Жексенбі, 12 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2457 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 14:26

Ораз Жандосов: Дағдарыстан алып шығар шараларды тез, жылдам қарқынмен жасау керек

«Ракурс» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Ораз Жандосов «бүгін елді дағдарыстан шығарудың шаралары дереу қолға алына бастауы тиіс» дейді.

ДАҒДАРЫСТЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ ТУРАЛЫ
– Ораз Әлиұлы, соңғы АҚШ-та болған қаржы дағдарысының салдарынан  АҚШ пен Еуропа әлі айыға қоймаған тәрізді. Ал Қазақстан базарына бұл қалай әсер етті?
– Бізде қаржы дағдарысының жалғасқанына бір жылдан асты. Қаржы жүйеміз дағдарыс басталған кезде оған төтеп беруге әлсіз болып шықты. Ең қиын-қыстау кез сол кезде өтіп кетті ғой. Сондықтан соңғы оқиғалар Қазақстанға АҚШ, Ресейде, Ұлыбританиядағыдай қатты, алаңдататындай әсер етпеді. Дегенмен «бұл Қазақстан үшін оның әсері мүлдем жоқ» дегенді білдірмейді. Соңғы аптадағы қаржы саласындағы дағдарыстың жаңа толқыны бәсеңсіп, толық тынышталуы үшін ұзақ уақыт кетеді. Яғни бұл біздің банктердің халықаралық капитал базарында қайтадан үлкен көлемде қарыз алуды бастауын тежейді. Осы арқылы Қазақстандағы несиелеу ресурсын арттыру ісі де күрмеледі.
– Үкімет тарапынан қолданылып отырған шаралар ше?! Олар сырттан келген соққының әсерін қаншалықты әлсірете алады?

«Ракурс» экономикалық зерттеу орталығының жетекшісі Ораз Жандосов «бүгін елді дағдарыстан шығарудың шаралары дереу қолға алына бастауы тиіс» дейді.

ДАҒДАРЫСТЫҢ ЕКІНШІ ТОЛҚЫНЫ ТУРАЛЫ
– Ораз Әлиұлы, соңғы АҚШ-та болған қаржы дағдарысының салдарынан  АҚШ пен Еуропа әлі айыға қоймаған тәрізді. Ал Қазақстан базарына бұл қалай әсер етті?
– Бізде қаржы дағдарысының жалғасқанына бір жылдан асты. Қаржы жүйеміз дағдарыс басталған кезде оған төтеп беруге әлсіз болып шықты. Ең қиын-қыстау кез сол кезде өтіп кетті ғой. Сондықтан соңғы оқиғалар Қазақстанға АҚШ, Ресейде, Ұлыбританиядағыдай қатты, алаңдататындай әсер етпеді. Дегенмен «бұл Қазақстан үшін оның әсері мүлдем жоқ» дегенді білдірмейді. Соңғы аптадағы қаржы саласындағы дағдарыстың жаңа толқыны бәсеңсіп, толық тынышталуы үшін ұзақ уақыт кетеді. Яғни бұл біздің банктердің халықаралық капитал базарында қайтадан үлкен көлемде қарыз алуды бастауын тежейді. Осы арқылы Қазақстандағы несиелеу ресурсын арттыру ісі де күрмеледі.
– Үкімет тарапынан қолданылып отырған шаралар ше?! Олар сырттан келген соққының әсерін қаншалықты әлсірете алады?
– Үкімет Батыстағы дағдарыс бойынша ешқандай шара қабылдаған жоқ. Оның бұл бағыттағы жасағандары да, қазір жасамақшы қадамдары да жеткіліксіз. Былтырғы жылы шілде айының соңында дағдарысқа қарсы тұру амалы ретінде фискалды серпіліс беру пакетін әзірлеуі, яғни бюджеттің шығыны арқылы экономикада қосымша сұраныс тудыруы керек еді.
– Бұл неге қажет?
– Себебі 2005 жылдың соңы мен 2007 жылдың ортасына дейін банктер халықты және шикізаттық емес кәсіпорындарды несиелеу арқылы әр тоқсан сайын экономикада сұраныс тудырып отырды. Сұраныс жылдам артты. Ал былтырғы жылы осының бәрі кенеттен тежеліп қалды. Ал тұрғын үй салушыларды айтпағанда, шағын және орта бизнес иелері жоспар жасап, инвестиция салған кезде сұраныстың өсетіндігіне есеп жасады емес пе?! Мұның бәрі тоқтаған сәтте күрделі жағдай туындады. Банктен қаржыландыру жойылған осы уақытта оларды қандай да бір мөлшерде бюджет арқылы алмастыру қажет еді.
– Қалайша?
– Біріншіден, мемлекеттен алынатын қаржының негізгі бөлігін зейнетақы мен бюджет қызметкерлерінің жалақысын көбейтуге жұмсау арқылы сұранысты жандандыруға болар еді. Өйткені қазіргі әлеуметтік төлемдердің экономикадағы үлесі мен мөлшері өте төмен. Оған қоса, ақшаның аздау бөлігін қарапайым инфрақұрылымды дамытуға шығындаған жөн еді. Мысалы, жергілікті жұмыс күшін талап ететін жол жөндеу, құрылыс сияқты қарапайым жұмыстарды бастауға болады. Яғни бұл ақша да ішкі экономикаға құйылар еді.
– Мұндай шығындарға ақшаны қайдан аласыз?!
– Ұлттық қордың сақтау емес, тұрақтандырғыш бөлігі экономиканың қатты соққысыз ес жиюына көмектесуі керек. Бірақ бұл жұмыстар жеткілікті, қажетті ауқымда жасалған жоқ. Шілде айында қабылдаған бюджетте бұл мақсаттарға белгілі бір ақшалар қосылған. Бірақ бұл қажетті қаржының 20-30 пайызы ғана.

