Жұма, 10 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4178 0 пікір 3 Маусым, 2009 сағат 14:19

ОЯНУ

Бұл – сәл ұзаққа созылатын мақаламыздың шартты атауы немесе алғы сөзі. Оқырман ойын сан-саққа жүгіртпей, «Тәуелсіздік» немесе «Халық құдіреті» деп атай салсақ болатын еді. Әйтсе де, Ояну деген атаудың мағынасы тереңде һәм айтпақ ойымыздың да өзек-желісін анағұрлым ашып беретіндей секілді.
Ояну бұл атауды бізден бұрын да талай данышпандар атап өткен, адам баласының табиғи тұрпаты мен жаратылыс болмысының қыр-сырын айқындаушы атау. Адам баласы ғана емес, күллі жаратылыстың өзінің түгел тағдыры осы ояну мен оянбаған (ұйқыдағы) қалыпының айырым өлшемімен шешіледі! Сол себепті жаратылыстың тағдыры мен оның тарихи бітімі де  ояу сезімі арқылы өрбіледі. Өткен тарихтардың сары парақтарына көз жүгіртіп, ондағы жазылған даналар сөзіне зер салсаң, әуелгі көзге шалынатын сөз де осы – ОЯНУ!...

Бұл – сәл ұзаққа созылатын мақаламыздың шартты атауы немесе алғы сөзі. Оқырман ойын сан-саққа жүгіртпей, «Тәуелсіздік» немесе «Халық құдіреті» деп атай салсақ болатын еді. Әйтсе де, Ояну деген атаудың мағынасы тереңде һәм айтпақ ойымыздың да өзек-желісін анағұрлым ашып беретіндей секілді.
Ояну бұл атауды бізден бұрын да талай данышпандар атап өткен, адам баласының табиғи тұрпаты мен жаратылыс болмысының қыр-сырын айқындаушы атау. Адам баласы ғана емес, күллі жаратылыстың өзінің түгел тағдыры осы ояну мен оянбаған (ұйқыдағы) қалыпының айырым өлшемімен шешіледі! Сол себепті жаратылыстың тағдыры мен оның тарихи бітімі де  ояу сезімі арқылы өрбіледі. Өткен тарихтардың сары парақтарына көз жүгіртіп, ондағы жазылған даналар сөзіне зер салсаң, әуелгі көзге шалынатын сөз де осы – ОЯНУ!...
Көнені қойып, күні кешегі «Алашорда» дәуірінде де қазақ оқымыстылары Шәкәрім, Міржақып, Сұлтанмахмұттардың өзі қасиетті халқына «Оян, оян!..» деп, жар сала сөз бастағанын көреміз. Алайда, солардың тұсында күллі қазақ баласын қара түнек ұйқы басып, ел есеңгіреткен ұйқыдан ояна алмай жатты десек, әлде күлкілі, әлде біржақтылы түсінік болар еді. Жалпы жаратылыс атаулы түн баласында ұйқыға кетіп, таңның атысымен, жан-жануар түгелімен азан-қазан болып,  дүниенің тірлігі басталатыны – тегін нәрсе, есепсіз-өлшеусіз болмыс емес екені белгілі. Сол сияқты түгел бір ұлттың пайда болуы мен өсіп-өнер, өшіп-сөнер тарихи уақытын саралар болсақ, сол халықтың да тағдыр-талайында әуел баста Алла тағаладан өлшеп, екшеліп қойған – ояну кезеңі, ұйықтау кезеңінің болатыны, адамдардың дүниеге келуіі мен кетуі де сол заңдылыққа бағынатынын аңғару аса қиынға соқпайды...
Міржақыптың кезінде айтылған «Оян қазақ!» деген жанайқайын Еліміз тәуелсіздігін алғалы бері де ширек ғасырға жуық уақыт жағымыз талмастан күнделікті айтып келеміз. Яғни, оянған біреуіміз, оянбаған біреуімізді «тұр-тұрлап!» жатқандаймыз. Сонда, бұл не қылған ұйқы?.. Не қылған оянбаушылық?!. Шын мәнінде адамдарымыздың көбісі ұйқыдан оянбай, ұйқысырап жүр ме?! деп ойлап, жан-жағыңа қарасаң, ұйықтап, ұйқыға салынып жүрген бірде бір пендені көрмейсің. Адамдардың барлығы да қауырт, барлығы да асығыс, таңғы үлестен әйтеуір нені қармап қалайын дегендейін, сіңбіруге де мұршасыз, еңбектеніп тоқтаусыз қозғалыста жүргенін байқайсың. Сол тоқтаусыз қозғалыс арқылы Ояну деген сөздің  де ұйқыдан өзге тағы бір күрделі астары бар, шешуі тым тереңде жатқан мәні зор атау екендігін аңғарасың...
