Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Әне, көрдің бе? 6991 10 пікір 10 Шілде, 2017 сағат 07:24

Abai.kz ақпараттық порталына түрмеден жолданған хат        

ҚР Жоғарғы сотының назарына

Мен Саламатов Дәден Саламатұлы 1995 жылдың 8 наурызында Жылыой ауданы Құлсары қаласында дүниеге келгенмін. Осы қапаста биыл ғана 22 жасқа толдым. Сөздің шындығы керек, мен әлі оң-солымды айыра қоймаған жас бала емес пе едім, өрімдей, уылжыған әлі ашық ауыз балапан емес пе едім, аумалы кезеңнен әлі өте қоймаған албырт ойын баласы емес пе едім? Осы 5 айға жуық мерзім ішінде менің ой-санам, пікірім түбегейлі өзгерді, бұл «қамақ» менің өмірге деген көзқарасымды түгел өзгертті.

Сергелдеңге түсіп, тоғыз толғанып, он ойландым. Салым суға кетіп «аһ!» ұрдым. Түнде ұйқы, күндіз күлкіден айрылдым. Ішкенім – ірің, жегенім – желім болды. Көкірек – шер, запыран! Мұңға баттым, қайғы таптым, өкініш өзек өртеп бармақ шайнатты. Өксік өңешке тығылды. Іштегі толассыз айқастар ауыт-ауыт жанарға мөлтілдетіп, іркілдеп жас болып келді. Күнәмә тәубә еттім! Пенделікпен, балалықпен шоқ бастым. Табан астында күнәһәрға айналып кете барғаным жүректі жаралап, езгідей езіп жанымды сыздатып, «қап!» ұрып ызамды кернетті. Миым солқылдап, жүйкем тозып, қазіргі таңда төрт қабырғаға телмірумен әр күнім азаппен өтуде. Ондай кезде уақыт шіркіннің тоқтап қалып, тасбақа жүріспен жай айналатыны және бар.

Азаттықта еркін самғаған құс едім, енді міне, қанатым қырқылып темір торға тоғытылдым. Күнәмә сай жазамды алсам бір сәрі, бұл жерде «әділ сот» деген аты бар соттың өңменімнен мейілінше қанжар сұққаны мені қатты қынжылтты. Мен маңдайға жазған тағдырыма қарай әкесіз өскен бала едім. Менің өмірде мені ұлпа қылып аялап, барынша мәпелеп баққан жалғыз түйір анашым бар, мен сол анашымның жалғыз түйір ұлы едім. Бізді екіге айырған тағдыр ма, әлде соттың қатыгездігі ме, ол жағын біле алмай дал болдым. Анам мені «жаман бол» деп тәрбиелемеді, демек, мен үмітін ақтамадым.

Сот мені 15 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығымнан айырды. Ботадай боздап, артта еңіреп шешем қалды. Ол байғұс, мұндай соққыны көтере алмай қапияда кетіп қала ма деген қорқынышым бар.

Неге олай болды? Маған мұндай жаза тағайындайтындай қандай күн туды соттың басына? Әлде ұл-қызы жоқ, мейірім дегеннен жұрдай, жүрексіз қатыгез жан ба еді? Осы жағдай өз бастарына туса қайтер еді? Сот періште емес, менің көзқарасымда сот лауазымын, шенін, жұмысын асыра пайдаланды деп есептеймін.

Оқиға Құлсары қаласында орын алған еді. Бәріне себеп – тауып алған мылтық болды. 1-ықшамауданда, «Емхана» жанында орналасқан нөмірі 43 – құрылысы бітпеген, 3 қабатты тастанды үй болатын. Ашық-тесік тұрғаны себепті жұрт оны дәретханаға айналдырған. Сол үйге (2017, наурыздың 14 ші жұлдызында) дәретке барып, ішінде заты бар қара пакет тауып алдым. «Ұмыт қалдырған» екен деп пакетті ашып қарасам, ішінен бір түйір оғымен, дүмбісі де, ұңғысы да кесілген, 16-калибрлі, дара ауыз шолақ аңшы мылтығы шықты. Көзім атыздай болып, мылтықты өзіммен бірге алып кеттім. Келе өз пәтерімнің төбесіне уақытша тығып қойдым. ІІ Бөліміне хабарласайын деген ой болды, бірақ, полиция қызметкерлері маған сенбей, ертеңгі күні сорыма қарай жала жауып, өз басыма бәле болып жабысар деген күмән мен қорқыныштан тәуекелге бел буа алмадым.

