Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Әдебиет 7349 1 пікір 17 Қазан, 2017 сағат 08:41

Бауыржан Қарағызұлы: ...келіңіз маған, Жоғалған

Мен Бауыржанды танығалы он жылдан асты. Оның жыраулар поэзиясымен сабақтас, арындап, аспандап, күмбірлеп, күңіреніп оқыған талай өлеңдерін өз құлағыммен тыңдадым. Солай бола тұра мен оның махаббат лирикаларына құштар едім. Неге екенін қайдам, кітаптары қолыма ілінсе болды, ескі өлеңдерін іздейтінмін.

Кейіннен, кейін келе Бауыржанның өзгелерге ұқсамайтын найзағайдай шатырлап, күндей күркіреген, тау өзеніндей гүрілдеген жырларын түсіне бастадым. Толық бойыма сіңіп кетті дей алмаймын. Өлең сөзге ғашық адам ретінде соны соқпақ іздеген, өзгеге ұқсамай өзінше жазуға құлаш сермеген ақын бауырымның жырларынан жауһар іздейтін болдым. Бірде имани сәуле жалт етіп санамда жанғандай болады. Бірде не айтпақ болғанын аңғара алмай жұмбақ шеше алмаған балаша басым қатады. Сөйте тұра жырдың ішінен әлгі сәулені тағы тапқым келіп, жарыққа асық көбелектей шыр айналған ойыммен арпалысамын.

Бір кездері тағдырдың жазуымен Бауыржанға биік мінберлерден сөйлеу бұйырғанда, жайлы кресло ұсынылып, бастық болғанында "әдеби танымына селкеу түсіріп, ақын ретінде өзін жоғалтып алмаса екен" деп уайым жеген едім. Өзі "Соқыр көзден де жас көрдім, жаным, келіңіз маған, Жоғалған" деп жырласа да, ол жоғалу мен бұ жоғалудың арасы жер мен көктей екенін ақылы бар адам түйсінсе керек. Бауыржан жоғалған жоқ. Мансап пен атаққа ақындығын айырбастамады.

Осыдан он жыл бұрынғы Бауыржан мен бүгінгі Бауыржан - бір Бауыржан. Талай әдеби көкпардың ішінде жүрсе де бастапқы болмысынан ажырамай қалғаны, бұ өмірде "өлеңнен басқаның бәрі бекер" екенін өзінше бағамдағаны үшін ғана оны құрмет тұтуға болады.

Жазары таусылмасын, бауырдың...

Қанат Әбілқайыр

Меннің үні

І

Көкшетаудың қартайған көшелерінде, бір нəп-нəзік қайың өсетін. Жапырақтарынан жапырақтарына жап-жасыл өлеңдер көшетін. Сол қайың түсіме кірді, кеше... Есіме түсті Аспан туралы аңғал ойыным. Менің момақан қайыңым!

Ояндым. Несіне ояндым, қайыңым? Осынша тəп-тəтті боларын білмеппін түсімнің. Көктем жанарын жылатып, мөлт етіп тамған əр тамшы - сенің мөлдір мұңың деп түсіндім.

Қайда жүр екен, менің өлеңші бауырым? Ойға - гүл екен өткен шақ. Ағам бар еді өкпелі тағдырға. Кінəмшіл еді ғой, шырмалып қалды ма сөзіне? Өртеніп кетті ме өзіне? Момақан қайыңым, жасырмай айтшы енді Аспанға. Сол бір сусардай сұлу жайнаған кездерім, есімнен кетпеді тұрсам да, жатсам да...

Сəлем айт, ауаға...

 

ІІ

 

Көзіңізде тұншыққан жас - Сіздің Жаныңыздың азабы. Естімейсіз Сіз оны. Құпия сəлемге құлшынтқан бір сезім, пешене жолдарын байырғы сөздерге мас болып, шынайы үн қатқан əуенге ынтығып сызады. Оны да көрмейсіз, қымбаттым.

