Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Рухани жаңғыру 5222 9 пікір 19 Шілде, 2017 сағат 10:18

Эрен Халит: Рухани жаңғыруға біз де үлес қосамыз

Ислам әлеміндегі жазу-сызу өнерінің бірі – құсни хат немесе каллиграфия. Бұл өнер Кеңес Одағы тұсында ұмыт қалған еді. Тәуелсіздік алғалы аталған салаға көңіл бөлгендер саны артты. Астана қаласында өткен каллиграфия көрмесі – соның дәлелі іспетті. Аталған шараны Түркияда орналасқан Ислам тарихы, өнер және мәдениет ғылыми-зерттеу орталығы («IRCICA») мен Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасы бірлесе ұйымдастырған-ды. Көрмеге алыстан ат терлетіп келген «IRCICA»-ның бас директоры Эрен Халитпен "Егемен Қазақстан" газетінің тілшісі сұхбаттасқан екен. Біз сол сұхбатты Abai.kz ақпараттық порталының оқырмандарының назарына ұсынуды жөн санадық.

– Эрен мырза, өзіңіз бас­­қаратын Ислам тарихы, өнер мен мә­де­ниет ғы­лы­ми-зерт­теу орта­лы­ғы қан­дай ұйым? Немен ай­на­лысады? 

– Ислам тарихы, өнер мен мәдениет ғылыми-зерт­теу орталығы – Ислам ын­тымақтастығы ұйымы аясында 38 жыл бұрын құрылған мәдени мекеме. Қазақстан – «IRCICA»-ның тұрақты мүшесі әрі құрылтайшыларының бірі болып табылады. Орталықтың мақсаты – ислам елдерінің тарихын, өнерін және мәдениетін зерттеу. Бүгінге дейін жүз­ден аса конференция ұйым­дастырып, екі жүзге жуық ғылыми мақалалар жарияладық. Орталықтың көптеген бағыттары бар. Соның бірі – каллиграфия, яғни құсни хат өнері. «Құран Кәрім – Меккеде түсті, Каирде оқылды, Ыс­тан­бұлда жазылды» деген кө­не сөз бар. Бұған негіз жоқ емес. Өйткені, құсни хат өнерінің шеберлерінің көбі Ыстанбұл қаласынан шыққан.

–  Бүгінгі көрмеге қан­дай туындылар қойылған?

– Қазақстан Республи­касы Ұлттық академиялық кітап­ханасымен бірлесе ұйым­дастырған каллиграфия көрмесіне түрлі байқауда жүлдегер атанған туындыларды өнерсүйер қауымға ұсындық. Қазіргі көрмедегі 30-ға жуық шығар­маның бәрі байқауда үздік шыққан. Көрме есігі біраз уақыт ашық болады. Сондай-ақ, Ұлттық ака­де­миялық кітап­ханамен бірлесе әлі көптеген жоба жа-сау­ды жоспарлап отырмыз.

– Калли­гра­фияға байланыс­ты та­ғы қан­­­­дай шаралар атқара­сыздар? 

– Қазіргі таңда үш жыл сайын каллиграфшылар арасында байқау өткізіп тұрамыз. Сайыстың жүлде қоры да аз емес. Мысалы, өткен жылғы бай­қауға қатысқандар 2000 дол­ларға жуық сыйақы ал­ды. Былтырғы 10-шы құс­ни  хат байқауына әлем бойын­ша 600-ге жуық каллиграфшы қатысып, 1000-нан аса жұмыс ұсынылды. Түрлі мемлекет өкілдерінен құралған қазылар сол туындылардың ішінен жүлдеге лайық дегендерін таңдап алады. Байқауларда үздік шыққан туындыларды одан әрі көркемдеп, каллиграфия каталогын тұрақты шығарып келеміз.

– Каллиграфияның қанша түрі бар? Жалпы, бұл көркемөнер мұсыл­ман әле­мінде қашаннан бері пайда болған? 

