Сейсенбі, 1 Желтоқсан 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 132348. Жазылғандар — 116863. Қайтыс болғандар — 1990
Анық-қанығы 3199 4 пікір 5 Қазан, 2017 сағат 09:35

Бұқаралық спортқа бұғау салған кім?

Бүгінгі таңда қазақстандықтардың қанша бөлігі спортты жанына серік еткен? Өткен уақытпен салыстырғанда, салауатты өмір салты бүгін неліктен кенже қалып отыр? Оның себептері мен салдары қандай? Атыраулық жастарды бұқаралық спортқа тартуға не кедергі? Осы секілді сауалдарға сала ардагері, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, үшінші дан қара белдігінің иесі – Қабибек Мұхитовтан жауап іздеп көргенбіз.

– Қабибек Сәдірұлы, атажұртқа оралған қандастарымыздың, яғни, оралмандардың спорттағы үлесі қанша?

– Сөзіңіздің жаны бар. Бүгінде көк байрақ биікте желбіреп, жеңіс туы тігіліп жүрсе, онда оралман бауырларымыздың да үлесі бар екенін атап өткім келеді. Олардың дені – жастар. Әрқайсысының елімізге деген асқан сүйіспеншілігі мен пәк махаббаты бізден артық түспесе, кем емес. Соған сәйкес, жеңіске деген ынта-жігерлері зор. Екіншіден, өздері қоныс аударып келген елде спортқа әбден бейімделіп, дене тәрбиесіне ерте жастан төселген дайын атлеттер ғой. Қалай дегенде де, кеудені кернеген құлшыныс пен ынта-ықылас дегенін жасатпай қоймайды ғой. Сондай мықтылардың бірі – өздеріңізге жақсы таныс боксшы Қанат Ислам. Кәсіпқой бокстағы өзінің биік беделін ол халықаралық аренада абыроймен қорғап шыққан болатын. Ал, шын мәнінде, ол да аспан асты елі – көрші Қытайдан келген қандастарымыздың бірі.

– Яғни, атымызды әлемге әйгілеп жүрген азамат жандар оралмандардың арасында  аз емес дейсіз ғой?

– Әлбетте солай. Мәселен, кешегі Лондон төрінде өткен олимпиада ойындарында екі мәрте қатарынан күміс алқа тағынған Әділбек Ниязымбетов те Өзбекстан мемлекетінен, дәлірек айтсам, Қарақалпақстаннан оралған қазақ. Осы жерден келген Елдос Жаңабергенов деген спортшымыз да бокстан әлем чемпионы атанған еді. Көрдіңіз бе, мұндай мысалдарды одан әрі де тізе беруге болады. Бұдан нені ұғынамыз? Демек, спортқа бейім қандастарымыз әлемнің қай түкпірінде жүрмесін, бойға біткен қабілетті шыңдап, дамытуға толық мүмкіндік бар. Өз кезегінде біздің де мемлекетіміз оларға қолдан келер көмекті аямауы керек. Өйткені, сол жасалған қақморлықты олар еселеп қайтаратындығына күмән жоқ. Өзім де бір Атырауда жүз шақты оралман бауырлармен байланысып отырамын. Спортқа тартып, жігерлерін жануға тырысамын.

– Сонда, олардың өз спортшыларымыздан айырмашылығы неде?

– Әрине, алдыңғы толқын ағалар жағы қашаннан бері кейінгі ұрпақты ұлтжандылық пен руханиятқа, ізгілік пен ізеттілікке тәрбиелеп келеді. Әйтсе де, бүгінгі жаңарған қоғамда бұрынғы құндылықтарымыз ескілік тартып, ұмытылып барады. Ата-бабамыз аманат еткен қаншама салт-дәстүріміз мұрағат сөрелерінде сарғайып бара жатыр десеңізші?! Соның бірі – ұлттық ойындар. Ал, бұған кім кінәлі? Оны өзімізден іздеген абзал болар. Себебі, «жаһанданып жатырмыз» деп ашта жеген құйқаны тоқтықта ұмыту дұрыс емес. Енді қайтпек керек? «Ештен кеш жақсы» демекші, әлі де кешегі құндылықтарымызды қайтаруға уақыт бар, мүмкіндік те жетер. Осы іске оралман ағайынды да жұмылдырған жөн сияқты. Олай дейтінім, қолда бар алтынның қадірі қашатыны бар. Туған жерінде тайраңдап жүрген соң, менмендік, менсінбеушілікке бой алдыратындарды қайда қоясыз? Ал, оралмандар жырақта жүріп елін сағынады, Отанға оралу үшін бәріне даяр.