Сөйлеспей-ақ сөйлесе алсақ қой, шіркін-ай. Жетеміз сол күнге. Қалыпқа құйылған ұғымға мысқылмен боялған бақыттың маскасын сый етем, бағасы - өмірдің құнындай болады.

Пай, дəурен! Сіз жайлы ғаршының мұңында жанары пейіштей жайнаған ауаның күлкісі туралы жыр оқып берер ем. Сол сəтте, шекесінен шертіп қоямын мынау есер жалғанның! Ох! Сонда маңдайым жарқырап, еркелеп жүремін! Көресіз! ...Дəл сол күні артық кетсем кешіріңізші Жүрегім...

 

ІІІ

Күн сайын күрең таулардың күн жалаған бөктері күрең түске боялғанда, күрең-күрең қойлар өретін. Əр күні таңертең оянғанда, айналасын алқалап, шалқалап жатып алған сол күрең тауларды ғана көретін, бір бала. Атасының қарлыққан даусында қалықтап жүретін ертегілерге күмəнсіз аңқиып сенетін, өзімен-өзі сөйлесіп, өзімен-өзі күлетін, еш себепсіз мұңайып қалатын сол бір бұйығы баланың аты - Бауыржан болатын.

Таулар күрс-күрс жөтеліп алып, тəп-тəтті сыбырласқанда даламен, сол бір балақай Ғарыштық не Ғашықтық санамен тігілген, тұсына көркем ілінген жұмбақ түскиіз бетінде əр түні кездескен ою-ою ойларымен жараса алып па бүгінде?

P.S.

...Осының бəрін еске алғанда, жападан жалғыз қалғанда, жалығам мынау қаладан налыған. Сосын со-о-она-а-ау қара адырда елесі ғана көшіп жүретін Қарашаңырақты сағынам, атамды сағынам.
Сол бір қырсық баланы да қатты сағынам...

 

Сырдариямен жолыққанда

Бұл Дария - елімнің аяулы аңызы, жерімнің жұмақтай маңызы, күретамыры. Менің - күретамырым. Күретамырымнан бабамның рухы, баламның арманы Қорқыттың қобызындай күңіреніп ағады... Сүмбілдей сыланып, сүлейдей сілкініп, сосын сырғып ағады, мұңданып мүлгіп ағады, ағады... Ақырған ажалды азаптап ағады, алқынған өлімді мазақтап ағады, ағады... Үнсіз ағады. Жап-жасыл Өмір ағады.

Менің күретамырымнан дəуірлер ағады. Тəңірінің сертімен, тағдырдың дертімен көзінен қан аққан, сөзінен жас аққан адамзат тарихы ағады күрсініп... О, жалған, Ар үшін жүрегі обалдан жаралған Тұмар ханшайым қолында кесілген баспенен кегім де ашынып ағады.... Мұраты асылмен, намысы жасынмен қайралған, аймаңдай Алашшыл оғланның ойлары ағады менің күретамырымнан. Қып-қызыл елеске елігіп, еңіреп, өксікке тұншыққан зарым да ағады, қайтейін...

Менің күретамырым - Сырдария ағады мөлдіреп момақан жанары. Қазаққа барлығы болсын деп ағады. Маңдайы жарқырап жансын деп ағады. Жаралы Аралы толсын деп ағады, менің күретамырым!!!

Қызылорда. 26.03.2017

 

Сезіктің көзімен

Сезіктің көзімен қарасақ... Келе жатырмын. Бəлкім, сенен кетіп қалған шығармын болашақ. Сонша саған неге асықпын, неге ғашықпын? Білмедім. Білермін, жүзімді сағыныш даусымен жуғанда. Жұлдызым оңымнан туғанда; білермін, əділет көздерде күлгенде, мейірім көктеген үндерде махаббат қанатын қақанда; білермін, өртенген қызғаныш күл болып өзендей аққанда, ол өзен кəусарға айналған кештерде; қиянат тапталып, көміліп, көмілген төбеге аппақ гүл өскенде - білермін.

