мейлінше тапқыр аудармасымен таңқалдыратын. «Тоғышардың» бейнесін Шота Уәлиханов «Тоғышардың» өзінен асырғандай етіп, ақылсыздығын да, есерлігін де, еркелігі мен топастығын да тамаша ойнағаны соншалық, оны көшедегі балалар «Тоғышар, Тоғышар!» деп тоғысып жататын. Жалпылап айтсақ, Ғани ағай бұл өнерге ерекше берілген жан еді. Ол ақай-тоқай сандырақшыл дабылдан аулақ тұрған, тұла бойы таза лирикаға тұнған, көкірегі шырайлы асыл тұлғаның нағыз өзі болатын.

Орыс тілінен сабақ беретін ұстазымыз Ғабдұлхай Рамазанов, белгілі мемлекет қайраткері Аманолла Рамазановтың әкесі. Ол кісінің Абекеңнен кіші балалары Бағұстар, Елұстар да тамаша өсіп келе жатыр еді, бірақ дүниеден ерте өтті. Елұстар менен бір сынып төмен оқыды, бірақ жап-жақсы достар едік. Ол оқуды бітіруіне екі жыл қалғанда дүниеден өтті. Ғабекең өте терең білімді кісі болғандықтан-ау, берген сабағы оқубағдарламасынан әлдеқайда молырақ, кеңдеу һәм тереңдеу көрінетін. Мені ол кісі орыс тіліне жүйріктігімнен шығар өте жақсы көретін. Баласы Елұстармен досжар болуға да көп ықпалын тигізді. Мұғалімнің үйіне мен әуелде ұяла басып, кейінде өз балаларындай талай барып жүрдім. Ол жай барыс емес, маған да Елұстарға да қосымша жүктемелер беретін. Елұстарға тапсырмасы мен үшін өте жеңіл болғандықтан септесуші едім. Ал, өз жүгім ауыр болатын. Ол кісі: «Сен өлең жазасың, қабырға газеттерінен оқып тұрамын. Енді бұл талабыңды жетілдіру қажет, Полонскийді өзім жақсы көремін, Лермонтовта мұң көп, әрине, бәрінен де Пушкинге жақын бол, сен оларды аудара баста» дегені бар. Мен үшін бір қызығы Қабекең: «Тіл ұстартам десең, орыстың қара сөзін аудар, Пушкиннің қара сөздерін жатта» деуші еді. Сабақтағы жүйе бойынша «Капитан қызының» ішінен жаттауға бергенде менен бірінші болып сұрады. Мен мүдірмей «Я выглянул из кибитки, все было мрак и вихорь. Ветер выл с такой свирепой выразительностью, что казался одушевленным» деп әдемілеп айтып бергенімде бес қойды да, «осы білгенің үлкен азық болады, ұмытпастай жатқа айтып жүр, тоқсанның аяғында тағы да сұраймын» деп қадағалағаны есімде. Қазір ұлағатты ұстазыма мың-мың алғыс айтып отырамын. Сол кездегі бастамалардан бастап, «Евгений Онегинді» аударуға жетсем, алғашқы сабақтардың тартымдылығы, қызықтырғыштығы деп білемін. Ұлағатты ұстазым ұлы данаға қол созуды үйреткен екен.

