Бейсенбі, 9 Мамыр 2024
Дидар-ғайып 6198 4 пікір 18 Қыркүйек, 2017 сағат 09:48

Қош бол, театр тарланбозы!

Қазақ өнері мен мәдениеті орны толмас қазаға ұшырады. 71 жасқа қараған шағында ҚР еңбек сіңірген артисі, "Парасат" орденінің иегері, Ақсу ауданының құрметті азаматы, қазақ театр өнерінің тарланы Өмірсерік Қалиұлы дүниеден өтті. Марқұмның жаназасы ертең яғни 17 қыркүйек 9.00де, қоштасу рәсімі сағат 10.00-де Б.Римова атындағы Талдықорған драма театрының ғимаратында өтеді. Abai.kz ақпараттық порталы марқұмның туыстары мен қазақ халқына көңіл айта отырып, Өмірсерік Қалиұлының өнегелі өмірінен сыр шертетін "Театр тарланбозы" атты мақаланы оқырман назарына ұсынады.

Әрбір талантты актердің кез-келген спектакльдегі рөлді  (өзіне берілген) ізденіспен ойнап, өте сәтті сомдайтыны белгілі. Ал кейде, талант иесінің оң жамбасына түспей, ырқына көнбей қоятын күрделі образдары болуы да мүмкін. Сондай рөлдер Өмірсерік Қалиұлының шығармашылық жолында да кездескен. Бірақ ол табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында кездескен қиындықтарды жеңе білген. Мәселен, Ғ. Мүсіреповтың «Қозы көрпеш – Баян Сұлу» трагедиясындағы Қарабай, Т. Қалилахановтың «Алтын бесігіндегі» Қабанбай және М. Әуезовтың «Қаракөзіндегі» Нарша бейнелері әуелде алынбайтындай көрінгенімен, әлгіндей табандылығы мен ізденімпаздығының арқасында Өмекең көрерменге нақтылы шынайы ойнап, әсерлі жеткізе алды. Ыждағатты ізденіс пен көп еңбектің, дамылсыз дайындықтың арқасында үш тұлғаны бір-біріне мүлде ұқсатпай, әрқайсының ерекшелігін өзінің орнымен, өзінің құдіретімен қайталамай ойнап шықты. Бірі шық бермес сараң, бірі халық қамын ойлаған қас батыр, бірі жаны нәзік сезімтал кісіні әрқайсының өзіне тән даралық қалпында айнытпай кескіндеу Өмірсерік Қалиұлы сынды талантты актердің қолынан ғана келері сөзсіз.

Әшірбек СЫҒАЙ

Өнер өлкесінде аты шыққан бабалардың басқан ізі тарихта сайрап жатыр. Күн сайын болмаса да, аракідік олардың ғибратты ғұмырына үңіліп, қалдырған мұраларын жас ұрпаққа насихаттап, қалтарыс пен бұлтарысы көп тірліктен қағажу көргенде тектілердің ауыр тұрмысын көз алдымызға келтіріп, жігерлене түсетініміз, солар секілді берік те бекем болып, еңсе тіктеп тірлік кешуге ұмтылатынымыз анық. Неге?! Ұғынған жанға кешегілердің болмыс-бітімі арда, басқан ізі анық, халық игілігі үшін тындырған еңбектері ерен. Сонымен қатар, өнерді өмірім деп түйіп, бойындағы Тәңірі берген қасиеттің қадірін біліп, қылтасын қақпанға қидырса да қыңқ демей, ұлт руханияты үшін рухын қайраған еді олар. Сондықтан да олар біртуар тұлғалар санатынан табылып, көз тастар көкжиегімізге айналды. Ал бүгінгі жаһандану дәуірінде солардың ізін басқан, біздерге үлгі боларлық нәсілі асыл ардақтылар бар ма деген сауал көлденеңдей бергенде, еш қиналмастан жауап қата аламыз. Дарынымен дараланып, ұлттық өнердің өрінен көрінген, бүгінде жетпістің желкенін көтерген театр тарланы Өмірсерік Қалиұлы сөз етіп отырған  бекзат болмысты тұлғалар санатында екені даусыз.