Ертесі күні қыдырып қайту мақсатымен маған Ербол Ермеков деген әрі көршім, әрі жолдас балам «Шевролет» автокөлігімен келді. Біз Абылай Досболаев деген жолдас баламызға бардық. Мен сол кезде екі досыма да білдіртпей пакеттегі дүнияны жолда қоқыс жәшігіне лақтырып кетпек оймен жасырын қойныма тығып алып шыққанмын. Кейін «Махамбет» даңғылымен келе жатып тас жол жанындағы «Техно Дом» сауда үйінің бірінші қабатында орналасқан «Евро Спорт» букмекерлік құмарханасына Әлібеков Берік пен Қодаров Думанның кіріп бара жатқанын көзіміз шалып қалды. Олар 3 және 5-ықшамауданның балалары еді. Бір-бірлерімізді былайша сырттай танитынбыз. Себебі, ықшамаудан балалары арасында бір-бірімізбен болмашы нәрселерге қақтығысып қалатын едік. Дәл сол сәтте түлен түртті ме, сайтанның азғыруымен оларды қорқытпақ болдық. Әрине, қате ғой.

Қасымдағы екі жолдас балам асфалтьтың қарсы бетінен екі ағаш тауып алып келді. Менің қойнымдағы зат қолайсыздық тудырғасын мен ағашқа беттемедім. Екі досым құмарханаға кіріп кетті, мен не істерімді білмей соңдарынан ердім. «Мұндай нәрсеге қалай тап болып қалдым» деп есік жақта сандалып тұрдым. «Жаңа көйлектің де желі болады» дегендей, бұрын атып көрмеген қаруды оқтадым. Ондағы ойым да қорқыту мақсатымен иә аспанға иә жерге ату еді. Екі дос Берік пен Думанға барып сыртқа шығуын талап етті. Олар шықпаған соң таяқпен сабай бастады. Іштегі адамдар дүрлігіп, оларды айырып сыртқа шығарып жіберді. Мен есіктен кіріп, есіктің өте биік табалдырығына тіреліп тұрып алдым. Жанымнан досым қиғаштап ағашын сермеп жатты. Арпалыс кезінде бір-бірімізге соқтығысқаннан ба, мылтық өзінен-өзі атылып кетті. Оқ есіктің жақтауына ғана тиді. Іс біз ойламағандай болды. Шокта, есеңгіреп қалып, біз сытылып шығып қаша жөнелдік.

Мылтықтың адамға атылмағанына мен жүз пайыз сенімді болдым. Бытыралар сәл шашыраған болар, бірақ, ешкім айтарлықтай зардап шеккен жоқ. Менің өз қара басымда  ол балаларға қатты кектену, өш алу, көзін құрту, ынтықтың түбіне жіберіп өлтіре салу, қандай да бір аса қауіпті зымияндық секілді қара ниеттер болған жоқ.

Жүрегімді бір Құдай біледі, мен бар болғаны мүмкіндікті пайдаланып қарумен қорқытуды көздедім. Мен сол қашқаннан Атырауға кетіп қалдым. «Не істеп қойдым?» - деп басым кетті. Ісіме қатты өкіндім, налыдым. Тәбет пен ұйқым қашты. Екінші қайталамасқа бекініп, өз-өзіме серт беріп ант еттім. 8 күннен кейін қорғаушымен Жылой ауданы ІІ Бөліміне келіп кінәмді толық мойындап, кешірім сұрадым. Бұзақылық бағытта қылмыстық іс ашылды.

Неге екенін қайдам, бұл іске Атырау облысының құзырлы орындары құмартып, істі өз қарауларына бұрып алды. Жәбірленушілердің біреуі (Қодаров Думан) тіптен ауруханаға барған жоқ, тізімге де тіркелмеген. Екіншісі (Әлібеков Берік) оқ есік жақтауына тиіп шашырағаннан тек қана жеңіл жарақат алған. Оқиғаның мәтіні осы ғана. Ең бастысы адам сау. Және олар құзырлы орындардың қай-қайсысына да арызданбады. Керісінше сот отырысында «Бұларды босатуыңызды сұраймыз» деді. Сот бұл жерде ешкімнің де сөзіне құлақ аспады. Діттеген мүддесіне жету мақсатында сот барынша қатайып бақты. Соттың шығарған үкімінде: «Басқа адамды құқыққа қарсы қасақана қазаға ұшырату пиғылын жүзеге асыруға бекініп, Әлібеков пен Қодаровқа атыс жасауға ыңғайлы жерге жақындауларын және тура бағыттап дәл тигізу мүмкіншілігі мол қашықтықта жетулерін күтіп, екеуіне тура бағыттап тұрып оқ атып, көптеген бытыралар оң жақ сан, оң жақ тізе, оң жақ жіліншік және сол жақ жамбасқа тиген» деді. Мен бұған келіспеймін. Оқ-дәріні экспертиза арқылы тексере алатын болар. Бірақ, адамның нақты ниетін, ойын дәл басып зерттеп қорытынды бере алатын экспертиза аппараты әлемде жоқ, болып көрмеген және болмайды да. Ішкі дүнияның сыры Аллаға ғана аян! Ал бытыраның өңкей оң жақтан тиіп келіп кенет сол жамбасқа ойысуын қалай түсінуге болады? Сондықтанда, соттың ол үкімін жеке пікірі деп білемін, өз ойы деп қабылдаймын, әрі әдейі солай ұйғарды. Және де бұл істі бұлар ақша жасау ниетінде қолға алған.

