Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қайнайды қаның... 6467 8 пікір 22 Қыркүйек, 2017 сағат 11:16

Үкімет Елбасының тапсырмасына «саботаж» жасап отыр ма?

 

Мен біздің үкіметке таң қаламын да, қайран боламын. Бізде әлеуметтік процесстер өз алдына жүріп жатыр, ал, атқарушы билік өз алдына жұмыс істейтін тәрізді.

Жақында еліміздегі миграциялық саясаттың концепциясы үкіметте қарастырылыпты. Өте жақсы, бұл – бүгінгі өзекті мәселе. Өйткені, елге елді қосу, жұмыс күшін тарту – керектің керегі. Экономиканы дамытудың негізгі қайнар-көзі – халық. Бірақ, біздің үкіметтің позициясы мемлекет құрушы ұлттың мүддесін қорғау емес, шеттен келген "келімсектерді" жақтауға ұқсап кеткен. Неге? Өткен жылы Қазақстанға ұзыны-қысқасы 30 мыңнан аса еңбек мигранты келіпті. Олардың ішінде қытайы, шүршіті, үндісі, арабы, т.б. бар. Сонымен бірге үй-жайда жұмыс істеу үшін (күтуші, қызметші) тағы да 200 мың адам келген. Бұл – ресми тіркелген азаматтардың ғана саны. Шеттен келетін жұмыс күшіне тағы да жеңілдік берілген.
Алайда миграциялық концепцияның жаңа мәтінінде сырт көзге көрінбейтін бір "гәп" жатыр. Концепцияда былай жазылыпты:

«Қазақ ұлтының потенциалын, біздің қандастарды, тұрғылықты жерінде қалтыра отырып пайдалану қажет». Бұл тезистің не екендігін білесіздер ме?

Бұл шетте жүрген ағайынға «елге келмеңдер, сендерді сол жерде «жарылқаймыз», - деген сөз!  Сонымен бірге, шенеуіктер біздің шетте жүрген қандастарымызды категорияға бөліп қойыпты.

Бірінші категорияға білімі барлар еніпті. Оларды қабылдауға болады екен. Екінші категорияға білім жоқтар кіріпті.  Олар шет елде тұра береді! "Өлмесең өмірем қап".  Сонда Қытайда зорлық-зомбылық көріп жатқан қазақтарға ары қарай қытайлана бер, бізге қажетің жоқ деген сөз ғой бұл! Кей кездері ойлаймын: осы біздің шенеуіктер "Марста" өмір сүріп жатыр ма деп?.. Өткен жылы 16 500 қандасымыздың отбасы елге оралыпты. Әлде, үкімет осы санды көпсініп отыр ма? Жақында ғана «Абу-Дабидегі» мәселеден неге сабақ алмайды? Жарайды, ол сабақты қойшы, Дүниежүзі қазақтарының V құрылтайында  Елбасы Үкіметке, тиісті органдарға ашық түрде "Шеттегі жұртты елге көшіріңдер" деп мәлімдеді ғой! Сонда үкімет Елбасының тапсырмасына қарсы шығып, «саботаж» жасап отыр ма?

Ерлан Саиров, саясаттанушы

Abai.kz

 

 

 

8 пікір