Ояну – дәуірден дәуірлерде Біздің бірде күлдей боршаланып, бірде арыстандай айбаттанып, енді бірде қынадай қырылып, енді бірде көктемгі көктей қайта құлпырып жүріп қол жеткізген Тәуелсіздігіміздің – тағдырының, әр дәуірдің сипат құбылысындағы халықтың маңдайына жазылар тағдыр-талайының жалпы атауы екен. Сол құбылыс, сол өзгерістерді қара жұрттан бұрын сезген,  халықтың ақылмандары мен даналары, ел бастар көсемдері осылай  – Оян! деп жар салады екен. Біздің қазақтың мыңдаған ғасырлық тарихында Ояну мен Оянбаудың талай-талай кезеңдері өтті-ау!.. Әсіресе, орта ғасырдан кейінгі тарихымызда Оянудан гөрі Оянбаудың тақсыреті көбірек бұйырғанын тайға басқан таңбадай айқын аңғарамыз!..
Және де,  Оянудың тағы бір атауы – Серпіліс емес пе екен деймін! Себебі: Ұйқыдан оянған адам әлбетте, аяқ-қолын жазып, жайлап керіліп, серпіліп алады. Осылай серпіліп жатып, ұйқыдағы ағзаларын біртіндеп оятып, қалыпқа келтіреді, ұйқыда көрген түсін... алдағы атқаратын іс-шаруасын есіне түсіреді, содан барып, жатқан орнынан жайлап тұрады. Бұл – адам баласына Алладан берген көптеген қасиеттердің бірі. Ал, енді кез-келген адамды осы машығынан жаңылтып, үркітіп, шошытып оятсаң, сол адам  сау қалыпынан дереу айрылады. Тұла-бойынан сабырлылық қашады. Жүрегі, миы... тіптен біз білмейтін өзге де сезім жүйелері «істен шығып», табан-асты жынданып кетуі де мүмкін. Ұйқыдағы адамды, әсіресе жас нәрестені шошытпайтынымыз, ұйқыдағы баланың да ұдайы ата-ананың назарында болатыны сондықтан ғой!
Ұлт та осы тектес – Ұлтын ұйықтататын, Ұлтын ұйқыдан оятатын, сол үшін Ұлтына ұдайы қамқоршы болатын – Ұлттың АТА-АНАСЫ болады. Олар – сол ұлттың әр дәуірдегі өзі таңдап тудырған қорғаушы баһадүрлері (АТА!) мен ақылгөй дана-данышпандары (АНА!) екендігі шүбәсіз. Қазақта мұндай ұлтын қорғаушы АТА-АНАЛАР қай дәуірлерде де болды. Енді солардың бізге дейін ат-атақтары жеткен маңдай алды тұлғалары мен солардың тұсында ұлтымыздың басынан өткен тағдыр-талайын толғанып көрейік. Ұлтымыздың Оянған кезеңдері мен Оянбаған кезеңдерін ой елегінен өткізейік, көмескілеріне көз жеткізейік, көз алдыдағыны қайта бір еске түсірейік.
БАБА ТЕК: Дүниежүзі жер картасының 110-шы бойлық сызығы мен 48-ші ендік сызығы арасына орналасқан (Үш құрықан – ҮІІ-ІХ ғ.ғ. – Қоңыраттың ХІІ-ХІІ ғ.ғ. байырғы мекені.) көне таңбалы тасты ғалымдар 1920 жылы анықтап, 1943 – 1968 жылдар аралығында неше мәрте барлау жұмыстарын жүргізген. Таңбалы тасқа «Арасан тас» деген шартты атау берген. Барлау жұмысын жүргізген кезде «Арасан тастың» маңынан жер бетіне біршама қылтиып шығып тұрған бір жартасты тапқан. Жартастың жылдар бойы күнге қақталып, шаң-тозаң жамылған бетінде әлдебір суреттердің болғанын, сол суреттердің жартысы жердің астына көміліп тұрғанын аңғарған. Жартастың жерге көмілген бөлігін қазып шығару жұмысы 1968-ші жылы ұйымдастырылады. Қазба жұмысы әлгі тастың суретті беті күншығысқа қаратыла орнатылған тақта екенін анықтаған. Тас тақтаның бір жағына ғана емес, беті және екі қырына да түрлі белгілер сызылып, қашалған екен. Тас тақтаның ұзындығы 6 метр, ені 2-3 метр, қалыңдығы 60-70 сантиметр, көлемі 25 шаршы метр шамасы болып шығады. Бірнеше күнге созылған барлаудан кейін тас тақтаның бет жағында 180, сырт жағында 40, барлығы 270-ке жуық бейнелер белгіленгені анықталады (Х. Пэрлээ. «Көне таңбалар кімдікі?..» («Қазақ Елі»//11. Сиыр жылы.).  Таңбаларды төмендегідей 14 тарауға бөледі:
1. Күн. Күнге негізделген теңге бейнелі таңбалар.