Ел аузында «Қабанбай батыр» аталып кеткен Өмірсерік Қалиұлы 1947 жылдың 1 мамырында Ақсу ауданына қарасты Басқан ауылында дүниеге келген. Әкесі Қали Жөңкебаев халықтың қамын ойлаған, елді артынан ерте білген жан болған көрінеді. Кісілігі мен кішілігі бірдей Қали 1916 жылғы июнь жарлығы бойынша окоп қазу жұмысына алынған. Алайда қазан төңкерілісі орын алып, патша тағынан құлаған тұста, қазақтар «слабода» атап кеткен елеулі оқиғадан кейін қандастарымен бірге елге оралады.  Халық қамын ойлаған азамат туған жеріне сағынышпен келгенде бойындағы күш-жігері сарқылғанша жұрт үшін еңбек қылуды мақсат етеді. Сол талабы оң болғандай ағайын арасында абыройлы қызмет атқарып, Құмжарған ұжымшарының төрағасы болып сайланғанда аталмыш колхоздың әл-ауқатын көтеру жолында табандап тер төгіп, елеулі еңбек еткен. Сонымен қатар Бүкілодақтық ауыл шаруашылығының Мәскеу қаласында өткен көрмесіне қатысып, М. Калининнің қолынан «Еңбек қызыл ту» орденін алса, сол жылдың күзінде Шатырбай Бетенов «Құрмет белгісі» орденінің иегері атанып қайтқан. Осының өзі арабша тіл сындырып, ескіше хат танып намазға жығылған Қалидың халық азаматы ретінде атқарған ерен еңбегін танытар дүние. Ал қазақ елінің мақтанышы Өмірсерік Қалиевтың анасы Мүслима Матай руынан таралған Кенже Шөпшімесінің Мұсабай биінің қызы. Ол жасынан өнердің сан түрін меңгерген, әнші, қисашы, жыр-дастанды жадына тұтқан жан екен. «Қобыланды», «Қыз Жібек», «Зархан сал» дастандарын жатқа соғатын Мүслима жасынан Құран аяттарын, Пайғамбар хадистерін жетік білген, дінді берік ұстанған көрінеді. Міне, осындай асыл текті ата-ананың перзенті Өмірсерік Қалиұлы бүгінде театрдың қайталанбас тұлғасы санатында.

Адам баласы бойдағы талантын ұштау, жетілдіру жолында табанды еңбек ете білмесе өнер әлемінде өзін өзгеге мойындата алмасы анық. Ал әу бастан театр үшін жаралғандай болып көрінетін Өмірсерік Қалиұлы өз бақытын балалық шақтан қалап, дара жолын қалыптастыра білген жан. Халқын ұйыта білген көреген әкесінің әр айтқан ақылын көңіліне тоқып, тек жақсылыққа ұмтылып, жан дүниесіне жаман ой жолатпаған. Бойындағы имандылық, табандылық, ізденімпаздық пен еңбекқорлық секілді ізгі қасиеттер әкенің қанымен, ананың сүтімен берілгені ақиқат. Өз сөзінде: «Балам, адам деп әркімді айтады. Ал кісі деген – кісілігі жоғары, айналасындағыларға алқаусыз сезіммен  жақсылық жасай алатын, үлкен жүректілерге қарата айтылады. Сол себепті, кісі деген атқа лайық бол!  – деп отыратын Қали әкем. Мен, сірә, осы өсиетін орындау жолында ішкі жан дүнием мен сыртқы келбетімді астастыра, үйлестіре білген болармын деп ойлаймын», – деген еді Өмірсерік аға. Рас, адамдық қасиеті ерек, бітім-болмысы қазақы жайсаңдықты аңғартатын ақ жүректі жанның өнерге деген көзқарасы мен құрметі де сол деңгейде. Сондықтан да театр және кино өнерінен өзінің тұғырын сайлап, қазақ халқының аймаңдай актерлері қатарынан табылды.