ДАҒДАРЫСТАН ШЫҒАРУ ҚОРЫ ЖАЙЛЫ
– Дегенмен қазір экономиканы дағдарыстан алып шығатын қор құрылатындығынан хабардар шығарсыз?
– Президент қыркүйектің 2-сінде Дағдарыстан шығару қорын құру туралы жариялады. Бірақ оның нақты концепциясы әлі беймәлім. Бұл қаржы нашар несиелерді жабуға жұмсала ма, әлде несие берілген жер, салынбаған құрылыс объектілері сияқты активтердің өзіне кете ме?! Қалай болғанда да, әзірге жақсы жағдай қалыптаспай отыр. Өйткені уақыт өтіп жатыр, ал банктердің несие портфелі күн санап нашарлай беруде. Сондықтан бұл шараларды мейлінше тез, жылдам қарқынмен жасау керек. Мысалы, АҚШ-та ақша бөлу бойынша қор жасау туралы бейсенбі күні айтса, жұма күні заң жобасын конгреске әкелді. Сенбі-жексенбіде конгресс Қаржы министрлігімен жұмыс істеп, мәселені талқылады. Міне, қалай жұмыс істеу керек! Егер бізде дағдарыстан шығару қоры арқылы жұмыс жасау туралы шешім қабылданған екен, онда оны жыдам жүзеге асыру қажет. Ал қор туралы айтылғанына бір ай болып қалды, бірақ ең құрығанда оның жобасы туралы әлі анық ештеңе жоқ.
– Қалай ойлайсыз, егер Ұлттық қордың қаржысы пайдаланылса, экономиканы сауықтыруға одан қанша ақша алуға болады?
– Бұл қаржы қай кезеңге жұмсалады, сол есепке алынуы тиіс. Меніңше, экономикада қосымша сұраныс тудыру үшін тоқсанына үш миллиард доллар керек. Егер биылғы жылдың шілде айынан шаралар қолға алына бастаса, онда жылдың соңына дейін оған алты миллиард доллар кетер еді. Содан кейін жағдай біртіндеп түзеліп, қосымша қаржы бөлу қажет болмай қалады. Қосымша сұраныс тудыру нәтижесінде тұрғындар тауар мен қызмет түрлерін көбірек тұтынып, бұл шағын және орта бизнеске жаңа серпіліс берер еді. Бизнесте істеген меншік иелері немесе жалдамалы қызметкерлер өз кезегінде тұрғын үйге деген сұранысты тудырар еді. Қазіргідей жалақы өспей, бизнестің болашағы бұлыңғыр кезеңде жұмыстан кетушілер де көп. Жалпы психологиялық көңіл күй нашар болғандықтан, қазір тұтынушылардың ешқайсысы сатып алуға құлықсыз.
– Олай болса, баға, оның ішінде тұрғын үй құны түсе бере ме?
– Иә, баға түсе береді. Қазанның 1-інде Үкімет Президентке дағдарыстан шығару қорының концепциясын жариялауға уәде еткен. Концепцияның ақылға қонымдылығы ғана емес, ондағы қаржының көлемі де маңызды. Бұған дейін Қаржы рыногын реттеу агенттігінің кейбір өкілдері қорға бір миллиард доллар керек деген. Мұның аз болатындығы анық. Қорда екі миллиардтан кем ақша болмауы тиіс.
– Алдыңғы аптада Қаржы министрі Болат Жәмішев қорға 5 миллиард доллар түсетінін айтқан...
– Оның бір миллиард долларын бюджет беретіні түсінікті. Ал қалған төрт миллиардты кім оларға салмақ?! Неге онда олар қазір сол ақшаға банктен активтерді сатып алмайды?!
– Қорға Премьер-министр Кәрім Мәсімов бюджеттің игерілмеген қаржысын пайдалануға болатындығын да айтып еді ғой...
– Иә, бюджеттің дағдарысқа қатысы жоқ, қарапайым бағдарламалары бар. Олар жыл сайын игерілмей қалады. Егер бұл бағдарламалар бойынша қазір бір анықтық болса, құба-құп. Бірақ онда қанша ақша бар? Меніңше, бұл ақша қорға жетпейтіні айдан анық.
– Ондағы ақша миллиардқа да жетпейді деп ойлайсыз ба?
– Миллиардқа да жетпейді. Оған қоса, күйзеліске қарсы қолданылатын ақшалар бар емес пе?! Бірақ бізде әдетте қалай болады?! Былтырғы жылы күзде Президент оның көлемі төрт миллиард доллар болады деді. Бірақ бюджеттен былтырғы жылы желтоқсанда бір миллиард бөлінді, ал биылғы жыл бюджетінде ондай мақсатқа тек екі миллиард есептелген. Оған қоса, шілде айындағы бюджетке жасалған түзетулерден кейін оған аздаған ақша қосылды... Желтоқсан айындағы миллиардтан да игерілмеген ақша бөлігі бар. Бұл қаржыға деген мұқтаждықтың барына қарамастан, олардың неге игерілмегені – бөлек сұрақ. Сол себептен, керек қаражатты табу үшін жоғарыда айтқанымдай, Ұлттық қорды пайдаланып немесе бюджеттің тапшылық бөлігін арттыруға тура келер. Меніңше, алдыңғы жолды таңдаған дұрыс.
– Жалпы, қор құрылған жағдайда оның жұмыс істеу механизмі қандай болмақ?
– Банктер, меншік иелерінен, мысалы, тұрғын үй салушылардан активтерді арзанырақ бағамен сатып алуы керек. Активтерге несиелермен қатар жер, жылжымайтын мүлік объектілері де жатады. Әдетте мұндай жағдайда «кері аукцион» механизмі қолданылады. Яғни баға төменнен белгіленіп, мысалы, мүлкі қымбатырақ тұрса да, несиені жабу үшін оны арзан бағаға өткізуге келіседі. Бұл жерде көп техникалық сұрақтар тууы мүмкін.
Бірақ маңыздысы – қордағы жалпы қаржы көлемі мен олардың жұмсалу механизмі. Қаржы актив сатушылар үшін бәріне тең, ашық жағдайда жұмсала ма? Әлде әдеттегідей олар үстел астынан сатыла ма?! Әлбетте, актив иелері мүліктерін қымбатырақ өткізуге тырысады. Бірақ Үкімет олардың жетегінде кетіп, артық төлем жасамауы тиіс.