Мұсахан Қанапияновты біз тоғызыншы сыныпта жүргенде Көкшетау облыстық оқу бөлімінің бастығы етіп алып кетті. Оның себебі мектебімізді ел аралап жүрген Қазақстан Орталық партия комитетінің хатшысы Жұмабай Шаяхметов көріп, риза болып директорымызды жоғарылатқан екен. Мұсекеңнің жұбайы Күләш апамыз да Саумалкөлде өскен, көрші болған жақын кісі еді, інім деп сыйлап жүретін, көшіп кеткендеріне қуанған жоқпын, мен ол апайды Ермек тәтемдей құрметтейтінмін. Ермек тәтем орта мектепті бітіре алмай дүниеден ерте өтіп кетті, екеуі егіз қозыдай дос болатын. Күләш апай сабырлы да байсалды, кербез де өте сымбатты кісі еді. Балалары Бақытжан, Ерұлан бұл күнде елге белгілі бірі ақын, бірі композитор, ақынжанды ата-аналарынан жұғысты болған дарынды жігіттер. Жалпы, Мұсахан ағайдың бойында тәртіпке беріктік пен мейірбандық, тәкаппарлық пен ұстамдылық, кішіпейілділік пен инабаттылық ұласып тұратын. Ол кезде бұл үлкен мінездің төркінін, сүйікті ұстаздың зайыр-затын білмедік. Мұсекеңнің түбі төре, Абылай ханның немере ағасы Сұлтанбет сұлтаннан тарайды екен. Ертіс бойын билеген Сұлтанбет (Сұлтанмұхаммед) парасаттылығы мен айымдығы, батырлығы мен мемлекет ісіне дайындығы соншалықты Абылайдың тірі кезінде орыс патшасы екеуіне тең қарапты. Сұлтекіңнің Ресеймен де, Қытаймен де ара қатынасты бекітуге ат салысқан Абылайханның үлкен мәлімгерлік қызметін де өте жоғары дәрежеде орындағаны тарихта мәлім.

Мұсахан ағамыз басқа қызметке кеткеннен кейін ол кісінің орнына көп кешікпей Сәрсенова Нағима мұғалім бекіді, өзі физик, ал жұбайы Қойшы Бибулаев математикадан сабақ берді. Бибулаевтың математикаға білгірлігі бір төбе, балаларды мұқият зерттеуі күшті, үлкен тәрбиегер ұстаз болып шықты. Мен басқа сабақтың бәрінен беске оқып, математикадан төрт алып жүрдім, оның да өз себебі бар, бұрынғы Қаусыл Жәкенов деген мұғалімнің есебін дұрыс шығарамын, бірақ тақтадан оқи келгенде бөлшекті үштен бір деудің орнына, орыс тәртібімен «одна терть» деп, яғни бөлшекті керсініше оқып ренжітіп алған болатынмын. Кейде тақтаға шығарғанды оқы дегенде, есебімнің қатесі жоқ, бірақ оқымаймын деп ызаландырып алатынмын. Тағы бір хикая, күзгі сабақтың басталған кезі болса да барлық балалар футбол не волейбол ойнауға кетіп, терлеп-тепшіп интернаттағы бөлмеге келсек жалғыз ғана Еркін Бекенов деген сыныптас досым отыр екен. «Оу, Еркін, саған не болды, көп қызықтан қалдың ғой» десем, ол: «Даурықпа, ертең математика», – деп қорқытты.

Сонда мен басқа балалардың көзінше «Ей, бейшара-ай, радио тыңдамайсың, газет оқымайсың, математиканың негізгі заңы өзгерді ғой. Мысалы 2х2=4 деуші едік, енді екі де екі бес болды, бәрі – бір алақанда» дедім.

Балалар түсініп айтқанымды қолдай кетті. Еркін тосырайып біраз отырды да, Қайрош деген ағасы бар еді, содан сұрады, дұрыс па дегендей. Қайрекең қыздыра түсті: «Ертең үр жаңа математика басталады, жаңағы Кәкімбек айтқандай тәртіппен бәрі жаңарып кетті, әйтпесе доп теуіп жүрер ме едік», –деп түйді. Әрі қарай шыдай алмай Еркін бөлмеден шығып отырды. Сол кеткеннен Қаусыл мұғалімнің үйіне бір-ақ барыпты. «Жәй ма, шырағым, кеш болып қалды ғой?» десе, «Жәй емес» деп менен естіген «жаңалықты» айтып беріпті. Қаусыл ағай Отан соғысының мүгедегі, таяқпен жүретін майдангер, Қазан университетін бітірген қатал кісі болатын. «Жарайсың, шырағым... Математика орнында, бірақ Салықовтың сандырағын өте дұрыс деп білемін: екі де екі төрт, сол қылжаққа сеніп маған жүгіріп келген сенімен бес» депті.

