Сенбі, 27 Сәуір 2024
Деп жатыр 16797 89 пікір 18 Қыркүйек, 2017 сағат 10:46

GGG қазақтың намысын емес, өзінің абыройын ғана қорғап жүр

Abai.kz ақпараттық порталының электронды почтасына Тұрар Шапқараның "GGG қазақтың намысын емес, өзінің абыройын ғана қорғап жүр" деген мақаласы келіп түсті. Автордың айтып отырған мәселесі редакцияның көзқарасын білдірмейтінін ескерте отырып, толығымен жариялауды жариялауды жөн санап отырмыз. Себебі, демократиялық қоғамда әр азамат өз ойын ашық айтуға құқылы. Тұрар Шапқараның айтар ойына қарсы пікір білдірушілер болса, оларға да мінбер беретінімізді ескертеміз. 

Abai.kz ақпараттық порталы

Иә, бәзбіреулер үшін көптен күткен бокс болды. «Көзайым» бокс турасында барлық интержелілер «Сасықкөлдегі» құрбақадай шулай жөнелді. Ақша тігіп, ақша жасау науқаны да, үйін, көлігін тіккендер де болды. Түрлеме жарнамалардың шырайы кірді. Әлем назарын тікті. Болжаушылар, жорамалшылар, сыншылар жаурынға қарап өздерінің пікірлерін жарыстырды. Сарапшылар «логикалы құмалақпен» бал ашып та қойды. Үміт пен күмән, сенім мен толқу сияқты сезімдер қатар тулады. Сол сәтті тиімді пайдаланған сәуегейлер мен құмалықшылар да тиын жасаудан қалыс қалмады.

Әлемнің алтын уақытын сарп етіп, ұйқысын бөліп, ішер асын жерге тастатқан нәрсе – Головкин мен Альварестің қолғап түйістіру жекпе-жегі болатын. Қорытындысында екеуі тең түсті. Мықтыны мойындау да – мықтылық. Мықтыны тек қана төрешілер мойындайды деу бекершілік. Рас, Альварес мықты болып шықты. 3-раундта Головкиннен нокауд күткен болжаушылардың болжамдары жай ғана түс болып шықты. Головкин шын мықты болса, нокаудқа түсіретін болса біреу оған қой деді ме? Нокаудқа түсірмейтіндей Альваресті аяды дейсіңдер ме? Қарсылас дегендер екі туып бір қалғаны емес. GGG тыраштанып-ақ бақты, қаратер болып аянбай барын салды. Нокауд түгелі 12 раунд ішінде ногдаумға да түсіре алмады. Түсіру былай тұрсын, есеңгірету былай тұрсын, мұрнын қанатып, көзін де көгерте алмады.

«Біткен іске сыншы көп» дегендей, бокс біткеннен кейін анау-мынау деген адамның сөзі құрысын! Мэнни Пакьяо: «Олар Аустралиядағы төрешілерді әкеліп қойған ба? Менің ойымша GGG жеңіске жетті, тіпті мықтылардың өзі мойындап отыр» десе, Билли Джо Сондерс: «Тең кездесу дегеніміз, бұл –  Головкинді тонау. Мен үшін Головкин жеңімпаз. Бәрі менің сіздерге айтқанымдай болды, дәл осындай жоспарлары бар екенін айтқан едім», – деп, көкіді. Енді біреулері «Альвареске бүйрегі бұрды» деп төреші әйелді сөкті. Қазақ еліндегі бүгінгі әңгіменің бәрі Головкиннің төңірегінде болды.