ДОЛЛАР ЖӘНЕ
МҰНАЙ БАҒАСЫ ТУРАЛЫ
– Дағдарыс аясында доллардың болашағы туралы қарама-қайшы пікірлер көп...
– Доллардың теңгеге шаққандағы бағамын Ұлттық банк тұрақты түрде ұстап тұруға тырысады. Дағдарыс жойылмай, банк жүйесіне деген сенім бұрынғы қалпына келмей жатып енді доллар бағамы шайқалса, халықтың сеніміне үлкен нұқсан келеді. Онда олар салымдарын банктен ала бастайды. Бұл – ең жаман сценарий.
– Салымдар демекші, оларға қазір қауіп бар ма?
– АҚШ, Ресейдің қаржы базарында болған жайттар банк жүйесіне қосымша қауіп төндірмейді. Бірақ шикізаттық емес салада жағдай жақсармай, ақырын нашарлап бара жатқанын көріп отырмыз. Бұл бірнеше айдан кейін банктер үшін қиындықтар тудыра бастайды. Бұған дейін жарты жылдай уақыт бар. Яғни Үкіметтің жағдайды реттеуіне мүмкіндігі зор, алайда ерік-жігері шамалы.
– Дегенмен қазіргі жағдайда салымдарды қандай валютада сақтаған дұрыс?
– Теңгенің айырбастау бағамына төнер қауіпті көріп тұрған жоқпын. Өйткені алтын валюта қоры бізде айтарлықтай қомақты. Долларға қатысты тұрақты бағамды ұстанатындығын Ұлттық банк былтыр дағдарыс басталғаннан бері паш етіп отыр. Америкада болған жағдайлардан кейін, американ үкіметі жағдайды қалпына келтіруге бюджеттен үлкен қаржы бөлетіндігін айтқаннан кейін доллардың еуроға шаққандағы бағамы құлдырауда. Бірақ Еуропадағы көптеген елдердің экономикасындағы жағдай да айтарлықтай күрделі. Сондықтан біраз уақыт өткеннен кейін Американың қаржы жүйесінде жағдай тұрақтанып, инвесторлар еуроның орнына керісінше, доллар ала бастайтындығын жоққа шығаруға болмайды. Сол себептен салымшы қаражатын сақтауда өзінің жоспары мен табыстарын, қандай шығындарды қандай валютада жұмсайтынын
есепке алғаны дұрыс.
– Салымдарды қазір қандай банктерде қалай сақтаған жөн?
– Мемлекеттің депозиттерді қорғау кепілдік жүйесі әрбір банкке жеке-жеке қолданылады. Әр банктің бір адамға есептелген қаржы мөлшері болады. Мысалы, егер үлкен қаржысы бар адам жиған тергенін он банкке белігілі бір мөлшерде бөліп-бөліп сақтаса, тіпті банктердің бәрі жабылып қалған күннің өзінде ақшасын толық қайтарып алады. Ал егер ол ақшаның бәрін тек бір банкте сақтаса, онда ол оның тек оннан біріне ғана қол жеткізе алады.