Осы әңгімелерді жаңа мұғалім Қойшы Бибулаев естіп алыпты. Ол кісі бір күні мені сабақтан кейін қалдырып оңаша әңгіме-дүкен құрды. Келісімен мұғалім уақытты көп созбады. «Қалқам, оқуға жақсы, ынталы бала екенсің, бірақ ақындығың қысып, математиканы қалжыңға салатын көрінесің, адам боламын десең оны қой, «Есеп білмеген есек» – деп бір түйді де, – енді тәртібіңді өзгерт, математиканы білмейтін оқушы емессің, алда әлі екі жыл бар, егер математикадан бес алып отырсаң алтынға таласасың», – деді. Басқа да біраз мысалдар келтіріп, сау бол деп босатып жіберді. Мені бұл үлкен ойға салған кездесу болды. Математика сабағына назар аударып, бұрынғыдан қолға мығым ұстап алға бастым. Үш тоқсан біткеннен кейін төртінші тоқсанды Қойшы мұғалім шымқай өткенді қайталаумен, соңғы жылдары экзаменге келетін есептерді қайта шығартумен бәрімізді сақадай сай етіп дайындады. Мен Мәскеудегі Түсті метал және алтын институтына барғанда математикадан да, начертательная геометриядан да ешқандай қысылмадым. Ал, біздің ең босаңдау Бекенов Еркініміз Алматыдағы ҚазМУ-діңматематика факультетін бітіріп, әрі математик, әрі көп жылдар көрші ауылда мектептің директоры болды.

Бірсыдырғы жылдардан кейін Жезқазған қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы кезімде Бурабайда демалдым. Бір жолы Сәбит Мұқанов ағамызға сәлем берейін деп «Оқжетпес» шипажайына келсем, бұрынғы директорым Нағима Сәрсенова, ол кезде Көкшетау облыстық атқару комитетінің орынбасары кезі, Қойшы ағай екеуі Көкшетауға аттанғалы жатыр екен. Мұғалімдерім қасымдағы жұбайым Мәриямды көріп қуанышқа бөленді. Бұл кездесу шын мәнінде де бір серпілдіріп тастады. Жатқан бөлмелеріне қайта оралып кіріп, жинап қойған шабаданды ашып, Нағима апай басталған бір үш жұлдызды коньякты ашуға ыңғайланып еді, Қойшы ағай: «Қойыңыз Нәке, өмірі үш деген баға алып көрмеген оқушымыз ғой, аш «Бес жұлдызды», – деді. Нәкең: «Ол да дұрыс екен, «аттың басы, атанның қомы» болды дегендей асығыстық қой», - деп армянский бес жұлдызын ашып, үстелге шақырды. Коньякты талай жыл ішіп жүрміз ғой, тап осы жолы ұстаздарымның алдында дананың алдында тұрған баладай селк етіп қатты қысылдым да, ұстазымның алдында ащыны татып көрмеп едім деп әрең ғана тіл қаттым. Қойшы ағай: «Ей, қалқам, өзің де ел басқарған үлкен азамат болдың, рұхсат, бақытты бол», – деді. Сырымбеттегі балалық шақ оралғандай қатты қуандым. 1949 жылы «Қазақстан пионері» газетінде Сталиннің жетпіс жасқа толған тойына арналған өлеңімді басқандағы директорымыз Нағима апай мен Қойшы ағайдың интернатқа кештетіп келіп құттықтағандары дәл сол кезде есіме түсті. Шәкірттерінің қуанышына шын шаттана білетін тамаша ұстаздар ғой, ұмытпаған екен: «Баяғыда генсекке өлең арнап Сырымбеттің атын шығарып едің, партия жұмысында жүрсің, құтты болсын, Алла Кремльге жеткізсін» деп батасын берді. Нағима апай да шын сүйсіне қарап: «Қарақтарым, бақытты болыңдар!» деп екеуі бізді Сәбит ағай мен Мәриям апайдың жатқан жеріне апарды. Онсыз да қоштасып шығамыз деп отыр едік, балаларымыз келіп қалды деп мұғалімдеріміз бізге де, Сәбеңе де үлкен құрмет көрсетті.