Ай, ермелі қазағым-ай! Головкин жеңілмейтін кім еді? Күні кеше (Черный тигр) Расул Мирзоев сескенген Арман Оспанов (Сұңқар) бауырымыз да жеңіліс тапқан болатын. Оған пәлендей қапаланған ешкімді көрмедік. Жеңілмейтін бір Алла ғана екенін өмір дәлелдеп тұрған жоқ па? Ал енді Головкиннің шаршы алаңға шыққанға дейінгі жарнамаларын көрдім. Пікірлеріне мән беріп тоқталдым. Пікірдің қаншасында: «Алға Гена, саған алаңдаймыз, саған сенеміз, Алладан дұға қылып сұраймыз, тілейміз, біз тілекшіміз», т.с.с тілектер легі жазылған. Қамшының қысқа сабындай мына шолақ жалғанда солған ұрпақтың гүлденуіне дұға қылмайтын адамдардың Генаның белбеуіне дұға қылатындарына қалайша таңданбайсың? Таң намазына тұрмайтындардың Генаның жұдырықтасуын көруге тұратынын қайтерсің? Гена қазақтың намысын қорғап жүр дегенді қалайша түсінуге болады?

Сонда Генадан басқалардың бәрі намыссыз ба? Сонда Құдай-Тағала бар қазақтың намыстарын сылып алып. Генаның қауашағына құйып қойып па? Менің жалпы Генада шаруам жоқ, менің түсінбейтінім оның шашбауын көтеріп, оның тілеуін тілейтіндерде. Генаның бір аяғы елде болғанымен, екінші аяғы белде. Қазақ жазирасында қауіпті жел тұрса, Генаңның шетелден бір-ақ шығатынына еш күмәным жоқ. Гена қазақтың намысын емес, өзінің, жеке өзінің абыройы мен белбеуін ғана қорғап жүр. Сенің Генаңа сенің тілің, жерің, дінің, елің көк тиын. Тілшінің ағылшынша қойған сауалына талтаңдап тұрып ағылшынша жауап қайырды. Дәл сол жерде оған қазақша сұрақ қойылса орысша жауап қатқан болар еді. «Осыларға осы да жарайды» дегендей, жаттап алған: «Алга, Казахистан» деген екі ауыз қазақшасын басып кеп қалады. Бейшара халық мәз-мейрам күйде ысқырықтың астына алып, алақаны жыртылғанша шапалақ ұрады.

Өтірік болмаса дәлел келтіріңдерші, Гена біздің қай кегімізді, өзгеге кеткен қай жерімізді алып берді? Қай намысымызды таптатпай қорған болып жүр? Бізді мазақ еткен (Саша Коэн) Боратты іздеп барып тұмсығын бұзса екен, «Жиреновскийді» жерден алып жерге тықса екен, қазақты атқан өзбек шекарашыларын кезек-кезек нокаудқа түсіріп ұрса екен, күні кешегі қазақты жабылып сабаған боқ сасыған үндістерді барып қорқытса екен, т.с.с талай орын алған келеңсіздіктерді орнына қойса екен, онда әңгіме айтпас едім.

«Шетелге қазақ елін танытып жүр» деген не әңгіме? Шетелдіктер бізді «байлығы көп, миы жоқ» халық ретінде әуелден таниды. Шетелдіктердің қайсысы Головкин арқылы Исатай, Махамбет секілді қас батырларымыздың болғанын білді? Біздің қанша мықтыларымыз ауыл шетінде жүр. Алтыннан қымбат салмақты бір сөзі еленбейді. Ел үшін атқарған сауапты бір ісі ескерілмейді. Керісінше қоғам олардан террорист, вахабист, бүлікші деп қорқады.

Интержеліде Ақорда Назарбаевтың Головкин - Альварес жекпе-жегін көріп отырған сәтінің суретін жариялады. Ал елдегі ұлтшыл бауырларымыздың жанайқайы, намазхандарымыздың «орамал дауы» секілді проблемалары, Елбасыға жетпейтіндіктен қазіргі адамдар «бейнежолдаулар» арқылы президентке өзекті мәселелерді, өз уәждерін айтып еш жауап ала алмай жүр. Генаға бөлген уақыты секілді оларға да уақыт бөлуді әділеттілік деп білер едім. Дос Көшім, Сабыр-Адай,  Қажымұқан Ғабдолла, Жәнібек Қожық, т.с.с елдің сойылын соғатындарға бөлінбейтін уақыттардың велешабандоз Винокуров, желаяқ Ольга Шишигина секілділерге бөлінетіндері еріксіз ішіңді қынжылтады екен.

Тұрар Шапқара

Abai.kz

89 пікір