Жұма, 24 Мамыр 2024
Өмірдің өзі 6014 1 пікір 7 Тамыз, 2017 сағат 08:30

«Бұзау өзімдікі...»

Жас келе бастағанда кейде жүректің сыр беретіні де бар ғой. Былтыр он-он бес күн «Кардиология орталығында» жатып, біраз емделіп шықтым. Дәрігерлердің қарауында, медбикелердің күтуінде гәп жоқ, екі-үш күн өте салысымен анау-пынау шаншығаны басылып, өзімді жақсы сезініп қалдым.

Кірген кездегі үлкенірек бөлмеде үш адам, жалғасқан бөлмеде біз - екі адам жатамыз. Қасымда, көзі бадырайған, арықшалау келген, қараторы жас жігіт көршім. Өте бір жақсы жігіт, «ағалап» түрлі әңгімелерді тоқтамай айтады. Кейде мезі болғанда өтірік ұйықтап та қаламын, алайда оған ол ренжімейді де. Ал жалпы, мінезі өте қызық, аңқылдақ! Ішіндегісінің ештемесін жасырмай жайып салады. Кешікпей-ақ әлгі жігітім бір әдемішелеу, орта бойлы, сәл толықшалау, үнемі мінтіксіз формада жүретін медбикенің ауысымын үздіксіз күтетіндей жағдайға жетіп қалды. Бұл сезім дегенді қойсаңызшы, сәл-пәл жүректің ақауын да ұмыттырып жібереді ғой.

Менің аздап жазатынымды қайдан біліп қойғанын, әлгінің менен ақыл сұрай бастағаны. Еріге бастаған маған да керегі сол, «Ол қызға ең алдымен өз ойыңды өлеңмен жеткізгенің дұрыс», - дедім.

«Өлең шығара алмайтынын» айтқанда көмектесетінімді білдіріп, өзіне түсінікті «төте» жазумен жаздырдым. «Оқып отырғаның ұят болады! Түгел жаттап ал», - деп жаттатқыздым. Сосын екеуміз қызға қалай, қашан айту керектігін ақылдастық. Оның «піспек өкілге қарағанда ұзағырақ тамшылайтын «аспалы өкіл» қойған кезде айтқаным дұрыс болар» дегенін толығымен мақұлдап, оқу басталған кезде мен көрші бөлмеге шығып кететін болып келістік. Былай қарасақ, өлең өте жақсы шыққан тәрізді (оған «өзің әнді жақсы көреді екенсің «Дударайдың» әуеніне салып айтсаң да болады» деп қойдым):

Қолында дәрігер қыздың дәрілері,

Махаббат жүрегіме әнін берді.

Дәріден қыз күлкісі артық екен,

Мөлдіреп, жүрегіме әрін берді.

 

Үстінде дәрігер қыздың аппақ халат

Сұлу қыз қарамаса көңлім қалад.

Қашан ғана келер деп палатаға,

Жолыңа қарай-қарай көзім талад.

 

Қолында дәрігер қыздың шприцті,

Сізге деген сезімім, мүлдем күшті!

Сұлу қыз салған укол әсері ме,

Көңілім солай қарай, гүл боп ұшты.

 

Қолында дәрігер қыздың стетоскоп

Сұлу қызға менің де, айтарым көп.

Қолымнан тамыр ұстап келгеніңде,

Сезіндім, дәл өзімді ұрғандай ток.

 

Қолында дәрігер қыздың дәптер, қалам,

Бір өзіңді іздейді сезім, санам.

Жүрегімнің дерттері жазылғандай,

Махаббаттың ауруын, қалай табам...

- міне осылай-осылай, ары қарай тағы біраз жалғасып кете береді. Ойластырғанымыздай, медбике «штативін» алып кіре бергенінде мен де көрші бөлмеге шығып кете бердім. Естіліп тұр. Жігітіміз мәнерлеп-ақ жақсы оқыды. Әсерлі шықты. Қызға ұнаған болу керек, бір-екі рет қайталап та айтқызды. Сосын әнге де салды. Тамаша.

Сонымен, әлгі жігітім қыздың ауысымы келгенде түнімен соның қасында отыратын болды. Ол қу қыз оңашалау қалғанда маған «Аға, қойсаңызшы», - деп қояды. «Несі бар, жақсы жігіт», - деймін. Жымияды.

Біраз өткенде әлгім, «Аға, мен әйеліммен ажырассам, мына қызды алсам», - деп тұр... Сасыңқырап қалдым:

- Әй, сен үйленген бе едің?

- Иә, үйленгем. Екі балам бар.

- Әй, аты-жөні жоқ әйел, бала-шағаңды тастағаның болады ма? Өзің жассың, бұндай қыздардың әлі талайын көресің! Өзің, қалай бұнымен бол... ай, бұл қызды шынымен ұнатып қалдың ба? Өзі не дейді?

- Ұнатуын ұнатам ғой. Ойын әлі ашып айтпады...

- Ммм... Енді қыз деген бірден ашылушы ма еді? Жарайды, оны қойшы, сен неге әйеліңмен ажыраспақшысың, соны айтшы.