Мұғалімдеріміздің бәрін де жазар едім, әттең сөз созылып кете ме деп қорқамын. Мен үшін Казгородоктегі ұстаздарымның барлығы да періште іспеттес көрінеді. Ол кісілерден алған білім мен тәлім-тәрбие, көзіміз көрген өмір сабақтары есімнен ешқашан да кетпек емес. Жасымнан аздап домбыраға әуестігім бар еді, тұңғыш ұстазым да – Мұса Асайынов. Ал, Казгородокке оқуға келгендегі бір зор табысым Хамит Нұрманов деген жас жігіт тарихтан сабақ берді және домбыра кружогін ашты. Бұл үйірме сәтті болды, күй тартатынбыз, шекті аспаптардың күшімен әншілерді де сүйемелдеуші едік. Әйгілі әнші қыз Жамал Ақбұзауова «Сырғақтыны» шырқағанда мандолинмен менің сүйемелдеуімді ұнатып, аудандық, облыстық сайыстарға қатынасып жүрдік. Ұлан Ементаев екеуміз бірге тартып, күйден де Көкшетаудың бас жүлдесін алып едік. Домбыра жан серігім болып, ән шығаруға да жаттықсам, сол Хамит ағайға алғысым мол.

Бұрынғы директорымыз Мұсахан Қанапияновтың соғыстан кейінгі енгізген бір дәстүрі жыл сайын оқу бітіретін оныншы сыныптың балаларының кәмелеттік аттестат алуын үлкен тойға айналдыратын. Ат шаптыру, балуан күресі, басқа ойындар өтетін де алыс-жақыннан келген ағайындар бар өнерін көрсететін. Біз оқу бітіретін жылда да сол дәстүр жалғастырылды. Атақты халық ақыны Молдақмет Тырбиұлы өлеңмен құттықтап, ақ батасын арнады. Айыртау ақсақалы атанған «Шолақ өзек» колхозының бастығы Тоқыш Рысбековтың да айтқан сөзі есте қалды. Тойдан кейінгі ас үстінде Молдекең: «Қалқам, Кәкімбек, қай оқуға барасың?», – деді. Мен ақын болам деп Алматыдағы ҚазМУ-дің журналистика факультетіне деген жауабымды көп кідірмей тік айттым. Шал қатты қарқылдап күлді. «Өй, сен онсыз да ақынсың ғой, ақырғы сынақтағы әдебиет пәніндегі шығарманы Торайғыровтың «Қамарсұлуына» арнап өлеңмен толғанып, атыңды Есіл-Көкшеге паш еттің, енді не керек?» деп қарт ақын ойлы қалпымен салмақты айтты. Содан кейін бір бұрылып: «Халық ақыны атанып, ел тілегін ақтап жүрмін ғой, сонда мен қай оқуды бітірді дейсің.а Ақынға оқу керегі жоқ, өмірге араласу керек, ол іштен оқып туады, анасының ақ сүтімен берілген нәсібі бар. Саған ақындықты еш адам үйреткен жоқ қой, оған бес жылыңды шығындама» деп пиғылын білейін дегендей Тоқыш ақсақалға қарады. Тоқаң «басқа оқуды ойла, бұл оқуды қой, шырағым» дегендей нышан білдірді. Мен ендеше лесник болайын деп салдым. Оған ақ басы жарқырап Тоқаң сақ-сақ күлді де: «Оны қой қалқам, «өлмесең обещик боласың» деген сөз бар, ол сөзде жасырын тәмсіл жатыр, оған да оқу керегі жоқ деп түйіндеді. Сонда тойда отырған ақын Мұса ағам: «Бота, қайда барарын өзіңіз айтыңыз» деп Молдекеңе қарады, ол кісіні ел-жұртымыз «Бота» дейтінбіз.