Ал балалық шағынан бүгінгі күнге дейінгі ғұмырын желдірте жазар болсақ, болашақ актер өмірге келген жылдары Құмжарған, Бірлікті, Жаңатілеу ұжымшарлары біріктіріліп, Жаңалық деген үлкен колхозға айналады. Осы ұжымшардың орталығында жеті жылдық Жаңатілеу мектебі ашылады. Бұл мектеп табалдырығын 1952 жылы аттаған дарын иесі оны 1959 жылы тәмамдайды. Сол жылы 13 жасқа толған Өмірсерік өміріндегі асқар тауы, алтын тірегі саналар әкесі Қалиды мезгілсіз қазасына орай жер қойнына тапсырып, тағдырдың бар ауыртпалығын балаң мойнына жүктейді. Дегенмен білімге сусаған баласының талабын қайтарып, тауын шақпау мақсатында анасы Мүслима онжылдық Қаракөз орта мектебіне береді. Ғазиз анасының қамқорлығында болып, жыр-дастан, қиссаларын тыңдап өскен Өмірсерік Қалиұлының бала жастан әдебиет пен өнерге деген ынтызарлығы оянады. Сол аңсарлық мектеп қабырғасында жүргеннен-ақ болашақ актердің есімін даралаған көрінеді. Алтын ұя мектептегі көркемөнер үйірмелеріне қатысып, сахнада ұстаздарымен бірге түрлі қойылымдар қойса, 10-сыныпта өзі ұйымдастырып Кеңес Армиясы күніне Қапан Сатыбалдиннің Украина жеріндегі қазақ партизандары туралы жазылған бір актілі «Темірқазық» пьесасын сахналайды. Міне, осы бір еңбектің өзі болашақ өнер адамының алғашқы баспалдағы және театр әлемі үшін жаралған жан екенін танытар дүние десек артық айтқандығымыз емес.

Тектілікті бойына дарытқан өнер адамы әдебиетке деген құштарлығының арқасында мектепаралық, аудандық байқауларға қатысып, сан жарыстың жеңімпазы атанған. Мектепте қабырға газетін шығарса, аудандық «Өмір нұры» газетіне өлең, мақалалар жазып тұрған. Тіпті, 1964 жылы Ақсу ауданында өткен жас тілшілер байқауына қатысып, Оспанхан Әубәкіров, Әділбек Абайділдәнов, Күнсайын Қуатбаев сынды қаламгерлердің алдында өнерін көрсетіп, ағаларының ақ батасын алған-ды. Ауызы дуалы тұлғалардың берген батасы болашақ актерге қанат бітірсе, сол кездегі айына бір рет келетін Ақсу халық театры мен Алматыдағы әртістердің өнері Өмірсерік Қалиұлына үлкен әсерін тигізеді. Сөйтіп, балаң жүрегі өнер өлкесіне талпынады. Алайда, тілшілік қабілетінің арқасында аудандық газетте қызмет жасап, кейіннен мектептерде мұғалім жетіспегендіктен ұстаз болуға қабілеті бар деген жастардың санатына алынып, ұлағатты жолға түседі.

Діңгек ауылы Н. Есболатов атындағы орта мектепке ән күй, еңбекке баулу, сурет, сызу сабағынан дәріс беретін мұғалім болып орналасқан жылдары Өмірсерік бойдағы дарынын жетілдіріп әрі өнерлі жастарды жарыққа шығаруға тырысады. Арнайы мектеп оқушылары мен ұжымшар көркемөнер үйрмесін құрып, ауандық мерекелерді өзі ұйымдастырып, өзі жүргізген-ді. Жігерлі жас өнер мен қоғамдық жұмыстарға осындай белсенділік танытса, 17-ге толар-толмас жасында дос-жаранын ертіп, анасы екеуіне шағын баспана тұрғызады. Бұл оның тіршілікке де бейім екенін, пысықтығын танытар ақпар. Баспана көтерілгенде жалғызының адам болғанына қуанған Мүслима ана, лашықты хан сарайындай көріп, өбектеген баласының үйленуін аңсайды. Сол нетпен «Мен енді сенің балаңды, немеремді көріп барып көз жұмсам арманым болмас еді», – деген тілегін айтады. Алайда тағдырдың жазуы болар, ғазиз жүрек немерелі болғанын көрмей о дүниеге бет түзеп кете барған.

