Сәрсенбі, 15 Мамыр 2024
Билік 6067 11 пікір 14 Қыркүйек, 2017 сағат 12:01

Латынға көшу – түбі бір түркі халықтарын жақындастыратын фактор

Еліміздегі өнер мен мәдениет ошақтары, іргелі жоғары оқу орындарының ұжымы, өнер, мәдениет қайраткерлері латын әліпбиіне көшу ұлттың болашағына қатысты заман талабы екенін айтып, Елбасының бастамасына қолдау білдірді. Бұған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына, ҚР Президенті Әкімшілігіне келіп-түсіп жатқан хаттар дәлел болуда.

Сондай хаттардың біразына шолу жасап көрелік. Ұлттық мемлекеттік кітап палатасының директорының орынбасары Ғ. Рахымбайдың пікірінше, латын қарпіне көшу - түбі бір, тарихы ортақ түркі халықтарымен жақындастыра түсетін маңызды факторлардың бірі. «Олармен бірлесе отырып, гуманитарлық-ғылыми зерттеулерді жаңа сатыға көтеруге мүмкіндіктің молаятыны сөзсіз. Бұл ұлттың болашағына қатысты заманның талабы. Бұл іске белсеніп кірісетін кез келді»,- дейді ол.

Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасының директоры Ж. Сейдуманов мемлекеттің табысты дамуы тілдік ортаға да байланысты екендігіне назар аударыпты. Ол латын әліпбиіне көшу ана тілімізді дамытып қана қоймай, халқымыздың бірлігін күшейтіп, рухани жақындастырады деп санайды. «Бұл қадамның шын мәнінде мемлекетіміздің дамуын жаңа деңгейге көтеріп, елімізге жаңа мүмкіндіктер туғызатынына және қазіргі өркениет жетістіктеріне алып баратынына біз кәміл сенімдіміз»,- деп жазады ол.

Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асқар Бөрібаев ел басшысының атына жолдаған хатында мынадай пікірін жеткізіпті: «Өзіміздің төл әліпбиіміз, төл жазуымыз пайда болатыны, түркі халықтарының арасындағы рухани байланысты орнатуға мүмкіндік туатыны, қолдануға өте ыңғайлы, әлемдік жаңа технологияларға ыңғайланған латын әліпбиіне көшу еліміз үшін үлкен стратегиялық маңызға ие».

Латын әліпбиіне көшу туралы ұсынысты ұжым болып қолдағандардың қатарында А. Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыка мектеп-интернаты да бар. Мекеме директоры М. Қадыров латынға көшу арқылы ана тіліміздің мәртебесі де көтерілетініне тоқталған. «Латынға көшу арқылы еліміздің әлемдік мәдени кеңістікке кіруіне және жаңа технологияларды еркін меңгеруіне жол ашылады. Қазіргі таңда үш тілді еркін меңгерген жас ұрпағымызға латын әліпбиін меңгеру еш қиындық келтірмейді. Және тез үйреніп, қалыптасып кететініне сеніміміз мол. Өйткені өткен жылдан бастап еліміздің мектептерінде ағылшын тілі сабақтары 1-ші сыныптан бастап оқытылуда. Ерікті еліміздің жас ұрпағы білімді игеруде жаһандық өзгеріске бейімделе отырып, қалыптасуы керек. Латын әліпбиіне көшуге қадам жасалғаны өте қуантарлық шешім деп білеміз. Тіліміздің мәртебесі асқақтай берсін!»,-делінген оның Елбасының атына жолдаған хатында.

Ж. Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің ұжымы латынға көшу туралы бастаманы «Қазақ елінің тағы бір жеңісі, Елбасының ұтымды ұсынысы» деп бағалап отыр. «Латын әліпбиі – түбі бір түркі халқының ортақ дүниесі. Латынға көшу – тәуелсіз Қазақстанның батыл қадамдарының бірі деп білеміз. Бүгінгі ел ағаларының қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру туралы шешімін біз қуанышпен қабылдадық. Шығармашылық-педагогикалық ұжым ретінде латын әліпбиін насихаттауға және оның дамуына аянбай үлес қосамыз»,- дейді мекеме директоры Д. Уәшев.