- Ой, аға, ол бір ұзақ әңгіме еді.

- Уақыт жетеді ғой, айта бер. Мына қызды сосын көрерміз.

- Мақұл аға, айтайын. Әйеліммен ана жақта қосылғам. Әке-шешем алып берді. Бұнда келген соң, оны-пұны тірліктерді істеп, біраз нәрсені көрдік. Қалаға жақын ауылда тұрамыз. Ақырында дұрысы - үйде мал борлаған екен, әпекемнің күйеуі, жездем ғой, сол екеуміз бірігіп, соған кірістік. Табыс аса жаман емес. Күні бойы айналдыратынымыз сол. Дайын болғанын сатамыз, кейде алушы үйден де келіп алып кетіп жатады.

Ана жақта ылғи далада жүретін едім, мында үнемі үйдемін. Үйде омалып отыра берген соң, әйеліммен ұрсатынды шығардық. Далада жүргенде байқалмайды екен, қазір бажайласам, әйелім көзіме көршіммен әмпей-жәмпей секілді көрінді.

Бұл ой маза бермей, бір күні кешке көршімді «мәгәзіннің» алдына апарып сыйладым. Біраз тастап алған соң, қулыққа көшіп, әйеліме «телепон» шалдырып осында шақырттым. Оның не айтқаны анық естілмеді, алайда біраздан соң қарасам, әйелім келе жатыр. Бас салдым. Айқай-шу. Ақыры әйелім «ушаскөбей сақшыға» шағымданып, мені 15 күн түрмеге қамады. Әбден тәубеме келдім. Отырып-отырып үйімді қатты сағындым.

Содан шыққасын жүрегім шаншып, жығылардай болып осында келдім. Ал айтыңызшы, енді не істеуім керек? Бала-шағамды сағындым...

...Шынымды айтайын қатты ойландым. Мына жағдайға өзімді кінәлідей сезіндім. Сосын үлкенсініп ақылымды айтуға көштім:

- Әй, сенікі дұрыс емес... Ол әйелің онымен сөйлеспеген де шығар... Не дейсің... Кім білсін, нан алуға келе жатқан болар, мен қайдан білейін...

- Жо-жоқ аға, оның алдағаны анық...

- Әй оның анау-пынауын көзбен көріп, қолмен ұстағандай сөйлейсің ғой, өзің! Ұстап алғандай өзеурейсің ғой, тіпті. Әй, сен, айтпақшы мынаны айтшы, келін тамақ жасай алмай ма? Үйді таза ұстамай ма? Әлде балаларды жақсы қарамай ма? Мақұл, әйелің құрысын, өзің балаларды жақсы көресің бе?

- Ой аға, келініңіздің ондайында гәп жоқ. Тамақты қатырады, сиырын сауып, үйді тап-тұйнақтай ұстайды. Тек осысы ғана маза бермей... Ал балаларым десе, аға, жанымды берем. Үлкенімді «құлыным», ал кішімді «бұзауым» деймін. Өзі сүтті көп сіміреді.

- О-о-о! Әй өзің негізі, дұрыс жігіт екенсің. Әйелің үйіңді шашау шығармай ұстаса, «бұзауыңды» күтсе, енді саған одан артық не керек? Өзің ойлашы, мына қыз олай істей ала ма? Қаланың қызы, сиыр саумаса не, өзің сауасың ба? Бұл қу қыз өзі саған бер... ай, әлі көңіл де бере қойған жоқ. Ал өз әйелің керемет қой... Әй сен тағы бастадың ба, «анаусы» деп, оныңды қой деймін. Өзің бұзауды жақсы көреді екенсің, бұйыртса тағы бұзауларың болады. Міне... білсең, мәселенің бәрі бұзауда! «Бұқа болсын шорт болсын, балаларға сүт болсын... Ортақ өгізден оңаша бұзауым артық» деген бар. Тіптен, атам қазақ кейде әйелдің ондай-пұндайына аса көп қарай да бермеген, мысалы, «Бұқа кімдікі болса оныкі болсын, бұзау өзімдікі» деген сөз қайдан шықты дейсің?! Әлде солардан ақылдысың ба? Оның мағынасын кейде шын, дәл түсінген дұрыс!..

- Туу аға!.. Осы екен ғой менің баяғыдан басым жетпей жүргені. Иә, иә бұзау өзімдікі! Сүтті жақсы көреді! Тағы да бір бұзауым болса екен. Сағындым!

...Тура сол кезде палатаға «Әкөөөө!» деп 3-4 жасар «еркек бұзаудың» мөңірей кіргені! Артында шешесі.

Жігітімнің оларды аймалап, кезек-кезек сүйгіштегеніне, сенесіздер ме, тура доктор Ватсонның негр сәби-қыз үшін қуанатыны туралы оқиға бар ғой, содан арман қуандым!

Еріксізден көз салсам, әлгінің әйелі тымпиған ғана қара келіншек екен, тіптен «андай-пындайға» баруы мүмкін еместей көрінді...

Азкен Алтай

Abai.kz

 

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2302
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2651
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2744
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1742