Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ел іші... 5147 0 пікір 22 Қыркүйек, 2017 сағат 13:43

Сапарбаев Байғанин ауданының шалғай ауылдарында болып қайтты

 

Елге етене жақын, Елбасымыздың мемлекет қызметіндегі сенімді серіктерінің бірі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ел ішіне жиі шығып тұрады. Міне жуырда ғана  ол жұмыс сапарымен Байғанин ауданында болып, өңірдің шалғай ауылдарындағы мәселелердің мән-жайымен танысып қайтты.  Аймақ басшысы, ауыл тұрғындарымен кездесуі барысында «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Туған жерге тағзым» акциясын жүзеге асырудың маңыздылығына баса назар аударды деп хабарлайды Абай-ақпаратқа облыстық баспасөз қызметінің өкілі.

Өңір басшысы барған алғашқы елдімекен – Миялы селолық округіне қарасты Дияр ауылы болды. Бердібек Сапарбаев әлеуметтік нысандарды қарап шығып, округ әкімі Исатай Мәнібаевтың әлеуметтік-экономикалық даму туралы есебін тыңдады, сонымен қатар халықпен кездесу өткізіп, тұрғындардың қойған сауалдарына жауап берді.

Облыс пен аудан орталықтарынан әлдеқайда шалғай орналасқан ауылдың негізгі қиындықтары – жол, құмның басып қалуы, ауыз сумен қамтамасыз ету жайы. Бердібек Сапарбаев тұрғындар мәселесінің шешіліп жатқанын және біртіндеп шешілетінін айтты, ең алдымен ауылды сумен қамтамасыз ету шаралары қолға алынбақ. Сондай-ақ, өңір басшысы оқушылар санының аздығына байланысты орталау мектепке айналуы мүмкін орта мектепті сақтап қалатынына сендірді (суретте).

Облыс әкімі ауылдық округтің орталығы Миялы ауылында да болып, ол жақтың да халқымен сұхбаттасты, әлеуметтік инфрақұрылым  нысандары – мектеп, балабақша мен медициналық бекетті қарап шықты.

Жаңажол ауылдық округінде өңір басшысы округ әкімі Қуанышбек Қонқаевтың есебін тыңдап, Оймауыт ауылының тұрғындарымен кездесті, мұнда да ол балабақша, мектеп, дәрігерлік амбулатория, мәдениет үйі сынды әлеуметтік нысандардың жұмыстарымен танысты.

Кездесу кезінде облыс әкімі әлеуметтік экономикалық даму шараларын күшейтуді және ауылдықтардың өмір сүру сапасын жақсартуды тапсырды.

Атап айтқанда, мемлекеттік бағдарламалардың тиімді жүзеге асырылуы, газбен және сумен жабдықтау, жол құрылысы, ұялы байланыспен және интернетпен қамтамасыз ету, ауыл шаруашылығының дәстүрлі және дәстүрлі емес түрлерін дамыту, суармалы алқаптарды арттыру, жұмыспен қамту, кәсіпкерлікті дамыту және тағы да басқа мәселелер талқыланды. Аймақ басшысы, сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Туған жерге тағзым» акциясын жүзеге асырудың маңыздылығына баса назар аударды.

— Біз шалғай ауылдардағы көптен бері шешілмей келе жатқан мәселелерді білеміз. Әрине, оларды бірден шешу мүмкін емес. Мемлекет басшысының тапсырмасымен нақты шаралар қабылданып жатыр, жолдар салынып, ауылды дамытудың мемлекеттік бағдарламалары жүзеге асырылуда. Билік қашан да халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін жақсарту үшін жұмыс жасайтын болады. Алайда, көп нәрсе өздеріңізге де байланысты, еңбектеніп, ауыл шаруашылығымен айналысу қажет. Жалпы, Байғанин ауданының даму келешегі зор, —  деп атап өтті облыс әкімі.

Жұмыс сапары аясында Бердібек Сапарбаев республикалық маңызы бар 220 – 236 шақырымдық «Ақтөбе-Атырау» автокөлік жолын қалпына келтіру жұмыстарымен танысты. Бұл жоба «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде жүргізілуде. Жұмсалатын қаржы – 3,7 миллиард теңге.

Облыс әкімі мемлекеттік органдарға автокөлік жолдарының құрылыс сапасын мұқият қадағалауды, ал мердігер мекемелерге жұмысқа жергілікті мамандарды тартуды тапсырды.

Бұдан өзге, облыс басшысы әйгілі Нұрмамбет әулиенің мәңгілік мекені саналатын кесенеге де барды. Ауданындық ардагерлер кеңесінің төрағасы, өлкетанушы Ибрагим Ермекбаев  XVIIІ ғасырдың соңы мен XIX ғасырдың басында өмір сүрген әулиені зерттеп, оның халық аңызы бойынша жерленген жері расталған жағдайда аталмыш кесенені жүз киелі орын картасына енгізуді ұсынды.  Пирамида түрінде тұрғызылған ежелгі қабір Жем өзенінің бойында орналасқан. Бұрыннан белгілі болғанындай, Байғанин ауданының бұл жері тарихи жәдігерлердің көптігімен танымал.

Берік Аманхан

Abai.kz

0 пікір