ЭКОНОМИКАЛЫҚ ҚҰЛДЫРАУ ХАҚЫНДА

– Егер экономиканы сауықтыру шаралар қабылданғанымен, олардың жүзеге асуы қазіргідей созыла берсе, қандай жағдайды күтуге болады?
– Ең алдымен шикізаттық емес, орта және шағын бизнес үшін жағдай қиындай береді. Бұл жұмыспен қамту, жалдамалы қызметкерлерге берілетін жалақы, бюджетке түсетін салық көлеміне қатысты ахуал нашарлайды дегенді білдіреді.
– Бұл үлкен экономикалық апаттың нышаны ма?
– Бұл турасында дөп басып айту оңай емес. Өйткені бар мәселе банктердің қиындықтарға қаншалықты төтеп бере алатындығына да байланысты. Себебі орта және шағын бизнеске қатысты қандай қатер бар екенін айттым. Ал олардың арасында банктен несие алғандардың төлем қабілеті төмендейтіндігі түсінікті. Егер бұл белгілі бір шектен асып кетсе, несиелерін жаба алмағандардан жиналған сома банктерді де бір бүйірден қысуы мүмкін. Банктер қандай да бір кезеңде шыдап тұрғанымен, кейін шетел банктеріне немесе ел ішіндегі шикізаттық топтарға сатылуы ықтимал. Бірақ бұл жақсы вариант емес.
– Біздің банктердің қазіргі дағдарысқа төтеп беру қабілеті жөнінде не айта алар едіңіз? Кейбір басылымдарда жыл соңына дейін бір-екі банк жұмысын тоқтатады деген әңгіме айтылған...
– Банктердің қуаты – қарыз алушылар мен клиенттерінің күштілігінде. Егер қарыз алушылар банкке дұрыс қызмет көрсетсе, ақшаларын уақытымен қайтарып отырса, ештеңе де болмайды. Бірақ экономиканың шикізаттық емес саласындағы жағдай қиындап бара жатыр. Оның қашан шырқау шегіне жетіп, шикізаттық емес саладан банктер жүйесіне көшетіні белгісіз.
Дегенмен қазіргі жағдайдың банктерге әсер етіп жатқанын үмітсіз несиелердің көбеюінен көрініп тұр. Күйезелістің жалғасқанына біраз болғандықтан, банктер қазір тығырықтан шығудың А мен Б амалын қарап жатқандығы аян... Сіз айтқан жайттар газетте ғана емес, Үкіметте де, қаржы нарығын реттеу агенттігінде де талқылануда. Меніңше, Үкімет қандай да бір қадамдар жасайды. Бірақ мәселе – олардың мерзімі мен көлемінде.
– Кейбір сарапшылар Америкадағы дағдарыстың күрмеуі келесі жылдың алғашқы тоқсанында-ақ шешіле бастайды деп еді ғой?!
– Қазір ондай оптимистер жоқтың қасы. Өйткені қаржы дағдарысының кесірі алдымен Қаржы институттарына тиіп, солардың жұмысына кедергі жасайды. Олар экономиканың шикізаттық емес, тауарлар мен қызмет көрсету саласын несиелеп отырған еді. Екінші жағынан, оның тікелей тұтынушыға да кері әсері бар. Бұл жайттар туралы естіп-білген соң олардың қаржы мекемелеріне сенімі азайып, аз тұтынып, болашаққа қор жинай бастайды. Егер елде тұтыну азайып, қор жинау артса, онда бұл бір-екі жылдағы, жақын мерзімді болашақтағы экономикаға кері әсерін тигізеді. Меніңше, америкалық, еуропалық экономика өсімі тек келесі жылдың ортасында байқалып, жағдай тұрақтана бастайтын шығар.