Сен неткен көркемсің! Сен неткен сұлусың, сүйкімді. Сен жайлы ойласам маңайым əн шалқып, кірпікке мөлдіреп күй тұнды. Мен сені сағындым, мұңдасым аяулы құрдасым - Болашақ!

Аlien

Түнгі Аспанға қарасам, түнгі Аспанға... Түнгі Аспанмен сөйлесіп ымдасқандай, күбірлеймін еріксіз өз-өзіммен... Сөз шығар - Өмір деген. Ой шығар - өлім деген. Түн Əулие - көрініп, көрінбеген. Əулие. Мəңгілік ғұмыр кешер сеніменен көзімнен жұлдыз ағып жатқан сынды, шексіздік екінімді түсінгендей, тағы да бір кеңістік тапқан сынды, тағы да бір уақыт жолыққандай, таңғажайып тылсымды күй кешемін, кешетін шақтарымды анық біліп, болашақпен бір сəтте үйлесемін. Яғни, ұмытшақ өмірімді, ерксіз ерігімді - еркіндік деп, келетін күндерімді есіме түсіремін. Өткен күнді күтемін, сағынамын... Сезік. Үміт. Түнгі Аспанға қараймын, түнгі Аспаннан Біреу мені үнемі көретіндей... Дəл бүгін келетіндей.... Абыржып, Аспанға қарай берем... Қарай берем.

Сөзге қанат біткен түн

Тіле. Өзіңнен тіле, сұра өзіңнен. Өзіңде - мəңгілік сəт сайын жаралған. Сəт сайын жоғалған ойларың оралсын, гүлдесін. Гүлдесе, көзіңнен сөз тамар мөлдіреп. Басталар басқа əлем жүректе. Күн туар күлімдеп тілекте. Өзіңнен тіле. Қадырың кетпесін өзіңе. Қадыр түні. Көктесін күдігің, күдігің көктесе, бір тамшы жаспенен басқа əлем жазылар, оқылар шындығың бір тамшы жаспенен. Пой, сосын Ой ұшыр алақаныңнан, алақаныңнан сөз ұшыр, тағдырлас! Енді бұдан былай Құдай ақыл айтпайды біздерге. Айтқан Ол, уақытқа серт етіп. Ал енді Арлы кім?! Арсыз кім?! Жазған. Жазылған барлығы. Өзіңді оқы. Қадыр түні ұлымасыншы құлқының. Тек қана Өлең түседі Аспаннан бұл Түні.

Қауышу

Жүйесіз дыбыстардан, қасиетсіз, киесіз сыбыстардан қашып келгеніме қуандым. Енді ойларым жаңадан жаралар, шөптердің биімен тыныстар, жапырақтың күлкісімен дем алар. Не деген ұлы тыныштық. Не деген жүйелі дыбыстар. Менің аянышты сыйқымды емдеді осы түн. Қайран ауыл. Аңғал ауыл. Арлы ауыл. Иттеріңнің үргені қандай сүйкімді. Ұмыттым ұйқымды. Ұйықтаман. Ұзақ ұйықтармын бір күні. Қандай жағымды. Сезініп тұрмын жалыққан, қажыған, шаршаған жанымды. Қарашы, Аспан - қолшатыр секілді немесе киіз үй секілді тігілген... Жұлдыз - жүректе бүр жарған алғашқы сезімдей сол қалпы таза. Жолдар - өмірге асығып жүгірген күнəсіз сəттерім. Сол қалпы. Мен өзгергем. Бəлкім, өстім не өштім. Мүмкін, қарағай сияқты көктедім. Бəрібір өзімді аядым, бəрібір жек көрдім. Кешірші ауыл, кешірші бауыр...