Молдекең соғыс жылдары (1943) Нұрқан Ахметбековтен Алматыда айтысып тең түскенін әңгімелеп берді де, айтар сөзін үр жаңа бастап кетті. «Сол жолы біздерді – он алты облыстың ақындарын Жамбыл ақасақалмен қосып Қаныш Сәтбаев үйіне қонаққа шақырды. Баршамыздың сұрағымыз бойынша Қаныш кен барлау жұмысын қызғылықты етіп айтып берді. Жезқазғанды мысалға алып, елді қалай байытудың жолын сөз етті. Сен, Кәкімбек қалқам, үміт күткен өз баламсың, ақылың жетсе Қаныштың оқуына бар. Көкшенің толып жатқан таулары әрі-сәрі, анау Жалғызтауда, мынатұрған Сырымбет пен Айыртауда ештеңе жоқ дейсің бе? Олай емес, Қаныш қалай Жезқазғанды жарқыратты, оның болашағын айтқанда біз таңқалдық. Соғыстан жүдеп шыққан ел жаңа ғана есін жинап келеді, сен ер жігіт болам десең Абай айтқандай атаңның емес, Отаныңның баласы болуға тырыс. Қаныштың оқуына бар, жол ақысын өзім төлеймін», – деп тоқталды. Бәріміз ұйып тыңдап қалдық. «Көндім, Бота» дедім. Сол кезде Тоғыш ақсақал жарқ етіп, сөзге қайта кірісті. «Өзің өлгеннен сөзің өлген жаман» деуші еді, жарайсың қалқам, Молдекеңнің дуалы аузынан шыққан құдіретті сөзін жықпағаныңа рахмет. Ақылды сөз арнасын тапты. Алла саған Қаныштың өнерінің жалғасын берсін», – деп ақ тілегін білдірді. Мәскеудегі Түсті металл және алтын институтының шақыру қағазын газеттен қиып алып қойып едім, сол бойынша кен барлау факультетіне барлық документтерімді, орта мектепті күміс медальмен бітіргеніме сүйеніп Мәскеуге жібердім.

Әрине, оның бәрі тегінге түскен жоқ, ел төрінен алыста жатқан меңіреу, сұрғылт, жабайы ауылдан қыж-қыж қайнаған, есің кетердей жайнаған Мәскеуге қалай барамын, оқуына үлгеру қалай болады деген де секем ойлар келді. Бірақ ақын атам айтқан асыл есім – Қаныш Сәтбаев жарқын жұлдыздай алыстан қол сілтеп, дем беріп тұрғандай тәуекелге шақырды. Құлагершіл мінезім сол тәуекелге сеніп, ішкі намысты ұлғайтты. Қош бол, Сырымбет, саған рахмет! – деп кете бардым.

Шота Уәлиханов Мәскеудің архитектура институтына түспекші болды. Тағы бір сыныптасымыз Айша Біркенова мен баратын институттың металлургия факультетін таңдады. Ақыры осылай болды да, Молдекең де шығарып салуға келгенде қолыма жүз теңгелікті ұстатты. Туғалы поезға мініп көрмеген қазақтар Айша екеуміз Мәскеуге тура кеттік. Шота Алматы арқылы оқуға алынды. Осылай Сырымбеттегі мектебімнен Мәскеуге жол түсіп балалықпен қоштасып, жастық шақпен достасып, сәтбаевшыл инженер боламын деп жоғары оқу сапарын бастадым.