2. Тұяқ. Тұяққа негізделген жүрекке ұқсас бейнелі таңбалар.
3. Таға. Тағаға негізделген нәлі бейнелі таңбалар.
4. Айға негізделіп салынған ай таңбалар.
5. Тарақ. Тараққа тектес, аша, шаңышқы бейнелі                           
таңбалар.
6. Аша. Және мұрындық ағаш бейнелі таңбалар.
7.  Жүрек немесе  жапырақ бейнелі таңбалар.
8. Үшбұрыш бейнелі таңбалар.
9. Балға және балта бейнелі таңбалар.
10. Жан-жануарлар бейнеленген таңбалар.
11. Жан-жануарлардың мүшесін бейнелеген таңбалар.
12. Құрал-сайманның бейнесін суреттеген таңбалар.
13. Белгілі атауы жоқ таңбалар.
14.  Белгісіз «әріп» бейнесін суреттеген таңбалар.
Таңбалардың көлемі біркелкі емес, төрт бағытқа қаратылып, аса үлкен етіп бейнелеген, бұған керісінше өте кішкентай етіп белгілегендері де болған. Тастағы жазбалардың осы ерекшеліктерін ғалымдар: «таңба иелерінің кімдер екенін анықтау үшін әдейі солай жасалған белгілер» деп болжаған.
«Арасан тас» деп аталатын осы бір көне ескерткішті қай кезде, қандай адамдардың алғаш салғанын білу кез-келгенді қызықтырары сөзсіз. Соны ойлап ғалымдар тас таңбаның салынған уақытын дәлелдеу үшін дүниежүзіндегі осы тектес көне таңба, жазбаларды зерттеу тәжірибесін жинақтап,  соларды өзара салыстыра зерттеу амалдарын қарастырған. Соның нәтижесінде аталмыш тастағы жазбаларды түсіру уақыты – жаңа тас дәуірінің соңғы кезінен бастап, қола дәуірінен біздің дәуірдің Х ғасыры аяқталғанға дейінгі ұзақ аралықта жалғасып келген – деген қортындыға келген. (қараңыз! І-кесте.)
Осы көне мұраның зерттеуі туралы жазылған көлемді ғылыми кітапты (23,8 б.т.) біз   1996 жылы қазақ тіліне аударып, «Қазақ Елі» газетіне жариялатқан едік. Сол тұста тарихи көне жазбалардың біразын парақтай келе,  бұл ежелгі таңбалардың ақы иесі – еш талассыз біздің бабаларымыз екендігін байқағанбыз. Оған келтіруге болатын көптеген ғылыми дәлелдердің ішінен бірінші: осы көрсетілген өңірде біздің бабаларымыз ХІІ ғасырға дейін иелік еткендігін, екінші: «тарақ», «балта», «аша», «ашамайлы»...т.т. рулық таңбалар мен ру атауларының («балталы, бағаналы ел аман бол!..» дейтін көне жырларымызды айтпағанның өзінде!), қазақ халқында күні бүгінге дейін сақталып келгенін, үшіншіден: автор (Х. Пэрлээ) аталмыш еңбегін салыстырмалы түрде зерттеу үшін біздің белгілі ғалымымыз А. Аманжоловтың осы тақырыптағы еңбегін қолданғанын, төртінші: аталған өңірде бабамыз Тонұқұқтың руникалық жазба ескерткіші әлі күнге дейін сақталып тұрғанын айту арқылы дәлелдесек те болатынына көз жеткізгенбіз. Және де, тас таңбалардың жазылған заман уақытына байланысты біздің баба тарихымызды қай кезден бастап жазуға болатынын зерттеудің – уақыт күттірмейтін өзекті мәселе екендігін аңғарғанбыз!..
Міне, бір ғана ғылыми еңбектің төңірегінде ой өрбіте берсек, біздің Ояну тарихымыз қай кезден бастау алып тұрғандығын – мақтан етуге тура келеді. Ерте Оянған бабаларымыз тас дәуірінде таңба (жазу!) қашап, қола дәуірінде жосадан ою-өрнек салған екен. Бұл – Ояну емей, немене?!.
АТА ТЕК-І: Баба тектен кейін, бірден ата текке түсу – біздің қазақтың ата тарату жосығына сәл оғаштау нәрсе. Әйтсе де, біз қолда бар, нақты дәлелденген деректерге жүгінуіміз керек. Ондай деректің бірі – біздің түп аталарамыз – Күннү (ҒҰН), Сақтар екендігі даусыз. Бұларға келгенде біз қадым тарихтардан гөрі біршама көсіле шабамыз, әрі айтар дәлелдеріміз де молырақ.