– Тура ақын жырлағандай, «жан емес маған керегі, көк Тудың желбірегені» десеңізші!

– Иә, мұны тағы бір мысалдан көруге болады. Олармен етене таныс болған соң, ұлттық дәстүрімізді көздің қарашығындай сақтап жүретіндеріне куә боп жүремін. Өзіңіз де шетелде көкпар тартып, теңге іліп жүрген қазақтар туралы естіген боларсыз? Олар ұлттық өнерге сусындап өскен жандар. Соларды елге тартып, бауырға баса білсек, төл спортымызды тығырықтан шығаруға болады емес пе? Жақында ғана өзіңіздің «Ұлттық спортты қайтсек дамытамыз?..» деген мақалаңыз «Атырау» газетінде жарық көрді. Онда сала мамандары ұлттық спорттың кенже қалуына қатысты өз пікірлерін ашық білдірген. Әсіресе, жергілікті жерлерде саятшылықтың дамымай отырғаны орынды айтылған. Ендеше, менің де ұсынысым бір кәдеге жарар деген ойдамын.

– Құдайға шүкір, облыста түрлі спорт кешендері жетерлік. Жыл санап олардың қатары толығып, сапасы жақсарып келеді. Алайда, жаттығысы келетін жастар оған емін-еркін кіре алмайды екен. Бұл тұрғыда не дер едіңіз?

– Бәлкім, бұл сөзіңіз де рас шығар. Бірақ, сіз айтып отырған «кіре алмай жүргендердің» қарасы қанша? Біліп көрдіңіз бе? Көп пе, аз ба? Соншалықты көп деп айта алмас едім. Осы салада біраздан бері жүрген соң, спорт әлемінде кімнің немен айналысып жүргені маған бес саусақтай белгілі. Келісемін, кейбір орындарға кіруге рұқсат жоқ. Өйткені, жеке меншік иелері бар. Оған кіріп, жаттығу жасау үшін ақысын төлеу қажет. Бұларға көбінесе фитнес орталықтары тән. Ал, қалың бұқараның қамы үшін бой көтерген спорт сарайларына кіруге кедергі бар дегенді естімеппін. Мәселе онда емес. Яғни, өзіңіз айтқан жастардың өздері спорт сарайларына барғысы келе ме екен? Соңғы он жылда олар онда кірмек түгілі, маңына да жоламай барады.

– Ендеше, тығырықтан шығар жол қайсы?

– Оны қоғам болып іздемесек, болмайды. Осы орайда, есіме бір оқиға оралып отыр. Сонау тоқсаныншы жылдары «Геолог» деп аталатын спорт залы болатұғын. Сол жерде кемінде жетпіс адаммен бірге жаттығу жасап жүргенім бар-ды. Ал, қазір керісінше, заманауи спорт ғимараттары болғанымен, оларға баратын адам жоқ. Ақиқаты осы. Неге екенін білмеймін, бірақ бүгінде спорттан бақ тайып барады. Болмаса, дене тәрбиесінің берекесі қашты ма, білмеймін. Еліміздегі футболға қатысты орын алып жатқан проблемалар да бір төбе. Әлемдегі нөмірі бірінші ойынға қазір құмарлық бәсеңдеді. Бірақ оны қызу қолдау мен шектен тыс қаржыландыру артпаса, азайған емес.

– Сөзіңіз ауызыңызда, спорт сүйер қоғам қалыптастыру  үшін не істеуіміз керек? Мүмкін, оны насихаттау жағы кенже қалып отырған болар? 

