Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Бірлігіміз жарасқан 9816 0 пікір 17 Тамыз, 2017 сағат 19:10

Ұлттар достығының ұясы

Қазақстан кешегі Совет Одағының кезінде әртүрлі ұлт өкілдері тұратын «халықтар лабораториясы» атанған еді. Екінші сөзбен айтқанда бұл – бір бірімен тегі, нәсілі, тілі мен ділі туыспайтын диаспоралардан дүбәра ұлт жасаудың зертханасы дегенді білдіретін. Ол кезде жергілікті ұлт – қазақтың бар жоғы, оның наразылығы, қарсылығы тіпті есепке алынбайтын да еді. КСРО күйреп, Қазақстан Тәуелсіздігін жария еткен тұста әлемнің қуаяқ, сыңарезу саясаткерлері Қазақстанда үлкен апат болады деп күтті. Алайда, Елбасымыз, Ұлт көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев «халықтар лабораториясын» Қазақстанның жарқын болашағы үшін сәтті пайдалана білді. Бұл феноменді үлкен саясаттағы тұлғалар «Назарбаевтың ноу-хауы» деп атап жүр. Қазақшаласақ, «Назарбаевтың жасампаз ісі» болып шығады. Иә, бүгінгі Қазақстан 130-дан астам ұлт өкілдері мекен етіп отырған ұлттар достығының ұйтқысы әм ұясы. Олар осы күні бір мақсатқа, шын мәнінде бір ел болуға бет алған. Біздің күш-қуатымыз да, міне, осы кереметте болса керек.

Қазір ақпарат құралдарында, теледидар арналарында Қазақстандағы халықтар достығына байланысты әңгіме, сұхбаттар, көрсетілімдер жиі беріле бастады. Өйткені, оның өзіндік сыры бар. Қазақ ежелден бауырмал болғандықтан ұлт-нәсіліне қарамай, жалпы, адамзатты жақсы көреді. Ұлы Абайдың адамзатты сүй дейтін қағидасы бар емес пе. Адамдар арасындағы сүйіспеншілік пен махаббатты қасиетті дініміз ежелден уағыздап келеді. Бойында бұрыннан исламдық рух бар ұлт ынтымақ пен достықты қадірлейді. Кеңес үкіметі құндылықтарының бірі ұлтаралық достықты, ынтымақты алғаш орнаған күннен бастап басты ұстаным етті. Соның нәтижесінде КСРО-да ұлттар достығы қалыптасып, интернационалдық тәрбие барынша жолға қойылды. Қазақстандағы халықтар достығының орнығуы Кеңестік саясаттан бастау алып, жалғасқанын ұмытпауымыз керек. «Қазақстан жүз ұлттың Отаны» деген қағиданы біз жүрегімізге құйып өскен ұрпақпыз.

Қазіргі Қазақстан Халықтар Ассамблеясы туралы айтқанда оның кеңестік дәуірдегі тарихын есте ұстауымыз керек. Тәуелсіздіктен кейін ол өзгеше сипат алды. Бұл күнде Ассамблея атқарып отырған жұмыс сан алуан. Өзінің алға қойған мақсатты жобалары, шаралары бар. Ұлттар достығының шынайы ұйытқысы, рухани күші болған Ассамблеяның 20 жылдық мерейтойы өзімізде ғана емес, өнеге-үлгі ретінде кейбір шетелдерде де аталып өтсе жаман болмас еді. Өйткені, ұлтаралық, дінаралық араздық кейбір мемлекеттерде қантөгіске әкелуде. Достық отаны Қазақстан гүлдене берсін.

Бекен Шерубаев,

Профессор

Abai.kz

0 пікір