Жұма, 10 Мамыр 2024
46 - сөз 6577 5 пікір 24 Шілде, 2017 сағат 10:49

Қытай аңызы

Ертеде тау арасындағы қыстақта Юй Гун деген қарт болыпты. Бір күні ол балаларын жиып, енді қалған бір арманын жария етеді. Жалғыз таудың қос қапталына қарсы қонған екі ауыл бір-біріне бару үшін таяқ тастам жерді бірнеше күн жүріп өтетін көрінеді.

Айналадағы ауылдастарына бөгет болған тауға бір айла істеу керектігін айтқан қартқа үлкен ұлы: «Оған не істей аламыз? Тек бұл арадан көшіп кетпесек», - дейді. Сонда қарт: «Бағзыда ғылым қуған бір адам осы тауды мекендепті. Бір күні оған «Осы білімнен не пайда?» деген ой келіп, кітаптарын жинап, таудан төмен түсіпті. Жолда саусақтың жуандығындай темірді егеп отырған кемпірді көріп, не істеп отырғанын сұрағанда, ол ине жасағалы отырғанын айтады. Оқымысты оның бұл әрекетіне осындай жуан темірден ине жасауға болмайтынын айтып күлгенде, кемпір: «Болады. Жалғыз-ақ ерінбей-жалықпай егей беру керек», - деген екен. Кемпірдің осы сөзінен соң, оқымысты жігіт тауға қайтып, оқудың соңына түскен екен», - деп аяқтайды сөзін.

Балалары қарттың бұл әңгіме астарынан оның айтқанынан қайтпайтынын түсініп іске кіріседі. Бар баласын жиып, ауылдастары қосылып таудың түбін қазып жатқаны бүкіл көрші ауыл-аймаққа жетеді. Олардан да асарға адамдар көптеп келеді. Тек көрші ауылдағы бір шал қарттың әрекетіне күліп, балаларына арналған өсиет кітабына жазып қояды: «Дүниеде еш нәрсеге көндіріп болмайтын ақымақ бар. Юй Гунның тоқсаннан асқанда бастаған ісін аяқтайтын ұрпағы болар ма екен, сендер соны болашақта біліңдер!» - деп.

Бұдан соң біраз замандар өтеді. Бір уақытта сол қыстаққа карта ұстаған адам келіп, алдынан кезіккен шаруадан: «Мына жердегі тау қайда?» - деп сұрайды. Сонда шаруа: «Оны Юй Гун деген қарттың ұрпағы жазық дала етіп жіберген», - депті. Ал әлгі карта ұстап келген адам қартқа күлген шалдың ұрпағы екен. /Қытай аңыздарынан оқығаным/.

Кейде айналысып жүрген, үлкен мақсатпен, ізгі арманмен бастаған ісімізден жалығып кетіп: «Осы мен не істеп жүрмін? Кім үшін бәрі? Ертең өлем де қалам. Сонда бұл не тірлік?» – дейміз, иә. Артымызда адам бар, солар үшін. Қарапайым аула қызметкері бүгін еккен не су құйған ағашта ертең біреу саялайды ғой. Міне, әрбіріміз ертең үшін қарекет қылып жүрміз. Бұл әрекет адам, маман, қызмет, деңгей, атақ, түр таңдамайды. Кешегілер де бүгінгі біз үшін қарекет қылған. Біз бар болғаны сол жолмен жүріп келеміз. Биігін барласақ, Ахмет атамнан асып қалай айтайын: «Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін!».

Түбінде тау қопарар арманнан айналып өтіп не кері кеткіңіз келгенде, болмаса бәзбіреу таудай талабыңызға миығынан күлгенде қайтпайын қартты ойға алып, кемпірдің сөзін іштей қайталап көріңіз: «Жалғыз-ақ ерінбей-жалықпай егей беру керек». Саусақтай жуан темірден де жіптіктей ине шығады.

Айдана Шотбайқызы

Facebook-тегі парақшасынан

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1894
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1958
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1648
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1497