– Қалай десек те, бұл ойландырып, толғандырып отырған жайт. Алдымен, мәселенің мәнісіне қанығып, сосын шешу жолдарын іздестірген жөн. Айталық, күнделікті өмірдің ажырамас бөлшегіне айналған бұқаралық ақпарат құралдарының бірі – ғаламтор желісін алып көрейік. Оған жүктелген бейнероликтер санында шек жоқ. Ішінде керегі де, керек емесі де бар. Әсіресе, жастардың ортасында орын алған теке-тірестер мен төбелесудің небір «ғажап үлгілері» бар.

– Дұрыс айтасыз, соңғы кездері көше бойындағы кикілжіңге қаракөз қыздарымыз да үйір болып жүр...

– Ал, оны үйде отырып-ақ тамашалап жатқан сырт көз миығынан күліп мәз-мейрам болуда. Оны ұялы телефоныңыздағы «ютюб» қосымшасынан сіз де көріп жүрсіз. Бір қызығы, қолын сермеп, аяғын көтеруге үйір жандардың онысын кәсіби деңгейде үйренуге қызықпағаны қалай? Яғни, сондай жекпе-жек өнерінің сан түрі спортта да жетіп артылады. Олай болса, соған спорт залына келіп машықтануға болады ғой. Әлде бұған біздің бапкерлеріміз қауқарсыз ба? Жоқ, кінәратты олардан іздегеніміз дұрыс болмас. Себебі, күнделікті қағазбастылықтан бастарын көтере алмай жүр. Сол үшін алатын жалақылары да мардымсыз. Сол себептен соңғы жылдары басқа салаға бет бұрғандары қаншама?  Сонымен, кімге мін тағамыз? Жауап жоқ.

– Сонда, бапкерлердің жалақысы көбейсе, барлық мәселе шешіле кете ме?

– Қалай десем екен, түсінікті болу үшін бір мысал келтірейін. Айтайық, мен таэквондошы ретінде бір мектептің басшысына барып, оқушыларға жаттығу ұйымдастырғым келетінін айтайын. Ол мені құрғақ сөзбен шығарып салып, келесі жолы бұл әңгімені қозғамауды өтінеді. Неге? Себебі, ол шамадан артық әрі жеке өзіне тиімсіз міндетті мойнына алғысы келмейді. Кім қазір өз уақыты мен қаражатын құрбан еткісі келеді дейсіз? Егер сол мектепте жаттықтырушы болып қызмет етсем, маған жалақы төленуі қажет болады. Оның үстіне, жаңа спорт құралдары алынуы тиіс. Мұнысы қып-қызыл шығын. Бұл  үшін мектепке соқыр тиын да төленбейді. Қысқасы, қосымша спорт секциясын ашу ешкімге тиімсіз. Ал, егер мектепке қаржылай қолдау көрсетіліп, спорт үйірмесі ашылса, оқушылар міндетті түрде қатысар еді. Өйткені, алысқа қыр аспай, өз білім ұяларында жаттығады. Осылайша, бос уақытында бір бұрышқа қамалған бала ұялы телефон мен планшеттен ермек іздейді. Әлеуметтік желіде отырып, уақыт оздырады, мағынасыз ойындар ойнап, ми тоздырады.

– Сайып келгенде, жастарды спортқа қалай шақырамыз?

– Бұл ретте, таяқтың екінші ұшы атан-анаға келіп тиеді. Баланың қалаған іспен айналысуына ең алдымен солар мүдделі емес пе? Егер бала о бастан спортқа үйір болса, неге жағдайын жасамасқа, қосымша жаттығуларға жазбасқа? Өкінішке орай, бүгінгі әке-шеше ұл-қыздарының спортшы емес, бас-басына тақта отырып шіренген қарны жуан би болғанын қалайды. Онда, тек білім мен ғылымға құштар шәкірттерді ғана тәрбиелейік. Спортты жөніне қоя салайық. Жырақтан жинап алған жат жұртқа төрден орын беріп, чемпион болайық. Тізгіннен қағылған қазақ баласы солардың жеңісіне қолын, онымен қоса санын да соқсын. Ақсақалдарымыз алақан жайып, бата берсін. Бұл бізге керек пе?

– Футболға оралсақ, жасыл алаңдағы он бір ойыншының бірі қазақ болса, соған есіміз шығып қуанамыз. Бұл қалай болғаны?