Күннүлердің (әуелгі тараудағы «Күн» таңбасын еске түсіріңіз!) тарихтан ойып отырып орын алған кезеңі қытайдың жазба тарихында Хунь Юн Ся ұлысының кезінен бастау алады. Бұл – біздің эрадан бұрынғы 2144-1711 ж.ж. шамасы. Сол кезде қытайлар бізді өздеріне жақындату үшін Хунь Юй  деген қолбасшы өз әкесінің әйелін алып, солтүстікке барып, мал бағып өмір сүргені, оларды қытайлар Күннү деп атағаны туралы ежелгі бір аңызда келтіреді. Бұл аңыз ежелгі Қытай басқыншыларының Күннүден бұрынғы тайпаларды түгелдей өздерінен тараған ұрпақтарына жатқызу ниетінен туындаса керек. Бұдан кейінгі жазба тарихта «Қытай тарихынамасының атасы» аталған ежелгі тарихшы Сы Мацянь (б.э.б. 146-86 ж.ж.) «Шизы» («Тарихнама» белгілеуі») деп аталатын еңбегінде: «Күннүлердің арғы тегі – Ся, Хоу (б.э.б. 2144-1711 ж.ж.) әулетінің ұрпақтары Шунь вэйден тарайды..» деп көрсетеді. Қытайдың көне ойшылы Күнз (б.э.б. 551-479 ж.ж.) болса, ежелгі аңыз ертегілерді тарихи шындыққа бұрмалап, Күннү қатарлы көшпелілерді Қытайдың аңыз тектес хандарының ұрпағы етіп көрсеткен. Күннүлер Орта Азия төрінде алғаш б.э.б. 209 жылы төрелік ұлыс орнатып, көшпелілер тарихында өшпес із қалдырған даңқты халық. Осы тұста Ұлыс елдің Оятушысы – Модұн шаньюи (б.э.б. 209-276 ж.ж.) болды. Шаньюи – ұлыстың ханы дегенді білдіретін күннү атау. Модұн ханның кезінде Күннү ұлысы аса дәуірлеп, оның иелігіндегі жер оңтүстігінде Ақ қорған, Ордас жері, солтүстігінде Байкал көлі, батыста Іле, Тарбағатай, шығыста Кореяға дейін көлбеп жатқан алып ел болған. Ақ қорғанды сол кезде қытайлар күннүлердің шабуылынан қорқып салдырса, Іле өзені мен Тарбағатай таулары әлі күнге дейін қазақтың иелігінде. Бұдан кейін қытайлар біздің жаппай оянған бабаларымыздан сескеніп, олардың сұсын қайтару үшін түрлі айла-шарғыларды қолдана бастаған. Сол айлаларының бірі – күннүлердің қол басшыларына сұлу қыз, алтын-күміс, өзге де бағалы заттардан тарту-таралғы беріп, біртіндеп тамырлық байланыс орнату болатын. Сондай тарту-таралғының құрбаны болған қытайдың сұлу ханшасының бірі – «Сыбызғының онсегіз сарыны» деп аталатын  өлеңдері арқылы тарихта қалған әйгілі ақын қыз Цай Янь. Оның күннүлерге қолды болған кезінде көшпелілер даласында, киіз үйде жазған:
Қуарған құрым киіз, жалбыраған мал терісімен                                 
Қалтыраған денемнің тонған жерін қымтаймын.
Қан сөлі аралас шикі етпен өзек жалғап,
Шаршаған – көңіл, үрейлі – тірлік,
Торда отырған құрдаймын.
Таң атқаннан жүрегімді толқытқан
Титтей дабылдың үні қашан өшер екен?!
Бұл өлкенің желі де долы келеді, ашулы
Қараңғыда киіз үйде құтырып кете жаздаймын!
Сондай-ақ, Күннілердің сан-мың қолды атты әскерінің айбынын суреттеген:
Белгі оты тұс-тұстан аттыларды соғысқа шақырады.
Содан соң күрендеріне сабырмен қайтуды тапсырады.
Тағы әскерлер таң сайын, түнек түнде айға дейін үрлейтін,
Дала желі сияқты қорғандардан ағылып-ағылып шығады» (өлеңдерді жолма-жол аударып отырмыз!) деген 18 тараудан тұратын өлеңдері бүгінге жетіп отыр. Міне, бұл – біздің Ата Тегіміздің  оянуының бірер дәуірін дәріптейтін деректердің санаулы парақтары ғана.
АТА ТЕК –ІІ. Ата тегіміз сөз етілген тұста Күннүлерден кейін оянған – Үйсін аталарымызды айтпай өтуге болмайды. Атамыз – Күнбидің аруағы ренжиді!

 

 

Жүкел ХАМАЙ

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1882
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1937
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1629
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1487