Өмірсерік екінші рет сынақ тапсыру арқылы аңсаған арманына қол еткізіп, 1970-1974 жылдары Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерваторияның актерлік факультетіне оқуға түседі. Ол кезде шаңырақ құрып, әке атанғандықтан білім мен тіршілікке бірдей уақыт таба жүріп, Халық әртісі Ыдырыс Ноғайбаев, Рабиға Мұқайқызы сынды ұлағатты ұстаздардан білім алған. Ш. Құсайыновтың «Алдаркөсесінде» Шораяқтың, Ш. Айтматовтың «Жәмиләсында» Оразыматтың бейнелерін дипломдық жұмысына алған ол, бұл санақтан айрықша табыспен өтіп, республикалық жастар театрына жұмысқа қалдырылады. Алайда, диплом алған білікті актер сол тұста үш бірдей баланың әкесі атанғандықтан, отбасы жағдайы бұл жерде тұрақтап қалуға мүмкіндік бермейді. Сөйтіп, 1974-1975 жылдары туған топырағы Ақсу ауданы Ілияс Жансүгіров ұжымшарында комсомол ұйымының хатшысы болып жұмыс істеп, 1975 жылы сол кездегі облыстық мәдениет басқармасының басшысы Ораз Құлмағанбетовтың арнайы шақыртуымен жаңадан ашылған Талдықорған қаласындағы облыстық драма театрына орналасады. Бұл оның театр іргесін қалаушылардың бірі болып тарихта қалғандығына берілген зор мүмкіндік болатын. Міне, содан бастап аттай 42 жыл бойы Б. Римов атындағы облыстық драма театрының дамуына, қазақ өнерінің өркендеуіне өзіндік үлесін қосып келеді.

Кейде қаламгерлердің желдірте жазуымен, ақындардың жырына қосуымен тұлғаның бет-бейнесі айнақатесіз сомдалып, өнер жолындағы қуанышты жылдары мен тартқан мехнаты оқырманға соғұрлым анық жете бермейді. Қазақ өнері үшін жаралған Өмірсерік Қалиұлы диплом алып, өз маманының майталманы атанған шаққа дейін де осы бір руханият жолында тер төкті. Тіпті, қаршадайынан қадым заманнан бергі тарихымызды түгендеуге, оны жас ұрпаққа насихаттауға айтарлықтай үлесін қосты. Оған бір ғана ұстаздық етіп жүрген жылдары «Қыз Жібек» қойылымын сахналап, өрендердің өнері арқылы халқын сусындатқаны мысал бола алмақ.

Әкеден тектілікті, өз ұлтын шексіз сүйе білу керектігін үйреніп, ардақты анадан сол халықтың әдебиеті мен мәдениетін қанға сіңірген Өмірсерік Қалиев саналы ғұмырын театрға арнаған жан. Ол осы уақыт ішінде 100-ден астам рөлде ойнады. Оның отыз шақтысы басты рөл. Қарапайым бейнені сомдаудың өзі өнерді жан-тәнімен сүйетін адам үшін көп ізденіс пен ерен еңбекті қажет ететінін ұғынар болсақ, осы бір сан рөлді сахналауда актердің қандай табандылықпен жұмыс жасап, тер төккенін елестете беруге болады. Өнердің отымен кіріп, күлімен шықан жан бүгінгі театр өнерпаздарының да өздеріндей еңбектенуін қалайды. «Біз ұлттық сананы оятуға бар ғұмырымызды арнаған жандармыз. Бұл міндетсінетін дүние емес. Барымыз бен нәрімізді көрермен үшін сахнада сарп еткендіктен, жастардың жалынды да арынды, қабілеті асқан қарымды болғанын қалаймыз. Алайда қынжылтар мәселе жетерлік. Өнерді өзін жарқыратып көрсету мен халыққа танылу үшін таңдайтындардың қарасы қалыңдап бара жатқанын сезіп те, көріпте жүрміз. Егер Мағжан ақын сенген жастар руханиятқа осындай көзқараспен келсе, театр адам жанын емдейтін күштен айырылады. Салдырлаған сахна, былдырлаған актер деген ғана атау қалады. Мені алаңдататыны осы... Ар-намысты алдыға қойған бабалардың шын ұрпағымын дейтін өнер адамдары болса, жастар өзін ұлт перзентіміз деп санап, руханияттың уығы мәңгілік мызғымасын десе талантпен таныламын деп емес, ел кәдесіне жарайын деген ниетпен театр босағасын аттағаны жөн-ақ», – дейді Алла берген дарынын тек өнердің өрістеуі, өркендеуі үшін жұмсап, адамнан атақ дәметпеген ақ пейілді, ақжарқын жан. Рас, бүгінгідей құндылықтар құлдырап бара жатқан тұста, халық мұрасын сақтауға күш салып және руханияттың алтын діңгегіне айналуды мақсат ететін жастардың қатары сирек. Осыны қырағылықпен аңғара білген өнер адамы кешегілерден жалғасқан алтын жіптің үзіліп қалмауы мен театр әрқашан өз дегейінен түспесе екен деген ақ ниетте.