– Каллиграфияның түрі өте көп. Со­лардың ішінде 12-ге жуығы мұсылман әлемінде кеңінен таралған. Мәселен, «неси сулус», «же­ли сулус», «дивани», «рей­хани», «куфий» секілді түрлері қазіргі таңда жиі қолданылады. Құсни  хат – Ислам дінінің көркею дәуірінде басталған. Ол Құранды көркем жазуға ар­нал­ған өнер түрі. Сол кезеңнен бас-тап араб каллиграфиясы тез дами бас-тады. Осман империясы кезеңін – араб каллиграфиясының даму дәуірі деп айтуға болады.

– Ғылыми-зерттеу орталығы мін­дет­терінің бірі зерттеу­мен айналысу екені мә­лім. Қай­бір жылы Ан­глия­да­ғы Бирмингем уни­вер­си­­тетінің ғалым­дары ең көне Құран кіта­бын тапқа­нын мәлімдеген еді. Ағыл­шын­дардың зерт­теуі қаншалықты шын­дыққа жақын? 

– Орталық Құран Кәрім­­нің тасқа басылған тұңғыш нұсқаларын тек­серу­­мен, оларды жариялаумен айналысады. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) дүниеден өте сала, Құран кітабы бір арнаға жинақталып, басылған болатын. Қазіргі таңда үшінші халиф Османның кезінде жинақталған Құранды тек­се­ріп, оның анық-қанығы туралы ғылыми мақала жарияладық. Яғни, ең көне Құран кітабы бүгінде Ыстанбұлдағы Топкапы сарайының музейінде жұртшылық назарына ұсы­ныл­ған. Екіншісі – Каирдегі кітапханада тұр. Сондай-ақ, Ташкент, Сана қалаларында көне Құран кітабы бар. Біз бұл кітаптың бәрін тексеріп, олардың түпнұсқа екенін анықтадық. Бирмингем университетінің ғалымдары таптық деп мәлімдеген жазбалар Құранның кейбір парақтары ғана. Ондай жазбалар кезінде өте көп болған. Ендеше, оны толықтай Құран кітабы деп айтуға негіз жоқ.

– Құсни хат өнерінің Қазақстандағы жағдайын қалай бағамдар едіңіз? 

– Каллиграфия қазақ еліне жат өнер емес. Кезінде Алаштың дін ғалымдары құсни хатты же­тік меңгерген еді. Өкінішке қарай, кейінгі дәуірде атал­ған көркем өнерден алыстап кетті. Қазіргі таңда Қазақ­стан каллиграфияны қай­та жаңғыртуға қадам жасап жатыр. Бүгінгідей көрме өткізу арқылы бір кездері Қазақстанда кеңінен таралып, кейіннен ұмыт қал­ған бұл көркемөнер түрін қайта жаңғыртуды мақ­сат етіп отырмыз. Бүгін­ге дейін «IRCICA» аясында 150-ге жуық құсни хат шеберін тәрбиелеп шығар­дық. Алдағы уақытта қа­зақ­стандық жастарға осы өнер­дің қыр-сырын үйре­туге әзірміз. Қазақстан Пре­зи­денті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында көзделген міндеттерді жүзеге асыруға біздің жасап жатқан жұмысымыз да өз септігін тигізетініне сенімім мол.

– Бұл көркемөнерді меңгеру қан­ша­­лықты қиын?

– Каллиграфиялық жазу – адамның қарым-қабі­летіне байланысты. Жал­пы алғанда, аталған көр­кем өнерді меңгеру оңай емес. Оны үйренудегі басты талап – көп еңбектену. Ал­да-жалда осы салаға қызы­ғатын адам ерінбей, талмай жаза берсе, одан мықты кал­ли­графшы шығатынына сенімдімін.

– Әңгімеңізге рахмет.

Әңгімелескен Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ

Abai.kz

9 пікір