Маған сенбессіңдер, мен дәлелдей алмай-ақ қояйын, бірақ, бұл нақты факт! Үш адамнан 4 млн-нан ақша сұралды. Жұмыссыз жүрген шешем мен мен ондай қаржыны қайдан таппақпыз? Осы мәселеде сот істің аяғына дейін қырсығып бақты да, ақыры маған 15 жыл 3 ай мерзімді арқалатып жіберді. Біздің елде заң ала-ғұла ма, әлде «қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» деп, қолдағы заңды ерегеспен ойната бере ме? Қостанайда 2 мәртте сотталған педофиль осы ауруымен 3-мәрте сотталғанын білемін. Психикалы ауыр қылмысты үш қайталаған педофиль небәрі 6 жыл бас бостандығынан айрылды. Ал менікі 15 жыл 3 ай арқалайтындай жағдай ма еді? Бұл әділеттік емес. Ал оқ-дәріге келсек, оқ арнайы заводтан шыққан зат. Ондай оқтар уақ, құс бытыра болып келеді. Ал оқты зерттеу маманының «5-тік» деп оққа қолдан жасайтын картеш, жиганның диагнозын қоюы үлкен қателік деп білемін.

Қазір мен тірі-өлік бейнесіндемін. Мен біріншіден кек алу мақсатында сол жерге қасақана барып, тура бағыттап тіке атқан жоқпын, ол өтірік, мылтық аласапыран кезінде қасымдағының денесі тиіп кетуі себепті өзі атылып кетті. Және ешкім өлген жоқ, ауыр жарақатта алған жоқ. Олар арызданған жоқ және керісінше бізді босатуын өтінді. Менің жұмыссыз жүрген шешемнің шырылдаған жан-айқайы, асыраушысы жоқтығы, жалғызбастылығы, менің жалғыз ұл екенім, болашағым алда тым жас екенім, бұрын сотталмағаным, кінәмді мойындап кешірім сұрағаным, күнәме өкініш білдіргенім, ІІ Бөліміне өз аяғыммен келгенім, және де т.с.с жайттар сот отырысында еш еленбеді.

Бұл жерде соттың мұндай шараға баруын, дәл осындай ауыр жаза беріп үкім шығаруын – бейшара менен 4 млн ала алмағанынан деп есептеймін.

Түрме мектеп емес, тәрбиелі ошақ емес, ол жерден ешкімнің түзелмейтінін сот жақсы білетін болар. Сонда да жас баланы ондай жерге қиюы соттың сауатсыздығын, ісіне әділ еместігін айшықтап тұр. Бұл жерде сот бір ошақты өшіріп, әлсіз бір жанұяны опат қылды деп білемін. Мен өмірден түңілдім. «Қарға – қарғаның көзін шұқымайды» дегендей, аппеляциялық шағымнан Атырау өңірінде ешнәрсенің өзгермейтініне ішкі сарайым бек сенімді.  Бұл менің соңғы үмітім, соңғы шырыл, соңғы жанайқайым. Мұндай итқұса өмір кімге қажет? Соттың маған жазаны шамадан тыс салғаны менің күре тамырыма балта шапты. Себебі, менің де бала қиял үмітім, сансыз армандарым, алға қойған небір мақсаттарым болып еді, әттең амал нешік?!

Құрметті ҚР Жоғарғы соты! Істің қайта қаралуын тапсырып һәм бұйырып, маған кешірім беріп, жазама лайықты үкім шығаруды, ең болмағанда шектеу жазасын тағайындауды сұраймын!

Дәден Саламатұлы

Abai.kz

 

                                                                              

10 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2066
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2495
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2104
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608