Бұл күні елге танымал, дарыны дара актер бар болмысымен ұлтын сүйеді. Екі сөзінің бірінде «Халық үшін қызмет етуден асқан бақыт болмас. Тәңірдің бұл жолға салғанына мың сан тәубе», – деп отырған жанның бар арман-тілегі осы. Бұдан талант иесінің шын мәнінде өнер үшін жаратылған ұлтжанды жан екенін аңғара аламыз.

Рас, пенде баласының арманы әртүрлі. Біреу жаны құлай сүйгендіктен, бірі елден қалмау мақсатында қам қылады. Алайда, не нәрсеге болса да парасаттылықпен болжам жасай алатын, өзі таңдаған жолда табандылықпен еңбек ете білетін жанның ғана жұлдызы жарық болмақ. Кей жастардың талғамын таразыға тартқандай еркін салмақтап отырған салиқалы саңлақтың да әу бастағы мақсаты ел кәдесіне жарап, өнер отауын іргелі ету болатын. Сан рөлді сомдап, алынбастай көрінген асуларды алқынбай артта қалдырған театр тарланы сол бейнелерді шынайы ойнап, сан мың көрерменді талай мәрте тәнті еткен. Әсіресе өнер иесінің бір ұтылмас кезеңі Назым Хикметтің «Елеусіз қалған есіл ер» қойлымындағы Доктор образын Қазақ КСР-нің халық әртесі Нұрмұхан Жантөринмен бірге сомдауы. Бұл рөлді өзінен асырып ойнамаса, кем сахналамаған Өмірсерікке Н. Жантөрин риза болғаны сонша, аталмыш бейнені ары қарай жалғастырып сомдауына келісім білдіріп, ақ батасын беріп табыстап кетуінің өзі не тұрады десеңізші?! Сол кездегі жас актерге артылған үлкен сенім һәм болашақтағы жұлдызының жарық екендігін сезгендіктен болар, бәлкім...

Барлық ғұмырын әдебиетке арнаған, қаламы қарымды, қайталанбас жазушы Шерхан Мұртазаның «Сталинге хат» қойылымы театр табалдырығын тоздырған көрермендерге таңсық емес болар. Міне, осы пьесада ұжымшар бастығы Иманның рөлін сомдаған Ө. Қалиұлы заманның зарын кеудесіне жиып, шарасыздықтан жылап жіберген көрінеді. Әрине, бұл рөлдегі тағдыр үшін. Алайда, сан көрерменнің алдында образға еніп, кейіпкерше күйзелудің өзі шын таланттан ғана туындайтын дүние. Осы қойылымды көрген, Өмекеңнің сахнадағы сол бір көзден моншақ-моншақ жас парлағанын тамашалаған өнертанушы Зәмзәгүл Әмірғалиева: «Өмірсерік Қалиұлының әртістік өнеріне бұрыннан да тәнті едік. Ол үшін рөлдің үлкен-кішісі жоқ. Қандай образ болса да беріле ойнап, көрермендерді әбден сендіреді. Әсіресе уәкіл: «Қыс айында бес тонна жүк өткіз» – деп дігірлеген кезде, колхоз бастығы Иманды ойнаған Өмірсерік Қалиұлы: «Бұл неткен сорақылық, жүнінен айырылған мал қырылады, мал қырылған соң адамдар да аштан өледі ғой» – деп қысыла егілгенде Өмірсеріктің көзінен моншақ-моншақ жас ағып, көрермендерді де күйзелте өксітті», – деп тебірене жазған екен. Міне, өнертанушының осы бір естелігінен-ақ өнерге шын берілген, әр бейнені өз дәрежесінен асыра ойнамаса, кем сомдамас сом болаттай қайратты актердің қабілет-қарымын еркін аңғара аламыз.

Театр сахнасында өткен өміріне ой жүгірткен Өмірсерік Қалиұлы: «Өнер үшін туылсаң, маңдайыңа бұйырған рөлді сомдайсың. Мынау кіші, анау үлкен рөл деп талғамға бой ұрған жанды актер деп қабылдамаймын. Мен осынау уақытқа дейін комедия, фарс, трагедия, драма сынды кез келген жанрда талайыма тап келген бейнені сомдадым. Жетер жеріне жеткізу үшін ауыр еңбекті бастан кешіріп, табандылық танытуға тырыстым. Соның арқасында халқымның алғысына бөленіп келемін десем өзімді асыра мақтағаным болмас», – дейді. Ақиқаты осы. Ол театр сахнасында қалай мінсіз рөл сомдағанын жетісулықтар, қала берді республикамыздың түкпір-түкпіріндегі көрермендер біледі. Ал өзіне жүктелген дүниенің салмағын сезініп, оған жауапкершілікпен қараған, ұлттық руханият үшін қам жей білген жанның аузынан өзін асыра мақтау мен әспеттеудің шықпасы анық. Өмірсерік Қалиұлы өмірде қандай жан болса, өнерге де сондай тазалықпен қараған, айтар ойын бүкпесіз жеткізе білген, «Қабанбай батыр» деген атқа лайықты бірден бір тұлға.