– Дағдарыстың келесі, үшінші толқыны болуы мүмкін бе?
– Оны толық жоққа шығаруға болмас. Егер американ үкіметі «нашар» несиелерді сатып алуға шамамен 700 миллиард доллар бөліп, бұл Конгрестің төменгі палатасында мақұлданса, дағдарыстың үшінші толқыны болған жағдайда оның күші қатты болмайды. Онсыз да көп нәрсе болып кетті. Америкада үй бағасы былтыр шілде айында емес, оған дейін бір жыл бұрын түсе бастаған.
– Ал Қазақстанда ше?
– Қазақстан дағдарыстан шығу қорының тезірек концепциясын қабылдап, қазанның 1-інен бастап ол жұмыс істеуі керек. Қор активтерді сатып алып, рыноктағылар оны көріп, сабаларына түсуі тиіс. ӨЗІ ТУРАЛЫ
– Қазір не істеп жүрсіз?
– Менің қазіргі негізгі жұмысым экономикалық зерттеулерге негізделген. Өзекті экономикалық мәселелер бойынша сапалы зерттеулер жасауды мақсат тұтып отырмыз. Біздің орталық жаңа қалыптасуда. Экономиканың әртүрлі саласын жан-жақты қамту үшін көп, жақсы мамандарды тарту мәселесі бюджетімізге байланысты болмақ. Екінші жағынан, орталықтың қандай мәселені басты назарда ұстайтындығын өмір өзі анықтайды.
– «Ракурс» деп аталады ғой?
– Иә, осындай ракурсты, яғни көзқарасты ұстап отырмыз.
– Сонымен, сіз саясаттан мүлдем кеттіңіз бе?
– Партиядағы лауазымнан кеттім деген дұрыс болар. Саяси көзқарастарымды әлі өзгерткен емеспін.
– Сізді билікке қайтып барады деген сөздер жиі айтылып қалады...
– Мені ешкім билікке шақырған жоқ. Өзімнің де оған қазір барғым келіп отырғаны шамалы. Өйткені қазіргідей жүйелі өзгерістер жасалмаған жағдайда бір мекемеге барып, діттегеніңді толық жүзеге асыру қиын. Жөні түзу мемлекеттерде Үкіметтің көзқарасы қоғамдағы жалғыз пікір болып есептелмейді. Ал бізде Кеңес кезеңінен қалған дәстүр өзгермеген. Үкімет басқа көзқарастарға мән бермейді. Оған қоса, менің жасап жатқаным елге, адамдарға қажет деп есептеймін. Өйткені бұқараның қоғамдағы оқиғалар бойынша объективті, білікті пікір алатындай басқа ақпарат көзіне мүмкіндігі жоқ. Мәселені саясаттандырмай-ақ, оны сан қырынан қарауға жол ашатын балама пікір қоғамда болуы тиіс.
– Қазір бос уақытыңыз көбірек шығар...
– Иә, Үкіметте, партиялық жұмыста жүргенде отбасыммен бірге болуға уақыт аз қалатын. Қазір соның орнын толтырудамын. Оған қоса, өзіңді жақсы сезіну үшін спортпен айналысу керек. Көбірек теннис ойнап, аптасына кеміне бір рет тауға шығып тұрамын.

 

 

Сұхбаттасқан
Айжан КӨШКЕНОВА

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1942
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2167
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1788
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1535