Қайда жүрсек те Сырымбеттегі мектебім болашаққа жаққан меже шамдай қасиетін ұмыттырмады. Үш жыл оқыған тамаша оқу орнының, оның мұғалімдерін, балаларды тәрбиелейтін қызметкерлерін түгел айтып тауысуға болмайды, ал айтпай кетуге сыймайтын бір мәселе – бұл өмірлік рухани азықтың үлкен бөлігі және қанша жасқа келсең де қатарласа тілектесіп жүретін бірге оқыған достар, сыныптас қыздар. Сегіз ер бала, сегіз қыздан тұратын біздің сынып Казгородок, қазіргі Сырымбет қазақ орта мектебінің тарихына өшпестей етіп жазды. Олай дейтінім сыныптастарым өңкей өрім өнерпаздар, талпынуға жалықпайтын жас таланттар болатын. Мысалға суретшілер Шота Уәлиханов, Еркеш Айтмағамбетов, Нұртас Айтбаев аудандық, облыстық дәрежедегі сайыстарда алда жүрді. Жас ақындарға келсек мен бар, Шота бар, Уахитов Нығметжан өзгелерге дес бермеуші едік. Айша асқан математик, Зейнікеш тамаша биші, Әгір тарихқа жүйрік болатын, Зина мен Мағи, Бәкөш та осал емес. Айта берсек бәрі де жақсы оқитын орнықты да ойшыл келген ақылды балалар еді. Балалықтың базарлы кезін соғыс жылдары жұтқан тірнектер орта мектепке келгенде іріктеліп, ақыл қонар қалыпқа түсіп кетіпті. Оңашада отырып кей мәселелерді талқылай келгенде бәрі де тыс қалмайтын жігер-қайраттары мол жастар еді. Кейбіреулерімен өмір жолында дәмдес-тұздас болдық, қайсыбіреулерін көптеп көрмесек те өзара хабар үзбедік. Шота Уәлиханов қырық жасқа толғанда:

 

Әй, Шота, келіп қалдық қырық жасқа,

Ақтарар енді саған сырым басқа,

 

деп желдірмелете келе:

 

«Қалғанда балалық шақ Сырымбетте,

Мәскеуден біздің жастық бір-ақ шыққан», –

 

деп ақиқатты дерек етіппін. Парталас досым Шота бұл күнде Тәуелсіз мемлекетіміздің ұлы рәміздерінің бірі – Елтаңбаның авторы, әйгілі суретші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Алматыдағы Шоқан ескерткішінің екінші авторы, Тәуелсіздік алаңындағы монумент бүгінгі Шот-Аман-Ыдырысұлы Уәлиханның төл еңбегі. Мен үшін өте қымбатты дүние – Семейдегі «Семей полигонының» зардабына арналған ескерткіш заман сырын айтып берген ғажайып дүние. Шота әрі ақын, әрі драматург, үлкен оқымысты мәдениет ғұламасы ретінде Сырымбетте, Мәскеуде оқығанын ғана емес, Шоқан бабамыздың немересі ретіндегі парызын ақтай білген азамат. Шотаның бойына біткен талантын мұқалмайтын ынта-жігері мен жанкешті еңбекқорлығы шыңдап келеді.

Достарымның осалы жоқ, ал қыздарға келсек, Айша Біркенова Москвадағы Түсті металл және алтын институтында бірге оқыдық. Мен кеншілік жолында Сәтбаев тапқан кендерді қазып, жер астынан алып беремін деп ұмтылсам, ол металлург болды, кейіннен ғылым кандидаты атағына жетті. Әттең, дүниеден ерте кетті. Өзге қыздардың бәрі де ЖенПИ-ді бітіріп, ұстаздық құрумен болды. Сол қыздардың төртеуі Көкшетауда, біреуі Саумалкөлде тұрып жатыр. Оларды жиі көріп тұратын да күндер болды, сондай кездесулердің бірінде айтқаным:

 

Ақ шашты желбіретсем тарамай кеп,

Ұмыттым өткен күнді санамай көп.

Қорқамын

бірге оқыған сұлуларға,

Қайтадан ғашық болып қалам-ау,

 

деп әзілге бұрсам да, бір үйде өскен балалардай ыстық тартып тұрады. Қазір қырық жас дегенді еске алмаймыз, қайран алпыс! – деп тақап қалған сексенге сері күнде сергек жетсек дейміз.

 

14.01.2010.

Астана

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2038
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2470
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2052
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1595