К. Байсейітова атындағы дарынды балаларға арналған республикалық мамандандырылған музыкалық орта мектеп-интернатының ұстаздары: «латиницаға көшу қиындық туғызбайды» деген ашық пікірін білдірді. «Біздің мектепте оқу мерзімі 12 жыл. Ағылшын тілі 1-ден 12-ші сыныпқа дейін оқытылады. Бұл пәннен мемлекеттік емтихан тапсырылады. 2016-2017 оқу жылынан бастап елімізде бірінші болып жоғары сыныптарда 15 топ құрылып, музыка пәндері: сольфеджио, гармония, әлем мәдениеті тарихы ағылшын тілінде өткізілуде. Біздің оқушылардың ағылшын тілін меңгеру деңгейі өте жоғары. Оны мектепке келген шетелдік қонақтар атап айтып жүр. Латын әліпбиіне еш қиындықсыз көшуге біздің ұжымның (480 оқушы) толық мүмкіндігі бар»,-делінген аталған ұжымның хатында. «Тағы бір артықшылық, егер латынға көшсек, халқымыздың өткен тарихын тереңінен оқып, білуге зор мүмкіндік туады. Үлкен буын ағаларымыз кирилл қарпіне көшпей тұрғанда латын тілінде еш қиындықмыз оқып, жаза білген».- дейді мектеп-интернат директоры О. Абдуллаев.

«Бұл болашаққа батыл қадам жасап, елімізді бүкіл дүние жүзіне танытып келе жатқан Елбасының тағы бір баянды бастамасының бірі және дер кезінде қозғалған ғылыми маңызы зор шара деп санаймыз»,-деп жазады өз хатында Қ. Қожамияров атындағы республикалық мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театрының басшысы Р. Токтахунов. Оның айтуынша, тәуелсіз елдің негізгі белгілерінің бірі ретінде жазудың маңызы өте зор. «Бүгінгі технология заманында ғаламтор желісінде латын әліпбиімен компьютерде кез-келген адам жұмыс істей алады. Латынға көшсек, біріншіден, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашылады. Халықаралық ақпарат кеңістігіне кіругуге мүмкіндік туады. Екіншіден, тамыры бір түркі тілдес халықтармен рухани байланысты күшейтуге де пайдасы зор болатыны анық»,-дейді ол.

П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінің ұжымының Елбасының атына жолдаған хатында: «Латын қарпіне ауысу туралы Елбасының бастамасы қазақ халқын жаңа бір рухани сатыға көтерді. Латын әліпбиі жаңа тарихи кезеңге аяқ басуға, бәсекелестік қабілеттілікті арттыруға, сонымен қатар, білім мен отаншылдықты дамытуға үлкен септігін тигізеді. Біз Сізді қолдаймыз! Біз Сізбен біргеміз! Латын әліпбиін қолдану – еліміздің болашағы үшін жасалған үлкен тарихи қадам!»,- деп жазылыпты.

Астана-Балет театры да ұтымды ұсынысқа қолдау білдіре отырып, латын әліпбиіне көшу түркі және жаһандық әлеммен ықпалдасуға, қазақ халқы бұрын қолданған әліпбиге қайтып оралуға, ұлттық санамыздың жаңғыруына өз септігін тигізеді деген үмітін жеткізген. Ал «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының ұжымы латынға ауысу біздің елімізді жаһандық өркениетке жақындата түседі деген лебізін жолдапты. «Латын әліпбиі – әлемдегі ең танымал жазулардың бірі және оның болашағы зор. Театр ұжымы Сіздің ел өміріндегі осы тарихи шешіміңізді қолдап, әрі қарай жүзеге асуына үлесін қосады», - делінген ұжымның хатында.

Abai.kz

 

11 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2018
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2435
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2016
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1586