– Рас, қай саланың да бір жанды жері, яғни, нәзік тұсы болады. Міне, сол тұсқа келгенде, батыра айттыңыз. «Бәрі де жақсы болады» деп алға ұмтылған жақсы ғой, әрине. Бірақ бір мезгіл ақиқаттың да астарына үңіліп көрген артық етпейді. Құдайға шүкір, өзге аймақтармен салыстырғанда, Атырау – тарих пен тағылымға бай өлке. Экономикалық-әлеуметтік жағынан да осал емес. Қайбір бастамаға да қолдау білдіруге қаржы жетеді. Тек соны тиімді жұмсап отырмыз ба? Байлық белден келсе де, дүниені дүр сілкіндіріп жатқан чемпиондар көрінбейді.

Мақұл, жеңіске жеткен спортшы өз елінде қандай құрметке де лайық делік. Соны ескеріп, астына темір тұлпар мінгізіп, қолына пәтер кілтін қыстырамыз. Кешегі олимпиада жеңімпаздарының еңбегі 250 мың АҚШ долларына бағаланды. Ал, егер осындай қымбат сыйдың бәрін жиыпп, бұқаралық спортты дамытатындай бір игі іс жасауға болмас па еді? Осыны да ұмытпаған дұрыс сияқты.

– Жалпы, спорт пен дене тәрбиесінде «насихат» деген ұлы ұғым бар. Бәлкім, сол жетпей жатқан болу керек. Қалай ойлайсыз?

– Жергілікті жеңімпаздар есімін жастар тұрмақ, кейде жаттықтырушы бапкерлердің өздері де білмей жатады. Әлде бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің назарына ілікпей жүр ме? Екіншіден, ел намысын қорғауға біз кімдерді лайық көреміз? Бұл мәселеге соңғы уақытта көңіл бөлінбей кетті. Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығады. Бұл мың адамның ішінен тек біреуі ғана тұлпар болады деген сөз. Қай спорт түрін алып қарасаңыз да, атыраулық жаттығушылар саны жүзге жетпейді. Бұл жағдайда жүйрік шықпайды. Яғни, спортшылар қатары сейілген сайын, ел немесе әлем чемпионын шығару мүмкіндігі де азаяды. Мәселен, миллионнан астам тұрғыны бар Алматы қаласынан чемпион шығу мүмкіндігі өте зор. Жүлдегерлердің көбісі оңтүстік өңірлерден шығып жатқаны да сондықтан.

Үшіншіден, спортқа құштар оқушыға деген ұстаз бен қоғамның қатынасы ерекше болу керек деп есептеймін. Кез келген адам спортшы бола бермейді. Айталық, бір бала техникалық, ал, екіншісі гуманитарлық бағытта алғыр келеді. Олар сол бағытта ғана қабілеттерін шыңдап, ертең ел мерейін өсіруі мүмкін. Спорттық сайыстарға қатысып жүрген балалар да сондай құрметке лайық. Ендеше, баласының спортқа қызығушылығын байқаған ата-ана сол бойда қолдау танытуы қажет. Мысалы, мен оқып жүргенімде, ұстаздарым емтихан кезінде талай жеңілдіктер жасайтын. Қалғандарын да меннен үлгі алуға шақыратын.

– Неге?

– Өйткені, спорттық сайыстарға қатысып жүрдім ғой. Соның арқасында, айрықша ықылас, рухани жылуды сезетінмін. Оның өзі жеңіске деген жігерімді жани түсетін. Ол кездерде «От массы – к мастерству!», яғни, «Бұқаралықтан – шеберлікке!» деген ұран болды. Қайсыбір мекемеде болмасын, көпшілікті ңқатысуымен ылғи бір спорттық шара ұйымдастырылып отыратын. Қазір соның бірі де жоқ. Спорт залында көзге көрінер-көрінбес болып бір құрмет тақтасы ілулі тұр. Бары сол. Жұмыртқадан жүн қырыққан мүшкіл халдеміз. Әйтеуір, дүние мен доллардың соңына жете алмай жүрген біреу...

– Әсерлі әңгімеңізге алғыс білдіре отырып, әр бастаған ісіңізге сәттілік серік болғай демекпіз!

Әңгімелескен: Мөлдір БАЛТАБЕКҚЫЗЫ

Abai.kz

4 пікір