 

ОЛ

ІІ өлең

...жоқ шығар, табиғи өзгеру,
уытты, кекті көздері.
Не деген қатыгез еді,
не деген қып-қызыл сөздері,
ұятым қызарып кетті,
уақыт ұзарып кетті... Ояндым.
Ол мені алдады, арбады...
Қорлады.
Құдай-оу!
Есім дұрыс адаммын ғой,
есім дұрыс, жынды емес.
Өмір сүргім келеді жай бір адамдай,
мазамды алмашы түнгі елес!
Болды енді,
Ғайып,
Бəлкім, асықты.
Міне,
ойымның сұп-суық қолдары,
Жанымды шошытты,
Рухымды жасытты.
Шыдаймын. Қайтемін, көндігем??
....Ұйықтай алсам ғой енді мен?!

 

Жоғалған

І өлең

Пенденің бəрін Адам дедіңіз,
табам дедіңіз ғаламнан,
Жоқты.
Бəрінен жалыққан кезде, маған келіңіз.
Маған келіңіз, Жоғалған.

Өзіңнен-өзің қорыққан күні,
өзіңнен-өзің қашқаннан,
қорыққан күні,
құрметің артар Аспанға.
Жападан жалғыз торыққан түні,
маған келіңіз, Жоғалған.

Дос көрдім бəрін, қош көрдім бəрін,
опасыз неткен, о, жалған.
Соқыр көзден де жас көрдім, жаным,
келіңіз маған, Жоғалған.

Жоғалған, бізді сұраған көзге,
тура қараңыз, мұңайған.
Жападан жалғыз жылаған кезде,
қашыңыз барлық «құдайдан»...

Таланған сенім, тоналған көңіл,
кез болар түбі арайға...
Күтемін Сізді, Жоғалған өмір,
келіңіз маған қалай да!

ІІ өлең

Əкеден жалғыз емеспін,
Алыста-а-ан Ананың мейірін көрдім,
Жоғалған.
«Жалғызбын мүлде» демеспін,
көп ішінде бір Құдайға сенгендей,
Жалғыздық маған, саған келгендей
жолықты... Жалықтым.
Жалықтым, күнім, расы,
ей, кімдер бар дейсің, жанды ұққан?!
Мас болып, лаң салатыным - сондықтан.
Сондықтан,
өзіме-өзім жүгіріп,
өзімнен-өзім қашқанда,
мөп-мөлдір болып, жанарда жаралған,
моншағымды іліп жүрекке,
өзіңді іздеймін, Жоғалған,
сондықтан...

 

***

 

Күн туғанда басыңа
жоламайды көлеңкелер қасыңа...
Күн туғанда басыңа
қандай ғажап Ай туғаны керіліп,
ұмытасың сатқындығын сағаттың,
барлығынан жерініп,
отырасың жалғыз өзің егіліп,
қандай ғажап!
Жүк түскендей арқаңнан
үңілесің өміріңе болконнан,
өмір саған үңіледі,
жарықтық,
ащы өксік тығылады қолқаңа,
шер толқиды, тістенесің, шыдайсың,
көңіліңнің кемсеңіне құлайсың...
Қап-қара Түн сипағанда басыңнан,
шыдай алмай жылайсың,
қандай ғажап!

 

 

Жұп

 

Сені жаным, түсіну - ұлы арманым,
бірде - Күнсің, бірде - түн... Ұға алмадым.
Нүктесін қалай қойсақ болар екен,
Өмір деген - сəтсіздеу шығарманың?

Шығарманың аяғы көңілді емес,
не десең де, бұл енді - сенімді елес.
Мен: «Ай» десем,
Сен: «Күн» деп күлімдейсің,
қырсығамыз. Түк те де жеңілдемес.

Мен - қара түс,
Сен - ақ түс... Келістік пе?
Куə - бəрі. Тұп-тура бөлістік пе?
Мен жоқ болсам - Сен жоқсың,
Өмір де жоқ.
Жоқ - уақыт, жоқ жəне Кеңістік те!

2017 жыл

Abai.kz

1 пікір