Өнері мен өмірін зертеу барысында Нұрғали Омарқұловтың 1977 жылы «Мәдениет және тұрмыс» журналына жазған мақаласына тап болдық. Бұл материалда қаламгер: «Сахнагер Өмірсерік Қалиұлы сомдаған Т. Қалилахановтың «Алтын бесік» тарихи драмасындағы Қабанбай бейнесі – аңызға айналған батыр бала образы елінің ертеңін, жерінің тыныштығын сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыруда түр-тұлғасымен, күркірей шыққан даусымен батыр бейнесін нанымды етіп көрерменге жеткізе білді», – деп бедерлеген екен. Міне, осының өзі жоғарыда айтылған сан ойды бір арнаға тоғыстырған тұшымды пікір. Осындай тағы бір естелікті атап кетсек, белгілі театр сыншысы, профессор Бағыбек Құндақбаев М. Әуезовтың «Еңлік-Кебегіндегі»  Еспенбет рөлін сомдаған актерге: «Күні бүгінге дейін қазақ театр сахнасындағы барлық театрлардың актерлері Еспенбет бейнесін Серке Қожамқұловтың жолымен жасап, тек Серағаңды қайталау болатын. Ал, актер Өмірсерік Қалиұлының бейнелеуінде мүлдем басқа, актер Еспенбет бейнесін шешен би, алғанынан қайтпайтын қатал, қайсар етіп көрсетеді. Бұл актердің өзгеге ұқсатпай өз шеберлігін көрсеткен үлкен табысы», – деп бағалаған екен. Міне, осындай ғажайып пікірлерді алға тартсақ салған жолы дара, болмысы бекзат, өнер әлемінде өзіндік тұғыры бар талант иесінің тұлғалық бейнесі одан әрмен айқындала түспек.

Қазақ тарихы мен әдебиетін жетік білетін, өмірінде көп ізденіп, талмай оқыған еңбекқор һәм ұшан-теңіз білім иесі Өмірсерік Қалиев заманның заңғар жазушысы Мұхтар Әуезовтың «Абай» дарамасында ұлы ақынның рөлін сомдаған. Сомдап қана қоймай, данышпанның ішкі жан-күйінен туған даналық сөздерді  сахна тілінде көрерменнің жүрегіне қондыра білген. Өз кезінде бұл рөлі үшін Маман Байсеркеновтен «Мен бұл актердің бойынан Қалекеңді (Абай бейнесін тұңғыш жасаушы Қалибек Қуанышбаев) көріп отырмын. Абай бейнесін жасауда актер ұлы ақынның ақындығымен қоса қайраткер философтығын көрсете білді», – деген жоғары баға естіген. Міне, содан бері сан мәрте ұлы ойшылдың бейнесін сомдаған Өмекең Абайды ерекше бағалайтынын, жауһар жазбаларға ғашықтығын тебіреніспен жеткізді. «Талай рет Хәкім бейнесін жасадым. Іздендім. Жырларын жаттадым. Бүгінде қазақтың жыр-дастандарымен қоса, «Қыз Жібекті», сонымен қатар Абайдың бүкіл шығармашылығын жатқа айтып бере аламын. Алайда, біз данышпанның жазған жырларының астарына үңіле, парасаттылықпен пайымдай алмай келеміз. Ол осыдан 170 жыл бұрын көрегендікпен жазып кетпесе, айтқандары айна қатесіз бүгінгі қоғамда көрініс берер ме еді? «Бес нәрседен асық бол, бес нәрсеге ғашық бол», – деген бір аманатын арқалай алмай жүрген жандар жетерлік. Міне, осыны ойласаң өзегіңді өрт қариды», – деп күңіренеді данышпан сөзін саралай алмай жүрген кейбір оқырмандарға деген реніштен. Бұл сірә, өнер иесінің қоғамның қалтарыс-бұлтарысында адамша жүріп, аңша тірлік кешіп жатқандарға деген өкпесі болса керек.

Рас, ақиқаттан ірге бөлмеген, шындықтың шекпенін иығынан сусытпаған театр тарланбозы өзінің саналы ғұмыры өткен Бикен Римова атындағы облыстық драма театрына деген пейілі ұшан-теңіз. «Қасиетті қара шаңырағым ғой ол. Бізді осындай биікке шығарған, есімімізді елге жайған сахнасының киесі тілмен жеткізерлік дүние емес-ті. Негізінен, республика бойынша тарихи қойылымдар қоюда біздің театр алдына қара салмаған. Бірінші орында. Жастарды қанаттандыруда да бұл театрдың орны ерекше...» – дейді сахна сайыпқыраны. Бұл әрине оймақтай ойын алға тартқандағымыз. Ал өз қарашаңырағы жайлы қызыл тілдің тиегін ағытып қойып көсілгендегі көркем сөздерді, жылы лепесті жазар болсақ, бір кітапқа жүк болары сөзсіз.

Өмірсерік Қалиұлының өнердегі жетістігі өз алдына бөлек әңгіме. Ол қиын-қыстау жылдарда да ел аралап, еңбекқор ауыл жұртының көңілін сергітуге атсалысты. Аязда шалғай елді мекендерге ойын қоямын деп жолда қалып, қиындыққа тап  болды. Сөйте жүріп руханиятқа сүбелі үлес қосып, өнердің өрінен тұғыр сайлады. Мәселен, 1991 жылы «Қазақ халық қаһармандары жылы» аталып, республикалық деңгейде өткен Қабанбай батырдың 300 жылдық тойында елі мен жерін қоғауда аса ерлік көрсеткен қазақ батыры, қолбасшы, дарабоз Қабанбайдың бейнесін жасау оны күллі жетісулыққа танымал етіп, өзі баһадүрдің есімімен аталғаны бір төбе, сонымен қатар лауреат атанғанда болтын. 1993 жылдың наурызындағы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың жарлығымен «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі» атағын алып, өңіріне орден қадайды. Ал 2000 жыл Ел Президентінің өз қолынан «Парасат» орденін алады.  Міне, осы секілді сан атақты иеленіп, талай мәрте арнаулы құрметке бөленген Ақсу ауданының құрметті азаматы, театр тарланы Өмекеңнің өткен жолы даңғылдай даралана сайрап жатыр.

Сан мәрте қоғамдық іс-шараларды жүргізіп, облыстық деңгейдегі игілікті істердің басы-қасында жүрген, әз Наурызда Қыдыр ата, әлемдік күнтізбенің ауысқан шағында Аяз ата бейнесін сомдайтын, сонымен қатар, жас ұрпақты өнер жолына баулып, орта мектептерде дәріс беріп, өзі жетекшілік еткен көркемөнер үйірмелерінде сан шәкірттің қанатын қатайтқан жан үшін  ол күндер – бүгінгі жетпіс жасына дейінгі ғұмырының тамаша кезеңдері. Әр нәрсені парасатпен пайымдап, сабырмен қарайтын ол: «Облысымызда өнерге жақсы көңіл бөлінуде. Елдің ризашылығын арқалап жүрген өңір басшысы Амандық Баталов жаңа театр салуда. Міне, осының өзі руханиятқа жаны ашитын, театрды сүйетін жетісулықтар үшін де қуантарлық жағдай. Әу баста ел көлемінде оншақты театр жұмыс жасаса, осы күні алпыс-жетпіске тарта өнер ошағы бар. Бұл дегеніміз рухы бекем елдің өнері мәңгілікке жалғасады деген сөз», – деп ағынан жарылды. Рас, еліне Абай бейнесімен танылған, халық жағдайын данышпанша ойлап күңірене алатын, кейде Қабанбай батыр секілді айбат шегіп, батырға тән мәрттікпен самарқау пейіл танытар жанның өмірі көпке үлгі, өнері жұртына мәлім. Саналы ғұмырын киелі сахнада өткерген сайыпқыран жетпіс қана емес, жүзінші көктемін де текті жұртымен қарсы алар күнге аман жетсін деген алқаусыз сезімнен туған ақжарма тілегіміз бар-ды...

Асыл СҰЛТАНҒАЗЫ

Abai.kz

4 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1780
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1761
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1481
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1385